• Білім және ғылым
  • 30 Наурыз, 2009

Дара қасиет

Данышпан Абайдың отыз жетінші қарасөзіндегі «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген даналық ойын қайтара оқыған сайын көз алдыма бір кездегі Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметов ағамыз елестейді. Неге деп көп толғандым, өзімше пайымдадым. Тәуелсіз қазақ елі аталғалы ең көп сын садағына іліккен – Білім министрлері. Ал Шайсұлтан ағамыз бұл сыннан мүдірмей өткен тәрізді. Неге? Берер жауабым, жасаған тұжырымымыз – ол өз ісінде даралық танытыпты. Ш. Шаяхметовтің көрегендігі, ұтқан жері министрлікте жалпы орта білім беретін бас басқарманы ірілендіріп алдыңғы орынға шығаруы, яғни жас ұрпақтың тәрбиесі мен білмінің негізі қаланатын балабақша мен мектепті басты назарда ұстауында екен. Бас басқарманың бастығы етіп, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде әбден ысылған, тәжірибелі Бақтияр Смановты тағайындауында ұлт мектебіне басымдық беруді меңзеуі, ұлтшылдық қасиетін таныту еді. Танытып қана қойған жоқ, дәлелдеді де. Ауыл мектебінде мұғалім, директор, аудандық, облыстық оқу бөлімдерінде бөлім бастығы, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер дәрежесіне дейінгі оқу саласының барлық белесінен өтіп, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Абайдың 150 жылдық мерейтойына әзірлену үшін жаңадан ашылған абайтану бөлімінде жүрген маған Бәкең 1992 жылы Білім министрлігіне қазақ тілі мен әдебиетінің жетекші маманы ретінде қызметке шақырды. Институт директоры, академик С.Қирабаев «Әттең, жібермес едім, қалтамнан берер ақшам жоқ, тек Абайдың академиялық екі томдығын дайындауға қатысып тұр, жауапты хатшысың ғой» деді. Білім министрі Ш.Шаяхметов алты айдан кейін жетекші маманнан бас маман дәрежесіне көтеру туралы бұйрық берді әрі Министрлікке қарасты барлық басқарма қызметкерлеріне қол қойдыруға әкелген құжаттарының қазақша жазылуын талап етті. Мен тексеріп беретін болдым. «30 жылдай қызмет етсек те жетекші маманнан аса алмай жүрміз» деп күңкілдеген ағайындарым, қазақша жазбақ түгілі сөйлей алмайтындар, амалсыз тәуелді болып қалды. Менің емес, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қажеттігі туындады. Министр талап еткесін, қазақша үйренуге бетбұрыс басталды. Әр пәннің маманынан жауапкершілік қатаң сұралды әрі оқулық авторларынан бастап оқу құралдарын шығарудың барлық тетіктері біз арқылы өтті. Біз инспектор-қадағалаушы ғана емес әрқайсымыз пәнімізді жете меңгерген көпжылдық тәжірибелі әдіскер-маман болдық. Диплом, грамоталардан бастап барлық оқу-әдістемелік оқу құралдары қазақшалана бастады. Бір кабинетте әр пәннің мамандары Жансерік Молдабеков, Мария Қойшыбаева, Ирина Панова төртеуіміз отырамыз. Бір күні таңертең сағат тоғыздан өте бере қағазға қатты шұқшиып отырсам керек, бәрі атымды атап шу ете қалды. Басымды көтерсем, тығыршықтай, бұйра шашты, жылы жүзді бір кісі жанымда күлімдеп «Амансыңдар ма?» деп қарап тұр. Танымай қалдым. Орнымнан тұрып амандастым, сөйтсем бұл кісі министр Шайсұлтан Шаяхметов екен. Демалыстан жұмысқа бүгін түсіпті, қызметкерлердің хал-жағдайын білейін деп бір өзі аралап жүр екен. Демалыстан кейінгі бірінші жұмыс күнін қызметкерлерімен амандасудан бастаған дәу бастыққа таңырқай қарасам да іштей сүйсіндім. Бірде «Қазақ тілі» қоғамының жиналысы өтті, президиумда министрдің өзі және орынбасары Ш.Беркімбаева отырды. Шіркін жастық-ай, суырылып ортаға шығып: «Көпшілігіміз ауылда өстік, үлкенді сыйлаймыз әрі қазақы дәстүрді сақтап, Шайсұлтан Шаяхметов деп үлкен адамның әкесінің де, өзінің де атын атағанша «аға, апай не болмаса Шәке» деп сыпайлап айтсақ қайтеді» деп ұсыныс айттым. Не дұрыс, не бұрыс деген ешкім болмады. Тек министр қасындағы орынбасарынан «Мынау қай бала?» деп аты-жөнімді сұрап жатты. Меніңше, Шайсұлтан ағамыз адамды еңбегіне қарай бағалайтын болса керек, айналасындағы басшы кадрлар үлгі аларлықтай жандар еді. Білім министрінің орынбасарлары Жантілеу Әзізханов, Шамша Беркімбаева, Бердібек Сапарбаев, кейінірек келген Елеусін Сағындықов, басқарма бастықтары Серік Пірәлиев, Бақтияр Сманов, Найман Қалабаев, Берікжан Әлмұхамбетов, Әбдімүтәліп Әбжабпаров, Асқар Құсайыновтар екі тілде жорға, сауатты, көмекейлері «ауылым – құтым, ардағым – ұлтым» деп бүлкілдеген өрелі ойдың иелері еді. 1992 жылдың жазында Түркі елінің президенті Тұрғұт Озал тәуелсіз атанған қазақ еліне туыстығын білдіріп екі мыңдай студент, магистрант, докторантты ақысыз өз елінде оқытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келісті. Осындай тұңғыш қолға алынғалы отырған әрі жауапты, әрі қиындығы мол іске Білім министрі Ш.Шаяхметов бүкіл Қазақстан Республикасы бойынша белгіленген мөлшерде әр облыстан талапкерлерді қабылдайтын жауапты хатшылыққа тағайындалды. Министрдің талап қоя білгіштігі, тікелей бастығым болған Серік Пірәлиевтің іскерлігі арқасында үлкен іс атқардық. Бір күні сәулет және құрылыс институтынан арнайы бөлінген бөлмеме С. Пірәлиев суыт келді «Министрге сенің үстіңнен арызданушы бар» деді. Секем алып қалдым. «Қай жерден қателік жібердім?» деп. Сөйтсем Социалистік Еңбек Ері атағы бар бір ағамыз министрге «жауапты хатшы балаң бюрократ көрінеді, алды топыр-топыр, кіре алмадым» деп барыпты. « Секе, қазір, міне, түс кезінен өтті. Кезек күткен адам жоқ. Келгенді түгел қабылдадым. Екіншіден, тәртіппен біртіндеп ғана қабылдағаным рас, үшіншіден сыртта кімдердің кезекке тұрғанын қайдан білемін» дедім. Секең сөзімнің ісіммен қайшы келмейтініне көзі жетті ме «Жарайды, дұрыстап жұмысыңды істей бер» деді. Осы жұмыста қуана құлшындырған жәйт, Түрік елінің бізге қойған шарты болды. Бірінші талап, бала мектепті тек ‘4’ пен ‘5’-ке бітіру қажет, ал басты талап – үміткер қазақ тілін жетік меңгеруі қажет. Өзіміз айта алмаған, өзімізге қоя алмаған талапты туысқан Түркі елі қойды, үйренсек осындай игі істерді үйренейік. Біз даналықты ежелгі өмірден іздейміз, ал қасымызда жүрген, өмірден кеткеніне көп болмаған ізгі жандардың игілігін бірден даналық деп қабылдай алмай жатамыз. Шайсұлтан Шаяхметовтің даналығы – оның сөзімен де, ісімен де қазақ ұлтын, қазақ тілін сүйетіндігін өмірде дәлелдеп кетуі. Даналыққа тән қасиет, оның өнегесі күннен-күнге тот баспайтын алтындай жарқырай береді. Жабал Шойынбет

3683 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы