• Әдебиет
  • 23 Наурыз, 2009

Сүр сезімді сақтаған «Селтеткізер», Хош көрсең, ұяң сұлу «Ұйқыашар» бер

kokteҚазақ «Ұлы өссе, ұлықтымен, қызы өссе, қылықтымен ауылдас» болған. Қыз баланың жат жұрттық екендігін меңзеп, «Қыз – қонақ» деп оң жаққа отырғызып, әке үйінде әлпештеп өсірген. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса, игі» деп ұлын ғұмырының жалғасы санаған. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға» асыққан. Сондықтан болар, қазақта адам ғұмырының көктемі табиғаттың көктемімен астасып жатқан, үйлесім тапқан. Бұлай дейтініміз, Жаңа жыл – Наурыз ғашық жүректердің тоғысқан сәті. Ұлыстың ұлы күні құрбылар таңды бірге қарсы алып, бір-біріне «Селтеткізер» сыйлап, «Ұйқыашардан» дәм татқан. «Әз болмай, мәз болмайды». Күн қыл арқаннан құтылған шақ қыз-жігіттің көңіл түкпірін қытықтайды-ау келіп. Бұл кезде сырғалары сыңғырлап, бойжеткен мың бұралады. Қыр астында бозбала ән салады. Сен он бесте, құрбым-ау, мен де он бесте, Екі он бесте қосылса, тең келмес пе? Қалқатайдың бергені жарты мейіз, Бөліп жесек екеуміз олжа емес пе? Бір мейізге зар болған бөріктіге Ұлыстың ұлы күні ұлан-асыр той. «Селт еткізерін» сүр еттей сақтаған сайыпқыран ұяң сұлудың «Ұйқыашарынан» дәмелі. Ұлт ұғымында ғасырлар бойы сақталған бұл игі дәстүрдің астында атан түйеге жүк болар мән-мағына жатыр. Жігіттер «Селтеткізерге» тазалықтың, пәктіктің нышанындай айна, тарақ, иіссу сыйлаған. Қыздар бозбаланы көңілі хош көрсе, жас малдың етіне уыз қосып, дәмдеп тағам пісірген. Аталған дәмнің «Ұйқыашар» аталуы да бекер емес. Себебі, 21-нен 22-сіне қараған түні халық көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күткен. Күн көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат мезет «Күн сәті» деп саналған. Егер кімде-кім Ұлыс күннің «Күн сәтін» маңдайын тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Кезінде жануарлар да мүшел басына емес, осы құтқа таласқан болар-ау? Жиналған жұртшылық күлімдеп көрінген Күнге сәлем беріп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасқан. Десе де, сол қыр басында талай жастың серті мен сезімі бәйшешек болып, аппақ көңілдеріндей нәзік қалпымен үлбіреп тұрған-ау. Рауандап атқан наурыз таңы талай сырларға қанық болған шығар, сірә? Сөзсіз, қазақ үйге «Үт кіріп, құт кірген» кез жастық шақтың ұмытылмас сәттерін сыйлаған. Табиғат оянып, тіршілік атаулыға жан жүгірген көгілдір көктемде «Ұйықашардың» уыз дәмі ұғымдының үмітін оятқан. «Селтеткізер» сырғалыны сырлы сезімге бөлеген. Сол заманнан белгі боп ұрпаққа өлең-жыр қалған. Сізді көріп сермейді жыр құлашын, Кеудемде бір қомданып тұрды лашын. Наурызда жөн сұрау айып емес, Амансың ба, атың кім, құрбыласым? Жыр дегенің әнің бе жер тепкізген, Жөн сұрайтын бар ма еді, еркек бізден. Жас кезінде атам ат сұрамай-ақ Сыйлық беріп әжемді селт еткізген. Не десең де теңсіңдер, еріктерің, Сый жинауға алаңға келіп пе едің? Өйтетіндей, ес кіріп, ерте тұрып, Өзің маған «Ұйқыашар» беріп пе едің? Осы орайда қазақтың бойжеткен қызды ару деп әспеттейтіні еске оралады. «Кодексте» ( Кодекс Куманикус, Ж.Е.) «арувлық» – таза деген сөз бар, «ары» сөзі таза, бейкүнә мағынасын береді. Қыпшақта сонымен қатар әулие, қасиетті деген мағынада қолданылады. «Арығ обуты иіч» (таза ұят игі) қазақ сөзінде ару қыз сөзі бүгінде де қолданылады. (Қазақ халқының философиялық мұрасы, Орта ғасырдағы түрік ойшылдары, 5-том, «Аударма», 2005 жыл, 426-бет). Ал ұлын ғұмырымның жалғасы, артта қалған ізім деп біледі. Ендеше қыстың сызы кетіп, күн мен түннің теңелген мезгілінде қыз бен жігіттің бабалар ғұрпын сақтап, сезім мен сенімге толы салтпен көңіл қосып, шаңырақ көтеруі игі дәстүр емес пе? Себебі, қазақта Наурызды Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Ал «ұлыс» сөзі көне түрікте бірігу, қосылу мағынасында пайдаланылған. Яғни Ұлыс тойы – ел мен елдің, ағайынның, екі жастың құшақтасып, көрісуі. Бір нәрсені бір-біріне қосу, жалғастыру, біріктіру мағынасында қолданылған «ула» сөзі Махмұд Қашқарида, басқа да ескерткіштерде ұшырасады. Осы «ул» түбірінен мағыналық жақындығы бар бірнеше туынды сөзді айтуға болады. Улыс – мемлекет, уласу – ұштасу, ұлық – халық пен мемлекет арасындағы елші, ұластырушы, ұл, ұлан – ұрпақ жалғасы, ұлғаю –үлкею, бардың зорға ұласуы. Күн мен түннің теңеліп, Жаңа жыл – Наурыз мейрамының келуі, яғни, жыл басы жаңғыру шағында «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деген игі тілек бұлжымас сөз тіркесі ретінде қалыптасып қалыпты. Осы тілектің негізгі мәні де ұласу мағынасы екендігі күмәнсіз (Қазақ халқының философиялық мұрасы, Орта ғасырдағы түрік ойшылдары, 5-том, «Аударма», 2005 жыл, 427-бет). Сөзсіз, Наурыз – жаңалықтың бастауы. Наурыз аздың көпке, жоқтың барға ұласуы, сыңардың жұп болуы. Жастық дәуреннің куәсі болған көктем мерекесінің де сәнін келтіретін құрбылардың әдемі қалжыңы мен алтыбақан басында сызылта салған ауылдың алтыауызы еме пе? Наурыз тойын айтқанда осы жайттардың еске оралатыны анық. Ұлыстың ұлы күнінде... Сәукелесі саудырап, Қыз шығады қылтиып, Екі көзі жаудырап Бозбала шығар бұрқырап, Ақбөкендей сырқырап, – деп жырға қосады Шәкәрім. Міржақып өлеңдерінен де: Сұлу жүр сылаңдаған, Күлімдеп қылаңдаған Ерініп бір басуға, Жас талдай бұраңдаған. Қыдырып жігіт сылқым, Ерігіп күнде дархан, Жеңгесі жылы жүзді Ат қойып «кенже қалқам», – деген жолдарды кездестіреміз. Байқасақ, қазақ аңыз-ертегілерінде де оқиғаның ер жігіттің өзіне қалыңдық іздеуімен өрбіп отырады. Қазақ Наурыздың келуін де ғашықтық жырларынан аз-кем суреттемеген. Наурызда Қазақстанның орталық өңірлерінде Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан Күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан денелерін жіті байқап отырған дана халық Ұлыстың ұлы күнін Өгізханның Күн сұлумен жұптасқан одағы ретінде әдемі өрбіткен. Өгізхан туғаннан бастап ерекше қасиетті жан болған екен. Ол бір жасқа толғанда өз атын өзі Өгізхан деп атаған. Жас бала туған күнінен бастап аспан әлемімен әуестеніп, Ай орағын қолымен өлшеп ойнайды-мыс. Күндердің бір күнінде ол тауда жүргенде аспаннан түскен ғажайып жарық нұрлы сәуле көреді. Қасына келсе, сәуле ішінен Күн сұлу қыз шығады. Өгіз соған үйленеді. Сол аспан анадан үш ұл туады. Олардың аттары – Күн, Ай, Жұлдыз. (Ақжан Машани ғибраты, «Алатау» баспасы, 2007 жыл, 177-бет) Мұны ертеде Низами өзінің «Жеті ару» немесе «Жеті қат көк» атты астрономиялық поэмасында: «Көтерген Ай сұлуды алып Өгіз, Көктемде аспан туы, ол – Наурыз» деп жырға қосады. Демек, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» қашанда екі жастың бір-бірін тауып, қосылуын діттеген қазақта ерте, ерте, ертеде түйенің құйрығы жер сызған, ешкінің мүйізі көк тіреген замандарда бастау алғаны ақиқат. Ендігі кезекте, көнеден келе жатқан ұлттық дәстүрдің ұрымтал тұстарының ұмыт болмағаны ләзім. Себебі, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» – атам қазақтан қалған Ұлыстың ұлы күніндегі сыңардың жұпқа ұласуы, аздың көпке айналуы. Сол ұрпақ жалғастығының арқасында қазақ небір нәубеттерден кейін де жер бетінен жойылмай келеді. Есік алды қара су бойлағаным. Жалғанның қызығына тоймағаным. Көмілсем де кетер ме көкейімнен, Қалқаммен Ұлыс күні ойнағаным, – деп аталар бекер арманда кетпеген болар. «Ұйқыашарда» тұтас ұлттың уызы ұйыған. «Селтеткізерде» бозбаланың сезімі ғана емес, халықтың ұғымы мен танымы, әдеті мен әдебі жатыр. Ендеше, Ұлыстың ұлы күні ұлтты ұлы асуларға жеткізер ұласулар көп болсын. Жанар Елдосқызы Қыдырәлі: Наурыз – Алланың жаратқан дүниесімен үйлесімі бар мейрам – Қазір «Селтеткізерге» не беретінімді айта алмаймын, бірақ салиқалы, ою-өрнекті, ұлттық нақыштағы дүние болғанын қалаймын. 21-22-сі күндері тек қана қазақы дәстүрмен өріліп, сыйлық та, тағам да, бала-шағамызбен айтатын дүниеміздің өзі де қазақы мәнге ие болса деп едім. Бұл игі дәстүр ақырындап әдетке айналар. Жас ұрпаққа мейрамның ерекшелігін түсіндіріп, оның қадір-қасиетін саналарына құю керек. Ол отыз бірінші қаңтар сынды аспаннан алынған дүние емес. Ол ойдан ойлап табылған жоқ. Күн мен түн теңеледі. Табиғат жаңарады. 18 мың ғаламда тектен-текке жаралған нәрсе жоқ. Маңыздысы да сол. Наурыз – Алланың жаратқан дүниесімен үйлесімі бар мейрам. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Қарақат: Қыдыр 18-ғасырда жасалған жәдігерді тарту етті – Көктем мезгілі қандай керемет болса, Наурыз да – сондай ерекше мейрам. Сыйластықтың мейрамы. Ауылға барсақ, наурыз көже ішіп, елдегі ағайындармен шүйіркелесіп, арқа-жарқа болып қаламыз. Қыдыр маған қашан да ерекше құнды заттарды сыйлайды. Мысалы, 18-ғасырда күмістен жасалған көне әдемі бұйымды тарту етті. «Селтеткізерге» сыйлық ұрпақтан-ұрпаққа қалатын мұра боларлық осындай мәні бар, мағынасы бар заттар болса деймін. Ал «Ұйқыашарға» келсем, Қыдыр бірінші кезекте ауылдың тағамдарын ұнатады. Қолдан пісірілген таба нан, елден келген сары май, қазы-қарта – міндетті түрде дастарқаннан үзілмейтін асымыз. Сондықтан Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық тағамдарды дайындаймын. Жанболат: Наурыз – береке мен бірлік мерекесі – Наурыз ағайын-туғанның көрісер, бас қосар жаймашуақ мейрамы ғой. Кезінде ауылда орталық алаңға жиналып, киіз үй құрып, наурыз көже ішіп, бауырсақ жеп, асыр сап ойнап, арқаны кеңге салып қалатын едік. Бүгінде де барынша дәстүрге сай өткізуге тырысамыз. Жазира: Наурызбен бірге салт-дәстүр жаңғырды – Наурыз мерекесін көбінесе концерттерде, халықпен бірге тойлаймыз. Үйде наурыз көже жасап, бала-шағамыздың ортасында өткізгенге не жетсін? «Ұйқыашар» жайында естігенім бар. Қуантарлығы, бүгінде Наурызды жастар жағы да асыға күтеді. Сол арқылы ұлттық салт-дәстүрімізбен қайта қауышып жатырмыз.

11822 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы