• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

ІЗ КЕСУШІ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Қоғамдағы қылмысты ашу үшін ең алдымен тәжірибе мен білім керек. Әрине, оның қоса қабатында ерлік пен ержүректік, өз мамандығына берілгендік, сонымен қатар адамдарға сенім қатар жүретіні жасырын емес. Демек, қылмыстың ізін суытпай ашқан адам бұл жолда талай қызықты және қиындығы қатар келер оқиғаларды бастан кешеді. Бүгінгі жас буын талай атышулы оқиғалардың басы-қасында болып, оның нәтижелі аяқталуына жетекшілік еткен азаматтың ­аты-жөнін білуі тиіс. Ол – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмысты іздестіру басқармасы бастығының орынбасары болған Ғабдрахим Мендешев.

Расын айту керек, Ғабдрахим ағаның  құқық қорғау саласында жұмыс істеген жылдарына көз салсақ, шын мәнінде, өмір жолы қатерлі әрі қызықты болғанын да байқаймыз. Әсіресе еліміз тәуелсіздік алған жылдан кейінгі көп оқиға елдің есінен әлі кете қойған жоқ.

1992 жылдың ақпан айында Қызылорда қаласында болған оқиға Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орта Азия елдерін алаңдатты. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің тәуелсіздік алған кезі. Тіпті қылмыскерлерді де  ауыстырып жатқан тұс. Осыған орай Ресейде жазасын өтеп жатқан  бірқатар қылмыскерлерді Өзбекстанға ауыстыру туралы шешім қабылданады. Қызылорда облысының Шиелі ауданының жанына келген тұста пойызда келе жатқан бірнеше қылмыскер күзетіп келе жатқан сарбаздардың кінәсінен вагоннан қашып шығады. Олардың автомат, пистолеттерін тартып алады. Сөйтіп, аудан орталығындағы автостансаның жанында «Сарыағаш» санаторийіне жүрмек болып тұрған автобусты басып алады. Бұл тосын оқиғадан жергілікті полицейлер хабардар болған болады. Атыстың салдарынан бір ­полицей мен бір қылмыскер қаза табады.  Екі сотталушы қолға түседі. Автобуста қалған  екі қылмыскер Ташкентке дейін апаруды және ұшақ дайындауды талап етеді. Дәл осы кезде  оқиға орнына Алматыдан «Альфа» жауынгерлері және Ғабдрахим ­Мендешев басқарған арнайы топ ұшып жетеді. Сөйтіп, қылмыскерлерді ұстау ­операциясы ­бойынша арнайы ­сценарий жасалады. Шиеліден шыққан автобусқа жол бойы ешкім кедергі жасамауы, сценарий бойынша автобус Шымкент әуежайына келуі тиіс. Бұл туралы қылмыскерлерге ескертіледі. Ұшақтың да дайын тұрғаны ­айтылады. Сонымен, Шымкент әуежайына қар ­тазалайтын машина және оған жасырынған «Альфа» жауынгерлерге де келеді. Әуежайға автобус енген кезде оған көсе-көлденең келіп машина соқтығысады. «Альфа» жауынгерлерінің бірі қазақша «Жатыңдар!» деген бұйрық береді. Мұны түсінбеген қылмыскерлер тұрып қалады. Терезені сындырып, автобусқа баса көктеп, кірген сарбаздар екі қылмыскерді атып өлтіріп, кепілдікке алынған барлық ­жолаушы аман қалады. Арнайы операцияның өте сәтті аяқталғаны үшін Ғабдрахим Мендешев Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталады. Өте қауіп-қатерге толы оқиға. Бірақ алған марапат осы. Құдай бетін аулақ қылсын, қазір дәл осы оқиға орын алса, Ғабекең мемлекеттің ең жоғары марапатының біріне ұсынылар еді. «Бірақ мен үшін Президенттің Құрмет ­грамотасы ең үлкен марапат болды. Бұдан асқан үлкен сыйлық жоқ», – дейді Ғабдрахим ­Мендешев.

Бүгін айтуға ғана оңай. Шын мәнінде, мұндай қауіпті оқиғаның сәтті аяқталғаны Ғабекең сияқты білікті азаматтардың арқасында ғана жүзеге асты. Автобуста кепілге алынғандар тек қазақтар болғандықтан «Жатыңдар» деп қазақша  бұйрық беруді ойластырған да ­Мендешев еді. Ал автобуста келе жатқан қос қылмыскер Сергей Глухов пен Геннадий Усов бұл бұйрықты түсінбей аңырап қалған сәтте сценарий бес секундта сәтті жүзеге асты. Кепілге алынған жолаушылардан тек қана екі адам жеңіл жарақат алды. Қалғандары аман-сау.

Расы керек, бұл оқиға менің де ­жадымнан өшкен жоқ. Есте қалды. Өйткені республика халқын алаңдатқан атышулы оқиға орын алған сәтте мен «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеп жүрдім. Біз  де оқиғаны сәтті аяқталғанын баян еттік. Бірақ арада отыз жылдан аса уақыт өткен соң, арнайы операцияға жетекшілік еткен қайраткер  азамат туралы мақала жазамын деп ойламаппын. Дегенмен ерлік те, ерлікті жасаған, оған бас-көз болған адам да ешқашан естен шықпайды. Ұмытылмайды.

Жалпы адам баласы елдің көңілін аудару үшін ерен істерге әдейі ­бармайды. Ғабдрахим ақсақалдың өмір жолына қарасаңыз, ғибрат аларлық іс өте көп. Ол 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына да қатысты. Ол ұсталғандардың арасында жараланған атақты  режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың барын байқап қалады. Автобусқа кіріп, оны арашалап алады. Жедел жәрдем шақыртады. Бірақ бірнеше күннен кейін, Алматы облыстық партия комитетіне шақырылып, түсініктеме жазуына тура келеді. Көп ұзамай өзі де қызметтен босатылады.

Бірақ қашан да өз ісіне берік, аманды­ғына адал жанның мәртебесі биік болады ғой. Құқық қорғау саласында Ғабдрахим Мендешевтей адал қызмет азамат кемде-кем десек, артық айтқандық емес. Оның жоғарыда жолаушыларды кепілдікке ұстап, ақыры табысты аяқталған қыл­мыскерлермен айқасы Қазақстан Ішкі істер академиясының түлектеріне алғашқы оқиға болғандықтан  дәріс ретінде беріліп жүр.

Жалпы Ғабдрахим Мендешев шын мәнінде із кесуші. Оның жетекшілік ­еткен қайбір операциясын алып қарасаңыз да, бәрі де табысты, нәтижелі аяқталған.  Әрине, мұның бәрі де мамандыққа адалдық және оның астарында үлкен кәсіби тәжірибе жатқаны аян. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы Қазақстан, тіпті Кеңес Одағы көлемінде болған атышулы қылмыстық оқиғалардың ашылып, жұртшылыққа мәлім болуының бірсыпырасында Ғабекеңің ерен еңбегі мен қолтаңбасы жатыр.

Тағы бір мысал, 90 жылдардың ­басында ҚазМУ қалашығында  орын алған жантүршігерлік оқиғаны да халық ұмыта қойған жоқ. Бірнеше айда алты қыздың зорланып, өлтірілуінде қаныпезер, қанішердің қанды ізі жатты. Бірақ қылмыскерді табу оңайға соққан жоқ. Бұл іс те Ғабдрахим ағаға сеніп тапсырылды. Із кесуші араға бірнеше ай салып қанішерді тапты. Бүкіл болжам мен дәлел сарапқа салынды. Қылмыскер қолға түсті. Әділ үкім шығарылып, ату ­жазасына кесілді.

1983 жылы Ғабекең Кеңес Одағын шулатқан «Шакалов» бандасының ізіне түсіп, істің тезірек ашылуына өлшеусіз үлесін қосқан адам. Қылмыстың 38 ауыр түрін жасап, қасақана  кісі өлтірген «Шакалов» бандасының мүшелері ұзақ мерзімге сотталды. КСРО Жоғары кеңесі Президиумының Жарлығымен Ғабдрахим Мендешев «Қызыл жұлдыз» орденімен ­марапатталды.

1982 жылы  із-түзсіз жоғалып кеткен Қазақстанның белгілі тележүргізушісін өлтірген қылмыскерді арада жыл өтіп барып тапқан да – Ғабдрахим Мендешев. Мұндай мысалды тілге тиек етсек, өте көп.

Ғабекеңнің өмірі мен қызмет жолы қос кітапқа арқау болды. Ол «Профессия-с­ыщик», «Жизненный путь» атты кітап жазды. Бұл жинақта жас ұрпаққа тағлым боларлық, тәлімді тәрбие аларлық оқиға жеткілікті.

Жалпы Ғабдрахим Мендешев ­туралы әңгіме ұзақ. Өз тұрғыластары «халық ­генералы» атап кеткен Ғабдрахим ­Мендешев 94 жылы полковник дәрежесінде еңбек демалысына шықты. Оның құқық қорғау саласындағы өнеге тұтарлық өршіл істері ұмытылған жоқ. Қазақстанның бұрынғы Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов «Ол – бірінші бастығым. Құқық қорғау саласында осындай азаматты кездестіргеніме ризашылығымды білдіремін. Егер Ғабдрахим аға жолықпағанда, менің ішкі істер саласында өмірім қалай болар еді? Ол маған үнемі моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырды», – дейді.

– Мендешев – қылмысты іздестіру саласының аңыз адамы. Бұл шындық. Қарақшылық пен кісі өлтіру, мыңдаған басқа да қылмыстық істердің ашылуына Мендешевтің қабылдаған маңызды шешімдері жатыр. Ғабдрахим Мендешұлын «халық генералы» деп тұрғыластары бекер айтып жүрген жоқ. Оның жетекшілігі мен ұстаздығының арқасында елімізде генералдар шоғыры өсіп шықты, – дейді полиция полковнигі Махамбет Абисатов.

1992 жылы тапсырыспен өлтірілген Қарағанды металлургия зауытының директоры Александр Свичинскидің ісін ашуда да Ғабдрахим Мендешев тапқырлығын көрсетті. Сол кездегі Ішкі істер министрі Шумовқа бұған қатысты арнайы топ құру керектігін айтады. Сөйтіп, 20 адамнан құралған топқа өзі жетекшілік етті. Ақырында із кесуші қылмыскерлердің ізін Литвадан тапты. Өзі арнайы Литваға барып, істің мән-жайын нақты дәлелдеді. Тапсырыс берген азамат та, қылмыскерлер де сотталды.  Қылмыскерлерді бермегенімен, Литва соты оларды  ату жазасына кесті.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер ақсақал тың. Салауатты өмір салтын серік етеді. Ұл-немерелерінің бірнешеуі  атасының жолын жалғап, құқық қорғау саласында қызмет етеді. Аңызға айналған із кесуші қарттың бүгінгі жастарға айтары көп. Ғабекеңнің әңгімесі ғибратты. Ең бастысы, отбасы, ел аман, ұрпағы өсіп келеді. Соған шүкіршілік етеді.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы