• Тіл
  • 30 Наурыз, 2009

Ауыр жүкті арқалап...

Қазақ – тойшыл халық. Қазақтың тойы ауызбіршіліктің, ынтымақтастықтың, бауырмалдықтың, жақсылықты жария етудің үлгісі деп түсінемін. Оқу жылының қараша айында 85 жылдық мерейтойын атап өттік. Аталық жасқа жеткен оқу орнының тарихы терең, Отанымыздың келешек ұрпағын тәрбиелеуде, оқу-ағарту саласында мамандар дайындаудағы жетістіктері мол. Өзім осы колледждің 70-ші жылдардағы түлегімін. Саналы өмірім осы оқу орнында өтіп келеді. Жақсы маман болып қалыптасуыма да оқу орнында сақталған дәстүрлер, ұстаздарым игі әсер етті. Біз сонау 70- ші жылдары 15-16 жастағы балаң шәкірттер едік. Бәріміз де ұстазымыздың қазақ тілі, әдебиет сабақтарын асыға күтетінбіз, себебі сабақтар бірі-біріне ұқсамай, қызықты өтетін. Ұстазымыз Зоя Біралова әдеби туындылардың қадір-қасиетін бойға сіңімді, ойға қонымды етіп әңгімелейтін. Әсерлі де әдемі сөйлеуге ұмтылуымызға сол сабақтар әсер етті. Қаншама қызықты әдеби кештер өтті десеңізші. Қалаға келген ақын-жазушылар біздің оқу орнымызға соқпай кетпейтін. Олармен жүздесіп, лебіздерін тыңдап, қолтаңбалар алып, сауатымыз бен санамыз да өсе берді. Бұл кездесулер көмейімізге жыр құйып, көкейімізге терең ой салып кететін. Апайымыздың өнегесімен бастаған поэзия дәптерлерім әлі күнге ұнаған өлеңдермен толықтырылып, достармен бас қосқанда, сол қалыппен өлеңдерді рахаттана оқимын. 50 жылдық ұстаздық еңбегінің 48 жылын Ақтөбе гуманитарлық колледжіне арнаған Зоя Әбілғазықызы – шәкірттерінің тіл мәдениетін дамытып, озық тәжірибеге баулып, тұғырында түлеткен, елу жылда мыңдаған маманның тұсауын кескен, республикамыз бен облысымызға танымал ұстаз. Оқытушы өзі жүргізетін пән болғандықтан емес, жас мұғалімдердің жан-жақты даярлануы үшін олардың рухани байлық – көркем әдебиетке деген құмарлығын арттыруды, кластан тыс көпшілік шараларды көркем шығармалар арқылы ,олармен тығыз байланыстыра жүргізуді көздейтін. Сөйтіп, оқу-тәрбие жұмысына шығармашылық ізденіс тұрғысынан қарап, ұстаз өз шәкірттерін нешебір игі істерге тартып, олардың бойында жаңашылдық қасиетті қалыптастыруға ықпал етті. Ұлағатты ұстаз еңбегі жөнінде С.Байменшин «Ұзақ жылдар ұстаздық етсе де, Зоя Әбілғазықызы үшін оның кез келген 45 минөті қайталанбас тіршілік тараулары сияқты» десе, «Зоя Біралованың ерен еңбегін бағалайтын жандар өте көп. Шәкірттерінің бойында бүкіл өміріне өнеге боларлық із қалдырған, жас мамандар даярлау жолында бойындағы білімі мен бар қабілетін жұмсап жүрген Зоя Әбілғазықызы шәкірттерінің аяулы сезіміне бөленген қадірменді ұстаз» – деп толғанады жерлес ақын М.Құрманалин. Зоя Әбілғазықызы қазіргі гуманитарлық колледжде жарты ғасыр еңбек еткен оқытушы ғана емес, республика, облысқа танымал тіл жанашыры, қайраткер. «Зоя апайдың педагогикалық еңбегін былай қойғанда, тіл қамы үшін төккен терінің өзі оңай көтерер жүк емес» (журналист Е.Ашықбаев). Иә, расында да, қазақ тілінің мерейі үшін күресіп,тіл төңірегіндегі небір тартыстардағы тіл тағдыры туралы тебіреністері, педагогикалық ой өрімдері, әдебиет әлемі және заманымыздағы өзекті мәселелер бойынша сараптамалық толғауларында алғыр, өткір тілмен өз пікірін әлі күнге дейін білдіріп отырады. Сонау 60-шы жылдары қазақ мектептерінің есігіне қара құлып салына бастағанда-ақ, апай «Бала тәрбиесінің бастауы – мектеп, тіліміздің даму деңгейі қазақ мектептерінің ашылуымен өлшенеді. Өз елінде жетім баланың кебін киген ана тіліміз сыртқа тебіліп қала берді. Билік басындағылар болса, тілімізге өгей анадай болып отырғаны тағы бар. Құдіретті қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұр» деп, қаламын семсер, сөзін қару етіп, тілінің жарқын болашағы үшін күресе білді. Ал 1989 жылы алғаш «Тіл туралы» Заң қабылданғанда: «1989 жылдың қыркүйегі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болған күні ғана емес, бұл дұрысында 70 жыл бойы репрессияға ұшыраған қазақ тілінің ақталған күні» – деп тебіренеді «Жанның нәрі, халықтың ары» деген мақаласында. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық бөлімшесі құрылған күнінен бірінші құрылтайына қатысып, алғашқы мүшелері сапында оның жұмысына белсене араласты. Туған тіл тағдырына бейжай қарамайтын апай, еңбегіне қарай елде «туған тілдің тамыршысы» атанды. «Мемлекет шекарасын, мемлекеттілігін қалай қорғаса, мемлекеттік тілін де солай қорғай білуі тиіс, әрі міндетті» деген сөзі соның айғағы емес пе? Қоғам мен еліміздің өркендеуі жолында туындаған небір өзекті мәселелердің шешілуіне өзіндік үн қосып, жастардың әдеби шығармаларды сүйіп оқуы, қазақ газет-журналдарының аздығы, қазақша теледидар бағдарламаларының жоқтығы, көше, қалаларға қазақша атаулардың берілмеуі т.б.тақырыптарды мақалаларына арқау етті. Ұстазым «Адал еңбек аздырмас» дейді. З.Біралованың ұзақ жылдардағы жемісті еңбегін кеудесіндегі «Құрмет белгісі» ордені, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, кезінде берілген Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар айғақтайды. Ұстаздық өмірінің басты нысаны етіп ана тілі тағдырын алған, жас мамандарды көркем әдебиет көкжиегіне жетелеген тіл жанашыры Зоя Әбілғазықызының еңбегіне берілетін баға өлшеусіз. Нұрбәтес Тобағабылова, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы, ҚР Білім беру ісінің үздігі

3241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы