• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

ЕВСТИГНЕЕВТІҢ ӨЗБЕК ДИКТОРЫ БОЛҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,

тележурналист-публицист

Президентіміздің халыққа Жолдауынан кейін Тәуелсіздіктің  30 жылында  не  іс тындырылды  екен деп сараптайсың. «Жамбылдағы былғары  комбинаты отандық аяқ киім шығара бастады, Шымкентте сапалы костюмнің алғашқы партиясы  дүкендерге түсті, Алматы мақта-мата комбинаты іске қосылып, отандық өнімдерін шығара бастады» деген сүйінші хабарды  баспасөз беттерінен іздеп әлекке түсесің. «Тәуелсіздік бір күнде орнай қалған жоқ. Ешкімнің басына бақ бір күнде қона салмайды», – деп басу айтады зиялы ағамыз бір мақаласында. Рас сөз. 

«Біреуге уайым баспана,

Біраздан жасы асса да,

Біреулер зәулім сарайдан,

Шығады күнде мастана», – деп Бақтықожа Ізмұхамбетұлы жырлағандай,біреулер табан астында ен байлыққа кенеліп шыға келді.

Әсіресе бұрынғы Білім және ғылым министрінің балалар үш тілді бірден үйренуі керек деп бүкіл елді алатайдай бүлдіргені қайран қалдырды. Сонда бірен-саран жазушы, ғалымдар болмаса жоғарыдан тапсырма алып, «ләппәй» тақсыр!» деп бас салып іске көшкен министр, Ахмет Байтұрсынұлының: «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» дегенді біле тұра, жөн сөзге құлақ аспағаны өкінішті болды.

Бұдан 40 жыл бұрын Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов «Біздің балаларымыз ағылшынның иттері секілді, қазақша айтсаң түсінеді, бірақ жауап бере алмайды» деп жазғаны бар еді. Жастау кезімізде ағамыздың бұл сөзіне күлген едік, енді, міне қартайғанда басымызға келді, «ағылшын күшік» менің үйімде де пайда болды. Осы мамыр мерекесі алдында ғана Қостанай қаласындағы ағамның 85 жылдығына құтты болсын айтқалы Алматы-Қостанай поезына отырайын. Вагон лық тола халық, өңшең қаракөздер. Сонда аңғарғаным, бірен-саран егделерінен өзгесі орысша сөйлейді. Мен отырған купеге әжелерін шығарып салуға келген қыздары мен немерелері де шүлдірлей сөйлеп кірді, мені көріп ыңғайсызданғандай болған әжесі олармен қазақша сөйлегендей кейіп танытты. Қостанайда да сол, қалада да, ауылда да орысша сөйлеген ата-аналары мен ата-әжелері. Өзім Астанада тұрамын, 70 шақты көршілерімнің 60-тан астамы қазақ. Солардың көрші мемлекеттен көшіп келген бір отбасынан өзгесі баласы да, шағасы да орысша сөйлейді, оларға әке-шешесі қымсынбай қосыла сөйлегенін естіп «әй, мына түрімізбен тілімізді жоғалтамыз-ау» деп түңілесің. Түңілесің де, «оу, осы бұдан 30 жыл бұрын Тәуелсіздік алған мемлекеттердің тілі не халде болды екен?» деп ойға шомасың. Сөйтіп, әдебиеттерді ақтарып отырып, Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» кітабынан төмендегі жайтты оқыдым. Қысқаша баяндайын.

 Ертеректе Эстонияда Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің апталығы өтетін болып, ішінде Қадыр аға бар, Үкімет мүшесі бастаған делегация сапар шегеді. Сонда екі республика басшылары бас қосып сұхбаттасқанда Эстония Жазушылар одағының төрағасы қасына аудармашы ала отырып, өзі эстонша сөйледі. «Онысы орысша білмегендігі емес, өздерінің ұлт екендігін, ел екендігін көрсеткені еді», – деп жазады. Тағы бір мысал. Өткенде «Шалқар» радиосын қосып қойып, КСРО халық артисі киноактер Евгений Евстигнеев туралы әңгімеге құлақ түрдім. Жастық шағы соғыс жылдарына тап келіп, ленинградтықтар Өзбекстанға қоныс аударады. Өзбектер болса, орысша сөйлей алмайды, білсе де сөйлемейді, ал ол болса өзбекше білмейді. Содан алғыр жас бір жыл ішінде маңдай терін төгіп Өзбекстан радиосының өзбек тіліндегі дикторы болып, «Тәшкәннан гәфірәбіз» деп шыға келеді. Міне, өзгелерге тілді үйретудің тәсілі. Ал енді Өзбекстандағыдай бүкіл іс-қағаздары, құжаттар түгелдей мемлекеттік тілде жүргізілсе, тілді үйренбегенде қайда барасың? Мен айтар едім, өзге ұлтқа қазақ тілін үйрен деудің қажеті шамалы. Оларды өмірдің өзі мәжбүрлейді. Ал өзімізге талап қатаң болуы керек.

2003 жылдары мен Тараз қаласында тұрдым. Облыста өткен бір жиналыста өңкей қазақ азаматтарының арасында «облыс әкімінің орынбасары Александр Савченко деген қатысып отыр екен» деп сөз сөйлегендер білсін, білмесін орысша сөйлегенін естіп, басымызды шайқаған едік. Кейін ол сабазым «Сенаттан бір-ақ шықты» деп естідім. Енді не істеуіміз керек? Енді билік, атап айтар болсақ, Үкімет, Парламент, министрлік басшыларынан бастап балабақшаға дейін мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Бүкіл іс-қағаздары, қаулы-қарарлар да мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. Республикалық телерадиода « Ана тіл» газетімен бірлесе отырып «Біз қазақша сөйлейміз» деген цикл ашып, онда Президент, Үкімет басшыларының отбасымен кездесіп, ана тілін қалай үйреніп жатқанын баяндап отыруы қажет. Сонда ғана бұл ісіміз алға басады, қазақ тілі қанатын кеңге жаяды деп ойлаймын.

 Айтпаса болмайтын тағы бір мәселе бар. Онсыз жаңа Қазақстан құру мүмкін емес, «Бойдағы мінді санасам, тау ­тасынан кем емес» дейді Абай данышпан. Біздің бойымыздағы мін – жалтақтық пен немқұрайлық. Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көзбіз. Оның дәлелі ретінде бір мысал келтірейін. Мәжілістің бір отырысында депутат Қорғаныс министріне қазақша сауал қойды, жаңылмасам орыс жігіті. Сонда ­министр мырза орысша тіл қатты, ал депутаттардың бірде-біреуі ескерту жасап, әріптестерін қолдауға шамасы келмеді.

«Жалқау шөп шаппайды, аузымен орақ орады» демекші, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыла кіріспей, көпірме саясаттан ұпай жинап, билікке көрініп қалғаннан басқа пайда жоқ, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

Айта берсек әңгіме көп. Ал біз бұл түрімізбен қалай жаңарамыз, қалай жаңғырамыз?

Жазушы Төлен Әбдік «Алаш ұранды ел болайық» ­деген мақаласында саналы азаматты тебірентіп жіберердей әсерлі жазба қалдырды. «Билік Алашты ­мойындады. ­Мерейтойларын атады. Кітаптарын шығарды. Бірақ өмірімізге, ұстанымымызға, бағытымызға алтын арқау ­болатындай ұлттық идеямызға айналдырмады. Егер біз, шын мәнінде, жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, ұлттық идеяны айқындап алуымыз керек. Ол идея – Алаш идеясы» деп жазды қабырғалы жазушы. Жөн сөз. Уәжге түйе де шөгеді.

 Ендеше, «Алдамшы екен бұл жалған, Бұл жалғаннан кім қалған?» деп Марабай жырау толғағандай, қартайған шағымызда бізге «жас ұрпағымыздың болашағы не болар екен?» деген ой маза берер емес.

1169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы