• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

ҒҰЛАМАНЫҢ АТЫ НЕГЕ АЛА-ҚҰЛА ЖАЗЫЛАДЫ?

 «Мұнара» республикалық рухани-танымдық үнпарағының 2022 жылғы 2 ақпан күнгі 4-санында басылған Мұхан Исаханның «Диуани хикмет жайлы ғылыми пайымдаулар» деген көлемді, зерделі еңбегін оқыған едім. Үнпарақта «Қожа Ахмет Иасауи Диуани хикмет» деп жазылған кітап суретімен берілген екен. Ал автордың өз қолжазбасын алғашқы жолынан бастап-ақ «Қожа Ахмет Ясауи» деп өзгертіп жазуына не себеп болды екен?

Осылайша, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ғұламаның аты-жөні Иасауи, Ясауи, Иассауи, Яссауи, Ясеви деп әртүрлі жазылып келеді. «Халықаралық қазақ-түрік университеті Қожа ­Ахмет Ясауи атында» деп ­жазылыпты. З­ерделеп қарасақ, Қожа Ахмет ежелгі Иасы (қазіргі Түркістан) шаhарында дүниеге келгендіктен, тегі соның атауына байланысты қойылған ғой.

Ал менің «Әулиелердің кереметі» деген қолжазбамдағы Иасауи атауы 2021 жылы облыстық «Сарыарқа самалы» үнпарағында Яссауи деп өзгертіліп басылыпты. Осыдан кейін облыстық «Найзатас» журналының редакторына хабарласып, «Иасауи деп жазғанымды өзгертпеңізші» деп өтінгенімде: «Я» деп жазбаймын, бірақ, екі «с» ғаріпімен жіберемін» деді, яғни Иассауи деп басылыпты. Осылайша, менің бір қаладағы, бір жылдағы, бір айдағы қолжазбам өзгертіліп, екі түрлі атаумен ­басылып шықты, Яссауи, Иассауи болып...

Негізінен Яссауи деп жазылуы орыс тіліндегі аудармадан қалған атау ма деп ойлаймын. Өйткені М.Бекчурин: «Описание мечети Ахмеда Ясеви находящейся в городе Туркестане!» деп жазған екен. Тіпті ұлы ғұламаның өмірі мен еңбегін зерттеген әр елдің ғалымдары есімін өз тіліне бұрмалап, әртүрлі атағандары да дұрыс емес деп ­ойлаймын. Атап айтсақ, мысалы, татар халқының зерттеушілері – Хужә Әхмәт Ясави деп жазыпты. Адамның аты-жөнін өз бетінше өзгертіп жазуға ешкімнің де хақы жоқ! Сонымен бірге кісі атының орысшасы, қазақшасы, татаршасы деген аудармасы жоқ. Болмайды да!

Қожа Ахмет ХІ ғасырда дүние есігін ашса да, әлі де күнге дейін ғұламаның аты-жөні «ала-құла» болып, қате жазылып келеді. ­Сон­дықтан да Қазақстан ­Респуб­ли­касының Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің басшысына, тіл ғылымының ғалым­дарына аманат. Осы қателіктер түзетіліп, бір мәмлеге келіп, дұрыс шешім шығарылып, ғұламаның аты-жөні дұрыс жазылатын болса екен. Біздікі тым болмаса, келешек ұрпағымыз бабамыздың аты-жөнін дұрыс ­жазып, оқыса деген тілек...

Бақытжамал ХАМЗАҚЫЗЫ,

зейнеткер-ұстаз, тарихшы

Павлодар облысы

Ақтоғай ауылы

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы