• Ақпарат
  • 19 Мамыр, 2022

КЕЛЕСІ КЕЗДЕСУ ОРЫНБОРДА ӨТЕДІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік ­туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.

Мерейтойлық жиынға Қазақстан көшбасшысынан басқа Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, ­Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысқандарға ілтипат білдіріп, ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Президент ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарының табысты қызметіне, әртүрлі форматтағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ Ұйымның күштік, құқық қорғау және бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде ха­лықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айна­лымына, көші-қонға, соның ішінде ­Ауған­стандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітім­гер­шілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.

– Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы. Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады.

ҰҚШҰ-ның мерейтойлық саммитінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді.

Президенттер күн тәртібіндегі екіжақты өзекті мәселелерді, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын талқылады.

– Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және саяси ықпал­дастықтың қарқыны нашар деуге еш негіз жоқ. Тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ресей – Қазақстан үшін сауда-экономикалық саладағы басты серіктес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүгінде машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі сияқты салаларда жалпы құны 4 миллиард доллар болатын 20 ірі жобаның әртүрлі ­сатыда жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты кешенді экономикалық мәселелердің бәрін биыл күзде Орынборда өткізуге жоспарланған Аймақаралық форумда талқылауға уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруы бойынша биылғы маусым айында Петербургте өтетін экономикалық форумға қатысатынын нақтылады. Сонымен қатар Қазақстанның үкіметтік делегациясы Екатеринбургте өтетін ірі өнеркәсіптік көрмеге қатысуды жоспарлап отыр.

Еркін ҚАЛДАН

6643 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы