• Ақпарат
  • 23 Наурыз, 2009

Әз-Наурызға жаңаша көзқарас қажет

НаурызСоңғы кездері баспасөз беттерінде Наурыз мерекесін атап өтуге байланысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Олардың сарқып құяр сағасы – Наурыз мерекесін тойлаудың әлі де ретке түспегендігі. Арнайы тәртібінің жоқтығы.  Сонымен бірге Наурыз мерекесін атап өтуге арналған арнайы күн ретінде 22 наурыздың ресми белгіленгеніне қарамастан, әрбір мекеме өзі қалаған кез-келген күні, тіпті сәуір айының ішінде де үздік-создық өткізіп жатады. Мерекеге мән бермей, мүлдем елеусіз қалдыратындар да бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Наурызға деген ерекше құлшыныс болса, жыл өткен сайын ол қарқын бәсең тартып, солғындап бара жатқан сыңайлы. Мұның бәрі де ұлтымыздың ең ұлық мерекесі әрі төл мейрамын атап өту тәртібін ретке келтірудің, айрықша назар аударудың қажеттігін көрсетеді. Осыған орай жуырда ғана Парламент депутаттары көтерген Наурыз мерекесіне үш күн демалыс беру туралы ұсыныстары да қолдауға тұрарлық. Бастаманың орындылығын атай отырып, осы үш күнді дұрыстап өткізу жайын да нақтылай түсу қажеттігін ескергенді қолай көреміз. Елбасы “Наурыз – Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналады” деген болатын. Бұның негізі жоқ емес. Өйткені Наурыз – нағыз халықтық мереке, көпшілік болып тойлайтын төл мейрамымыз. Сондықтан алдағы уақытта Наурыз мерекесін ұлтты ұйыстыратын ұлыстың ұлы күніне айналдырғымыз келсе, оның мынадай қасиеттері мен сипаттарын ескергеніміз жөн деп білеміз. 1. Жылдың ауысуы, түлеу, жаңғыру мерекесі (22 наурызда күн мен түн теңеседі, тіршілік жанданады, жан-жануарлар төлдейді, көктем келеді). 2. Ынтымақ, татулық, достық мерекесі (араздасқан жандар, өкпе-реніштерін ұмытып, бір-бірін кешіріседі, бір-бірінің үйіне барып, көріседі, тарту-таралғы, сый-құрмет жасайды). 3. Теңдік, еркіндік, азаттық мерекесі (бұл күні барша жан тең болады, бүкіл қызметкерлер жұмысын тоқтатып, көпшілікпен бірге мерекелеп тынығады, тіпті құлға да еркіндік беріледі). 4. Тазалық мерекесі (үйдің іші-тысы тазартылады, күл-қоқыс шығарылады, ескі-құсқы нәрселер аласталады). 5. Табиғатқа қамқорлық мерекесі (ағаштар отырғызылады, бұлақтардың көздері аршылады, өзендердің арнасы тазартылады). 6. Ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту мерекесі. 7. Ірі-ірі елдік мәселелер кеңесіледі, алдағы маңызды мәселелер жөнінде бәтуа жасалады. 8. Ұлттың ұйысу мерекесі (Наурызда әрбір отбасы оқшауланбай, керісінше, көппен бірге ұжым болып, қауым болып, ауыл болып тойлайды). 9. Өткенге құрмет, ата-баба рухына тағзым жасау мерекесі. Міне, осы қасиеттерінің өзінен-ақ Наурыздың неліктен ұлыстың ұлы күні деп әспеттелгеніне көз жеткіземіз. Мұнда қазақ халқына тән биік адамгершілік, шынайы имандылық қасиеттері тоғысқан. Қазақтық қалпымыз, ұлттық келбетіміз, төл дүниетанымымыз көрініс тапқан. Төл мерекеміздің керемет қасиеттерін ұтымды пайдалану және қайта жаңғыртып, түлету мақсатында Үкіметтің қаулысымен мемлекеттік деңгейде белгілі этнограф ғалымдардан, тарихшылардан, мәдениет қайраткерлерінен, әлеуметтанушылардан арнайы жұмыс тобы құрылып, оларға Наурыз туралы жан-жақты зерттеу жүргізу, Наурызды мемлекеттік деңгейде атап өтудің жөн-жосығын, дәстүр-қағидаларын әзірлеп шығу жүктелсе деген тілегіміз бар. Бұл ретте мынадай жайттер қамтылса жөн болар еді деп санаймыз: 1) Наурыз мерекесін тойлауға Қазақстан бойынша ресми дайындықты бір ай бұрын немесе 1 наурыздан бастау (көшелерді, ғимараттарды Наурыз нақыштарымен безендіру, баспасөз беттерінда тұрақты хабарлар беру, электронды ақпарат құралдарында Наурызға арналған сюжеттер, роликтер беру); 2) Наурыздың арнайы символын жасап, орнықтыру (мысалы, Жаңа жылдың символы – шырша, Аяз ата мен ақша қар, жаңа жылдық сыйлықтар болса, Наурыздың символы – наурыз көже, жыл он екі айға ие болған жан-жануарлар бейнесі, т.б.). Осы символ бейнеленген ашық хаттар, конверттер, кәдесыйлар дайындау; 3) Мерекеге орай балаларға және ересектерге “наурыздық” деген сыйлықтар беру (мұны берудің, сыйлықта ненің болуын ойластыру қажет); 4) 22 Наурыздан бір апта алдыңғы жұма күні бүкілхалықтық “наурызақ” – тазалық күнін ұйымдастыру (аулалар, өзен-көлдер тазартылып, ағаштар отырғызу, ағаштардың семген бұтағын отау, діңін әктеу, т.б.); 5) Елбасының қатысуымен шаралар өткізу: 22 Наурыз күні Елбасының сотталғандардың белгілі бір тобына (кездейсоқ қылмысты болғандар, жеңіл-желпі қылмыс жасағандар, тәубесіне келіп, имандылық жолына түскендер, т.б.) рақымшылық жасауы; тұрмысы төмен отбасылары мен жетім балаларға қайырымдылық шараларын өткізу, т.б.; 6) жалпыұлттық “Наурыз” қорын құрып, оның қаржысын ұлтты ұйыстыратын, дамытатын шараларды қаржыландыруға жұмсау. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқасы

3248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы