• Білім және ғылым
  • 30 Наурыз, 2009

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ, ЕЛДІК МҰРАТ – БАСТЫ БАҒЫТЫМЫЗ

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевпен сұхбат - Серік Жайлауұлы, жақында Ресейдің беделді басылымы «Российская газетада» Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласы жарияланды. Осыған орай жоғары оқу орындары қандай іс-қимыл танытуға тиіс? Дағдарыстың өзі оқу ордаларын қамти ма? Егер қамтитын болса, онымен күрес жолдары қандай? - Әлемдік қаржы дағдарысының дауылы бүгінде төрткүл дүниені түгел шарпып тұрғаны белгілі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтсақ «... бұл — адамзат әлі біліп болмаған айрықша құбылыс». Сондықтан қаржы дағдарысының дүниежүзі экономикасына тигізген зардабы және алдағы уақыттағы ықтимал залалдары әлемнің саналы азаматтарын алаңдатпай қоймайды. АҚШ, Англия, Жапония, Ресей, Қытай сияқты іргелі елдердің өзі қаржы дағдарысының алғашқы толқынынан теңіз жағалауындағы кемедей шайқалып тұр. Көптеген банктер, кәсіпорындар жабылып, мың-мыңдаған адамдар жұмыссыз қалуда. Осыған байланысты дүниежүзінің мемлекеттері дағдарыспен аймақ-аймақ болып күресу үшін жаңа бағдарламалар белгілеуде. Қазақстан Республикасы Үкіметі де дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын іске асыруға кірісті. Алайда әлем елдері бірлесе күш-жігер жұмсап, шара қолданбаса қиындық оңайлықпен еңсерілмейтіні мәлім болып отыр. Дәрігер науқасты емдемес бұрын аурудың түп-тамырын зерттеп барып ем қолданатыны сияқты, өршіп тұрған дағдарыстың себеп-салдарын айқындап алып, оны сауықтырудың шараларын іздестірудің маңызы зор екенін Президентіміз Н.Ә.Назарбаев көрегендікпен айтып отыр. Елбасымыздың Мәскеуден шығатын беделді басылым «Российская газетаның» 2009 жылғы 2 ақпандағы санында жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» деп аталатын көлемді теориялық мақаласы бүгінгідей сын сағатта зиялы қауымды дүр сілкіндірді. Бұл жәй ғана экономикалық тақырыпқа жазылған қатардағы мақала емес, дағдарыстың пайда болу себебінен бастап оның өршу, жаһандық деңгейге таралу салдарын қарастыра келіп, әлемдік экономиканы түбегейлі жаңартудың жолдарын ғылыми негіздеп берген сындарлы еңбек. Осыған байланысты жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттерге жаһандық қаржы дағдарысының себеп-салдарын, оған қарсы күрес шараларын және Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» еңбегін түсіндіру жөнінде «Жаһандық қаржы дағдарысы және онан шығудың жолдары» тақырыбында ашық лекциялар циклын және пікір алмасу өткіздік. «Қазақстан қаржы дағдарысын қалай жеңеді: баламалы көзқарас» тақырыбында өткен ашық лекцияда оқу орны студенттерінің алдында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы профессор Нұрғали Құлшыманұлы Мамыров, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанұлы Алшанов, Абай атындағы ҚазҰПУ «Экономика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор К.Н. Дәуренбекова лекция оқыды. «Қазақстан және қаржы дағдарысы: қаржы және саяси құрылымдардың бірлескен іс-қимылы» тақырыбында оқылған дәрісте ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі К.Н.Нәрібаев, экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар Б.Д.Иманбердиев, К.Ж.Бертаева, «Жаһандық қаржы дағдарысы: бүгінгі жағдай және даму дәйектемелері» тақырыбы бойынша экономика ғылымдарының докторы А.А.Рамазанов, Т.М.Рогачева, Ж.Я.Әубәкірова баяндамалар жасады. Н.Ә.Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласы бойынша студенттер арасында пікір алмасылды. Әрине, осымен іс бітті деп қол қусырып отырмайтынымыз анық. Университет ғалымдарының бірлескен іс-қимылы арқылы оқу орнын қаржы дағдарысынан алып шығудың жолдарын көрсететін арнаулы бағдарлама жасап, оны жүзеге асыруға кірістік. Меніңше, біз ғана емес, еліміздегі барлық жоғары оқу орындары осылай әрекет етеді деп ойлаймын. Оқу орындарын дағдарыстан қиналдырмай алып шығу, профессор-оқытушыларды және басқа да қосалқы қызметкерлерді қысқартпай ұстап қалу үшін қаржыны өте ұқыппен, үнеммен жұмсау, артық шығындарды болдырмау аса маңызды. Бұл үшін қаржы тәртібін қатаң сақтау, іскерлік пен ұқыптылық қажет. Біздің қаржы дағдарысына қарсы күрес бағдарламамызда бұл мәселелер тиісті бағыттар бойынша нақ-нақ көрсетілген. - Парламенті Мәжілісінің депутаты Сағымбек Тұрсынов қаңтар айында еліміз бойынша оқу ақысын төлей алмағаны үшін 200 мың студент оқудан шығарылуы мүмкін деп мәселе көтергені белгілі. Осыған орай Сіз басқарып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттердің төлем қабілеті қалай? Оқу ақысын төлей алмаған студенттердің тағдыры қалай шешілмек? - Студенттердің төлем қабілеті төмендеп кетуі қаржы дағдарысының салдары екенінде дау жоқ. Бүгінде бізде 12 021 студент ақылы бөлімде оқиды. Олардың 350-ге жуығы оқу ақысын төлей алмай қиналуда. Алайда бұл балалардың бәрін оқудан қуып, қиянат жасап отырған жайымыз жоқ. Біз жастарды мамандық беріп, еліміздің ертеңгі тірегі етіп тәрбиелеу үшін оқытамыз. Оларды оқудан шығару мақсатымыз емес. Болашақ мамандар тағдырына ел тағдыры деп қарауымыз керек. Сондықтан оқу ақысын төлей алмаған студенттердің отбасылық жағдайын, тұрмысын зерттеп, 100-ге тарта студентке 30-дан 70 пайызға дейін жеңілдік жасадық. Қатты қиналып жүрген балаларға материалдық көмек көрсетудеміз. Университетте көптен бері қызмет істейтін профессор-оқытушылардың және басқа да қызметкерлердің балаларына 50 пайызға дейін жеңілдік берілді. Төлемақысын уақтылы төлей алмай қиналып жүрген шәкірттерге, өз өтініштеріне орай, қаржы төлеу мерзімін 3-4 айға ұзартып, мүмкіндік жасап отырмыз. Ақпан айында Елбасының тапсырмасымен Үкімет тарапынан студенттерге республика бойынша 11,5 мың грант бөлінді. «Самұрық-Қазына» арқылы несие бөлінгелі отыр. Елбасының бұл қамқорлығы жастарымызға айтарлықтай көмек-қолдау болып отырғаны қуантады. Осы арада ескерте кететін жағдай: студент оқудан бекерден-бекерге шығарылмайды, бұзақылық жасағаны немесе сабаққа қатыспағаны, өзіне бөлінген кредиттік оқу жүктемесін орындамағаны үшін аластатылады. Сабағын жақсы оқитын, тәртіпті, талапты студенттерді қолдауға, қорғауға, көмектесуге өзіміз де ынталымыз. Оқудан тағы кімдер шығарылады? Бұрын бір жоғары оқу орнын бітіріп, енді екінші мамандық алу үшін сырттай оқуға түсіп, қазірде оқу ақысын төлеуге, әрі оқуға құлықсыз болып жүргендер өз еркімен кетуде. Бірақ бұлар көп емес. «Шегесі жоқ етікші етікші емес» дегендей, студенті болмаса жоғары оқу орнының да сәні бола ма? Ендеше, біз студент санын көбейтпесек, азайтуға мүдделі емеспіз. - Сіз қазақ жоғары оқу орындарының «қара шаңырағы» аталған әйгілі ҚазҰПУ-ді басқарып отырсыз. Бұл оқу орны басқа университеттерден несімен ерекшеленуі тиіс? Қандай айрықша дәстүр ұстанады? - 80 жылдық бай тарихы бар Қазақстандағы ең тұңғыш жоғары оқу орыны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ежелден қалыптасқан классикалық дәстүрлері, ұлттық ерекшеліктері бар. Ұлттық идея, елдік мұрат – біздің оқу-тәрбие жұмысымыздағы басты бағыт. Университетімізде жоғары білімді кәсіби мамандар даярлау ісі ұлттық құндылықтарға, халықтық тәрбие негіздеріне, білім берудің қазіргі замандағы инновациялық технологияларына құрылған оқу-тәрбие ісі арқылы жүзеге асырылуда. Оқу мен тәрбие мәселесі ұлттық кадрларды даярлау ісіне, «болашақ қазақстандықтарды» тәрбиелеу ісіне тікелей бағытталған. Біздегі оқу-тәрбие жұмысы кең өрісті базалық және кәсіби мәдениетке негізделген. Білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің тұтастығына құрылған университеттік білімді сақтау мен оны шығармашылық тұрғыда дамытуға мүдделі. Университеттің педагогикалық ұжымы болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру ісінде ғана емес, олардың азаматтық жауапкершілігін, отаншылдық рухын, елдік қасиеті мен ұлттық ор-ожданын қатар тәрбиелеуге баса назар аударуда. Оқу орнындағы тәрбие ісінің стратегиялық түпкі мақсаты – елдің болашақ мамандарының кәсіби, интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне барынша қолайлы жағдай жасау болып табылады. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басқа университеттерден басты ерекшелігі де осында. - Қазіргі студенттермен бір кездегі өзіңізді салыстырасыз ба? Жалпы, Сіз қандай студент болдыңыз?Бүгінгі жастардың жүрегінде патриоттық сезім ұялаған ба? - Бүгінгі студенттердің оқуына, киім киісіне, жүріс-тұрысына, жалпы, тіршілігіне қарап отырып өзіңнің студенттік шақтарыңды еске алмауың мүмкін емес. Әрине, біздің кезімізде оқу да, жатақхана да тегін, тамақ арзан, жастардың сана-сезімі де, мақсат-мұраты да, өмірге көзқарасы да өзгеше болатын. Біз ілім-білімге өте құштар болып өстік. Ол кезде қабылдау емтихандарынан ең жоғары балл жинағандар ғана оқуға қабылданатын. Бүгінгідей ақылы бөлім жоқ. Сондықтан оқуға түскен жастар ынта-ықыласымен оқитын. Мен өзім көп балалы отбасынан шықтым. Ағаларыма еліктеп, ғылым қууды армандап, көп оқып, көп ізденетін едім. Сабақтан тыс уақытым оқу залында, кітапханада өтетін. Бүгін, міне, заман басқа, қоғам түбегейлі өзгерген. Нарықтық жүйе адамдардың санасын жаулап алғалы қашан?! Жастардың психологиясы, түйсігі мүлде басқаша. Бүгінгі қоғамдық қатынастар жастарды өзімшіл етіп қалыптастыруда. Бірінші кезекте ақша мен жақсы өмір, байлық тұр. Кейбір жастардың санасын мейірімсіздік жайлап барады. Олардың жан-дүниесіне шетелдік кинофильмдер мен бейнефильмдер, ақпараттар ағыны да әсер етпей қоймайды. Есігінде құлпы жоқ, жетімі мен жесірі жоқ, тақиядай жер үшін жан қиюға әзір тұрған халықпыз. Елдің тәуелсіздігі мен тыныштығы үшін халқымыз қиындыққа да, кем-кетігімізге де шыдамды болуы керек. Егемен ел болған 17 жылдың соңғы оншақты жылында, қазақ қазақ болғалы, көрмеген жақсылықты көріп отырғанымыз жасырын емес. Сондықтан бүгінгі жасымыз да, жасамысымыз да тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін қастерлей, Елбасымыздың осы жолдағы қажыр-қайратын, ақыл-парасатын, ерен еңбегін, ең бастысы, адамгершілік қасиетін қадірлей білуі тиіс. Тәуелсіздігіміз, ел болып, мемлекет болып қалыптасуымыз оңайлықпен жүзеге аспағанын ұмытпағанымыз абзал. Жұмылған жұдырықтай ынтымақ пен бірлігімізді, сыйластығымызды сақтағанда ғана тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, әлем жұртшылығы алдында абырой-беделіміз асқақ болатыны айқын. Сол себепті де Елбасымыздың бүгінгі таңда ұстанып отырған сара саясатын, ел болып, жұрт болып қолдағанымыз абзал. Еліміз тәуелсіздігін алған бүгінгі кезеңде бізге ең керегі – патриоттық сезім. Халқымыздың негізі елін, жерін, егемендігін шын жүректен сүйетін нағыз патриотқа айналмай елдің тез өсіп, жедел дамып кетуі екі талай. Бүгінде кез-келген азаматтан сұраңызшы, ол өзін нағыз патриотпын дейді де, іс жүзінде сол кісілердің кейбіреуі көзді ашып-жұмғанша елін, халқын, қаз-қаз тұрып келе жатқан мемлекетін жамандап шыға келеді. Мен бұған қайран қаламын. Патриот деген сондай бола ма? Біз, қазақ, «есігіңнің алдындағы итің жаман» десе соған намыстанатын текті қазақ емес пе едік – енді бізге не болған? Сондықтан патриоттық тәрбиені бүкіл тәрбиенің алдына қоюымыз керек. Сол кезде ғана біздің патриоттығымыз шынайы және мәңгілік болатыны анық. Жуырда «Мегаполис» газеті біздің университет туралы мақала жариялады. Ол интернетке де шықты. Сонда, менің таң қалғаным, студенттеріміз университет абыройын шырылдап тұрып қорғады. Бұл нені көрсетеді – яғни студенттер өздерін-өздері қорғады (ректорды емес), университетін қорғады, болашақта өздері алайын деп отырған дипломдарының абыройын қорғады. Кез-келген адам өз жанұясын қалай жақсы көрсе, тура солай ұжымын да, қаласын да, Отанын да жақсы көруі керек. Маған көрсетіңізші, елімізде бір азамат өз отбасын жамандағанын, меніңше, ондай адам жоқ. Нашар болса да жақсы дейді. Себебі, ол өз отбасын өте жақсы көреді. Ендеше, Қазақстанның әрбір азаматы Отанын да, өз ортасын да отбасын сүйгендей шынайы сүюі керек. Бүгінгі таңда біздің тәрбие мәселесін бірінші кезекке қойып отырғанымыз бекер емес. Болашақ мамандарды отаншылдыққа, патриоттыққа, еліне деген сүйіспеншілікке, мейірімділікке тәрбиелеп, олардың сана-сезіміне, рухына адамгершілік ұрығын сіңіру үшін оқу-тәрбие үрдісін жаңаша ұйымдастыруға мән беріп отырғанымыз сондықтан. - Кейбір орыс тілді басылымдар Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы университеттегі кейбір бөлімдерді қысқартып, жаңа бөлімдер ашуда деп байбалам салуда. Мұның мәнісі неде? - Әрине, жазғанда да істің мән-жайын терең зерттеп барып жазу керек қой. «Тисе терекке, тимесе – бұтаққа» деп мәселеге жеңіл-желпі қарап жаза салу ешкімге де абырой әпермесі хақ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Қазақстандағы педагогикалық оқу орындарының көшбасшысы, ғылыми-әдістемелік орталығы. Еліміздегі бүкіл орта мектептер үшін оқулықтар даярлайтын да біздің университет. Оның үстіне Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойып (2007 ж. Италия, Болон), Еуропа және әлем университеттерінің ассоцияциясына мүше болуымыз, әлемдік білім беру стандарттарына ұмтылуымыз – оқу орнының құрылымын түбегейлі жетілдіруімізді талап етуде. Жазғыштар біздегі құрылымдық өзгерістер осыған байланысты болғанын ескеруі керек еді. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының, білім беру жөніндегі нормативтік-құқықтық актілер мен университет жарғысы шеңберінен асып кеткен жайымыз жоқ. Әрқашан заңдылық аясында жұмыс істеп келеміз. — Қай оқу орнында да емтихан кезінде оқытушының студенттерден ақша жинайтыны туралы әңгімелер айтылмай қалмайды. Сессия кезінде университеттердің қай-қайсысында да де осындай сыбыстар өршіп тұрады. Сонда мұның аңызы қайсы, ақиқаты қайсы? Әлде, жай қауесет пе? Жалпы, сіздер оқу орнындағы жемқорлыққа қарсы қалай әрекет жасап отырсыздар? — «Жемқорлық – дерт, оны жою – серт!» деген афоризм тегін айтылып жүрмесе керек. Бүгінде жемқорлыққа қарсы күрес – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Бізде бұл жөнінде арнаулы комиссия жұмыс істейді. Университеттің барлық ғимараттарында сенім телефондары орнатылған. Жемқорлықтың қандай көрінісі бой көрсетсе де ол біздің назарымыздан тыс қалмайды. Студенттерге мұның мәнісі жан-жақты түсіндірілген. Оқытушы-профессорлар құрамымен де жұмыс ұдайы жүргізілуде. Сынақ емтихандары кезінде бейтарап комиссиялар құрып, оның барысын қатаң қадағалап отырдық. Бұл комиссиялар студент білімінің әділ бағалануына, сынақ кезінде бағаны сатып алушылыққа жол бермеуге өлшеусіз үлес қосты. Барлық оқу ғимараттарында көрнекті орындарға жемқорлыққа қарсы үндейтін плакаттар іліп қойдық. Жалпы, жемқорлыққа қарсы күрес жариялылық сипат алып келеді. Оның нәтижесі де бар. Бір ғана мысал. Бұрынғы сессияларда емтихан тапсыра алмаған студенттердің жалпы саны 20 пайыздан аспайтын болса, ал соңғы сынақта олардың саны едәуір асып кетті. Бұл студенттердің білімі төмендеп кетті деген сөз емес, керісінше, олардың білімі әділ бағаланғандығының көрінісі. Сондықтан талап қатал болмайынша білім сапасы көтерілмейтінін ұмытпағанымыз абзал. - Сіз білім саласындағы өте тәжірибелі басшылардың бірісіз. Министрлікте жауапты хатшы болдыңыз. Еліміздің ірі университеттерін басқардыңыз. Сондықтан Сізге жоғары оқу орнын басқару аса қиынға түспейтін шығар? - Жалпы, мен бүкіл саналы өмірімді ғылым мен білім беру ісіне арнаған адаммын. Көп жыл Білім және ғылым министрлігінде бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы болып қызмет істедім. Үкімет аппаратында білім беру жүйесіне жетекшілік еттім. Түркістандағы Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін және Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетін басқардым. 2007 жылғы сәуір айында Президенттің Жарлығымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне ректор болып тағайындалдым. Әрине, әр оқу орнының өзіне тән ішкі ерекшелігі, жауапкершілігі болады. Мен бәрін де білемін деп креслода шалқайып отырғаннан ештеңе өнбейді. Жоғарыда атап өткенімдей, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы, ғылыми-әдістемелік орталығы, базасы болып табылатындықтан мұнда жұмыс та өте күрделі, әрі сан қырлы. Оқу-тәрбие үрдісін әлемдік деңгейге көтеру, шетелдік әріптес университеттермен үзбей байланыс жасап отыру, ғылыми жұмысты жаңаша ұйымдастыру, профессор-оқытушылардың біліктілігін көтеру, факультеттер мен кафедралар жұмысын түбегейлі жаңарту, ішкі ұйымдастыру және шаруашылық жұмыстары өз алдына бір төбе, республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарына жолбасшы болу – ол да жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан жаңа бағдарламалар, жаңа жобалар, тың идеялар туралы көп ойлануыңа, тынбай ізденіп, уақытпен санаспай жұмыс істеуіңе тура келеді. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне Елбасы сеніміне қылау түсірмеу аса үлкен жауапкершілік жүктейді. - Өзіңіз де белгілі ғалымсыз. Дегенмен университетіңізде қарым-қабілетімен, айрықша талантымен сізді де қайран қалдыратын ғылым өкілдері бар ма? - Біздің университетіміз білім беру саласындағы аса үлкен ғылыми орталық дедім ғой жаңа. Сондықтан көрнекті ғылыми кадрлардың шоғырланған ортасы – осы университет. Қазір бізде 6 академик, 200-ге таяу ғылым докторы, 500-ге жуық ғылым кандидаты жұмыс істейді. Олардың арасында біздің елімізден тыс жерлерге, шетелдерге дейін белгілі ғалымдар бар. Соларды қатты қадірлеймін. Сол себепті оларды бөліп-жарып атағаным жөн болмас деп ойлаймын. - Серік аға, жүрген жеріңізде ылғи да жақсы әсер қалдыратын басшылардың бірісіз. Ағыңыздан жарылып, шыныңызды айтыңызшы, ректорлар қауымы ауқатты адамдар қатарына жата ма? - Ректорлар қауымының бәрін бірдей ауқаттылар, байлар қатарына жатады деу ағаттық болар еді. Ректордың, ғалымның айлық жалақысымен байып кету көңілге қонбайды. Негізгі жұмысына қосымша бизнеспен, кәсіпкерлікпен айналысып, қосалқы қаражат көзін таппайынша ауқаттылар қатарына қосылу қиын. - ҚазПИ-дің әйгілі түлектерімен кездесіп, кеңесіп тұрасыз ба? - Әрине, кездесіп, кеңесіп тұрамын. Аға буынның ақыл-кеңесіне көңіл бөлу, онан қорытынды шығарудың пайдасы зор. 2008 жылы университеттің 80 жылдық мерейтойына дайындық және оны өткізу барысында ағалардың ақылын, ұсыныс-пікірін жан-жақты пайдаландық. Күнделікті жұмыс барысында да сол кісілердің кеңесіне сүйенетінім жасырын емес. - Студенттер жатақханаларын алдын ала ескертпестен аралап шығатын кезіңіз бола ма? Шынайы тұрмысымен жақын танысу үшін дегенім ғой ... - Онсыз болмайды ғой. Жатақхананың жағдайын, студенттердің тіршілігін біліп отыру жұмысымызға жаңа бағыт беретіні сөзсіз. - Студенттер арасындағы өзіңіз туралы, орынбасарларыңыз туралы, жалпы, оқытушылар жайындағы қоғамдық пікірге құлақ түресіз бе? Интернеттегі жазбаларға қарайсыз ба? Егер солай болса, қандай әсер қалдырады? - «Қоғамдық пікір – қоғамның қозғаушы күші». Оған құлақ түрмеу, онымен санаспау мүмкін емес. Тіпті баяғының ел билеген ақылды патшалары мен хандарының өзі қарапайым киініп, базарларға, жәрмеңкелерге, халық көп жиналатын орындарға барып, өзі туралы, өзінің уәзірлері, ұстанып отырған саясаты туралы көпшіліктің пікірін тыңдайды екен. Ал студенттердің өздерімен әңгімелесіп, сұхбаттасу, олардың пікіріне құлақ түрудің өзі біз аңғармай жүрген проблемалардың бетін ашатыны, жұмысымызға жаңа бағдар беретіні айқын. Интернет сайтындағы жазбалар мен пікірлерге де назар аудармау мүмкін емес. Пікірлер қарама-қайшылығын (плюрализм) ой елегінен өткізіп, өзімше қорытынды жасап отырғанды ұнатамын. - Сіз ғалымдар әулетіненсіз. Жақын-жуықтарыңыздың бәрі академик, профессор... Бұл жолға жетелеген кім? Жаппай ілім-білімге құштарлықтың бастауында не жатыр? - «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» дейді халық даналығы. Мен көп балалы отбасынан шықтым. Әкем Жайлау Пірәліұлы балаларының сабағына, оқу үлгілеріне қатты көңіл бөлетін. «Білімдінің алды жарық» деген сөз бар халықта, жақсы оқып терең білім алсаң, ғылым жолына түссең – халыққа пайдаң тиеді. Елі үшін емес, тек өзінің қарақан басының қамы үшін ғана өмір сүрген азамат алысқа бармайды. Сондықтан ілім-білімге ұмтылғандарың жөн», - деп отырар еді ол кісі. Әкемнің немере інісі Сауытбек Арқабаев біздің ауылдан алғаш шыққан ғалым, профессор. Біз жастайымыздан сол кісіге еліктеп, Алматыда оқуды, ғалым болуды армандадық. Бірге туған ағам Қалдыбай Жайлауұлы Пірәлиев Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітіріп, аспирантураға түсті, ғылым кандидаттығын, ғылым докторлығын қорғады. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы. Бұл кісінің ғылымдағы жетістіктері мені де ынталандырды. Жоғары оқу орнынан кейін ғылыми жұмысқа араластым, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғадым. Біздің жолымызды қуған қарындасым Гүлзия Пірәлиева бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор. Сондай-ақ біздің отбасымыздан төрт ғылым кандидаты шыққан. Сіздің сұрағыңызға орай, ғылым-білімге құштарлықтың бастауында әуелі отбасының тәрбиесі, сонан соң ғылымға деген ықылас жатыр дегім келеді. — Соңғы жылдарда кандидаттық пен докторлық қорғаған уақытының арасы екі жылға да жетпейтін, өздері отызға да толмаған жас ғалымдардың легі көбейіп кетті. Басқа жұрт тоғыз ай толғатып жүргенде бұлардың кейбірі өмірі өтіп бара жатқандай екі-үш ай өтпей-ақ ғылыми дәрежесін бекіттіріп алады. Осыған қалай қарайсыз? Мұндай «жеделдік» ғылымды тездетіп дамытудың кепілі бола ала ма? — Жалпы, 30 жасқа дейінгі жас жігіттеріміз бен қыздарымыз ғылым докторы дәрежесін алып жатса, оған күдікпен қарамай, шын жүректен қуануымыз керек. Америкада, Англияда, Германияда, Жапонияда және басқа да өркениетті елдерде 25-30 жастағы ғылым докторлары өте көп. Талант пен дарын жас талғамайды. Сонау Кеңестік дәуірде де жас ғалымдар аз болған жоқ. Мысалы, бүгінгі көрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Еділ Ерғожаұлы Ерғожин 30 жастан сәл асқанда химия ғылымдарының докторы болды. Мұндай дарынды ғалымдар бізде көптеп саналады. Еліміз тәуелсіздігін жаңа алып, әрі-сәрі өтпелі кезеңді басынан кешірген сонау тоқсаныншы жылдары ғылыми атақ алғандар көбейіп кеткені өтірік емес. Ал қазіргі кезде диссертация қорғаушыларға қойылар талап та, жауапкершілік те жоғары. Жоғары аттестациялық комиссия да өз міндетін жақсы біледі. - Сіз келген соң университетке студенттер қабылдау көлемі біршама қысқарып қалды деседі. Мұның себебі неде? - Біздің университетте қазіргі таңда 15 314 студент оқитын болса, оның 10 мыңнан астамы күндізгі бөлімде дәріс алады. Оқу ғимараттары ескі, заман талабына сай келмейді, аудиториялар жетіспейді. Әрине көрсеткіш үшін бұрынғыдай студенттерді мың-мыңдап топырлата қабылдай беруге де болар еді, бірақ білім берудің әлемдік стандарттарына қол жеткізу, бәсекелестікке қабілетті мамандар тәрбиелеу міндеті қойылып отырған бүгінгі таңда студенттерді шамадан тыс қабылдап, оларды аудиторияларға жөнді-жөнсіз тықпалап, оқу сапасына нұқсан келтірсек – бұл жас ұрпақ тағдырына жасалған қиянаттан басқа ештеңе емес. Сондықтан студент қабылдауды аздап шектеуге мәжбүр болғанымыз шындық. 80 жылдық бай тарихы бар, еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы, классикалық үлгідегі университет – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің типті жаңа қалашығын салатын кез жетті. Бұл ойымыз жүзеге асып жатса – білім берудің сапасы да, студенттер қабылдау көлемі де арта түскен болар еді. - Серік Пірәлиевтің бір күндік жұмыс кестесі қандай? - Бүгінде мынадай тәртіппен жұмыс істеймін деп алдын ала айтудың өзі қиын. Өйткені кейде жұмыс күні көбінесе қалалық немесе аудандық әкімшіліктің мәжілістеріне, болмаса Министрліктің жиналыстарына қатысудан басталады. Ректораттың немесе ғылыми кеңестің отырыстары, шұғыл шешетін мәселелер тағы бар. Қабылдау, ағымдағы жұмыстар... жоспарлауға келе бермейтін қат-қабат тіршілік... Бірақ бір күнде жоспарлап отырған бір жұмысымды сөзсіз тындырамын. - Қалай демаласыз? Оған өзі уақытыңыз бар ма? Қазіргі басшылар сәл қолы қалт етсе бильярд ойнауға әуес... Сіз де тастаяқтың түбін түсіретін шығарсыз? - Демалуға уақытым бола бермейді. Шаруа шаш-етектен. Уақыт табыла қалса, бильярд ойнауды жек көрмеймін. Жаз айларында суда жүзіп, доп тепкенді ұнатамын. - Абай атындағы шаңырақты басқарып отырғаннан кейін Абайдың шығармаларын жата-жастана оқитыныңызға күмәнім жоқ... - Абайды оқымай ұстаз болу, ел басқару көңілге симайтын нәрсе. Біз — ұлы Абайдың өлеңдерін жасымыздан жаттап, қара сөздерінен ғибрат алып өскен ұрпақпыз. Қазір де оның өсиеттерінсіз өмір сүріп, қызмет істеу мүмкін емес сияқты. Ұлы ақынның: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деген өлең шумағы менің күнделікті жолбасшым десем, артық айтқандығым емес. Өйткені басшы болған соң әрбір істі ақыл таразысына салып, елеп-екшеп істеген жөн болады. Әрине, әркімнің мақтауына сеніп, елпілдей берсең, ісің алға баспайды. Қысқасы, қолым қалт еткенде ұлы Абай шығармаларын оқудан жалықпаймын. Әр оқыған сайын дана Абайдың жаңа әлеміне енгендей әсерде боламын. Әңгімелескен Бауыржан Омарұлы

5861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы