• Cұхбаттар
  • 19 Мамыр, 2022

Әлі Шер Сүлеймен: БҰЛ – КИНО ӘЛЕМІНДЕГІ ТЫҢ ТАҚЫРЫП

Әл-Фараби туралы толықметражды көркемфильмнің сценарийі жазылыпты.  ­Авторы – асылдың сынығы, белгілі режиссер, сценарист, актер Әлі Шер Сүлеймен. 

– Әлі Шер Асқарұлы, әл-Фараби бабамыз туралы толықметражды көркемфильмнің сценарийін қашан тәмамдадыңыз?

– Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған толық­метражды көркемсуретті кино­фильмнің сценарийін жақында аяқтадым. Бұл қазақ киносы, жалпы кино әлемінде тың тақырып деуге болады. Сценарийді байқауға ұсынып отырмыз. Бұл тақырып мемлекетке керек пе, жоқ па, 1-1,5 ай аралығында белгілі болады. Байқаудан өте ме, өтсе қандай жағдайда өтеді, қазір таразыға салынып отыр, ол уақыттың еншісінде.

– Құпия болмаса ол қандай байқау?

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық киноны қолдау орталығы бар. Ол орталық жыл сайын байқау өткізеді. Одан бөлек сарапшылар кеңесі бар. Байқауға түскен әр сценарий қаралып, талқыға түскеннен кейін, тұжырымын айтады. Ұлттық киноны қолдау орталығының ұсынысымен, сарапшылардың ұсынысымен министрлік шешім қабылдайды.

Ал тақырыптың өзін қарастырсақ, жастарға, әсіресе біздің мәдени кеңістігімізге керек тақырып, қажет кинофильм. Өйткені Әбу Насыр әл-Фараби мәдениетіміздің, ғылымымыздың түп тамыры.

– Әл-Фараби ілімінің түп тамыры, өзегі не? Сценарийді шетке ысыра тұрсақ, фильмнің қажеттілігі неде деп ойлайсыз?

– Қазір әркім өз генеалогиясын зерттеп жатқан жоқ, жеті атасын білмейді. Ал әл-Фараби ұлт бабасы. Ахмет Ясауиді рухани тіректеріміздің бірі деп есептесек, Әбу Насыр әл-Фараби – ғылымымыздың, мәдениетіміздің, өнеріміздің бір діңгегі. Бұны біз қастерлеуіміз керек. Қазіргі заманда қалай қастерлейміз? Жастар экранға, әлеуметтік желіге қарайды. Әрі кетсе кино көреді. Сол үшін жастарға арнап ғұлама туралы үлкен бір фильм түсірген дұрыс сияқты. Бұл жастардың көңілінен шығатынына ешқандай күмәнім жоқ. Мәдениетімізді рухани өрлеуіміздің шыңына жеткен бабаларымыз арқылы дәл бүгін көрсету керек.

– Киноны көріп, қызыққан жастар ары қарай ізденіп, мұрасын, ілімін іздер дейсіз ғой.

– Әрине, өйткені фильм құлыпты ашатын кілт ғана. Сондықтан ол фильм, жастардың көкірек көзін оятатын­дай, саңылауына жететіндей, қызықты­ратындай, нәтиже беретіндей болуы керек.

– Құдай қаласа, кино түсірсеңіз, ол фильмнің ұзақтығы қанша уақытқа созылады?

– Сценарийді фильмге айналдырсақ, екі сағатқа созылуы мүмкін. 120 минут, яғни халықаралық стандарт. Фильм қалың көрерменге арналған. Фильм, біріншіден, қазақ тілінде түсіріледі. Екіншіден, сценарийде бұдан 1150 жыл бұрынғы, Шыңғыс ханның тууына әлі 262 жыл бұрын болған, яғни көне, ескі замандағы уақиғалар бар. Көшпенділердің мәдениеті, қазақтың ішкі рухани ырғақтары көрсетіледі.

– Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?

– Бұған біраз дайындалып, жақында ғана бітірдім. Сценарий кино түсірілу үшін жазылды. Шынын айтқанда, мұндай үлкен тақырыпқа бару оңай шаруа емес. Әркімнің дәті бармайды. Оған қайсар қайрат керек. Сондықтан нар тәуекел деп күтіп отырмыз.

Менің кіндік қаным тамған жер – Алматы қаласы. №1 перзентханада өмірге келгенмін. Мұқағали Мақатаев көшесімен келе жатырмын. Ол кісі әкемнің досы болған, үйімізге талай рет келген, аға, көке деп жүрген, көзіміз көрген кісі. Болмаса Рафиқа Нұртазина көшесін алайық. Рафиқа Бекенқызы біздің мектептің директоры болған, ғалым. Зейнолла Қабдолов ағамыздың көзін көрдік. Сол танитын тұлғалардың көшесімен келе жатқан кезде менің бойымды қуаныш кернейді, ерекше сезімге бөленемін.

Ал жастар әл-Фараби көшесіне шығып, «әл-Фараби деген кім, бізге қандай қатысы бар?» деген сұраққа жауап беру үшін қазіргі заманның құралын пайдаланып, кинофильм көрсетсе біраз нәрсені білетін еді деп ойлаймын.

Әл-Фараби атында университет көше бар деп айтып қана қоймай, фильм түсірсек, оны қалың ел көрсе деген ниет біздікі. Менің де ұл-қызым бар, мына жер сендердікі, болашақ жастардыкі. Сол жастарға сапалы дүние қалса деймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

4373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы