• Тіл
  • 23 Наурыз, 2009

Қазақ тілін оқытудың түк те қиындығы жоқ

fauziaФилология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаевамен әңгіме – Сіздің есіміңіз елең еткізеді. Өмірде көп кездесе бермейді? Мән-мағынасын айтпас па екенсіз? – Негізі араб сөзі көрінеді. Тазалық деген мағынаны білдіретін секілді. Сәулелі, салтанат деген де мағынасы бар екендігі айтылады. Бұл өзі мен туып-өскен жақта да сирек кездесетін есім. Өзім үйдегі жеті баланың үлкені болдым. Әкем он үш ағайынды болыпты. Бәрі де ер азаматтар екен. Әкемнен басқалары жастай дүние салыпты. Әкемнің ағасынан бір қыз болған. Туыстарынан қалғаны сол ғана екен. Аты – Фарида. Бір жағынан осы есімге де ұқсастырып қойған-ау, сірә. Әкей педагог болды. Бұл салада ұзақ жылдар істеді. Соғыстан оралғаннан кейін ауылдағы мектепте сабақ берген. Үш мектептің негізін қалапты. Алғашқысы төрт жылдық, одан кейінгісі жеті жылдық, соңғысы он жылдық мектеп. Бірге туған бауырлары қырық жастан аспай өмірден өткен. Әжем әкем елу жасқа келгенде қатты қуанды. Бала болсам да осының себебін сұрадым. Ол әкемнің атын айтпай «інім» дейтін. «Оразбайдың он үш баласынан жалғыз аман жүргені інім. Басқалары елуге жете алмады. Інім болса жетіп отыр. Алланың осынысына тәубе деймін» деген еді сонда. Біз бәріміз де Фариданың анасының тәрбиесін бойға сіңіріп өстік. Жеңге деген аты болғанымен ол әкемізге туған шешесіндей мейірімін төкті. Есімімнің Фарида апаның атына ұқсастырылып қоюына да арадағы осы бір жылы қарым-қатынастың әсері себеп болса керек. – Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттегі сіз жетекшілік ететін кафедра қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі деп аталады. Қазақ тілін байырғы, бүгінгі деп бөлгеніміз қалай болар екен? Әдістеме жөнінде де әр түрлі пікірлер бар... – Мен бұл қызметке келгенге дейін де кафедра осылай аталған. Мұны өзгертуге аса мән бере қойған жоқпыз. Бірақ мынаны айтуға тиістіміз, кафедра қазіргі, осы заманғы оқу жүйесіне қатысты бағытты зерттейді. Осы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізеді. Біздер фонетика, лексика, морфология, сөзжасам, синтаксистік салаларды қарастырамыз. Ал, қазақ тілінің тарихы, қазақ тілінің қалыптасуы, тіл білімінің диалекталогиясы, ескерткіштер тілі деген пәндер басқа кафедрада жүргізіледі. Әр кафедраның аты жұмыс істейтін бағыты мен зерттейтін саласына байланысты қойылады. Біздің кафедраның ерекшелігі қазақ тіл білімінің негізгі салаларын теориялық тұрғыдан зерттеумен қатар, оқу орны негізінен педагогтар, мұғалімдер даярлайтын болғандықтан тілді оқытудың әдістемесіне де көңіл бөлінеді. Студенттерге бірінші курстан бастап сабақ берген кезде олардың назарын тіл білімінің салаларын қалай оқыту керек, қандай амалдар, тиімді тәсілдер арқылы оқыту керек деген мәселелерге аудартамыз. «Жақсы ұстаз болу үшін педагог нені білу керек?» деген сауал төңірегінде әңгіме қозғаймыз. Біздің кафедраның қазақ тілінің теориясы және әдістемесі деп аталу сыры да осыдан келіп шығады. Әдістемеге байланысты қоса айтқым келеді. Кешегі уақыттары, кеңес дәуірінде тілді, әдебиетті, тарихты, жалпы кез келген пәнді оқыту саласына қатысты ғылым өз деңгейінде дами қойған жоқ. Мүмкін бұл сөз артықтау да болар. Бірақ, ешқандай диссертациялық кеңестің жұмыс істемегені шындық. Сөйтіп осы салада кадр жетіспеушілігінен көп қиындықтар туды. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» деген диссертациялық кеңестер тек Мәскеуде болды. Өз елімізде ондай кеңестер болмады. Сол себепті ешкімнің де Мәскеуге барып диссертация қорғауға мүмкіндіктері де, жағдайлары да келмеді. Оның үстіне ғылыми еңбек орысша жазылуы керек. Қазақ тілін оқыту әдістерін орысша баяндау қажет. Осы себептерден сала біраз кедергілерге ұшырады. Қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған диссертациялық кеңес біздің университетте ғана бар. Бұрын Қыздар педагогикалық институтында болған. Ал, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне байланысты диссертациялық кеңес әлі күнге ел көлемінде ашылған жоқ. Бұл көңіл бөлетін мәселе. Әдістемені кейбіреулер, тіпті ғалымдардың өздері сабақ берудің жолы деп қана түсінеді. «Әдістеме жеке ғылым емес. Оның теориясы жоқ. Ол лекция оқу, семинар жүргізу, тапсырма беру, берілген тапсырманы қайта тексеру... секілді сабақ түрлері ғана» деген ретсіз түсінік бар. Ал, шын мәнінде әдістеме – ғылым. Ол теориясы, тұжырымдамасы, заңдылығы, ережесі бар күрделі әрі кең өрісті ғылым. Өйткені әдістемеден зерттеу жүргізу үшін бір ғана лингвистиканы, тіл білімін негіз етіп алу аз. Адам психологиясын меңгеру қажет. Екіншіден, педагогика ғылымын терең білу керек. Педагогика – бұл жалпы адамзатты тәрбиелеу. Яғни, бұл жерде ұлтқа, жерге, Отанға, анаға, балаға... қарым-қатынастың қалай болу керектігі айқындалады. Сосын әрине тіл білімін оқытуда тіл білімінің теориясын, оның басты-басты салаларын білу шарт. Әрбір ғылым саласының амал-тәсілдерін игеруде өзің өмір сүріп отырған қоғамның қыр-сырына қанық болудың да маңызы ерекше. Олай болса социологиядан, қоғамтанудан, әлеуметтік ғылымнан хабардар болуға міндеттісің. Осы төрт тағанды толық меңгерген жағдайда ғана әдістемеден жақсы маман дайындауға болады. Мұндай мамандар білікті әдіскер бола алады. Оларды білімдарлар қатарына қоссақ та қателеспейміз. Әдістемеге байланысты әр түрлі пікірлер бар. Қарсы пікір де, қайшылықты пікірлер де кездеседі. «Тілді оқыту әдістемесі деген не? Ол жеке ғылым емес» деп әдістемені жалпы педагогикамен шатастырады. Бұл дұрыс емес. Педагогика маманы бар да, әр пәнге, әр салаға қатысты әдіскер ғалым бар. Екеуінің де зерттейтін саласы, зерделейтін мәселесі мен нысанасы әр басқа. Әрине, бір-біріне жақындықтарын да жоққа шығару мүмкін емес. Пәнге қатысты, педагогтік мәселені қарастыру жағынан ұқсас. – Сіз тәжірибелі педагог-ғалымсыз. Қалай ойлайсыз, қазақ тілін оқыту жеңіл ме, әлде ауыр ма? – Қазақ тілін оқыту жеңіл де емес, бірақ қиын да емес. Қазақ тілін оқытудың жеңілдігі – бұл жүйелі тіл. Біздің тілімізде болсын, жалпы, түркі тілдерінде түбір өзгермейді. Ал, басқа тілдерді мысалы, орыс, ағылшын тілдерін алсақ, оларда түбір өзгере береді. Қазақ тілінде өзгеретін не нәрсе? Ол – түбірге қосылатын қосымшаларымыздың жүйесі мен заңдылықтары. Бұл фонетикаға, лексикаға, сөзжасамға, синтаксистік бірліктерге байланысты. Лингвистика – таза математика сияқты ғылым. Ол артық сөзді, бос сөзді керек етпейді. Тек тілдік дерекке сүйенгенде ғана таза ғылым жасауға болады. Біз қазақ тілін сақтауға тиіспіз. Бұл әрбір отбасына, отбасындағы анаға, жаңа туған балаға байланысты. Ата-ана баласының ертеңін, елінің болашағын ойлау керек. Бала ағылшын тілін білсін. Әрине, орыс тілін де білсін. Алайда, сол бала ертең кім болады? Егер ол Қазақстанда емес, басқа елде өмір сүретін болса, сол елдің толыққанды мүшесі болып кете алмайды ғой. «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демей ме халқымыз. Сондықтан қазақ тілін білуді кез келген отбасы өзінің міндеті, парызы санауы тиіс. Тілді ата-бабасының ұрпағына қалдырып кеткен мұрасы ретінде сезінуі керек. Тілді сақтау тек қазақ тілінің мамандарына ғана емес, бәрімізге байланысты. Тілді үйренуде қажеттіліктің алар орны ерекше. Біз орыс тілін қалай үйрендік? Қажеттілік болды. Біздің ауылда бірде-бір орыс жоқ еді. Бірақ ауылдағылар орысшаны орыстарыңнан кем білмейтін. Сол арқылы да біз мәдениеттігімізді көрсеттік. Қазақтың тілге қатысты ұлттық бір ерекшелігі – қандай қиын тіл болса да оңай меңгереді. Кез келген тілде мүдіріссіз сөйлей алады. Біздің табиғатымыз, болмысымыз, жаратылысымыз тіл үйренуге өте бейім. Қандай да дыбысты, буынды еркін айта аламыз. Бұл Алла Тағаланың бізге берген сыйы, қазынасы. Мәселен, орыстар ғ, қ деген дыбыстарды айта алмайды. Біздің қандастарымыз болса қытайдың диалектісінде, ағылшынның тарихи диалектісінде еркін сөйлей алады. – Қазақ тілін қалай мерейлі ете аламыз? – Мемлекеттік тіл қай кезде мерейлі? Егер ол мемлекеттік мекеме бола ма, әлде жеке кәсіпорын бола ма сол жерде қызмет тіліне айналса. Жиналыс – жиындар, іс қағаздары мемлекеттік тілде жүруі тиіс. Әлеуметтік қарым-қатынас қазақ тілінде болса... Сонда тілді өзің үшін емес, қоғам үшін, қоршаған орта үшін үйренесің. Бізде осындай қажеттілік әзірге болмай тұр. Облыстарда, министрліктерде іс қағаздары қазақшаға көшті дейміз. Сол жерлерге барсаңыз, толық көшпегенін байқайсыз. Сондай-ақ жиналыстарда, жиындарда ілеспе аударма болу керек деп жатамыз. «Бәрі де бар. Техникалық құралдар жеткілікті» деп жатады. Осының бәрі жай бір көрсеткіш үшін сияқты. Негізі олай болмауы тиіс. Мемлекеттік тіл мәселесі талқылауға, талқылануға жатпауы қажет. Мемлекеттік тіл дедік пе, ол кәдімгі қалыпты нәрседей өз орнында, заңдық мәртебесінде қолданғаны жөн. – Сіз кезінде мемлекеттік тілге байланысты Президенттікке кандидаттардан емтихан алған ғалымдардың бірісіз. Бұл туралы не айтар едіңіз? – Мен екі рет Президенттікке кандидаттардан емтихан алатын лингвистикалық комиссияның мүшемі әрі хатшысы болдым. Олардың арасында бүгінгі Елбасы да болды. Қазақ елінің өз шекарасы, өз заңы, рәміздері бар. Мемлекеттік тіл де рәміздеріміздің бірі. Туымыз, әнұранымыз, шекарамыз қандай қымбат болса мемлекеттік тіл де солардай қастерлі. Президент болғысы келетін адам аталған құндылықтарымызға адал боуы тиіс. Президенттікке кандидаттар әр түрлі адамдар болды. Олар білімнен де кенде емес. Есімдері де елге белгілі. Алайда, кейбіреулері тілден жіберіп алған кемшіліктерін сезінді. Тілдің алдына келіп бір қызарып, оған бас июлеріне тура келді. Соның куәсі болдым. Мұнда баға қойылмайды. «Қазақ тілінде ойын жеткізе ала ма?», «Ортада сөйлей ала ма?», «Сауатты жаза ала ма?»... деген сияқты талаптар бар. Осы бойынша тексерілді. Бұл мемлекеттік тілге деген қажеттілікті туғызудағы талпыныс. Мемлекеттік тіл мәртебесін, оның әлеуметтік рөлін күшейту үшін ойластырылған шешім. Қай жағынан болса да бұл дұрыс шешім. Сол кезде қатарымызда Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, М.Серғалиев, Р.Нұрғалиев секілді белгілі академик ғалымдар болды. Емтихан ауызекі әңгімелесу түрінде өтті. Емтихан тапсырып отырған адамға сұрақ қойылады. Кәдімгі таза сұхбат. Алдымызға келген адамдардан «Бағдарламаңыз қандай?» дегеннен басқа, «Президент бола қалсаңыз, жалпы, Қазақстан азаматы ретінде мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейту үшін не істер едіңіз?» деген де тілге қатысты сауалдар қойылады. Сол кездері «Емтиханды тек Президент болғысы келетін адам ғана тапсыруы керек пе? Министрлер де, Парламент депутаттары да... қоғамдағы басқа да жауапты адамдар тапсырсын» деген ұсыныстар болды. Мұның бәрі болашақта бола жатар. – Сіз қазаққа белгілі ақын Нұрлан Оразалиннің зайыбысыз. Ақынның жары ретіндегі ойыңызды да білгіміз келеді... – Ер азаматтың орны қашан да бөлек. Студенттеріммен кездескенде: «Азаматтың қас-қабағына қарай білу керек» деп отырамын. Нұрланды табиғат тек азамат етіп қана емес, ақын етіп те жаратыпты. Сондықтан Алла тағала маған жар болуды ғана емес, онда да ақынның жары болуды да қоса жүктегендей. Ақын жаны нәзік келеді дейді. Солай да шығар. Сонымен қоса мен Нұрланның бітім-болмысынан ізгіліктік, азаматтық қасиеттерді көбірек байқаймын. Оның туған еліне, жеріне, жалпы адамдарға деген ынта-ықыласы ерекше. Осы қасиеттерді оның шығармашылығынан да анық байқауға болар еді. – Нұрлан аға сізге де өлеңдерін оқитын шығар? – Оқиды. Ақындардың бәріне тән қасиет болса керек – сәтті өлең өмірге келсе сыртқа шығаруға асығады. Нұрланда да осы қасиет бар. Ондай кезде жанынан табылғанымды қалайды. Оның тағы бір қасиеті өлең қанша сәтті, көңілден шыққанымен баспаға ұсынуға асықпайды. Бұл әбден бойға сіңген дағды. – Сізді білетіндер әншілігіңізді мақтап жатады... – Қазақтың той-томалағы көп. Тойдың жақсы өткенін, қонақтарының тойда көңілді отырғанын қалайды. Жақсы отырыс, ықылас-ниеттің түзулігі көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Сондайда әнге кезек беретініміз бар. Студент кезімізде де бас қосып тұратынбыз. Нұрланның ауылда қатар өскен жолдастарының дені оқуға түсті. Бәрі де домбыра шертеді. Әсерлі кештерде Нұрлан екеуміз қосылып ән айтатынбыз. Қазір қолы тимей кетті ғой деймін, өтініш маған түсетін болды. Елдің көңілі үшін бір-екі ауыз ән айтатын әдетім бар. – Сіздер отбастарыңызбен тіл мен әдебиет ауылынан алыс кетпепсіздер. Қыздарыңыз да тіл маманы, филология ғылымының докторы. Мұның себебі не екен? – Біздің тілге, әдебиетке жақын болуымызға тәрбиелеген ортамыз әсер етті ғой деп ойлаймын. Қазақ, орыс тілдерінен, қазақ, орыс әдебиеттерінен сабақ берген мұғалімдерімнің әсері болды. Жоғарыда айттым, әкем педагог болатын. Қаладан қазақша, орысша көп кітаптар әкелетін. Таласып-тармасып соларды оқып өстік. Мектепті медальмен бітірдім. Мектеп бітірерде бір ұстазым «Қайда оқуға барасың?» деді. «Филологияға» дедім. «Сен мектепті медальмен бітіріп отырсың. Математикадан жақсысың. Басқа сала дұрыс қой» деп қарап тұр. Өзім жақсы көретін ұстазым еді. Жаңағы сөзіне өкпелеп қалдым. Армандап тұрған нәрсемді төмендеткендей болды. Намысқа тырыстым ғой деймін. Ақыры өзім қалаған оқу орнына түстім. Бұған еш өкінбеймін. Нұрланның әкесі де қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Жақсы көретін ұстаздары тілден, әдебиеттен беретін мұғалімдер болыпты. Үлкен атасы 97 жасында қайтыс болды. Нұрланға үнемі эпостық жырларды оқытып отырады екен. Тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілік бір жағынан табиғат-құдіреттің де әсерінен болса керек. Үш баламыз да қазақ мектебінде оқыды. Ауылға жиі апаратынбыз. Сөйтіп, қала мен ауылдың тәрбиесін тел еміп өсті. Қызымыз мектепті алтын медальмен бітірді. Филологияны қалады. Тіл білімінің жаңа саласы – танымдық лингвистика деген бар. Осыдан докторлық диссертация қорғады. Бір баламыз – экономист. Екінші ұлымыз саясаттану ғылымының кандидаты. – Өмірде нені жақсы көресіз, нені жек көресіз? – Адалдықты, арлылықты ұнатамын. Жалақорлық – ең жаман нәрсе. – Әңгімеңізге рахмет. Алда келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын. – Рахмет. Наурыз елімізге құт-береке, бақыт пен қуаныш алып келсін! Нұрперзент Домбай

4061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы