• Әдебиет
  • 23 Наурыз, 2009

Алаштың Ұлы Ұс елі

АлашҚазақ жайлы қалам тартқандардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайды. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”— ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” — деп жазады, Шынында да Алаш, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған: Алаш Алаш болғанда, Ала тай ат болғанда Таңбасыз тай Енсіз қой болғанда Алаш хан болғанда — деген сөздердің бірінші жолы неге "Алаш Алаш болғанда" - деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей - ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атанғанымызды білдік. Бұдан өздігінен «бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?» — деген сұрақ туады. Осы арада мен, наурызды «Ұлыстың Ұлы күні» деп мейрамдап той тойлау дәстүріміздің негізінен мұсылман мен христиан дінінен әлдеқайда бұрын болғанын алға тартамын. Наурыз мерекесінің бұл күнде бес мың жылдық тарихы айтылып жатса, данышпан Абай атамыз "Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін "Ұлыстың Ұлы күні"-дейді екен" деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін "наурыз" — яғни "жаңа күн" демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп "Ұлы күн" деп атап, той тамаша қылғанына көзім жетті. Сондықтан қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Түркілер бұл күнді «Ұлығ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі түркі күнтізбесі Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлы күн» неге «Ұлұстың Ұлы күні» — деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлы және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Ал екі жуан дауысты "ы" мен "ұ", "ұ" мен "ұ" қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс. Мысалы: Айтылғанда және естілгенде «Ұл Отан», «Ұл Абай», «Ұл Ұстаз» деген сөздер жазылғанда «Ұлы Отан», «Ұлы Абай», «Ұлы Ұстаз» деп жазылады, мен айтып отырған «Ұлы Ұс» атауы да дәл осылай. Жалпы қазақ халқының ауыздан-ауызға тараған ауыз әдебиетінде, аңызға айналған тарихи әңгімелері мен хатқа түскен шежірелерінде түгелдей дерлік Алаш атанған хан болғаны жайында баяндалатынына жоғарыда көз жеткіздік. Демек табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, көшпелілер, жақсылары мен жайсаңдарының басын қосып баталасқанда, өздерінің жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүретін көшпелі өмір тіршіліктерін көк пен жердің ортасында қалықтап еркін ұшқан құстарға теңеп біз бейне бір топ-топ болып ұшқан құстар секілдіміз. Құстар да өздеріне аян құс жолымен қыста жылы жаққа көшіп, жазда сол іздерімен кері қайтып келіп отырады. Әрі құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп танығандықтан біз өзімізді қалықтап еркін ұшқан «құс» еліміз деп ортамыздан тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп орталарынан өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп "Ұл(ұ) Ұс", "Ұл(ұ)Ұс" деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде түркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі "с"-ның орнына "ш"- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш", "Ұл(ұ)Ұш" деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни "Ұл(ұ)Ұсты" — Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін "Ұс" һәм, "Ұл(ұ)Ұс" елі деп атаған екен деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың — Абылай, Ибраһимнің — Абай, Мұхамедқанапияның — Шоқан, Ерасылдың — Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің — Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. "Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда Ала тай ат болғанда Таңбасыз тай Енсіз қой болғанда Алаш хан болғанда - деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың - Ұл(ұ)Ұстың - Алаш атанып одан Алаштың хан болғаны белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны "оң қанат", "орта", "сол қанат" деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге "үш Ұс" (үч Ус-уч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі "үш жүз", "үш жүздің баласымыз" деп жүргені осы. Асылы бұл сөз "үш Ұс" атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың "Ұс" елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан "Ұс, Ас, Аз - тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). "Ұс" (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари "Ұс" деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді ("Ас") ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек "Ұс" дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз "Ұс" елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты "қанат" сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», т.б тіркестері осы сөзімізді дәлелдей түседі. "Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды" - дейді дана халқымыз. Келін түсіргеңде "аққуыңды аяла", "құсың құтты болсын", деп қыздарына "құс етек" көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс), Шың Ұс (Шыңғ Ұс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап "қыран аласаға қонбайды" — деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген. "Сағанатас сырлары" атты кітабында: М.Дүйсенов "Бірқатар ғалымдар "У-шин" қарға деген мағынаны білдіреді дейді. Ал Алтай Аманжолов "Усунь" этнониміндегі "ус" түбірін көне түріктің “үс” немесе "ас" сөзімен салыстыра қарастырады"... дей келіп "VIII ғасырдағы "Тонықұқ" ескерткіштерінде ұшырасатын "түрк есір бодун - түркі бүркіт халқы" деген тіркесті (мұндағы “есір” сөзі тува тіліндегі "эзир" — бүркіт сөзімен төркіндес келеді) ашина түріктерінің яғни билеуші тайпаның балама аты ретінде қолданылған деп шамалауға болады. "Күлтегін" сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленуі де тегін болмаса керек" — деп атап өткеніне назар аударғым келеді. Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан - Шың Ұс хан) (Шың құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным-сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: "Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік" деген екен. Тіпті жылнамашы Хайдардың куәлік етуіне қарағанда Қасым ханның: "Біз - түз түлегіміз: бізде қат та, қымбат та жаухаз жоқ, ең басты байлығымыз мал ..." яғни “Біз-түз түлегіміз” – деп шегелеп айтуы біздің қырандар елі екенімізді паш етіп тұр емес пе! Н.Мыңжан "Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: "Аса елінің тағы бір аты — Алан" деп жазған "Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: "Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті..." ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы" қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында "Қазақ" пен "Алаш" атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді" — деп жазған. Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына "а" әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни "қазақ" атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін "Ус-ин" "Ус-ын" "Ас-а" "Ас-о" "Ас-у" деген аттардың "қазақ" атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны. Е.Смағұлов "Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана" деген мақаласында "...Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы"- дей келіп "Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Томпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок. Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что "Ас" есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?» деп жазғаны еске түседі. Реті келгенде «Оғұз» атауы хақында айтып өтейін. О. Сүлейменов "Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было — узы. Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима — "огуз" "оуз" "уз" — деп жазған. Әйгілі Махмұт Қашқаридың "Біздің ата – бабаларымыз - бектер, "хәмір" дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды" дегені бар. Осы ретте түркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты "X", "Ғ", "Қ" әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе түркі тілі диалектикасының біріне тән "О" "У" әріпі жалғанып "Оуз" «Ууз» "Оғуз" делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде "О" "У"- ол, ул деген мағынада қолданылады. Біз өзімізде қазіргі кезге дейін "ол не", "ол не дегенің", "ол не қылғаның" "ол кім екен", "ол не қылған адам" дегенді "о не", "о не дегенің", "о не қылғаның", "о кім екен, о не қылған адам" деп айта береміз. Демек, "О+уз" "У+уз" "О-ғуз" деп жүргеніміз Улус, Ұлыс яғни Ұлы Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлы Ұс хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп, тарихта орын алуына алдыңғы «Улуғ» сөзі әсер еткен. Ұлы Ұс – Улуғ Уз / Улу(ғ) уз. Осылайша «ғ» әрпі «с» әрпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Ұс Ұс Ұз Ғұз Ұл(ы) Ұс Ұл(ы) Ұс хан Оуз Уус Ууз хан Оғұз Оғұз хан Алаш хан Е.Шаймерденов "Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен" — деп жазды. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі. Тіпті "Оғұзнамада" Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы "алты Алаштың баласымыз", "алты Арыстың баласымыз" деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни қыран құсқа емес Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» - деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс - Құс» елі екеніміз анық. Демек біз өзімізді-өзіміз де өзге жұрттар да «қазақ» атап кеткен Аққулар мен Сайыпқырандар елі яғни көк тәңіріне сыйынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. Қазақ «төр» деп жоғарғы жақты айтады. Мысалы: жоғарлаңыз, жоғары шығыңыз дегенді төрлеңіз, төрге шығыңыз дейді, әрі аяқ жақты төменгі жақ, бас жақты жоғарғы жақ санаған. Төр/Тур яғни Төрк/Турк дегеніміз көк тәңіріне (көк пен күн бір ұғым) сыйынып табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен көшпелілерге ғана тиесілі һәм олардың наным – сенімінен туындаған жинақтаушы атау. Осы арада аспанның – көк аспан, тәңірдің – көк тәңірі болып келетіні сияқты төрктің – көк төрк болып айтылуы тегін емес екенін айтқым келеді. Самат Сыпатай

7292 рет

көрсетілді

85

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы