• Әдебиет
  • 23 Наурыз, 2009

Сенадан ат суарған

СенаЖаңа Өзен қаласында тұратын аталас інім Сәрсенбай Қонақбаевтан хат алдым. Онда ол: «...амандықтан кейін айтайын дегенім – мына Нарынбай біздің бабамыз Нарынбай ма, жоқ басқа ма? Біздің Нарынбай болса, ол Қошан атамыздың әкесі болмай ма? Сізден соны анықтауды сұрар ем...» депті. Оның «Біздің Нарынбай ма?» деп отырғаны – 1997 жылы «Рауан» баспасынан жарық көрген, 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығындағы «Қазақтардың 1812 жылғы соғысқа қатысуы» деген мақалада аты аталатын – Нарынбай Жанжігітұлы. Сол мақалада Башқұрт полкы құрамында соғысқан қазақ Нарынбай Жанжігітұлының асқан ерлігі үшін Георгий орденінің толық кавалері болғандығы, осы полк құрамындағы қазақтардың Лейпциг, Глогау қалаларына жасалған тура шабуылға, кейін генерал Беннигсеннің нұсқауы бойынша Эрфурт қаласына қарай шегінген француз әскери бөлімдерін талқандауға, Веймар, Ганау және Майндағы Франкфурт қалалары түбінде, сондай-ақ Кобленц, Мангейм, Нанси, Сен-Диозье елді мекендері үшін болған шайқастарға белсене қатысқандары айтылған. Сонымен қатар, 1814 жылдың 14 наурызы күні жария болған император І Александрдың бұйрығымен құрметті жеңімпаздар ретінде Парижге алғаш кірген жауынгерлер арасында қазақ жігіттерінің де бар болғандығы жазылған. Тетелес іні қолқасының түп-төркіні маған әбден түсінікті. «Тарихшы ғалымдарға, зерттеуші мамандарға бізден гөрі жақынырақ жүрсіз ғой, әрі қолыңызда қаламыңыз бар, аталарымыздың ерлігі жайлы сіз ізденбегенде кім ізденеді?» деген орынды ескертпе ғой бұл. Біздің ататегімізге тікелей қатысы бар, біз үшін ақтаңдақтау боп келген, тарихи мәні зор осынау деректерден мен де тым бейхабар емеспін, әрине. Біздің әулеттің аса күрделі тағдыры жайында әкелеріміздің тұспалдап болса да айтқан әңгімелері еміс-еміс есімде. Олар: «Қайран, Қарабау-Қаракөл, атамекен» деп күрсінгенде көкіректері қарыс айырылатын. «Бабаларымыз Напалеонға да қарсы шапқан» деп те қоятын аракідік. Алайда, кейінірек ақ патшаға деген сенім ақталмай, ар-намысы аяққа басылған атойшыл әулет қатысқан әйгілі Исатай-Махамбет бастаған көтерілісі сәтсіз аяқталғаннан кейін олар жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған. Атамекенмен қоштасуға мәжбүр болған. Маңғыстауға қарай үдере көшіп, тәжік тауларын паналап, ақыры түрікмен жеріне біржола тұрақтаған. Бірақ, отаршыл империяның қай тұсына барса да, олардың соңынан «орыстарға қарсы шыққан бүлікшілердің үрім-бұтағы» деген жүгіртпе-сыпсың қалмай қояды. Күні кешеге дейін. Сондықтан болар, олар өз тағдырлары жайлы онша көп сыр ашып, шешіле бермейтін. Көптеген мәліметтер олардың өздерімен бірге кетті. Аттың жалы, түйенің қомында жүргенде тарихи мәні бар мұра-мұрағаттарды сақтап қалуға мүмкіндіктері болмады. Осылар секілді опықты өкініштердің шет жағасын «Қарабау-Қаракөл», «Жәдігер», «Қаржілік» сынды өлеңдерімде айтқан болдым. Жалпы, тарихи оқиғаларды жан-жақты зерттеп, оны көркем этикаға айналдыру ақыннан гөрі прозашының қабілетін көбірек қажет етеді. Осы бір қастерлі тақырыпты менің жазушы інім Болат Қанатбаев енді-енді қолға алғалы жүргенде, дүниеден ерте кетті. Өкінішті. Бірақ, ұрпақсыз емеспіз, сәті түсер. Сайып келгенде, мәселе – айтылатын, жазылатын кейіпкер кімнің ата-бабасы екендігінде ғана емес, оның қазақ екендігінде. Атыраулық Нарынбай Жанжігітов, оралдық Байжазық Күшікбаев, торғайлық Әмен Қарабатыров сынды жампоз жігіттер көрсеткен ерліктің мәңгі өшпейтіндігінде, олардың жаратылысынан менмен Сена өзенінен ат суару мәртебесіне ие болғандығында! Жасыратын несі бар, «Орыс империясы үшін ерлік көрсеткендерді қастерлеудің қажеті қанша?» дейтіндер де арамыздан табылып қалады. Жо-жоқ, 1812 жылғы соғысқа қатысқан қандастарымыздың ерлігі еленуге тиіс, ол – қазақ халқының қаһармандық қабілетін әлемге танытқан саяси мәні зор, мақтауға тұрарлық құбылыс. Әттең, мен суретші болсам, Сена өзенінен ат суарып тұрған далалықтардың сол сәттегі ақжайнақ қалпын бар ынты-шынтыммен бейнелеген болар ем. Ол бүгінгі азат елдің жасампаз рухымен қандай үндестік тапқан болар еді?! Кезінде Н.Н.Брешко-Брешковский былай деп жазған, дәлірек болсын, үзіндіні қазақшаламай-ақ, сол қалпында келтірейін: «...Русская, так называемая регулярная конница всегда стояла на большой высоте. Но в то же время необъятная империя обладала еще прирожденной конницей, единсвенной в мире по числу всадников, по боевым качествам своим. Это горские народы Северного Кавкази, степные наездники Туркестана. Ни горцы, ни среднеазиатские народы не отбывали воинской повинности, но при любви пламенной, привитой с самого раннего детства, при восточном тяготении к чинам, отличиям, повышениям и наградам путем добровольческого комплектования можно было создать несколько чудесных кавалерийских дивизии из мусульман Кавказа и Туркестана...» Осы мақаланың тағы бір жерінде былай делінген: «Джигитам не надо было казенных коней – они пришли со своими; не надо было обмундирования – они были одеты в свои живописные черкески и чекмены. Оставались только нашить погоны. У каждого всадника висел на поясе свой кинжал, а сбоку – своя шашка. Только было у них казенного что винтовки. Жалование пологалось всаднику двадцать рублей в месяц. Что бы поднять и без того приподнятый дух джигитов, во главе дивизии поставлен был брат государя, великий князь Михаил Александрович, высокий, стройный, сам ликой спортсмен и конник. Такой кавалерийской дивизии никогда еще не было и никогда вероятно не будет...». Осы үзіндінің өзінен-ақ дала мен тау халықтарының жасампаз рухын, жасымас жігерін айқын көруге болмай ма? Тоқырауды, тотығуды білмейтін туабітті тектілік, жауынгерлік салт та осында. Еуропаны бағындырған Еділ батыр Аттылының, Египетті крест жорықшыларынан аман сақтап қалған Бейбарыс ұрпақтарының ұршықтай иірілген икемі бар мұнда. Арыстандай айбаты, жолбарыстай қайраты бар! Иә, олар жүріп өткен жерлерде аңыздай боп ақиқат, ақиқаттай боп аңыздар қалып отырған. Оларды бүгінгі ұрпаққа аян етудің өзі бір ғанибет. Айтарымды әріден бастап, берідегімен бекітетін әдетім бойынша, бұл ықшам байыптаманы да былайша әдіптегелі отырмын: Ел аралап жүрген драматург Қ.Мұхамеджанов Киевке ат басын тірейді. Мейманханаға келсе «Орын жоқ!» деген жазу тұр екен. Оны елең қылатын біздің қазекең бе, «Қалайда орын табуыңыз керек!» деп, табандап тұрып алады. «Алдыңыздағы жазуды көрмей тұрсыз ба?» деп кезекші шамданады. «Ендеше, мейманхананың директорын шақырыңыз» деп Қалекең одан бетер қақшияды, мінез көрсетеді. Амалы қалмаған кезекші Қалекеңді директормен телефон арқылы сөйлестіреді. – Мына Украина жерінің астында қаншама қазақ азаматтары жатыр, білемісіз? Кешегі қантөгіс кезінде солардың бәріне осыннан орын табылған. Ал, бүгінгі бейбіт шақта, бір қазаққа сол жердің үстінен бір күн түнеп кетуге орын табылмауы қалай? – дей бергенде, директор дереу: «Трубканы кезекшіге беріңізші!» дейді... – Ведь это для самого почетного... – Ең қадірлі қонақ алдыңызда тұр! – дейді директор үзілді-кесілді әмір етіп. Мейманхананың директоры біздің Рақымжан Қошқарбаев сынды (Рекең де кезінде «Қазақстан» мейманханасының директоры болған) Ұлы Отан соғысының қаһарманы болса керек. «Еңбек ет те, міндет қыл». Тек орнымен айта білу керек, талап ете білу керек. Мен «Құлбарақ» деген өлеңімде: «Батырлардың басы қайда қалмаған, Ал, ерлігі төбемізден тұр қарап» дегенім бар-ды. Дәл қазіргі заманда төбемізден қарап тұрған бабалар ерлігін бағалау, оны айнала жұртқа мойындата білу басты парыздарымыздың бірі. Шәкірттерін тәрбиелеп жатқан мұғалім ініме де айтарым осы. Дүйсенбек Қанатбаев

4339 рет

көрсетілді

33

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы