• Тіл
  • 30 Наурыз, 2009

Мемлекеттік тіл мерейі – ұлт мерейі

Ұлт, ұлт рухы үшін жаны күйіп жүретін азаматтар болады. «Тұлпарда да, тұлпар бар – қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек» демекші, туған тіліміздің тағдыры үшін күресіп жүрген сондай қоғам қайраткерлерінің бірі – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ. Біз ол кісімен қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен Елбасы Жолдауындағы кейбір мәселелерге байланысты ой бөліскен едік.   – Өмірзақ аға, Елбасымыздың осы жылғы Жолдауындағы қазақ халқына ерекше жауапкершілік жүктеп, сөз арнауы ненің нышаны? – Елбасының бұл жолғы Жолдауының жөні бөлектеу екенін елдің бәрі бірден сезінді. Мұнда бұрынғылардағыдай саяси ұғымдар мен терминдер нөпірі жоқтың қасы. Бұл қарапайым халықпен өз тілінде сөйлесіп, өз тілінде сырласу секілді жылылық пен ықыластың нұры төгіліп тұрған Жолдау болды. Қазағының қамын жеген басшының шын жүрегінен төгілген сыр сандығы бір тұста «…сын сағатта мен, әсіресе, қазақ халқына бөлекше жауапкершілік жүктеп сөз арнаймын. Қазір алып бара жатқан қиын ештеңе жоқ. Жеріміз кең, еліміз бай, істеген адамға далада да, қалада да жұмыс жетіп жатыр. Бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істейтін кез келді. Бір-бірімізге қарайласатын, көмектесетін, ағайыншылықты танытатын кез дәл осы кез», – деді Нұрекең. Елбасының қазағына осылайша сенім арта сөйлеуі тегін емес. Келе жатқан ауыртпалықтың зіл-батпан салмағы тәуелсіздік дәмін татқанына 20 жыл ғана болған халқының арқасына батарын алдын ала сезген Президент сөзі бұл. Мән-мағынасының салмағы ғасырларға татитын жиырма жылдың жемісін қорғаудың жайын қарастырады. Бұл 20 жыл «… Біз үшін үлкен кезең, тұтас бір дәуірмен бара-бар. Олай болатыны, тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін армандарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша»,– һәм «туған халқым» деп сөз арнауының жөні бөлек. Бұрын Президент «қарапайым адамға қарай, қарапайым он қадам» деген ой тастаған болатын. Ал мына Жолдауда қарапайым халыққа қарай жасалған қадамдардың нақты көрінісін танығандай болдық. Елбасы әрбір сөйлеген сөздерінде, баяндамаларында елдің тұтастығы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы, қазақтардың бірлігі жайында талмай айтып келеді. Әсіресе, мемлекет құрушы негізгі ұлт – қазақтардың Қазақстандағы барлық ұлыстар мен этностарды ұйыстырушы рөлінің айрықша екеніне мән бермей өткен емес. Мына Жолдауда да қазақтарға салмақ сала сөйлеуінде өзімсінгендік қана емес, туған халқының тарихи миссиясын терең түсінгендіктің салмағы жатыр. Қашанда ынтымақ пен бірліктің қасынан табылып келе жатқан қазағын тағы да сол биіктен көргісі келеді. Соған сенеді, үміт артады, болашағына бағыт бағдар сілтейді. Елбасының өз сөзіне жүгінсек, «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік». Осы жолдар, шынында, бүкіл Жолдаудың негізгі өзегіндей болып көрінеді. Бірлік пен ынтымаққа жететін байлық бар ма өмірде. Ендеше, жолбасшымыз көрсетіп отырған жолдан таймайық, ағайын! – Рас, бұл Жолдауда береке-бірлік туралы көп айтылған. Осы тұтастықты жүзеге асырудағы қазақ тілінің рөлі қандай? – Береке-бірлік барлық қиындықтарды жеңетін бірден-бір күш екені жоғарыда айтылды. Бірлік болмай тірлік болмайтынын атам қазақ баяғыда-ақ айтып, өсиет қалдырған. Қазақ елді тұтастырған сол бірліктің нәтижесінде халық болып қалыптасты, ұлт болып ұйысты. Тіпті ине екеш иненің де бір іске ілігуі үшін, саусақтың бірігуі керек екен. Осыны білген халқымыз өмір бойы бірігуді, бірлесуді армандаған. Арманына жеткен кездері де болған. Біріге білмеудің зардабын да тартқан. Мұның ұлы күш екенін Елбасымыз мына Жолдауында қайта-қайта еске алады. Тіпті қандай қиындық, дағдарыс болса да одан алып шығатын ұлы күш, ол бірлік, бірлесе, тұтаса білуде деп отыр. Және мұны өзінің туған халқына арнап айтып отыр. Сенім артып отыр. Бірлесе қимылдайтын сәттің туғанына баса назар аударып отыр. Ұлттың осылайша ұйысуының ең басты тетігі тілге байланысты. Өзінің тіліне мықты ел мәдениетін жоғалтпайды. Әдет-ғұрып, салт-сана, игі дәстүр дағдысын сақтайды. Тарихын таңбалайды. Тарихын таңбалай алған елдің шежіресі бай, айтары бар. Ендеше ұлт ішіндегі тұтастықты, бірлікті қалыптастыруда тілдің алатын орны айрықша. Мұны ешуақытта ескерусіз, елеусіз қалдыруға болмайды. – Осы ұлы мұратты жүзеге асыруға тиіс есімі елімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен тіл ғылымы өкілдері бірден-бір халықтық ұйыстырушы фактор бола алатын ана тілімізге қатысты Үкіметтің алдына қандай мәселелер қойып отыр? – Өздеріңізге мәлім, Үкімет жанында Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөнінде арнайы комиссия жұмыс істейді. Оған Премьер-Министр К. Мәсімов мырза төрағалық етеді. Мен сол комиссияның мүшесімін. Ұлт, тіл саласына қатысты қоғамда қордаланған мәселелерді осы комиссияның назарына тұрақты ұсынып отырамыз. Басқасына тоқталып жатпастан, тек осы комиссияның соңғы отырысының күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты жасаған ұсыныстарымызбен таныстыра кетейін. 1. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия жұмысының 2009 жылға арналған жоспарын бекіту туралы. Комиссияның 2009 жылға арналған жоспарында мынадай мәселелерге орын берілгенін жөн деп санаймыз: 1) Қазақстанның қазіргі жер-суларының, елді мекендерінің тарихи атауларын қайта қалпына келтіруге, қалалар мен елдімекендердегі көшелерді ресейлік, советтік атаулардан арылтып, қайта атауға байланысты істерді жүйеге келтіру тәртібін реттейтін арнайы нормативтік акті қажет. Елбасы Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын қайта қарау туралы ұсыныс бергенімен, бұл жүзеге аса қойған жоқ. Егер оны жергілікті халықтың өз шешуіне қалдырсақ, бұл мәселе ол өңірлерде өзге ұлт өкілдерінің үлесі басым болып тұрған кезде шешімін таба қоюы қиын. Бұл жерде солтүстік облыстардың біртұтас Қазақ елінің бір аймағы екендігін және оның мәселесіне сол өңір халқы ғана емес, бүкіл қазақ баласының араласуға қақысы бар екендігін ашық айтуымыз керек. Сондықтан мәселені төтесінен қоятын кез жетті деп білеміз. Тіпті оларды Кереку, Қызылжар демей-ақ, Қазақ мемлекеттілігіне өлшеусіз еңбек сіңірген қос ханымыз – Абылай мен Кенесарының аттарымен атасақ та артық емес; 2) Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің емле ережесіне сай ресімдеу мәселесінің де бір жүйеге түсе қоймағаны мәлім. Орыс отаршыларының маңдайымызға басқан құлдық таңбасындай - ов, - ев, -ин, - ович, - евич, - на секілді аты-жөніміздегі орысша қосымшалардан әлі де арыла алмай келеміз. Бұл бірлі-жарым ғана емес, қазақ халқының басым бөлігінің басындағы жағдай. 3) Қазақ әліпбиін латын жазуына негіздеу жайын Елбасы бірнеше рет көтеріп, осы бағытта едәуір жұмыстар жасалған еді. Бірақ екпіндетіп басталған іс сұйылып барып тынды. Әйтсе де мемлекет қолға алмады екен деп қарапайым халық қарап жатқан жоқ. Халық ұялы телефондары арқылы SМS хабарларын латын әріптерімен жазуда, шетелдердегі қазақтармен электронды почта арқылы хат-хабар алмасу да латын әліпбиімен іске асырылуда. Бұл жерде әркім өз білгенінше жазып жүр. 4) Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілге қатысты қаншама заң бұзу фактілері, сот үрдістері орын алды. Алайда осынау сот процестерінде дауды сот қалай шешсе, солай шешілді. Сот өзі мемлекеттік тіл бойынша қоғамда қандай проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Бұған арнайы талдау жасалған жоқ. Сондықтан Жоғарғы сот осыны талдап, халыққа жеткізуі керек. – Сіз тілге жанашыр азамат ретінде, жалпы, ғалым, қоғам қайраткері ретінде орыс тілді қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқыту мәселесі қай деңгейде деп ойлайсыз? – Әрине, бұл сұрақ осы мәселемен күнделікті айналысып отырған ҚР Ғылым мен білім министрлігінің тиісті комитет мамандарына қойылатындай екен. Дегенмен, жер-жердегі қазақ мектептері мен орыс тілді қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқыту жайындағы кейбір мәліметтерден біздің де хабарымыз бар. Бұл жерде, әсіресе, назар аударылуға тиісті мәселе орыс тіліндегі мектептердегі қазақ балаларының жағдайы. Бұлар қандай оқу бағдарламасымен, нені оқып жүр, не үйреніп жүр деген мәселелер көбіне елеусіз, ескерусіз қалып келеді. Қазақ тілінің сағаттар саны мүлде аз. Орыс топтарында қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер даярлау ісі жеткіліксіз. Бұрын мұндай мамандықтар университет пен пединституттарда арнайы даярланатын еді ғой. Барлық жүйеде мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі түбегейлі қойылып отырған бүгінгі таңда бұған деген көзқарасты өзгерту керек. Неге десеңіз, орыс мектептерінде оқып жатқан балалардың негізгі құрамы – қазақ балалары. Оларды мемлекеттік тілде тәрбиелеудің негізгі арналарын қарастыру қажет. Министрлік бас-көз болып, арнайы әдістеме түзу арқылы оқытылатын сағат санын тиісінше көбейтіп, жүйеге келтіруге болады. Ұйымдастыра білсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Қысқасы тәуелсіз Қазақстанымыздағы мектептердің қай-қайсысында да ұлттық негізде тәрбие алмайтын бірде-бір оқушы (қандай ұлт болсын) болмауға тиіс. – Қазан төңкерісіне дейін қазақтың араб жазуын, ал кеңестік кезеңде латын жазуын біршама пайдаланғаны белгілі. Бүгінгі кириллицамен көз ашқан біздер сол жазуларда қалған ұлттық мұрамызға жете алмай отырмыз. Оларды халыққа қалай жеткізуге болады? – Өзінің сан ғасырлық тарихында айналасы жиырма-отыз жылда үш жазу үлгісін игерген халық аса көп емес. Соның бірі қазақ халқы. Табиғи талантының арқасында қазақ бұл үш жазудың үшеуін де жатсынған жоқ. Үшеуін де игерді. Үшеуімен де сауатын аша білді. Соның ішінде араб алфавиті мен латын жазуы біздің тарихымыздың бір белесі боп таңбаланып қалды. Бұларды ұмыта алмаймыз. Қайта-қайта соған үңіліп, көңіл соған қарай соғады. Бұл әліпбилердің соңына қайта-қайта үңіліп, олардың жанымызға жақындығын сезінгендей боламыз. Білімімізді көтеріп, сауатымызды аша түскен кирилицаға риза бола отырып, орыстанып бара жатқан ұрпағымыздың болашақ тағдырын ойлап күйзелеміз. Ұрпақ болашағын ойламайтын ел бола ма, тәйірі. Әліпби мәселесінің қайта-қайта күн тәртібіне шыға беруінде де осындай негіз бар. Әсіресе, латын әліпбиінің жырының жырланғанына 20-30 жылдай уақыт болды. Неге көтеріле береді бұл мәселе. Әрине, әліпби өзгерту оңай шаруа емес. Алайда тарих алдында жіберіп алған қатені түзетпеу зиялы қауымға кешірілмес күнә. Бірақ зиялы қауым әлі күнге бір бәтуаға келе алмай отыр. Уақыт өтіп барады. Бір келісімге келетін кез келді. Латын жазуының иі мен илеуі әбден қанды деп білемін. Жазу бүгінгі біздер емес, болашақ үшін біз жасап кетуге тиісті шаруамыз. Латын жазуының барлық үлгілері саралана келе А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл білімпаздары жасаған бір-екі нұсқасы дайын тұр. Соған тоқтап кесімді пікір айтар шақ туды. Сонымен бірге «Ана тілі» апталығының бір бетін тек латын жазу үлгісіне арнап, біртіндеп оқырманды таныстыра берген мақұл болар еді дейміз. – Қазақ тілі ағылшын, орыс тілдерінің тасасында қалып бара жатқан жоқ па? Жалпы бүгінгідей жаһандану дәуірінде дамып, қанат жаюға бет алған қазақ тілінің қолданыс аясына көңіліңіз тола ма? – Ана тіліңді тастап, бірден ағылшын, орыс тіліне көш деп отырған кім бар. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, үрей шақырғанша өзіңе-өзің берік бол. Өз тіліңнің тұғырын бекітіп ал да, ағылшын тілін құрықта, орыс тілін сәйгүлікше мініп ал. Одан нең кетті? Ұтылған жерің қайсы?! Қайта, үш тілді білу арқылы үш құр атқа мінгендей жайнай түспейсің бе? Елбасының алысты болжайтын көрегендігінің бір тұсы осы. Алдағы аласапыран заманда қазағының өз үлесінен айрылып қалмау қамын жеп отырған жоқ па? Үш тіл білсең қазынаң, ал ана тілің негізің, негізінен айрылып қалмау әрбір азаматтың өзіне байланысты емес пе? Өзге тілдің тасасында қалып қою адамның ұлттық намысының төмендігінен болса керек. Ендеше, намысыңды қайрай түс, қазағым. Бәрі, өзіңе, өзіңнің парасат-пайымыңа байланысты. – Көшелердегі орыс және шетел тілдеріндегі атаулардан көз сүрінеді.... – Ол рас. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған мәселенің бірі. Мұны қадағалайтын арнайы мекемелер де бар. Тіпті аудандық, облыстық әкімдіктерден артылатын ештеңе жоқ. Баяғы салғырттық, селқостық. Әрбір аудан, әрбір облыс басшыларының иек қағуынан қалмайтын мәселе ғой бұлар. Ат қою мәселесіне ақша араласып бүлдіретін болу керек. Әсіресе үлкен қалаларда шетелше жазулардан көз тұнады. Бұларды ретке келтіретін мезгіл жетті. Әкімдерге құлаққағыс етеміз. – Тіл заңына толықтырулар мен түзетулер енгізу мәселесіне қатысты қандай ойлар айтар едіңіз? – Сіз өте маңызды мәселені көтеріп отырсыз. Маған салса, қолданыстағы Тіл заңына түзету енгізгеннен гөрі, жаңадан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылданғаны жөн болар еді. Бірақ бұл заңның жолы болмай тұр. Ал заңға толықтырулар жайына келсек, бұл мәселе де жоғарыда аталған мемлекеттік комиссияның 2008 жылғы 27 қарашадағы отырысында талқыланған болатын. Сол жерде өз ұсыныстарымызды бергенбіз. Соны тағы да осы жерде келтіре кетейін. Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы: 1) аталған Заңның 4-бабының екінші тармағын “Қазақстан халқының тұтастығын нығайтушы фактор ретінде мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының тікелей міндеті” деген редакцияда жазу қажет; 2) Заңның “Орыс тілін пайдалану” деген 5-бабы мемлекеттік тілдің қолданылу ауқымын шектейтін және Заңның басқа баптарын жоққа шығаратын болғандықтан, алынып тасталғаны жөн. Өйткені Заңның 6-бабында ел аумағындағы өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тілдеріне мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар белгіленген. Елдегі орыс диаспорасының тіліне мемлекеттік тілмен бірдей құқық беру республикада мекендеп жатқан өзге де диаспоралардың наразылығын тудырады; 3) Заңның 8, 9, 10-баптары мемлекеттік тілдің қолданыс аясын шектеуге бағытталған. Бұл баптардың мазмұны бірін-бірі теріске шығарады. Орыс тілі мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады делінген. Ал мемлекеттік органдар қабылдайтын актілерді, қажет болғанда басқа тілдерге аудара отырып орыс тілінде жүргізуге де болады делінген. Міне, осы баптың кесірінен еліміздегі бүкіл заңдар, нормативтік-құқықтық актілер алдымен орыс тілінде дайындалып, кейіннен аудармашылар қазақ тіліне аударады. Іс қағаздары да орыс тілінде жүргізіліп, аудармашылардың көмегімен қазақ тіліне аударылады. Осының салдарынан қазақ тілі тек аударма, қосалқы тіл сипатында қалып отыр. Егер осы баптарға өзгеріс енгізбейтін болсақ, нормативтік құжаттардың түпнұсқасы алдымен қазақ тілінде дайындалуы мүмкін емес. Бұған осы Заңның аталған баптары ешбір мүмкіндік бермейді. Сондықтан аталған баптардағы орыс тілі мемлекеттік тілмен ресми түрде тең қолданылады деген тармақтары алынып тасталуы тиіс; 4) Заңның 15-бабы “Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары жазбаша жасайтын барлық мәмілелер мемлекеттік тілде жасалуы тиіс, қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармалары қоса беріледі” деген редакцияда жазылуы тиіс; 5) Заңның 17-бабында да “қажет болғанда ғана орыс тілі қолданылады” деп жазу керек; 6) Заңның 23-бабының 3-абзацы әлі күнге орындалған жоқ. Онда мемлекеттік тілді білуі тиіс мамандар тізбесін белгілеу жөніндегі арнайы Заңның қабылдануы міндеттелген еді. Бұл Заң жобасы дайындалғанымен, түрлі кедергілерге байланысты кейінге ысырылумен келеді. Осы бапты іске асыру мақсатында арнайы Заң жобасының қабылданғаны жөн деп санаймыз. Бұл Заңда меншік нысанына қарамастан барлық мекеменің халықпен тығыз қарым-қатынаста жасайтын қызметкерлері мен бірінші басшыларының, барлық деңгейдегі депутаттардың қазақ тілін жетік білуі міндеттелуі тиіс. Өйткені, мекеменің бірінші басшысы қазақ тілін өзі білмеген соң өз мекемесінде қазақ тілінің өріс алуына ықтиярлы болмайды. Өз қарамағындағы қызметкерлерден құжаттарды орыс тілінде дайындауды талап етеді. Жекелеген аудармашы немесе аударма бөлімін ғана ұстап, қазақ тілін аударма тілге айналдырады. Ісқағаздары қазақ тілінде жүреді деген алдамшы ғана тірлік болады. Бұл қазіргі кезде барлық мекемеге тән жағдай. Бірінші басшы қазақ тілін білмей, сол мекеменің басқа қызметкерлері істі қазақ тілінде жүргізеді деген бос сөз. Өйткені басшы қазақша жақсы білетін қызметкерлердің өзінің қазақша іс жүргізуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан салдармен емес, себеппен күресуіміз қажет. Аталғандарды қорыта келгенде, Заң баптарының бір-біріне қайшы келу фактілерін барынша азайтуды қолға алған жөн. Баптардың басым көпшілігінде қазақ тілі мен орыс тілі қатар жүреді. Сондықтан жұртты әуре-сарсаңға салмай, мемлекеттік тілдің тиісті басымдықтарын барынша нақтылау қажет. Мәселенің басын ашып беру керек. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде Әділет министрлігі еліміздегі бүкіл заңдарды қайта қарап, онда мемлекеттік тілді қолдануға қатысты баптардың болуын пысықтағаны жөн. Былтыр “Мемлекеттік тіл туралы” арнайы Заң жобасы дайындалғанымен, ол Парламентке ұсынылмай отыр. Сондықтан осы Заң жобасын қайта жандандыру қажет деп санаймыз. – Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқандар: Абылайхан Қалназар; Дәулет Қанатбекұлы.

7210 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы