• Ақпарат
  • 30 Наурыз, 2023

Жарын қорғаған жалғыздық

Былтырғы қаңтар оқиғасынан бір мысал: тергеудің қыспағына түскен  еш жазығы жоқ,  өзі жуастау, бір жағы орысша жақсы білмейтін жігіт кінәсіздігін дәлелдей алмай мысы құриды. Сол кезде  қосағының жазықсыз екеніне куә әйелі қалың өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап,  күйеуін қорғауға кіріседі. Орыс тіліндегі бүкіл сұрақты өзі отырып қазақшаға аударып жазып, жеткілікті дәлелді алға тартып жүріп, ақыры күйеуінің кінәсіздігін дәлелдеп шығады. Ол ол ма, тіпті күйеуімен бірге кездейсоқ қамалған бірнеше жастың босап шығуына дәнекер болады.
Сол кезде бірнеше айға созылған тергеу ісінде «құдай салды, біз көндікке» салынбай, әділдік үшін күрескен қаршадай ғана қазақ қызының бұл қайсарлығына көпшілік тәнті болды. «Қосағының намысы мен арын қорғап, күн-түн көз ілмей ақиқатқа жетем» деп жүгіріп жүрген қазақ әйелінің бұл күрескерлігі расында ерлікпен пара-пар еді... Әулеттің бірлігі мен татулығын көз қарашығындай қорғау, туыстық қатынас желісін үзбей ұрпақтар сабақтастығын жалғаудан бөлек, елдің азаттығы, туған жері, Отаны үшін күрескен аруларымыздың есімін тарихтан білесіздер. 

Әйел әлемі – тылсым. Болмысы нәзік, жүрегі жұмсақ, мейірімділіктің, сұлулықтың символы саналатын әйел затының кейде осылай бұғып жатқан жанартаудай атылары болады... Керек десеңіз, жүрек жұтқан батыр, керек десеңіз, жанкешті де. Оны түсініп, тұңғиығына бойлау, әйел бейнесі осы деп нәзік те әлсіз бейне құрап, байлам жасау әсте мүмкін емес. Әлемде әйел жанына үңіліп, болмысын ашуға ұмтылған қаламгерлер қаншама. Әйел бейнесі сомдалмаған кино бар ма?!
Әйелдің ішінде беймәлім бір қуат көзі бар тәрізді. 
Әйгілі режиссер Чжан Имоудың «Цю Цзю сотқа барады» деп аталатын фильміндегі бас кейіпкер Цю Цзюдің әрекетіне қарап, осыған шүбәсіз сенесің. Бұл туындыны көріп отырып, фильмді «әділдік іздеген әйел» деп атауға да болар ма еді деп ойлайсың. Алайда оқиға желісі қарапайым көрінгенмен, түбі тым тереңде екенін аңдайсың.
Фильмнің басталуы қызық.
Жөңкіген нөпір халық бір жаққа асығып барады. Біреулері велосипедпен зырылдай, ал біреулері арбасын сүйрей тіршілік қамымен қарбаласа жөңкіледі. Біреуге көз тоқтатып, зейін қою мүмкін емес. Қытайда XX ғасырдың 90 жылдарындағы ауыл өмірі мен қала тірлігі мидай араласып кеткен бе деп ойлап үлгересің еріксіз. Қайнаған өмір. Шынайылығы сонша, бұл кино үшін түсіріліп жатқан кадрлар деген ойдан азат боласыз. Нөпір арасынан шағын қоларба сүйреген екі әйел ақырын суырылып, ерекшеленіп шыға береді. Бері жақындағанда ғана, арба үстінде қызыл көрпеге оралған адам жатқанын аңғарамыз... Тосын, қызық сурет... Арбада құндақталған талыстай еркек... Ер адамның дәрменсіздігінің белгісі ме бұл?
...Ауыл басшысы Лэй Кэшэн аяғы ауыр Цю Цзюдің күйеуі Ван Цинлай есімді жігітті соққыға жығып, қабырғасын сындырады. Алған жарақатынан біраз уақыт жұмыс істеуге жарамай жатып қалған Ваннан ауыл басшысы кешірім де сұрамай, керісінше, күйеуінің намысын қорғауға ұмтылған Цю Цзюді мысқылдап, дөрекі сөйлеп, көзге ілмейді. Ауыл басшысының мұндай әділетсіз әрекетіне төзбеген Цю Цзю жоғары лауазымды басшыларға шағым жасап, істің ақиқатын анықтауды сұрайды. Олар болса өтемақы ретінде ақша төлеу туралы шешім шығарып береді. Өз кінәсін сезіну былай тұрсын, шешіммен танысқан ауыл басшысы өтемақыға берілетін ақшаны еңкейіп өзің теріп ал деген ишарамен аяғы ауыр әйелдің аяғының астына итке сүйек лақтырғандай лақтыра салады. Цю Цзю ақшаны алмастан бұрылып жүре береді. 
Қорлық пен әділетсіздік, намыс оты жанын қарыған Цю Цзю тіпті ширығады. Ауыл басшысын тәубеге келтірер шешім шығаруды сұрап құзырлы орындарға шағым жасауын жалғастырады. Бірақ барлығынан алған жауабы бір жауап. Ешбірі ауыл басшысын көпшілік алдында өз кінәсін мойындап, таяқ жеген Ваннан кешірім сұрауға мәжбүрлемейді. Керісінше, өтемақы төлей салып, бұл істі жабуға тырысады. Қарапайым ауыл әйелінің басшының үстінен шағымданғаны лауазымды тұлғаның беделіне нұқсан келтіреді деп санап, шенеунікті қорғауға тырысады. 
Талмай, шаршамай алдымен ауданға, одан үлкен қаладағы құзырлы орындарға жүгінген Цю Цзюді ауылдас­тары кекесінмен келеке етсе, күйеуі әйелінің бірбеткейлігін жақтырмай ыза бола бастайды. 
Зайыбының намысын қорғап, қалаға қатынаған өзі жүкті әйелді көрсете отырып, режиссер тұрмыс-тіршілігі жұпыны, әлеуметтік мәселелері шешілмеген, дамуы кенже ауыл тіршілігінің шынайы бейнесін жасайды. Киносыншылар ауыл өмірі, базар, көше көріністері жасырын камерамен түсірілгендігін жазыпты. Чжан Имоу көрерменге Цю Цзю ең алғаш рет ауданға шағымданып барған сапарында төбелес дауымен жүрген өзге де адамдарды көрсетеді. Бұл арқылы дауласу, күші жеткеннің әлсізді жемтікке айналдыруы секілді хайуани истинктің жүгенсіз кеткенін еске салады. «Адам – адамға қасқыр» екенін, ал достық жайма-шуақ, кең кезеңде ғана деген ойды айтқысы келгендей. 
Кино желісіне қайта оралайық, бас кейіпкердің барлық қоры–үйіндегі кептіріп сақтап қойған қызыл бұрышы. Қалаға шығарда бір бумасын ала шығып, жол-пұл үшін сатуға мәжбүр. Бұрышы таусылса, күресі де тоқтайды. Ал ауыл басшысының үй жағында бұл шаңырақтың бақуатты тіршілігінен хабар беріп, жүгері самсап тұр. Кедейдің үйі күн өткен сайын жұпынылана түссе, ауыл басшысының үйі керісінше тіршілігі қоздап, оты маздап береке кіре түскені байқалады. Яғни, әділеттілік күресін созған сайын әділетсіздік жаққа қарай таразы басы ауа түскендей... Әділетсіздіктің жоны борсықтың жонындай, тіпті, ұрған сайын семірердей...
 Тағы бір көрермен назар аударатын деталь – ауыл басшысының отбасының өздерімен соттасып жүрген Цю Цзюді үйлеріне келгенде жайма-шуақ қарсы алуы. Алдына ас қойып, сыйлап, ештеңе болмағандай құрақ ұшады. Жып-жылы көрініс. Жүрегіңді жайландыратын ауыл адамдарының алғаусыз адал пейілін көресің. Фильмдегі аяғы ауыр Цю Цзюдің қасынан табылатын қайын сіңлісі Мэй Цзидің бейнесі де тым жылы. Қазақтың жеңешесін сыйлайтын дәстүрін еске түсіреді. Жеңге мен қайын сіңлі арасындағы жарасымды әрі шынайы қарым-қатынасты көріп, фильмнің шуақты сәтінен жылу аласың.... 
Ал күйеуін қорғай жан ұшырған Цю Цзю – сұлу әйел. Айы-күні жақындап, жүрісі ауырлағаны да, қабаттай киген қарапайым киімі де, ұзақ жол жүріп шаршағаны да ғажап сұлулығына көлеңке түсіре алмайды. Ақиқат, әділдік іздеген адамның жүзінен шаршау емес, жігер оты, әлдебір шуақтың төгіліп тұратынын Цю Цзюге қарап түйсінесің. 
Бұл картина қытай жазушысы Чэн Юаньбиннің «Ван отбасының соты» деп аталатын шығармасы желісімен түсірілген.Ауыл адамдарының бел жазбай жұмыс істейтін тынымсыз тіршілігін, ауыр тұрмысын көрсете отырып, бас кейіпкер арқылы режиссер қарапайым әрі адал ауыл адамының бейнесін шебер көрсетеді.
Цю Цзю адамдар құқығын қорғайтын органдардың біреуінің де ауыл басшысына кінәсін мойындатып, кешірім сұрата алмауын түсіне алмай дал болады. Цю Цзюге керегі өтемақы, ақша емес, күштіден зәбір көрген күйеуінің арын арашалау, бәсін көтеру ғана еді...
Ақиқатында өктемдік танытқан адам өзін дұрыс санаса, өтемақы үшін берілген ақшаның не құны бар? Қаншама адам осындай әділетсіздіктің құрбаны болды екен? 
Шындық бар ма? 
Ақиқатқа жету мүмкін бе? 
«Цю Цзю сотқа барады» фильмі – адам құқы тең қорғалмайтын қоғам қасіреті туралы туынды. Режиссердің бұл туындысы арқылы не айтқысы келгенін көрермен киноның соңында сезеді. Мәселенің түйіні мемлекетте емес, сол мемлекетті құрайтын адамдарда. 
Фильмнің соңында келіншектің арызы бойынша келген құзырлы орган адамдары ауыл басшысын түрмеге ала жөнеледі. Ауыл басшысы сотталмақ. Абақтыға қамалмақ. Цю Цзюдің күйеуін соққыға жыққаны үшін. Бірақ келіншек ауыл басшысын алып кеткен көліктің соңынан қуады. Оған ауыл басшысының сотталғаны керек емес еді... Оған күйеуінің тапталған намысының, кеткен есесінің қайтқаны керек. Цю Цзю қатыгез емес қой? Оған мұндай «әділеттілік» керек емес.
Чжан Имоудың бұл фильмі 1992 жылы экранға шықты. Сол жылы фестивальдарда 5 бірдей сыйлықты жеңіп алған. Бастысы – Венеция халықаралық кинофестивалінде бас жүлде – «Алтын арыстан» сыйлығын иеленуі. Цю Цзю рөлін сомдаған әйгілі актриса Гун Ли «Үздік әйел рөлі үшін Вольпи кубогы» сыйлығымен марапатталды. 
 
 

Айнұр МҰРАТОВА

10722 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы