• Ақпарат
  • 30 Наурыз, 2009

Мемлекеттік қызметке қасқырдың қатысы қанша?

Жуырда ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Бекболат Тілеухан және Алдан Смайылдың бастамасымен мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін бағамдайтын «Қазтест» сұрақтарына қатысты мәселе қозғалған болатын. Бұл басқосуға барлық министрліктер мен ұлттық компанияларда мемлекеттік тілді дамытумен айналысып жүрген мемлекеттік қызметкерлер қатысты.  «Қазтест» және «Жаңа толқын» деп аталатын негізгі оқулық жайында осы алқалы кеңес барысында сөз болды. «Жаңа толқын» негізгі оқулығы, электрондық оқу құралы. Оның ішіне грамматикалық анықтағыш, оқу сөздігі сияқты жақсы дүниелер енгізілген. Үш деңгейге арналған екінші нұсқасы да жарыққа шығыпты. Бірінші деңгейінде: «Қазақ тіліндегі сөз байлығын зерттейтін қандай ғылым?», «Көне сөздер деген немене?», «Антоноим, омоним, архаизм деген не?» деген сауалдар енгізіліпті. Дәл осындай сауалдар тілді жаңадан үйреніп жатқан адамға керек пе? Келесі «Қазтест» жайында айтар болсақ, бұл оқу құралына мемлекет тарапынан 72 миллион қаржы бөлінген. Алайда, жасалған оқулық сұрақтары мемлекеттік қызметкерлердің тілдік жүйесін анықтауға ешқандай көмек бермейді. Керісінше қоғамды айыптау мәтінінде күнделікті күйбең тіршілікте қолданылатын сөздер көп. – Ащы да болса шындық осы. Біріншіден, мұнда пессимизм басым. Мемлекеттік қызметші мемлекетке қызмет ету үшін келіп отыр. Тәуелсіздікті баянды етемін деп келген адамға «бұл жердің ақшасы аз, анау қымбат, мынау қымбат» деген сөздердің қажеті жоқ. Бұл бағдарламаның мемлекеттік қызметке еш қатысы жоқ, қазақ тілінің мамандары жасағанға ұқсайды. Мәселен, «қасқырдан басқа барлық хайуанның көндігіп кететінін айтады. «Қасқырды қанша асырасаң да түзге қарап ұлығанын қоймайды» деген сөз тегін айтылмаса керек» деген тіркес бар. Мемлекеттік қызметке қасқырдың қатысы қанша? - дейді Б.Тілеухан. Шындығында солай, себебі, мына диалогтан аталмыш бағдарламаның қаншалықты сапасы төмен екендігіне көз жеткізесіз. – Басқа жұмыс таптыңыз ба? – Иә. Жеке сақтандыру компаниясына аудармашылық орынға құжат өткізіп, кеше конкурс арқылы қабылдандым. Жалақысы да бұл жерден көбірек. – Әрине, тұрмысты да ойлаған жөн. Сіздей маманнан айырылу өкінішті-ақ. Өтінішіңізге бөлім бастығы қол қойды ма? – Қол қойды. Ата-бабаларымыз ұрпағына негізі мынадай парыз қалдырған ұрпақ өсіру, ағаш егу, үй салу. – Бұл парыздарды орындау қазіргі жастарға оңай болмай тұр. – Рас айтасың, қалаға бейімделуді қажет ететін қазіргі заманда бір адамның бұл міндеттерді орындауы оңайға соқпай тұр. Қалада болса жер қымбат. Бір жұмыстан тапқан қаржың бір жағына жетсе, екінші жағына жетпейді. Нарық заманындағы жер мен үйдің бағасы деген бұрын-соңды қазақ даласында болмаған баға. – Бала өсірудің өзі де оңай болмай тұрған жоқ па. Бұрынғыдай 10 бала тусаң да елмен бірге өсіре беремін деген ереже қазір жүрмейді... (Бұл сөйлемдер ешқандай өзгеріссіз алынды) Міне осындай диалогпен кете беретін әңгіме ауанынан не ұғуға болады? Алайда осы тестінің мемлекеттік қызметкерлерге арналғаны жанды ауыртады. Осы орайда, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін құрылған «Қазтесттің» бүгінгі қызметіне балта шабамыз ба, жоқ әлде оны жетілдіреміз бе, деген сауалға жауап іздеген азаматтардың пікірлеріне құлақ түрсек: Ернұр УӘЛИ, ҚР Ішкі істер министрлігі Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары: – «Жаңа толқын» бағдарламасын біз толықтай енгіздік деп айта алмаймын. Себебі, оқулықтың ішінде методика жағынан қажет жерлері болғанымен, ішкі істер саласына қатысты ештеңе таппайсыз. Менің ойымша, құқық қорғау, әскер, полиция салаларының ішінде өздеріне сай тарау болу керек. Біздің салада қызмет ететін адам «Жаңа толқынды» оқып, үйреніп білімін тереңдете алады дегенге сену қиын. Ал «Қазтестке» келер болсам, оны әр министрліктің сұранысын білу арқылы толықтыру қажет. Егер солай болса біз өзіміздің ұсынысымызды қуана-қуана берер едік. Келесі бір мәселе, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстарына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Осы нәрсе формальды сияқты. Одан да, бұған бөлген қаржыны компьютерлердің тілін қазақшалау мен құжат айналымын қазақыландыруға, бағдарламалық қамтамасыз етуге бөлсе құба-құп болар еді. Айтжан АЙДАШЕВ, ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік тіл және құқықтық сараптама басқармасының бастығы: – «Қазтест» бағдарламасы дұрыс және оны жетілдіру керек. Бірақ, Бекболат мырза айтқандай мағынасы, сөздік қоры мемлекеттік қызметке қарама-қайшы болса, ол мемлекеттік қызметкердің біліктілігін де, деңгейін де көтере алмайды. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлерге ортақ мемлекеттік қызметтің бағдарламасын кітаптағы нұсқасын негізге ала отырып жасаған дұрыс. Әрбір құрылымдық мекеме өз саласында оқулық жасаса, біріншіден, олардың кәсіби біліктілігі жоғарылайды, екіншіден, мемлекеттік тілді білу деңгейі көтеріліп, жетілдіріле түсер еді. Елбасының Жарлығымен бекітілген мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттік мекемелер, министрліктер мемлекеттік тілге толығымен көшті делінуде. Бірақ қағаз жүзінде ғана, ал іс жүзінде орыс тілінен арыла алмай келеміз. Тіпті мемлекеттік тілде жазылатын жарлық, қаулылар көп болса бір-ақ бет. Осыларға орыс тілін қосақтамай, тікелей қаулы, үкім, жарлық тағы басқа да құжаттарды тек қазақ тілінде қабылдап, жоғарыдан қазақ тілінде жіберіліп отырса, біз көш ілгері жылжитын едік. Мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке міндетті түрде тест тапсыру қажет. Мемлекеттік органға қыметке қабылданғанда, комиссия қазақ тілінде сұхбат алуы тиіс. Мұхамбедия АХМЕТОВ, дәрігер-кардиолог, Үкімет жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі: – Оқытуға, тіл үйретуге арналған бағдарлама дидактикалық методологиядан жұрдай. Эмоция жоқ. Онсыз ешнәрсе санаға сіңбейді. Эмоция, жанды тіл керек. Күнделікті қажеттілік, тақырыпқа қатысты мәселе болу керек. Бізде қанша мамандық бар, ал солардың қажеттілігін «Көксерек» хикаятындағы сөз, сөйлемдер арқылы қанағаттандыра алмаймыз. Демек, милицияға милиция, полицияға полиция, менің әріптестеріме медицинаға қатысты нәрселер айтылуы керек. Қазіргі тест үйрету функциясынан да, тестілік функциядан да жұрдай. Біріншіден сөйлесуді үйрету керек. Сондықтан, тілдік шеберлікті шыңдау үшін маманның сөздік терминдерін, түсіндірме сөздігін жаттату керек. Мәскеу мемлекеттік университетінің академигі В.Садовничий бүкіл дүние жүзі «тест, тест» деп жатқанда: «Я сам отвечу за своих студентов» - деп тестен бас тартқан. Сол кісі керемет ғұлама, ғалымдарды тәрбиелеп жатыр. Тілді үш деңгейде үйрету дегенге қарсымын. Бұлай үшке бөліп сұрыптаудың осал тұстары бар. Себебі олардың ішінде бөтен тілді тез меңгеріп кетерлік табиғи қабілеті төмен үйренушілер болады. Сондықтан базалық тіл біліктілігіне сай жеті деңгейге бөліп, сұрыптап оқытуды ұсынамын. Ботагөз ҚОЖАХМЕТОВА, журналист ¬ – Мен 31 жыл мемлекеттік қызметте істеппін. Сонда жүріп не таптым? Ең бірінші өзімді-өзім жоғалтып алдым. Екінші, өзімнің ұлттық жанымды, ұлттық мінезімді, ұлттық ділімді, намысымды жоғалттым. Бұл шындық. «Қазтест» деп жатырмыз, одан да өтудің жолын табамыз. Басқа тестерді де жасаймыз. Дегенмен ең бастысы тілді үйрену үшін шынайы жүрек болуы керек. Мемлекеттік қызметке қабылданған адамға «Сен ұлтжандысың ба?», «Ұлтыңды жақсы көресің бе?», «Еліңе қызмет етесің бе?» деген сұрақтар қою керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселеге ұлттық деңгейде қарау керек. Мен мемлекеттік қызметте жүргенде қазақ тілін оқытуға ақшаны аямаңыздар деп қанша қақсадым. Бірақ оны ешкім құлаққа аспады. Қазір мемлекет шетел тілдеріне қыруар қаржы бөліп жатыр. Оларға ақша шығарып керегі не? Қазақ тілінде құжат жазбай, заң шығармай оның көсегесін көгерте алмаймыз. Сол үшін ұлттық мінез, ұлттық намыс керек. Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – «Тілдер туралы» заңның 23-бабы бойынша мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді өзінің мамандық деңгейіне сәйкес білуі керек делінген. «Қазтест» осы аталған бап бойынша жасалған дүние. Агенттік жұмысқа қабылдаған кезде әйтеуір «тесттен өту керек» деген көзбояушылықпен емтихан алады. Емтиханда «Қазтесттің» талаптары бойынша сұрақ қояды. Өткен жылдың басында «Тіл туралы» Заң жобасына толықтырулар енгізу туралы Парламентке ұсыныс бергенбіз. Ол үстіміздегі жылдың заң жобасының құрамына енбей қалыпты. Үкіметте осы мәселеге жаны ауырып отырған адам шамалы. Сондықтан, ең алдымен министрліктердегі тіл саясатымен айналысатын департамент немесе басқармалардың жұмысын жақсарту үшін, жұмыстарының нәтижелі болуы үшін, мемлекетікң тілді үйретудің әрбір министрлікке, әрбір мамандыққа сай келетін оқу әдістемелері, оқулығы керек. Екінші мәселе, миллиардтап ақшаны бөліп жатыр. Үйірмелерді ашып тастадық, бірақ пайдасы шамалы. Сондықтан мектептердің жанынан, институттардың жанынан тіл оқытатын үйірмелер ашу керек. Онда аудитория бар, ұстаз жеткілікті және көрнекі құралдар бар. Неге ақшаны айдалаға шаша беруіміз керек? Одан да осы мектептер мен институттардың мұғалімдеріне төлейік. Келесі бір мәселе қазіргі Тіл комитетін түбегейлі өзгертіп, қолына билік бермейінше ештеңе шықпайды. Жиын соңында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан сөз сөйлеп, басқосуды қорытындылады: – Сіздерден өтініш, мүмкіндіктеріңіз болса әр мекемеден 20 тестінің сұрақтарын бізге факспен жіберсеңіздер. Сосын қызмет этикасы деп жүрміз, соны орысы бар, қазағы бар қазақ тілінде тапсырса, жаңағы айтылған «қасқырдан» жеңіл болады. Орыс тілінде тапсырып жүрген аттестацияны қазақша тапсырса құба-құп болар еді. Ішкі істер министрлігінен, прокуратурадан, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен келген азаматтар көкейде тұрған мәселелеріңізді кәсіби деңгейде жазсаңыздар. Сталиннің заманы болса теріс қаратып, атып тастайтын нәрселер көп. Мұхамбедия ағаның айтқанымен толық келісуге болады. «Қазтестің» сұрағынан мен де осындай ойды көріп тұрамын. Әйтпесе, «Нан берші» деген сөзді қазақ тілінде айта алмаған адам уықты, ошақты, керегені қайдан біледі?! Осының бәрі менің ойымша қазақ тіліне жиіркеніш тудыру үшін арнай жасалған дүние сияқты. Тіл – ата-бабаның аманаты, ұлттың сипаты. Өзінің тілін менсінбеудің ар жағында құлдық сана жатыр. Адамның ұлттық сипаты, имандылығы – тілі. Алла қаласа Алдан Смайыл мырза екеуміз сіздердің пікірлеріңіздің негізінде Үкіметке сауал жолдаймыз. Қазір Қазақстандағы тілдің жағдайы шыбынды зеңбірекпен атып, қабырғаны құлатып жатқандай. «Қазтестке» байланысты өздеріңіздің ұсыныстарыңызды айтып көмек берсеңіздер. Сіздер патриот болмасаңыздар болмайды. Өйткені сіздердің шетелдерде үй сатып алатын ақшаларыңыз жоқ. Балаларыңыздың болашағы өзіміздің елде. Ендеше осы жолда күресу керек болады. Біздің мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді баянды ететін патриотизм екенін ұмытпаңыздар. Бейбітгүл ИСАЕВА АСТАНА

3521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы