• Руханият
  • 23 Маусым, 2022

Қазақ тілінің болашағы зор

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Рахманқұл  Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісін өткізді. Бұл жолы физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбайұлы қонақ болып, «Тілмаш роботтар, тілмаш телефондар» деген тақырып төңірегінде тың мағлұматтарымен бөлісті.

«М.Әуезов мұражай-үйінің» мәжіліс залында өткен кездесу барысында академик қазақстандық ғылымның бүгінгі жай-күйі мен ертеңгі даму үдерісіне баға беріп, технократияның ана тілі мен ұлт руханиятының өркендеуіне тигізер оң ықпалына тоқталды. Дәрісті М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов жүргізіп отырды.

«Қазақ тілін дамыту, сақтау үшін компьютерлік бағдарламаларға енгізу керек. Сонда тіл жойылмайды» деді ғалым. Мәтінді өзге тілге аудару жүйесі бар  «Google-аудармашы» бағдарламалары жөнінде айта келіп, ғалым осы тектес алгоритмді әріптесі Әбу Қуандықов екеуі 2000-жылдардың басында жасағанын тілге тиек етті. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның алгоритмі қаражат пен көңіл бөлінбеуіне байланысты қағаз жүзінде қалған.

Ғалым қазір әлемдегі ғылым жаңалықтарын біліп отыру үшін 4-5 тіл жеткіліксіз, 10-15 тіл білу керек деп есептейді. Себебі, әр мемлекетте ғылымның әр саласы түрлі деңгейде дамып жатыр, сондықтан оны қадағалап отыру қажет. «Әлемде тек бір ғана тіл – ағылшын тілі үстем болады» деген пікір де негізсіз. Мәселен, технологиясы қарыштап дамып жатқан Қытай елінің тілін ешкім ығыстырып шығара алмайды. Мұхтарбай Өтелбайұлы «Адамзат өркениетінің ғұмыры – мәңгілік»деген  болжамның ықтималдығы 0,01% екенін, Жердің де, Күн жүйесінің де ғұмыры осылай екеніне тоқталды.

Ғалымның айтуынша,  Қазақстанда ең дамыған ғылым – математика. «Қазақ жастары, оның ішінде қазақ мектебін бітірген балалар өте қабілетті және табанды» деді математик өз тәжірибесінен. «Іргелі ғылымның дамуы – халықтың интеллектуалдық деңгейінің басты көрсеткіші» дей келе, ғалым қазақ тілінің, Қазақстанның болашағы зор екенін атап айтты. «Ғылым мен техника дамыса, рухымыз да көтеріледі»деп түйді сөзін академик.  

Жиын соңында Мұхтарбай Өтелбайұлы қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің күн тәртібімен бөлісті. Әлемдегі шешуі табылмаған 7 есептің бірін шешумен айналысып жүрген ғалымға жиналған қауым ұзақ ғұмыр тіледі. Кездесудің бейнежазбасы институттың YOUTUBE арнасында жарияланады.

Дина ИМАМБАЙ

 

  

1176 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы