• Cұхбаттар
  • 26 Мамыр, 2022

Ғарифолла ӘНЕС: ҚАЗАҚТЫҢ ЖОЛЫ ҚАТПАРЛЫ, ҚАЛЫҢ ТАРИХ

Тар жол, тайғақ кешудің сан түрін көріп, мың өліп, мың ті­ріл­ген қазағымыздың басынан небір қилы-қилы, зар заман өтпеді десеңізші?!. «Өткенге қаншама қарайламаймын» деге­ніңмен, әсіресе ХХ ғасырдың бірінші жар­ты­сындағы жан түршігерлік зобалаңдар көлбеңдеп көз алдыңда тұрады да қояды. Сталиндік қуғын-сүргін, жалғыз оққа байланған Алаш қай­раткерлерінің трагедиялы тағдыры, олардың соңында қалған бағалы мұраларының бары мен жоғы, ұрпақтарының жоқтауы сынды толғақты мәселелер сонау 1988 жылдың соңынан бері айтылып-ақ айтылып келеді.  Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияны құру туралы 1920 жылдың 25 қарашасында №456 Жарлығын шығарып, бұл іске  жаңа серпін берді. Барлық облыс орталықтары мен ірі қалалардың түрлі-түрлі архивтерінде сүрленген мыңдаған том-том құжаттардың қабы сөгілді,  жүздеген маман тарихшылар бұл сауапты іске жегілді. Әзірше бұл «қылмыстық» істерден не ертеректе көпке зияны тигенін көз көрмеді, не бүгінгі қоғамда қорқынышты толқыныс туғызатын тарихи фактілері де ұшыраспады. Аталмыш жарлық дүниеге келмегенде, кім біліпті, бұл құжаттардың қаншама жылдар аяғы тұсауланып, қалың бұқара көзінен жасырынып, «жабық» жатарын...    
Десек те, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының басына төнген алапат нәубет – ел-жұртты, бала-шағаны қынадай қырған үш бірдей ашаршылық хақында мұндай ауыз толтырып айтарлықтай кешенді шаруа істелді дегенге ешкім де қол қоймас еді. Мәселе, аштық құрбаны болған, азып-тозып босқан бейшара қазақтың нақты санын анықтауда емес, бүгінгі сынапша сырғыған уақыт көшінде жөңкіген қалың көпшіліктің мәңгілік естен шықпас осы бір зұлматтың зары мен зардабын көкірек көзінен, жүрегінің түбінен өткізе алмауында болып отыр.  Шындығында, сол бір заманақыр жылдарында әрбір қазақы отбасына, ұлттың дамуына ойсырай зардабын тигізген, зобалаңның қан қасабына шалдықпаған шаңырақ қалмағаны ақиқат ғой. Ендеше, біз қанша жамап-жасқағанымыз­бен, жасырып-жапқанымызбен ашаршылық зардабы ұлттық кодқа мысқалдап сіңіп, генофонымызды құртты, бет-бейне, болмыс-бітімімізді өзгертті. Төрт мың жылдық көшпелі өркениеттің сән-салтанаты мен ер-тұрманы, қазына-байлығы мен сауыт-сайманы қаңыраған жұртта шашылып қалды. Мынау даңғайыр ұлы дала 40 миллион мал-байлықтан иесіз қалып қана қойған жоқ, аттан еріксіз түскен жаяу-жалпысы өткенін ұмытқан, болашағынан үміті жоқ тілсіз, дінсіз, ділсіз тобырға айналып кете жаздады. 
31 мамыр – Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ел болып, жұрт болып оларды еске алып, жадымызда жаңғыртып жатамыз. Осы салаға талай жылдарын сарп еткен тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнеске жолығып, тың жаңалықтарымен бөліскен едік. 

– «Арыс» қорының (баспасының) талай жылдардан бері тынбай еңбек етіп, көптеген жобаларды жүзеге асырғаны жұртшылықтың көз алдында...

– Иә, дұрыс айтасыз, өткен жолымызға көз салсақ, бақандай отыз жылымыз жылыстап, алыстап-ақ кеткен екен.1992 жылы 4 сәуірде сол кездегі Әділет министрі Н.Шәйкенов «Бөбек», «Елім-ай» және «Арыс» қоғамдық бірлестіктеріне тіркеу куәлігін салтанатты жағдайда табыстағаны белгілі. 2018 жылдың соңында Жаңалық ауылында, 4 мыңнан астам жазықсыз жапа шеккен құрбандардың сүйектері көмілген қанды да қасіретті аумақта Саяси қуғын-сүргін музейі жұмыс істей бастады. Құдайға шүкір, музейімізге келушілердің, әсіресе мектеп оқушыларының қарасы үзілген емес. Күні кеше Түркістанда өткен «Рухани қазына – 2022» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фести­валінде «Үздік ауылдық маңызы бар музей» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, 1 миллион теңгелік бәйгені иелендік.

2019 жылы Орталық Азияда болып өткен Ашаршылық пен қуғын-сүргінге қатысты еларалық мәслихат өткізіп, көршілес елдерге босып кеткен ата-бабаларымыздың тағдырын еске алған болатынбыз. Одан кейін әлемді індет жайлап, бәріміз де өз шекарамызды қымтауға тырыстық. Енді, міне, 27-28 мамырда осы бастаманы жаңғыртып, «Қазақ және қырғыз халықтарының үркіншілік кезеңдеріндегі өзара көмек тарихынан» (ХІХ-ХХ ғғ.) атты тақырыпта ғалымдардың басқосуын, ғылыми конференциясын өткізбекшіміз.

 

– Инемен құдық қазғандай, ғылым­ның өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары көп қой. Посткеңестік елдерде, оның ішінде өзіміздің Қазақ­станда да дауасыз «дерт» жетіп артылады. Бұрынғы ОГПУ, НКВД, КГБ құжаттарын, тіптен ешбір қажет­тіліксіз Ішкі істер министрлігі мен Прокуратураның «құпия», «аса құпия» деген мөрлерін аямай басып, талай қолдан құрастырылған «істерді» «жабық қор» атты «қораға» тыға берген. Қылышынан қан тамған большевик-коммунистер анда-санда ұйқысынан шошып оянып, өздерінің не бүлдіріп, нені қиратқанын кеш түсінген қылмыскердей бәрін тұмшалап, «құпия», «аса құпия» деген таңбамен тарихтың тереңіне көме берген, көме берген...

 Әрине, мен кәсіби тарихшы, болмаса архивист емеспін, десе де мұндай бассыздыққа, ғылымға қарсы, гуманизмге қарсы іс-әрекетті кез келген маман қолдамайды. Бұрын орталық болған Мәскеу архивтері құжаттарды құпия ұстайды, 100 жыл бұрынғы (ешбір әлемдік заңға сыймайтын, халықаралық конвенцияларға пысқырмайтын!) архивтік құжаттарды қолға бергісі келсе береді, бергісі келмесе – бермейді. Өзбек ағайындар да қазаққа қатысты құнды құжаттарды шымылдықтың артында ұстап отыр, олардың ойынша, қазақтар жер даулауы мүмкін. Осылайша, қандықол кеңес үкіметі баяғыда жойылғанымен, оның зардабы, «құпиялары» күннен-күнге көбейіп келеді. Осылайша заманында «тоқ қала» атанған Тәшкенге босқан қалың қазақтың, оның ішінде өзбекке сіңіп кеткен аталы жұрт, ауданды руларының шерлі тарихын жазып шығуға қолдан керме керілуде.

– Ал айыр қалпақты қырғыз ағайындардың қабағы қалай?

– Сонау 1916 жылдан басталып, жарты ғасырға созылған босқыншылық, қырғызша айтсақ, үркіншілік жылдары ағайынды паналап, бас сауғалаған қазақтың шерлі тарихы бүгінде толық айқындалып келеді. Оған қырғыз ғалымдарының қосып жатқан үлесін ауыз толтырып айтуға болады. Жалпы соңғы онжылдықта Жетісу өлкесіндегі отаршылдыққа қарсы күрес, кеңестік билікті мойындамау, протестік қозғалыстар туралы түсінік түбегейлі өзгеруде. «Жетісу ­Алашордасы», «Жетісудағы Алаш әскері» атты тың тұжырымдамалар дүниеге келді. Сонымен бірге бауырлас қырғыз елінде «Алаш» партиясының Қырғыз филиалы» (бөлімшесі) мәселесі жан-жақты зерттеліп, бірнеше еңбек жарық көрді. Мәселен, біздің шақыруымызды қабыл алып, тарих ғылымының докторы, Жоғары дипломатиялық академияның проректоры Зайниден Курманов дәл осы тақырыпта еңбектенуде. Орыс тілінде «Киргизский филиал партии «Алаш» атты монографиясы да жарық көрді.

– Бұл бір жақсы үрдіс екен...

– Біздің қауым, әсіресе жастар жағы сонау бір аласапыран жылдарда, 1920–24 жылдар аралығында қазақта қос астана, қос мемлекет болғанын біле бермейді. Сол кездерде Орынборда Қазақ (Қырғыз) автономиясы билік құрса, Тәшкенде барша түрік жұртын біріктіруге ұмтылған Түрік автономия­сы өмір сүрді. Сол тұста Ишанбай Арабаев ­(1882–1933), Қасым Тыныстанов ­­­(1901– 1937) сынды тұңғыш қырғыз ағартушылары, сталиндік террор құрбандары біздің қазақ зиялыларымен тізе қоса еңбек етті, азаттық күреске араласты. Осы жылдары Тәшкенге жиналған барша көзі ашық қазақ оқығандары соңына өзбек, татар, қырғыз, қарақалпақ, тәжік зиялыларын ертіп, ортақ жау Мәскеу диктатурасымен айқасты. Осыдан бір ғасыр бұрын, әсіресе ТүрікАСР Халық ағарту комиссариаты және оның құрамындағы ағартушы Халел Досмұхамедұлы басқарған қазақ-қырғыз Білім комиссиясы ұлттық мемлекет құру жолында қисапсыз қоғамдық-саяси, идеологиялық-насихат жұмыстарын атқарды. Үкіметтік мекемелерге демеу ­жасау мақсатында Халел атамыз 1922 жылы сол Тәшкенде «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы ­«Талап» атты қоғамдық ұйым құрды. Құжат тілімен сөйлетсек, «Басқарманың төбе-ағасы Халел Дос-Мұхамедұлы, мүшелері-профессор ­Александр Эдуард ұлы Шмидт, Иса Тоқтыбайұлы, Мырзағазы Есболұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұхтар Әуезұлы, Қасым Тыныстанұлы.

Басқарманың тұратын орны – Тәшкент, Қарл Маркіс көшесі, 301-інші үй.

Қазақ-қырғыз институты, 22-інші нөмірлі бөлме».

Ал Қазақ-қырғыз халқының мәде­ниеті өркендеуіне жәрдем келтіру жағында Қауымның көздеген мақсұттары мыналар:

– Қазақ-қырғыз халқының әдеби тілін, ғылым атауларын (терминологие), емлесін һәм басқа мәселелерді тексеру;

– ұлт өнерін (искуствасын) тәптештеу;

– қазақ-қырғыз халқының тарихын һәм салтын тексеріп қарастыру;

– қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселесін реттеп, жөнге салу;

– қазақ-қырғыз халқының білім қызмет­керлеріне һәм өнер қайраткерлеріне жәрдем көрсету.

 Алмағайып аласапыран заманда құрылған «Талап» қоғамы туралы кеңінен толғауға да болар еді. Бірақ ертеңгі мәжілісте өзіміз тұсауын кесетін «Түрк дүйнөсүндөгү Кыргыз-Казак «Талап» коому» (Эшеналы Арабаев, Касым Тыныстанов, ­Байсерке Калпаков) атты кітапта (Бішкек, 2022) біз білетін, біз білмейтін қат-қат тың деректер айтылған. Осы кітаптың авторы, туған інімдей болған бауырым Жумагул Рыскулбек уулы Байдилдеев (1974 ж.т.) туралы аз-кем тоқтала кетсем деймін. Ол тарих ғылымының кандидаты, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті. Кітаптарын санамалап өтсек: «Кыргыз-казак интеллигенциясынын байланыштары» (ХХ к. башы), «Кыргызстандагы саясий куугунтуктоолор» (1937–1938), «Улуттун улуу уулу» (Жүсіп Абдрахманов туралы), «Эки доор инсаны Эшенаалы Арабаев» (авторлар ұжымы), «Кайра жанган ысымдар», «Кылым кыйырындагы агартуучу жана адабиятчы» (Байсерке Калпаков туралы), «1916 жылдагы көтөрүлүштөгү бай-манаптардын ролу», «Айтматов дүйнөсүндегү эркин мамлекеттүүлүк идеясы», «Касымбек Баатай уулу» және тағы басқа. Әрине, ғалымның міндеті – кітап жазу. Әйтсе де, Жұмағұл бауырым өзінің ағартушы аталары сынды қоғам қайраткері, тарихи зерттеулермен айналысатын «Рух-Мурас» қоғамдық қорының төрағасы, «Эстутум» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Екеуміздің көкейімізді тескен арманымыз – бұдан бір ғасыр бұрын аталарымыз қол ұстасып құрған, тізе қоса, білек күшін біріктіре отырып еңбек еткен еларалық «Талап» қауымының (қорының) ісін жалғастыру. Қазақ ағартушылары қырғыз халқының өрімдей жас оқығандарын соңынан ілестіріп, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерсе, қырғыз бауырлар мыңдаған босқын қазақ отбасын ажал аузынан арашалап қалды. Ортақ жаудан жапа шеккен, тағдырлас, мұңдас бір туған қазақ-қырғыз, ел басына күн туған қиын замандарда да бір-біріне қол ұшын созып, белдерін бекем буды. «Сенікі, менікі» демеді. Бірлік бар жерде, тірлік барлығын ұқты. Қол ұстасып, бірін-бірі демеп, тарихтың бұралаң өткелінен өтті. Ал біз бүгінгі идеялық сынақтардан өте алмай, сүрініп жатсақ, достығымызға, бірлігімізге, ортақ идеямызға сына түссе, ол бізге сын.

– Қырғыз бауырларымыз өнімді еңбек етіп жатыр екен, ал біздің ғалым­дарымыздың ғылыми олжасы бар ма?

– Былтыр жыл басында ­Алматы облысының әкімдігіне «Арыс» қоры үш жылдық «Жетісудың шерлі тарихы» атты ғылыми-зерттеу бағдар­ламасын ұсынған болатын. Ғалымдарымыз ондаған аудандық өлкетанушылық экспеди­цияларға шықты. Кеген, Жаркент архивтерінен бұрын-соңды зерттеушілер назарынан тыс қалған құнды деректер, шекараны заңсыз кесіп өткен босқындардың тізімі табылды. Алматы облыстық архиві дайындаған Қастек ауданында жүргізілген кәмпескенің құжаттар жинағы жарыққа шықты. Сондай-ақ «Жетісудағы аштық» (1928–1934), Ә.Шашаевтың «Жетісу өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы», «Көдек ақын» және тағы басқа тарихи-әдеби жинақтар жарық көрді.

Қазақ халқының басынан өткер­ген зұлмат-зобалаңы ешқашан ұмы­тылмайды. Сондықтан кейінгі ұрпақ ұмытпас үшін біз құпия құжаттар­дың халыққа жария болуына барынша жұмыс істеп келеміз. Ал қазақтың өткен жолы қатпарлы, қалың тарих болғандықтан ұлт жадында жаңғырып тұруы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

7412 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы