• Қоғам
  • 30 Наурыз, 2009

Ауылшаруашылыққа айтарлықтай көңіл бөлінген

Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры: – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын белгілеп берді. Маңызды құжатта агроөнеркәсіп кешені саласына айрықша тоқталып өтті. Басты міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен бірге экспортты әртараптандыру болып отыр. Елбасы агроөнеркәсіп саласына өткен жылғы Жолдауында да ерекше тоқталғанын есімізден шығара қойған жоқпыз. Үнемі аграрлық салаға келелі міндеттерді қойып отырады. Агроөнеркәсіп кешенінің алдағы жылдардағы дамуын біз бүкіл әлемде орын алып отырған қаржы дағдарысынан шығу жолдарымен байланыстыра отырып жүргізуіміз қажет. Ел экономикасын сауықтыруға Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қазақстан қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің экономика мен қаржы секторын тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен жоспарында 2 триллион 172 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Бұл ішкі жалпы өнімнің 20 пайызына сәйкес келеді. Осының ішінде экономиканы тұрақтандыруға арналған 5 бағыттың бірі – агроөнеркәсіп кешені саласына 470 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарланды. Осы қаржының 350 млрд. теңгесі бюджет есебінен, ал 120 млрд. теңгесі еліміздің Ұлттық қорынан «ҚазАгро» ұлттық холдингіне бөлінді. Жоспар 2009-2010 жылдары еліміздің жалпы ішкі өнімінің 1-3 пайыз аралығында өсімін қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мен бұл сандарды тектен-текке келтіріп отырған жоқпын. Мұның басты себебі, еліміз азық-түліктің негізгі түрлері бойынша өз қажеттілігін қамтамасыз етеді әрі орасан зор экспорттық әлеуетке ие, ал дүниежүзінде азық-түлікке деген сұраныс пен қажеттілік барған сайын арта түспесе, кері кетіп көрген емес. Бұл жағы Жолдауда түйінді тұжырымымен алға қойылған. Жолдауда «Біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық», – деп экономиканың аграрлық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығын атап көрсетуінің өзі бізге соны серпін береді. Тағы бір маңызды дүние, бүгінгі студент, ертеңгі еліміздің болашағы жайында айтпай кетпеске болмас. Олар үшін мемлекет тарапынан 18 млрд. теңгенің бөлінуінің өзі үлкен қамқорлық. Әсіресе, 40 мың студентке жеңілдікпен берілетін несиені ерекше атап өткім келеді. Бұл қамқорлық жетімдерге, мүгедектерге, жартылай мүгедектерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жасалады. Мемлекет пен Үкімет тарапынан студенттер үшін жасалып жатқан қамқорлық көңіл қуантарлық.

2935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы