• Cұхбаттар
  • 19 Мамыр, 2022

Райхан ИМАХАНБЕТ:АХАҢНЫҢ ЕҢБЕГІН ЕЛГЕ ТАНЫТУ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗЫМ

Қазақ тіл білімі мен ұлтттық әдебиеттану ғылымын негіздеуші, көрнекті ағартушы, ұлағатты ұстаз, Алаш ардақтысы, түркітанушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырына, мемлекеттік һәм қоғамдық қызметтеріне арналған тағы бір кітап жарық көрді. Аталған зерттеу Райхан Имаханбеттің мұрағат деректері мен сирек қор құжаттарына жылдар бойы жүргізген ізденістері негізінде жазылған. Біз осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлы музейінің директоры, кітап авторын әңгімеге тартып тілдескен едік. 

– Райхан Сахыбекқызы, Ахмет Байтұрсын­ұлына арналған бірнеше кітап шығардыңыз. Бұл тақырыпты қалай қаузадыңыз?

– «Ғасыр саңлағы» деген бұл кітап екінші рет басылып отыр. Біріншісі 2010 жылы шықты. Ахмет тақырыбына келуімнің өзі ерекше еді. Студент кезімде Сайын Мұратбековтың көмегімен Байтұрсынұлының өміріне қатысты қызы Шолпан Ахметқызынан сұхбат алдым. Өмірімді күрт өзгерткен де осы жағдай. Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апаймен танысуым, одан бөлек филология факультетінде оқуым осы тақырыпқа тереңдей беруіме ықпал етті. Сосын бұл тақырып өмірлік бағытыма негіз болды. Оқуға түскен жылдары мамандық алып, елге барып қызмет етсем, мектепте мұғалім болсам деп армандайтынмын. Қыз баланың арманы – мамандығын алғаннан кейін, тұрмыс құрып, сол елінде орнап қалу. Сол арман жетегімен Алматыға келгенде осылай өзгеріп шыға келемін деп ойлаған жоқпын. Шолпан Ахметқызының жанында айлап жүруім Ахмет тақырыбына тереңдей беруіме себепші болды. Осы кісінің «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзін «Ана тілі» газеті де қазір ұстанып отыр ғой. Осы сөз маған да қатты әсер етті. Өйткені біз Алматыда оқып жүрген кезде қазақтың тілі салтанат құрған жоқ. Белгілі бір ортада ғана, филология саласы, тіл мен әдебиетті, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетті таңдаған, қазақ бөлімдері ғана сөйледі дегені болмаса, жалпы қоғамдық ахуалда қазақтың тілі төрге шықпады. Осы да бізге қатты әсер етті. 1989 жылғы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы біздің тілге сүйіспеншілігімізді арттырды. Қазақ тілінің басында тұрған, ұлттық болмысқа негіздеп берген, қазақтың тілінің ешкімнің тілінен кем емес екенін дәлелдеп берген Ахмет Байтұрсынұлының  орасан еңбегін тануды өзімізге перзенттік парыз санадық. Соған тереңдеген сайын Ахметтің тұлғасы да бізге басқа қырынан таныла берді. Дәл Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақтың тіліне, ұлттық ғылымына, мәдениетіне үлкен еңбек еткен ешкім жоқ сияқты көрінеді маған. Негізі ағартушының тұлғалық келбетін ашқан, Ахметтің бір өзі бір институттың атқарар шаруасын атқарғанын шебер сомдап берген адам – Әбіш Кекілбайұлы. Ахмет Байтұрсынұлы ұлттық ғылымда әмбебап ғалым. Біз қазір күллі жазушылар, ақындар, ғалымдар қосылып, Әбіш Кекілбаевтың «Ұлағатты ұстаз» деген баяндамасының аясында әңгіме айта алмай жүрміз. Ол 1998 жылы «Ұлағатты ұстаз» деген баяндамасында Ахметтің тұлғалық-шығармашылық келбетін жасап берді. Соны ары қарай дамытатын болсақ, біз керемет дүние жазуымызға болар еді. Осы уақытқа дейін Ахметтің өміріне қатысты мыңға жуық конференция өтті десек өтірік емес. Соның бәрін жинақтап қарайтын болсаң, мыңға жуық материал жеткілікті. Ал сол материалдардың ішінде қаншама автор барын қосатын болсаңыз, біз Ахмет Байтұрсынұлы ілімін танып болған сияқты көрінеміз. Бірақ, өкінішке қарай, біз танымдық мақала жазғанымызбен, оқу үдерісіне, ғылым саласындағы бүгінгі тілдің таңбасына қазір пікір таласты әңгімелер жасамаған болар едік. Біз Ахметтің көзімен, Алаш арыстарының көзімен қарайтын болсақ, ғылым әлдеқашан дамитын еді. Ахаңның 1919 жылы «енді түзетуді қажет етпейтін әліпби» деген сөзіне сүйеніп, Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиімен ары қарай дамуымызға әбден болар еді, ешқандай кедергі де жоқ еді.

– Жаңарып, қайта тараған кітаптың ерекшелігі неде?

– Ахаңа Шота Уалиханов басқарған қоғам «Ғасыр саңлағы» деген алқа медаль таққан. Шын мәнінде, бір ғасырда бір-ақ рет туатын тұлға екенін көрсетіп тұр. Кітапты сол үшін осы атаумен атағанды жөн көрдім. Сонымен қатар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да «Ана тілдің айбары» деген медаль берді. Байқадыңыз ба, қандай медаль қалай берілсе де, Ахметтің келбеті соған сыйып кетеді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты да осыдан 24 жыл бұрын «Ұлттық рухтың ұлы тілі» деген ғылыми жинақ шығарды. Бүгінде осы сөздердің жеке-дара атауын түсіне қоймайтын ұрпақ пайда болып келе жатыр. Бүгінгі жастарда қазақылық бар, бірақ қазақтың негізгі сөздерін ұмыту басым. Сондықтан кітапты жазғанда осының бәрін ескердік. 2010 жылы шыққан кітап 304 бет болса, қазіргісі 400 бет болып отыр. Кітапты шығармас бұрын оған авторлық куәлік алып, Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет пен тіл саласындағы еңбектерінен коллаж жасадым. Монография ретінде шыққан дүниені адам оқып қабылдауы қиын болады ғой, оны ғылыми орта ғана оқып, талдауы мүмкін. Сол үшін бүгінгі кітапты көпшілікке, қарапайым бұқараға жеткілікті болу үшін төрт тарауға, әрбір тараудың ішінде тарауішілік төрт бөлімге бөліп, қысқа беруге тырыстым. Өйткені қазір ұзақ сөзді ешкім оқығысы келмейді.

– Атап айтқанда, қандай тараулар? Ахмет Байтұрсынұлының бар өмірін, шығармашылығын ашатын қандай деректер бар?

– «Киелі мекен» деген тарауда Ахметтің шыққан тегін, туған анасы туралы жаздым. Негізгі мақсат, Ахмет Байтұрсынұлының туған өлкесін, шыққан топырағының киелі екенін таныту болды. Қазақта «баланың жақсысы – нағашыдан» деген әдемі сөз бар. Сондықтан алыптың да анадан туатынын көрсету үшін Ахметтің анасына да арнайы тоқталдым. Оқу-білімге құштарлығын көрсету үшін Ахметтің оқыған оқу ордаларын түгел қамтуға тырыстым. Кейінгі бөлімде Ахаңның болашақ жары Александра Иванқызымен (кейіннен ол Бадрисафа деген есімге ие болған) танысқан жеріне, оның құрметіне Әулиекөлдегі бір көлдің мұғалімкөл атануына тоқталдық. Сондай-ақ «Толағай тұлға» бөлімінде Ахметтің тұлғалық келбетін ашу үшін, қазақ үшін шам болған Ахаңның болмысын көрсетуге тырыстым. Сосын «Сана серпілткен Семей» деген тарауда оның қаншалықты мықтылығын ашуға барымызды салдық. Өйткені адам түрмеге  отырған кезде ұнжырғасы түсіп, өмірден түңіліп кетуі мүмкін,  ал Ахмет, керісінше, алға ұмтылған. Сондай-ақ рухани ордамыз Орынбордың болғанына да арнайы тарауша бердік. Ондағы мақсатымыз – кезінде қазақтың жері болғанын бүгінгі ұрпақ білуі керек. Бізден кейінгі ұрпақ білмесе, ертеңгі күні тағы да өзіміздің еншіміздегі біршама жерден айырылып қалу қаупі бар дегенді білдіру үшін арнайы бөлім бердім.

Ахметтің Назипа Қожанова ханымға арнайтын өз өлеңі бар. Сонда ол «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейді. Көзі тірісінде оған ешкім ескерткіш қойған жоқ. Есесіне қазір жақсы насихатталып жатыр. Одан кейінгі бөлім – «Ұлы ағартушы». Ахмет Байтұрсынұлын жай ағартушы деп қарайды, ол Шоқан, Ыбырай, Абайдың тасасында қалған сияқты. Бұл тарауда оның өзгешелігі неде, «ұлы ағартушы болатындай нені істеді?» дегенді ашып көрсеттік.

Ал соңғы тарауы «Ғасыр саңлағы» кітаптың атауымен тікелей байланысты. Мұнда Ахметтің маңызды мәлімдемелерін бердік. Одан бөлек, сарғайған хаттар. Басқа дүниені редакциялап, өзгерткенімен, адамның хатын ешкім редакциялап, өзгерте алмайды. Сосын адамға, бүгінгі ұрпаққа не қызық? «Шежіре сурет шертер» демекші, оның сақталған суреттері, жеке сурет, ұжымдық суреттер де қызықты болады деп қостық. Және соңғы түйініміз «Ұлт ұстазын ұлықтау» дейміз де, бүгін қалай ұлықталып жатыр, бүгінгі ұрпақтың еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін қандай өлеңдер арнап жатыр, өлеңдеріне талдау жасадық.

– Кітаптың таралымы қандай?

– Кітап екі мың таралыммен шықты. ­Ахмет Байтұрсынұлы тіл құралы оқу-әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығы мен музей-үйі қаржы көзін біз өзіміз қарастырдық. Биыл 150 жылдық қарсаңында қаржы бөлінеді деп айтылғанымен, әлі толықтай бір көзден бөлінген жоқ. Қаңтар қасіреті де талай дүниені кейінгі қалдырып отыр, сол себепті қаржының бөлінбегеніне қарамастан, кітап жарық көрді. Кітапты басып шығарған – «Орхон» ­баспасы. Кітаптың сатылатын жері – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі. Бұйырып жатса, Алматы қаласы, Мәдениет басқармасы тарапынан да шығарылуы керек, ол Алматы қаласынынан бөлек, республика кітапханаларына таратылады.

Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

4625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы