• Ақпарат
  • 30 Наурыз, 2023

Жарапазанды қазақ қалай айтқан?

Жарапазан сөзінің рамазаннан шыққанына зерттеушілердің барлығы келіседі. Бірақ бастапқы буынға қатысты пікір екіге жарылады. «Жа-рамазан» немесе «Иә, рамазан». «Жа-рамазан» – арабша «рамазан келді» деген мағына берсе керек. Біздіңше, түркілерге «ж» мен «и» бірдей. Қазақ секілді қыпшақ тілділер «ж-ға» үйірміз. Оғыздар мен қарлұқтардың біразы «и-ға» тәуелді дегендей. 
 

Жарапазан өлеңмен айтылатындықтан оны әдебиетпен, халқымыздың ақындығымен байланыстырған ғалымдардың сөзі орынды дер едік. Ең қызығы – жарапазан тек осы мәтінмен айтылуы керек деген нақты біріздендірілген нұсқа жоқ. Соған қарағанда екі ауыз өлеңді суырып салмайтын қазақ жоқ себепті, көбіне жарапазаншылар өз жандарынан шығарып айтқан секілді. Оның дені ұмыт болған да шығар. Дегенмен, бүгінге жеткен нұсқалар аз емес. Солардың ішінде осы жолдардың авторына жас кезінде естіген мына нұсқалар ортақ, кең таралған түрлері секілді көрінеді:
Ассалаумағалейкум, уа рамазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
Ассалаумағалейкум, уа рамазан, 
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан.
Немесе
Ассалаумағалейкум ақтан келдік, 
Ай туып, күні шыққан жақтан келдік.
Айтты деп жарапазан сөкпеңіздер, 
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, 
Бір келген он екі айда ораза, иман. 
Айтайық жарапазан еліңізге, 
Байласаң барша орамал белімізге.
немесе 
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен. 
 Әшекейлеп сырлаған, 
Ақ сарайдай үйі бар,
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал кермиық,
Қандай байдың үйі екен?
Осы келтірілген нұсқаларды ортақ шығар дейтін себебіміз, сонау Қиыр шығыстағы ауыл­дан естіген шумақтарды, қиыр батыстағы ағайынның аузынан да естідік. Әрі «Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» немесе «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан» және «Үйің-үйің үй екен» деп басталатын шумақтар мен жолдардың еш өзгермей, ортақ әуенмен айтылатыны белгілі. 
«Жарапазанды қазақ қаймағы бұзылмай тұрған кезде қалай айтқан?» деген сауалға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы толыққанды жауап беріпті. «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар «сауап болады» деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Олар жарапазанды екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады». Бұдан жарапазанды ауыл-үй арасында бала-шаға, қыз-бозбала айтып думандатса, жасы үлкендер ай бойы жүріп пайда тапқанын көреміз. 
Әрине, тыңдаушыны еліктіріп, айызын қандыру үшін жарапазан айтушы ақын да, керемет әнші де болғаны дау туғыза қоймас. Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жарапазан айтушыға түйе де берілетінін жазыпты. Соған қарағанда ел ішіндегі әнші-күйшінің кәсібіне де айналса керек. Бірақ оған қарап, бұл асқан өнерпаздардың кәсібі болған деуге келмейді. Кез келген бала-шаға, үлкен-кіші жарапазан айтқан. 
Рамазан сөзінен шыққанын және ораза кезінде айтылатын болғасын жарапазанды тек дінмен байланыстырамыз. Ал, ұлы Мұхтар Әуезов басқаша пайымдайды. «…қазақ жарамазандарының көбін алсақ… күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнәкар болуды айтып, көп тәубамен жалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді. 
Қазақ ортасына «ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды» деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. …жарамазан әу баста маусымдық-күнтізбелік ғұрыпқа қатысты түркі халықтарының бірлігі дәуірінде әлдеқашан пайда болып қалыптасып, кейіннен ислам дінінің қағидаларымен етене тоғысқан аса байырғы синкретті жанр деуге негіз бар. Жарамазан ұлыстың ұлы күні – наурызда айтылған, кейіннен рамазан айында айтылатын болған». 
Демек, жарапазан секілді жанр, дәлірегі – соған ұқсас өлең айту қазақта исламға дейін болған. Яғни ұлыстың ұлы күнінде айтылған. Кейіннен діни түсініктер мен ұғым­дар астастырылған. Оған дәлел де жоқ емес.
Айтайын жарапазан есігіңе-ау,
Сәби бітсін осы үйдің бесігіне-ау, 
Жарапазан тек қана дін жолы емес,
Бұйыртсын деп айтайын несібіңе-ау.
Ескі жыл кетіп қалған есіркейді-ау,
Жаңа жыл жетіп келген не істейді-ау.
Жаңа жыл жетіп келген жүкпен келер,
Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер – деген жолдар Мұхаңның сөзіне дәлел секілді. «Жарапазан тек қана дін жолы емес» деп кесуі расында ойлантады. Сондай-ақ жарапазан түркілерде болғанымен, араб пен парсыда жоқ. Сондықтан ол жақтан келді деуге негіз таба алмайсыз. Демек, ол әбден дұрыс пікір.
Жарапазанды Мұхаң жарамазан деп қолданғанын көріп отырмыз. Қазақстанның кей жерлерінде бұл сөзді жарамаздан, жәдит-жара­пазан, тіпті саһар (сәре) яғни таң сәрі мағынасында да қолданады. Ол мүмкін нау­рыздың таң сәрісі шығар. Содан да, «саһар айтқан балалар, елден елді аралар» деп әндетеді.
Әрине дінге шақырған, насихаттаған жарапазан нұсқалары да бар. Дегенмен жарапазан жырларында сол отбасына барлық жақсылықтарды тілейді. «Кірсін дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен» деген жамандық атаулыны қуып, аластау сарындары да жоқ емес. «Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң, жібермес ақыретте менің назам» деп қорқытып та қояды.
«Ай жағыңа қарасаң, алтыннан терек орнасын, Күн жағыңа қарасаң, күмістен терек орнасын. Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол, Бозторғайдай төлшіл бол, Бәйтеректей бүрлі бол, Пайғамбардай нұрлы бол» деген секілді керемет баталар да айтылады.  
Қысқасы, кейіннен діни астар енгізілген жарапазан да ұлттық, түркілік дәстүр-салт өлеңі. Халықтық өнер. Халықтық той-думан жыры. Оны тек жалаң діни ғұрыппен байланыстыру ағаттық.
Бүгінгінің баласы…
Жарапазанды жастар біле ме? Осы сұраққа жауап іздеп, бір топ студент жастармен пікірлесіп көрдік. 
Айсәуле Кенғашова: – Алматыдағы Тұран университетінің 4-курс студентімін. Жарапазанды жалпы қазақы ауылдағы балалардың барлығы болмаса да біразы біледі деп ойлаймын. Ал басқа ұлттар басым тұратын өңірлерде білмеуі мүмкін. Кейде тіпті қазақы ауылдың жастары да білмей жатады. «Естігем, бірақ не екенін білмеймін» деген жауап алуыңыз мүмкін. Тағы бір қызығы, «жарапазанды тек ер балалар айтады» деген түсінік қалыптасқан.   
Маймаш Дастан: – Жарапазан түркі тілдес халықтардың қанына сіңіп, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ежелгі салт-дәстүрлердің бірі. Жарапазан адамдардың қарым-қатына­сына дәнекер болады. Жақсылық насихатталып, бата беріледі. Кішкентай кезімізде достары­мызбен жиналып, үйді-үйді аралап, жарапазан айтатынбыз. Артынан бата беріп, қор­жынымызды толтырып қайтатын едік. Қазір ауылда да сол салт сирексіп бара жатыр.
Аружан Үстемірова: – Жарапазан рамазан айында айтылатын ән-өлең деп білемін. Яғни, қазақ жерінде ислам діні қалыптасқаннан бері айтылатын тұрмыстық жыр деп айтсақ та болады. Мен өзім жарапазан айтып көрмедім. Інім өзімен сыныптас он шақты баламен бірге жарапазан айтып үйді аралайтын. Жақсы дәстүр. Насихаттай беру керек.  
Рауан Мүтайыр: – Бала кезімізде жарапазан айттық. Өзімізге қызық көрінетін. Түсінбейтін адамды да көрдік. Түсінетін кісілер, «ой, айналайындар» деп, басымыздан сипап, тәтті-тәпсегін, тіпті ақшалай да беретін. 
Жастардан осындай жауап алғасын, көптен Алматыда тұратын Асқар Тұрмағамбет есімді ақсақалға хабарластық.  
–Бұрын қала шетіндегі жер үйде тұрғанмын. Ол жақта жарапазан айтып жүрген жастарды көрмедім. Ал көп қабатты үйге көшкеніме де біраз жыл болды. Есіктің қоңырауын басып, мектеп жасындағы балалар келіп тұрады. «Жарапазан айтқалы келдік» дейді. Айтыңдар десем, кәдімгі «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан» деп жібереді. Кейбіреуі сөзінен жаңылып жатады. Домбырамен шырқайтындар да бар. Разы болып қаласың.  Ең қызығы, дәстүр бойынша тәтті-кәмпит берсең, алмайды. Тек ақша бергеніңді қалайды. Дұрыс емес, әрине. Дегенмен, заман солай ғой –  деді. 


P.S. 
Ілкіде жарапазанның исламнан бұрын түркілік жаңа жыл мейрамы кезінде айтылған салт өлеңі екендігін айттық. Ал қазір халық діни мейрамның көрігін қыздыратын үрдіс ретінде қабылдады. Ол түсінікті өзгерту әзірге қиын болар. Бірақ наурыздың атауы парсылық болғанымен, түркілік мейрам дей­тініміз секілді, жарапазан да түркілік деп сенімді түрде айтайық. Сіңірейік.
 

Д.Белдеубай

10704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы