• Әдебиет
  • 23 Маусым, 2022

ҚАРА НАР

Сонау 80-жылдардың бел ортасынан бастап әріптес болған, ағалы-қарындасты сыйластығымыз үзілмеген, үлкен басымен әр кез «дауысыңды бір естіп қояйын деп...» қоңырау шалуды ұмытпайтын, ізгіліктен жаралғандай ілтипатты Аманжан Еңсебайұлы туралы айтар сөз көп. Әсіресе адами абзал қасиеттері туралы. 
А.Еңсебайұлының оқуында не тыңдасаңыз да, құлағыңызға майдай жағатын майда қоңыр үн келеді. Бәйге атының шабысындай, асау өзен ағысындай қуатты ой мен құдіретті сөзді асып-­саспай, төгіп-шашпай, дәмін де, мәнін де бұзбай, маңызы мен мәйегін құлаққа қоңыраулата құйғанда тебіренбей көріңіз! ­Дауысы бардың бәрі, тіпті ­сахна әртістері де таза табиғатты диктор бола алмайды. Халық-сыншыға – жасандылықтан ада диктордың қадірі артық.  

Сөздің жүйесін де, киесін де танитын таным болмай, оған қазақ тілінің заңдылықтарын сақтайтын білім қосылмай, жүрек лүпілі мен рух биіктігі қан қозғамай – тыңдаушы жүрегін жаулау мүмкін емес. Оған мысал кісіңіз, осы – Аманжан Еңсебайұлы.

– Әкем Еңсебай Серікұлы өткен ғасырдың басында малы талауға, жаны қанауға түскен босқындардың ортасында қалған егіздің сыңары екен. Сұрапыл соғыс жылдары ел қорғауға аттанып, 31 жасында балдаққа сүйеніп ауылға оралыпты. Інісі Жапанбай артынан қара қағаз да келмей, хабарсыз кетіпті.

Анам Күлқасыл он құрсақ көтеріп, берекелі ана атанған, ізгілігі мол жан еді. Бүгінде бір анадан өсіп-өрбіген бауырларымның бесеуі қара жердің қойнында, қалғанымыз Алматыда тұрамыз. Құдайға шүкір, немере, шөбере сүйіп отырмыз.

Құдай қосқан қосағым Айтжамалмен өзені сылқылдай күліп ағатын Жыланды деген жерұйық жерде бірге оқып, бірге өстік. Өмірде көріп-білгенімнің бәрі сол асыл қазынаммен ортақ.

Әкем бізді қатарға қосты, оқытты, тоқытты. Жетімдік пен жалғыздықтың азабын көп көргендіктен бе, көңілі түскенге көмегін аямайтын бауырмал еді. Бойымда жылт еткен бір жақсы қасиет болса, ол – әке күшімен, ана сүтімен қанға сіңген уыз тәрбиемнен екен.

Қайран әкем, 30-жылдары ­Голощекин әкелген ашаршылықтан бар қазақ қынадай қырылып жатқанда, бабадан қалған байлықтан елге үлестіргені үшін жала жабылып сотталуға шақ қалып, соңынан ақталыпты. Сонда комсомол билетін қайтарып алу үшін Мәскеуге арыз жазғаны, ол жақтан хабар жетісімен Алматыға итқорлықпен жетіп, мақсатын орындағаны есімде өшпестей сақталып қалды. Бұл – сол кезде 20 жастағы латынша ғана қаріп танитын жігіттің кеудесінде оты барын білдірмей ме?!

Ол кездің адамдары біз сияқты емес, жанын жалдап отты да, суды да кешіп өткен ғой. Сол жанкештілігінің бір мысалы, бертін келе, кириллицаны да еркін меңгеріп кеткені. Ол уақыттың адамдары газет-журнал, батырлар жырларын, қисса-дастандарды бір-бірінің үйіне жиналғанда қолтығына қысып ала жүретін. Әсіресе ораза айы мен қысқы соғым уақытында кезек-кезек нақышына келтіріп дауыстап оқып, жаны рақатқа бататын. Апа-әжелеріміз сол кітаптың кейіпкерлерімен бірге жылап, бірге күліп, етегімен көз жасын сүртіп отырушы еді. Бала болсақ та, қиялымыз жүйткіп батыр болғымыз кеп, сұрағымыздың жауабын толық тыңдай алмай, сол жерде ұйықтап кететінбіз.

Мектеп бітірерде «Кім болам?» деген еркін тақырыпқа шығарма жазғанда «Шофер боламын» деп «5» алған едім. Сонда ақылы сөзінде, мейірі көзінде тұнып тұратын әдебиет пәнінің мұғалімі Кәрім Әбдірахманов (марқұм) басымнан сипап тұрып: «Айналайын, Аманжан, сен тіл маманы болуың керек», – деп сәуегейлік танытып еді. Солай болды. Қазақ радиосының бір бөлшегіне айналып, 46 жыл табан аудармай еңбек еттім. Тағдырыма ризамын.

Өзінің өнерімен де, өмірімен де өнеге болған асыл ағамыз халық артисі, ­дауылпаз дауыс иесі Әнуарбек ­Байжанбаевты, радионың пионер-­дикторы Мина Сейітованы және Қатира Әзімбаева, ­Жанел Асқарова, Жаңыл Біржанова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаев, Мырзабек Қуатбековті, сондай-ақ дикторлық өнердің қыр-сырына бойлатқан атақты артистер: Фарида мен Зәмзәгүл Шариповаларды, Райымбек Сейтметовты жан дүниесіне әлемнің бар сұлулығы сыйып тұрғандай қабылдайтынмын.

Меніңше, диктор болу – үлкен мәртебе. Оны дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Диктор дауысы – табиғаттың сыйы. Үні анық, ана тілінде таза сөйлей ала­тын, баба тілімен ішкі байланысы астасып жататын қасиетке қоса, диктор – тіл заңдылығын білуі шарт. Ол әр дыбыстың айтылуына өте мұқият болуы керек. Біздің төл әріптердің айтылуы бірыңғай жуан немесе жіңішке дауысты болып келеді. Мысалы, «балаларыңыз» деген жуан дауысты сөзде тіл бір-ақ рет кейін шегінеді екен. Ал «әдебиетіміз», «тіліміз», «үніміз» десек те, тіл бір қалыпта қалады. Дыбыстардың үйлесімділігі, бірқалыптылығы сондай, жуан дауыс­ты мен жіңішке дауысты ­дыбыстар бірге араласып келмейді. Кеңестік саясат бұзбаған өз әріптеріміздің бас-аяғы 28 еді: 9 ­дауысты, 19 дауыссыз дыбысты құрайтын. Оны бізге ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы шұрайлы тілмен ауызша-ақ жеткізіп берген. Қазақтың тілі бояуын бұзбай, таза қалпында сақталуына аса мән бердік. Әдебиет тілі – қара тілдің заңымен жүруі керек. Үндестік заңы дұрыс сақталмаса, тілге обал жасаймыз. Біз осы қағиданы ұстандық.

Біраз жыл бұрын М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын үнтаспаға түсірдім. Оны оқу оңайға түскен жоқ. Ең алдымен, ата-бабамыздың өткен жолына, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға зер салуға тырыс­тым. Тап тартысы, ағайын арасындағы дау-дамай, жер дауы, жесір дауы, сырттан келгендердің жергілікті халыққа әсері сияқты тарау-тарау мәселелерді шығарманы бірнеше рет қайталап оқып, тыңдаушы жүрегіне жеткізгім келді. Азаматтық ұстанымымда Абайдың: «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» өсиеті тұрды. Әке мен бала, ана мен бала арасындағы әңгіме желісі, ондағы көңіл-күйге байланысты дауыстың өзгеріп, құбылып отыруы; өкпе, наз, еркелік, ренішке қандай реңк берілу керектігі, ел мүддесін қорғаған екіұдай айтыс-тартыс менің оқуымда өз дәрежесіне жетсе деп көп толғандым.

Жарығы сөнбестей көрінетін мына жалғаннан өтер алдында асыл анам маңдайымнан иіскеп: «Ауылда екі үй ғана нағашыларың қалды, хабарласып тұрарсың», – деп аманат айтты. Жоғымызды халқымыздың даналығынан іздеп табатын ұлттың ұрпағымыз ғой, сол өсиетті орындаумен келемін. Мерейімді биіктететін де, мейірімін үйіп-төгетін де нағашы жұртым мен құлын-тайдай тебісіп өскен саусақпен санарлық қана құрбы-құрдастарым. Шамам келгенше ауылдағы ағайынның той-думанынан да, топырақты өлімінен де қалмауға тырысамын. Елу жыл сыртта жүрсем де, кіндігім үзілген жоқ. Жыл сайын еркелеп барып, марқайып қайтамыз. Егделік жеңген сайын туған жерді аңсай береді екенсің. Ұлтымыздың қасиетінде шек жоқ қой. Перзентінің кіндігін ­кескеннен кейін бір үзігін жерге көміп ­тастауында терең сыр жатқандай. Ол перзент пен жердің бір-біріне үзілместей етіп байлануын білдіреді екен ғой. Туған жерге бүйрегіміз бұрып тұратыны да сондықтан.

Қазіргі баланың кіндігінің үзігі қайда қалып жатыр? Жерді, елді ойламайтын жатбауырлықтың бір ұшы осында емес пе деп те қамығамын...

Балапан күнімізден бірге туғандай бір-бірімізге бауыр басып өскен бала достарымның дені ауылда тұрады. Бірер жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 50 жыл толды. Барымыз жиналдық. Келмеске кеткен марқұмдарға құран бағыштадық. Аузынан шыққан әр сөзді қағып алып, көкірек сандығымызға қаттап қоятын қайталанбас мұғалімдеріміздің өзімізде сақталған фотосуретін мектеп музейіне табыстадық. Үлкен естелік және ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалмаса деген ағалық тілек.

...Бір күні Торсық деген досымыз екеуміз ән сабағына қатыспау үшін «ішіміз ауырып отыр» деп, бүрістік те қалдық. Лезде мұғалім ауданнан жедел жәрдем шақырып қойыпты. Машинасын «айқайлатып» жеткен дәрігерлер бүрісіп отырған екеумізді әй-шайға қаратпай салып алды да, жөнелді. Көзіміз бақырайып отырмыз, ауруымыз жазылып кетті деуге орысшамыз жетпейді. Олар не жеп, не ішкенімізді, қай жеріміздің қатты ауыратынын, іштің өтуін сұрап әбігер. Біз бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Тексеріс соңында бізді ауруханаға жатқызатын болды. Торсық екеуміз түнде ұрланып шығып, 25 шақырым жердегі ауылға жаяу қалай жеткенімізді білмейміз. Осы күні балаларым мен немерелерім жазықты болып қалса, ең бірінші «өтірік айтып тұрған жоқсың ба?» деймін. Өйткені өз қателігім маған өмір бойы сабақ болды.

Осыдан біраз жыл бұрын Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетте оқитын немерем 21 жасында үйленем десін. «Балам, әлі ертерек қой, оқуыңды бітіріп, 1-2 жыл жұмыс істе, содан кейін шаңырақ көтерерсің», – дедім. Ол ойланбастан: «Ата, 20 жасыңызда үйлендіңіз ғой, мен сізге тартқанмын», – деп бетіме қарады. Үндей алмай, соңында келістім. Қазір, Құдайға шүкір, өз алдына жеке отау, қызметі де, отбасы да өсіп келеді. Кейде «ақыл – жастан» дегенді де ескерген дұрыс па деймін.

Отбасында ер адамның, әкенің сыйлы, сөзінің өтімді болуы – ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығына тікелей байланысты.

Анасы ер баланы өбектеп бауырына баса бермей, әкесіне бейімдей білуі керек. Әйел отағасына деген шынайы ықыласын көзімен де, сөзімен де сездіретіндей ілтипатта болса, ұл мен қыз қайтсе, көргенін жалғастырады.

Білмегенін кісіден сұраған, үлкен болмаса ақылы бар кішіден сұраған адамның жаман болғанын көрген жоқпын...

Әңгімені қағазға түсірген:

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,

«Айгөлек» балалар журналының

автор-редакторы

1696 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы