• Руханият
  • 05 Қазан, 2023

АЛАСАТ СОҢЫ – САБАҒАТ

Меркіден кейін Алматы Мұрат үшін дәл бір ертегінің шәріндей болды. Екі-үш жасынан бері келіп-кетіп жүргенде «шіркін, осындай ғажайып қалада тұрсам» деген тілегі орындалып, қазіргі Желтоқсан, ол кездегі Ыстықкөл көшесінің бас жағындағы бір қабатты үйде оның арман болған астанадағы тірлігі басталды.
Үлкен қалаға көшу, ондағы зәулім ғимараттар мен құжынаған халық, көшедегі жүйткіген көліктер, ең бастысы – еркін кіріп-шығатын жаңа баспана алты жасар Мұраттың жадында жатталып қалыпты. Ол: «Ілиястың әлі ақталмаған кезі. Шешемізге Алматыда тұруға рұқсат жоқ еді, оның қалай шешілгенін білмеймін, соған қарамастан, бізді Меркіден көшіріп әкеліп, қаладан кішкентай үй сатып алып берді. Үй бір қабатты болатын. Астынан подвал жасап, екі қабатты сияқтандырып алдық. Өзіміз, бала-шаға жабылып жүріп салдық. Ол кездері мен тіпті кішкентаймын, сонда да балшық илеп, кірпіш тасып көмектесетінмін», – деп еске алады алғашқы жылы бастан кешкендерін.

 

Мұрат Әуезов өзінің мектеп табал­дырығын аттаған балғын шағы туралы: «50-60 жылдары Алматыда он-ақ пайыз қазақ тұрушы еді. Алматы қаласы бойынша қазақ тілінде екі ғана мектеп болатын. Бірі – қыздарға, екіншісі ұлдарға арналған. Зиялы қауым мен басшылардың ешқайсысы балаларын қазақ мектебіне бермейтін. Соған қарамастан, әкем мені қолымнан жетектеп, №18 қазақ мектебіне алып барған. Үш жыл сол мектепте оқыдым», – деп жазады.
Шынын айтқанда, бұл кезде атағы жер жарған жазушының өзінде жайлы баспана болған жоқ. Қазақтың кең даласы мен көшпелі өмірдің жыршысы атанған суреткер тіршілігі қайнап тұрған қаланың қақ ортасында, дәлірек айтсақ, Калинин көшесіндегі 63-үйдің 29-пәтерінде тұрды. Үш қабатты тұрғынжайдың ең үстіңгісінде орналасқан пәтер жаздың аптабында ысып, қыстың қақаған суығында салқын тартып, Алматының төпелеп жауатын жаңбырынан кейін төбесінен су тамшылап, жазушыны әбден ығыр қылғанға ұқсайды. 
Әуезов басынан бұлт сейіліп, «Абайдың» қос томы Алматы мен Мәскеу баспаларынан мол тиражбен басылып, қолға жеткілікті қаражат түскенде сол кездегі белгілі сәулетші, Опера және балет театры, Бас почта, Қазақ ауыл шаруашылық институты ғимараттарын жобалауға қатысқан Г.Г.Герасимовке Бас арықтың бойынан (қазіргі Абай даңғылы) екі қабатты үйдің жобасын жасауды тапсырады. Екі жыл қатарынан жүргізілген құрылысты өзі ұдайы қадағалап отырған. Мұхаң інісіндей болып кеткен Ысқақ Дүйсенбаевқа 1950 жылдың 3 қазанында Кисловодскіден жазған хатында: «Ең бір қатты тапсыратыным – бұл Валентина Ивановнаға да, Герасимовке де қатты айтылсын (сен айт) – үйдің төбесі қалың жабылсын – жаз ыстық (шатырдан), қыс суық, жауын өтетін болса, ол үй емес – сор. Бұрын төбесін қалың жаптым дей беретін Герасимов, сонысын әлі қалыңдатсын», – деп салынып жатқан үйдің төбесі қалың болуын айрықша тапсырады. Хаттан бұған дейінгі жайсыз қонысынан тартқан азабы аз болмағаны көрініп-ақ тұр.
Сәтімен салынған үйі Әуезов үшін жайлы, берекелі шаңырақ болып, өмірінің кейінгі 10 жылын әр қазақтың көзіне ерекше ыстық көрінетін осы құтханасында өткізіп, өзінің достарын, шетелдік қонақтарын осында қабылдайды. Фотосуреттер мен кинохроникаларда бейнеленген бұл ғимаратта қазір жазушының мұражайы орналасқан. 
Алматы 1926 жылы астаналық мәртебеге ие болып, ондағы қазақ ұлтының үлес салмағы біртіндеп артып келе жатқанда әуелі ашаршылық, одан кейінгі репрессия, соғыс жылдары ер-азаматтардың майданда шейіт болуынан жергілікті халықтың саны елуінші жылдары күрт кеміп кетті. Сондықтан туғанынан ақ жұмыртқа, сары уыздай әлпештеген әкенің айрықша қамқорлығымен тілі таза қазақша шығып, балғын күнінен қазақ ертегілері, батырлар жырымен ауызданған Мұраттың орысқолды қалаға көндігіп кетуі оңай болған жоқ.
Қазақ өмірінің энциклопедиясын жазған қаламгер ұлының таза ұлттық тәлім-тәрбие алуына анасы Фатима үлкен еңбек сіңірді. Ол қазақ әдеби тілін жетік біліп қана қоймай, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихынан, ол заманда кәсіби әдебиеттанушылардың бәрі бірдей біле бермейтін ескілікті ақын-жыраулардың еңбектерінен де өте жақсы хабардар еді.
Фатима анамыздың «Собрать и обработать старое литературное наследие» деген орыс тілінде жазылған мақаласында Досқожа, Асан қайғы, Ақан сері, Албан Асан, Бұқар жырау, Сүйінбай, Мұхамеджан Сералин, Нұржан, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Алтыбай, Мәшһүр Жүсіп, Нармамбет, Жамбыл, Әубәкір молда, Батыргерей, Базар жырау, Ыбырай Алтынсарин, Молда Мұса, Майлықожа, Нұрәлі, Шәңгерей Бөкеев, Көкбай, Әріп, Бұдабайлардың есімдерін атап (өзі жазған ретпен берілді), олардың ел аузындағы шығармаларын зерттеуді кешіктірмей қолға алуды ұсынады. Ары қарай аталған ақын-жыраулардың шығармаларын жинастыруды Сәкен, Бейімбет, Мұхтар т.б. жазушыларға олардың зерттеу еңбектерінің тақырыптарына қарай бөліп беру керектігі жөнінде нақты ұсыныстар енгізеді.
Қазақ әдебиетінің келелі мәселелеріне қатысты осыншама жұмыстың нобайын белгілеп: «Этого слишком мало. Сбор старой литературы надо вести широкомасштабно, с большими средствами, мобилизовав силы всей общественности», – деген қорытындыға келеді. Отызыншы жылдардың өзінде жазылған мұндай сан-салалы ұсынысты тек қазақ әдебиетін емес, оның проблемалы мәселелерін де өте жақсы меңгерген кәсіби әдебиеттанушы ғалым ғана айта алса керек.
Бес жасында қаріп танып, алты жасында мектеп есігін ашып, жеті жасында судыратып кітап оқитын деңгейге жеткен кішкентай Мұратты Фатима әкесінің шығармашылығына салған. Мұрат аға бұл туралы: «Шешем шұлық тоқып отырып, қолыма «Абай жолын» ұстатып, «дауыс-тап оқы» деп оқытқызып қоятын. Жеті жастағы мен «Абай жолын» тереңнен түсінбесем де оқитынмын. «Абай жолын» оқып жүргенімді естігенде әкемнің балаша қуанғанын көрсеңіз», – деп жазады.
Мұраттың бірінші сыныпты ойдағыдай тәмамдағанын әкесі азаматтықтың басы деп қабылдаған. Оның Фатимаға 1950 жылдың 19 мамырындағы хатында: «Жақсы күн құтты болсын. Мұратай оқуды азамат боп бітіргеніне қуанамын. Қайырлы болсын», – деп жазады.
Бір қалада тұрып, жиі жүздесуге мүмкіндік туған соң әке мен баланың арасында хат-хабар алысу осымен 1954 жылға дейін саябыр табады. Мұның екінші себебі: бұл аралықта Мұхаңның басына екі мәрте бұлт үйріліп, тағы да абақтыға жабылу, айдауға кетудің төбесі көріне бастайды.
«Абайдың» алғашқы кітабы соғыс жағдайында жарық көріп, бірден халық ықыласына бөленген соң арызқойлар бұл кітапқа көп соқтыға қоймаған. Шабуыл екінші кітаптан соң белең алды. Сталинге жазылған хаттан кейін олардың пәпігі басылып, пәлеқорлар енді қазақ эпосы, ауыз әдебиеті, Абайдың ақындық мектебіне, Әуезовтің ғылыми-педагогикалық еңбектеріне жармасып, олардан сол баяғы буржуазиялық-ұлтшылдық көріністерін іздеп, сойқанды сала бастайды.

ҚАЙРАН, «АҚЫН АҒА»

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпо­­пеясының «Ақындар ағасы» деген алтын асықтай құйы­лып түскен бес тараудан тұратын, көлемі 14 баспа табақтық үшінші кітабын Мұрат мектепке баратын 1949 жылы аяқтап, «Әдебиет және искусство» жур­налының алты нөмірінде (4-9) жариялайды. «Ақындар ағасы» қос кітаптан тұратын «Абай» романының алып эпопеяға қарай бет алғанын көрсетіп, жас Абай, ақын Абайдың ендігі жерде тұтас мектеп қалыптастырып, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Тұрағұл сияқты талантты ақындардың ағасына, кемеңгер тұлғаға айналғанын көрсететін кесек туынды болып шықты. Өкінішке қарай, бұл роман да «Қилы заман» сияқты күшігінде таланып, жөргегінде тұншықтырылды. Алақұйын жел тұрып, аласат заман басталды.
Алғашқы екі кітап Сталин атындағы сыйлыққа ие болғаннан кейін арызқойлар оған анда-санда бір килігіп өткені болмаса, бұрынғыдай бітеу сойып, тірідей іреуге батылы бармай, нысанаға үшінші кітапты алады.
Эпопеяның аяқталмай қалуынан қатты сескенген Әуезов дереу журналдық нұсқаға «романда тап күресі жоқ» дегендерге тойтарыс беру үшін «Қарашығынды» қосып, бұрынғы екі тараудың атын да, мазмұнын да жаңартады. Толып жатқан толықтырулар енгізу арқылы роман атын журналдағы «Ақындар ағасынан» «Ақын ағаға» ауыс­тырып, 1950 жылы Қазақстанда жеке кітап етіп бастырды. Бұл нұсқа да саясат сақшылары мен социалистік реализм әдебиетінің қырағы қорғаушыларының көңілінен шыға қоймады.
Бір қарағанда роман атауында көп өзгеріс жоқ сияқты. Егер мағынасына тереңдей бойласаң, үшінші кітаптағы Абай ақын ғана емес, соңынан ерген кейінгі толқын ақындардың ұстазы, ақылман ағасы. Журнал оқырман қолына тиісімен арызқойлар олардың бәрін «ұлтшыл», «байшыл», «буржуазияшыл» деп жаппай айыптауға көшті. Осы кезде Әуезов кітап атын «Ақындар ағасынан» Абайдың жеке өзін сипаттайтын «Ақын ағаға» өзгертуге мәжбүр болады, бірақ сөз мәнісін білген адамға автордың түпкі ойы жаңа атаудан да жарқырап көрініп тұрды. 
Әуелгі шабуылды «советтік сөздің сардары» Сәбит Мұқанов бастап, Абайдың ақын шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауиялардың түгін қалдырмай сынап: «Ақын аға» атты романда бұл шәкірттер тағы да мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болды», – деп ары қарай олардың реакциялық бағытта шығармалар жазғанын, ал Әуезов Абайдың беделін пайдаланып, соларды «майлап» өткізіп отырғанын шайырмалап, бақасуды бастап кетеді.
Сәбең талай мәрте атысып, шабысып, бұрқ-сарқ қайнап жүрген ежелгі қарсылас еді. Оның қаржасуларына еті үйренген Әуезов бақай қулықпен жазылған мақалаға мән бере қоймаған сияқты. Осы кезде сая­сат сахнасына Қазақстанның бірінші басшысы Ж.Шаяхметовтің өзі шығып, күтпеген жерден зілдей ауыр соққы жасайды.
Ол 1951 жылдың қазанында өткен рес­публика партия ұйымының сегізінші пленумында «Республика партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» арнайы баяндама жасап, онда: «М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды», – деп жаңа романды шенейді («Әдебиет және искусство», 1951 жыл, №10). Сөз арасындағы ишараны оқи білген адамға Шаяхметов баяндамасында М.Әуезовке бір емес, екі бірдей айып тағады. Біріншіден, Әуезов хан Кенені дәріптеуді бүгін емес, жиырма жылдай уақыт бұрын, яғни 30-жылдарда бастаған. Екіншіден, жаңа романында автор баяғы қателігін қайталап, Кенесарыны тағы да көтермелеп отыр.
Ж.Шаяхметов бұған дейін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған қос томдық «Абай» романынан оның заңды жалғасы саналатын «Ақындар ағасын» бөліп алады. Өйткені «Абайды» сыйлыққа өзі басқарған республикалық партия ұйымы ұсынған. Сондықтан үшінші кітапқа «жаңа роман» деп айдар тағып отыр.
Шаяхметовтің шайтан өрмегі бұл кезде «Ақын аға» деген атпен әбден толықтырылып, «ұлтшылдықтан», «реакциялық кертартпалықтан» арылған кітап нұсқасына емес, журналда басылған «Ақындар ағасына» құрылды.
Шындықты айтар болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кенесарыны мадақтауды ол кезде Орталық Комитеттің қатардағы хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметовтің өзі бастап берген болатын. Ол 1944 жылдың 18 маусымында «Социалистік Қазақстан» газетінде «Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі» деген насихаттық мақала жариялайды.
Ж.Шаяхметов қазақ халқының ескі замандардан басталған ерлік дәстүрлері мен қаһармандығы туралы таратып айта келіп: «Ел басына ауыр күн туғанда қазақ батырлары әрқашан да қол бастап майданға шықты. Солардың ішінде Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай сияқты сан батырлардың ерлік қимылдары, қолбасылық шеберліктері ел аузында ертегіге айналды. Олардың өз халқын жанындай сүюшілігі, жауға рақымсыздығы, елінің тәуелсіздігі жолында қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай, дұшпанға қарсы жүргізген күресі бүгінгі ұрпақ үшін тамаша үлгі», – деп жазды («Социалистік Қазақстан», 1944 жыл, 19 маусым).
Бұдан артық қандай мадақ болуы мүмкін. Хатшы Шаяхметовтің атап көрсе­туінде Кенесары мен Наурызбай ғана емес, оның хан атасы Абылай «өз халқын жанындай сүйген», «елінің тәуелсіздігі жолында кү­­рескен» қолбасшы әрі батыр болып шыққан.
Қазақ ел басына күн туғанда бабалар рухына сыйынып, аруақ шақырған. Екінші жаһандық соғыс басталғанда хан Кененің ертегіге бергісіз қаһармандық жорықтарына бір ғасырға жетер-жетпес қана уақыт өткен. Күні кеше қанды репрессия құрбаны болған ұлы шайыр Мағжан Жұмабаев: «Хан Абылай немересі Кене хан, Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен», – деп зор шабытпен жырға қосқан Кенесары мен түн-түнектен төнген ата жауға қып-қызыл өрттей тиген есіл ер – баһадүр бабалардың даңқы әр қазақтың санасында жаңғырып тұрған. 
Шаяхметов мақаласында қол бастаған қазақ батырларының ерліктері «ел аузында ертегіге айналды» дегенді жазғанда бар қазақтың жүрегіне жол тапқан Мағжанның «Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен, Хан заманы, ер заманы ерте екен» деген ғажайып жыр жолдарының жетегінде кеткенін өзі де байқамай қалған. 
Хатшының өзі «бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі» деп тұрған соң Бекмаханов Кенесары қозғалысы туралы келісті монография, ал Әуезов классикалық пьеса жазды. Академик А.Панкратова бастаған ғалымдар Ке­не­сарыға «Қазақ ССР тарихының» бірінші ба­сы­лымында ұлт тарихы төрінен орын береді. 
Мақала соңында Ж.Шаяхметов қан майданда шайқасып жүрген қазақстан­дық жауынгерлердің жауға қарсы қаһармандықпен соғысып жатқанына екпін түсіре келіп: «Бұл күресте оларды бұрынғы өткен ата-бабаларының аруағы жебеп, бойларына қуат береді, күреске құлшындырады. Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Амангелді сияқты аталары елін қалай сүйсе, халқы үшін қалай қызмет етсе, жауымен қалай күрессе, бүгін отан соғысы майдандарындағы батырлар да елін солай сүйеді, жауымен солай күреседі», – деп Кенесарының есімін бір мақалада қатарынан екі рет атап, елін сүйген, халқына қызмет еткен, жауымен күрескен батыр екендігін, оның аруағы жауынгерлердің бойына қуат беріп, күреске құлшындыратынын тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазады.
Егер Шаяхметовтің сыны – әділ сын, ал оның өзі принципшіл коммунист болса, жазаны өзі бастап тартуы керек еді. Ал ол сын садағын Әуезовке кезеп, нысанаға Абай мен Кенесарыны қоса алады.
Отызыншы жылдары Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстық НКВД органдарында басшылық қызмет істеген, тумысынан аса сақ Ж.Шаяхметов Абылай мен Кенесарының есімін аруақ шақыру үшін айтқан жоқ, өз көсемі – генералиссимус Сталинге еліктегендіктен жасады. 
Соғыстың алғашқы айларында айбынды Қызыл армия тас-талқан болып жеңіліп, миллиондаған әскер майдан даласында опат болды. Техникаға негізделген жаңа заман әскери өнерінің теориясы мен стратегиясын жақсы білетін М.Тухачевский бастаған талантты қолбасшылар Сталиннің қанды қасабына түсіп, атылып кеткеннен кейін олардың орнын басқан А.Власов сияқты жарамсақ генералдар жау жағына шығып, сатқындық жасады. Кеңес ақын-жазушылары жабыла мақтаған маршал Буденныйдың шошақ бөрікті конармиясы 1941 жылдың жазына дейін-ақ шілдің қиындай шашылып қалды. Мұздай қаруланып, өңмендей, өршелене алға жылжыған дұшпан Мәскеудің іргесіне тақайды. Мұндайда қолдан жасалған «Клим батыр», «Буденный батырлар» ендігі жерде жауынгерлердің рухын көтеруге жарамайтынын сезген Сталин 1941 жылы 7 қарашада Қызыл алаңда өткен әскери шеруде орыс халқының өткендегі ерлік дәстүрі мен атақты қолбасшыларының даңқына жүгініп: «Пусть вдохновляет вас в этой войне мужественный образ наших великих предков – Александра Невского, Дмитрия Донского, Кузьмы Минина, Дмитрия Пожарского, Александра Суворова, Михаила Кутузова!» – деп ұран тастайды. Осы тізімдегі Невский, Донской, Пожарс­кий орыстың ұлы князьдары тұқымынан, ал Минин өте ауқатты әулеттен шыққан адам болатын. Суворов пен Кутузов та нағыз ақсүйектер тұқымынан еді. 
Егер Сталин үстем тап өкілдерінен шыққан ұлы князьдар мен өткен заман қолбасшыларының есімін ұранға шақырса, бізге неге Абылай хан мен оның ұлт азаттығы туын көтерген немерелері – Кенесары мен Наурызбайды үлгі етпеске деген оймен Ж.Шаяхметов те аруақты ерлерді қазақ жауынгерлеріне өнеге етіп ұсынады.
Қазақстандық бас коммунисті кейін «дөң айналмай ант атты». 
Ж.Шаяхметовтің баяндамасында «Хан Кенемен» қатар Е.Ысмайыловтың «Кенесары Қасымовтың қазақ халқын азат ету жолындағы күресі туралы» монографиясын сын тезіне алып: «Кенесарыны қазақ еңбекшілерінің орыс патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп дәлелдеуге тырысып, Кенесарының қырғыз халқына жасаған шабуылын ақтағысы келді», – деп дікілдейді. «Батыр Науан» поэмасының авторы Қ.Бекхожинге қарата: «Кенесарының інісі Наурызбайды халық батыры деп көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жазған өлеңдерінде ол қазақ жауынгеріне Кенесарыны еске түсіруді, қазақ халқын қан қақсатқан қанішер жендеттей болуды тапсырды», – деп өзі «халқын жанындай сүйген» деген Кенесарыға «қанішер-жендеттің» қамытын кигізеді. 
Шаяхметов Қажым Жұмалиевтің «Батыр Мәлік» деген мақаласына дейін кіжініп: «Х.Жұмалиев Мәлік Ғабдуллиннің батырлығын халықтарды тұншықтырушы Едігенің, реакцияшыл Кенесары ханның және басқаларының қарақшылық зорлықтарынан туғызады», – деп күні кеше ғана өзі «қаһарман» деген хан Кенені қарақшы деңгейіне апарып тастайды. Егер хатшының өзі 1944 жылғы мақаласында олардың ерлігі «бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі» деп хан Кенені көкке көтеріп тұрса, олар неге басқаша жазуы керек? Бұл сұраққа, әрине, жауап жоқ. 
Мұндай саяси салмағы зіл батпандай сынның дүмпуі бұдан да зор болатынын жақсы білетін М.Әуезов Шаяхметов сойқанынан ізін суытпай әуелі Г.М.Маленков пен М.А.Сусловқа, ал 1951 жылдың 1 жел­тоқсанында КСРО Жазушылар одағы­ның төрағасы А.Фадеевке хат жазады. Ол республика партия ұйымының басшысы Ж.Шаяхметов пікірінің орынсыз екендігін, ол романның кемшіліктерінен арылып басылған кітаби нұсқасына емес, қасақана журналдық жарияланымына сілтеме жасап, жазушының сыннан уақытында тиісті қо­рытынды шығарып үлгергенін көрсе де, көр­мегенсіп отырғанына баса назар аударады.
М.Әуезов Одақ жазушыларының басшысына: «Было бы законно сказать о романе так, если он остался в том же варианте 1949 года. Но почему же не упоминается в докладе вариант последний и окончательный, тем более исправленный почти на 40% и изобличающий национализм? Почему не учитывается тот факт, что это последний вариант романа пока что является единственным деловым творческим ответом на критику национализма в Казахстане», – деп ашына жазады.
«Ақындар ағасы» 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарық көргенде Шаяхметовтің Кенесары мен Наурызбайдың қаһармандық дәстүріне сыйынған мақаласының «Социалистік Қазақстанда» жарияланғанына әлі бес жыл да өте қоймаған. Бірақ роман шыға салысымен тағы сол бәз-баяғы «ұлтшылдық» туралы кірапат науқан басталып, кесапат пікір өріс алғанда жазушы оны орыс тіліне бірден толықтырылған нұсқадан аударуға кіріседі. Нәтижесінде, журналдық вариант кітап болып шыққанша баспадағы романға жеті баспа табақтай өзгеріс енгізіп үлгереді, бірақ бұл кезде Әуезовке қарсы бағытталған сынның тегершігі шыр айнала бастаған еді. Қозғалысқа республиканың бірінші басшысы өзі келтірген бұл күмірем кезең тура екі жылға созылып, оның соңы жазушының бас сауғалап Қазақстаннан кетуімен аяқталды.
Тергеусіз, сотсыз «үштіктің» әмірімен кез келген адамды «халық жауы» деп айып-тап, ату жазасына кесетін отыз жетінің зұлматы келмеске кетсе де, елуінші жылдары сталиндік репрессияның екінші толқыны басталып кетті. Әуезовті қаралау науқанында қарсы жаққа да жауаптасу мүмкіндігі беріліп, өз білімі мен ұстанымына нық сенген әрі шегінерге жері қалмаған академик-жазушы шабуылға шығады.
Республика басшысы қарғыс таңбасын басып қойған романға Қазақстанда жақтас адам табудан күдер үзген М.Әуезов ендігі күшті романның орысша аудармасына салып, оны тезірек одақтық деңгейдегі беделді журналдардың біріне шығаруға білек сыбана кіріседі. М. Әуезов «Абайдың» үшінші кітабын орысшаға аударудың жай-күйі туралы өзінің ежеттес іні-досы Ысқақ Дүйсенбаевқа 1950 жылдың 3 қазанында жазған хатында: «Мен Мос­квада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да, қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей, түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 етіп жаңа сценалар қосып бердім. Соның қазақшасын да жазып, подстрочнигін де өзім аударып бердім. Қысқасы, 18 күн ішінде орысша, қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып алды», – деп толық мағлұмат береді.
Хаттан байқалғандай, Әуезов бұл жолы шайқалып, найқалып жүретін Л.Соболевтің жайбасарлығына сенбей, кітаптың подстрочнигін өзі қарап шығып, бірден «Знамяға» өткізеді. «Жарытып қосылған» жеті баспа табақ қосымшаларды да орыс тіліне тездетіп өзі аударып шыққан. Қазақстанда «Абай жолының» үшінші кітабы сыналып жатқанда оны орыс тілінде Мәскеуден шығаруды тездету үшін Мұхтар амалдың жоқтығынан Леонид Соболевтің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.
«Знамя» журналы басшылығының өтініштері, сын-ескертпелері негізінде Мұхаң Абай көзқарасына орыс достарының тигізген «игі әсері», Ресейде оқыған Әбіштің «прогресшіл» көзқарасының қалыптасуы, Абайдың өз төңірегіндегі Көкбай бастаған «ескішіл топқа» қарсылығы, Базаралы, Дәркембай бастаған кедейлердің тап күресіне араласуы сияқты тақырыптарға жеті баспа табақтай толықтырулар жасайды. Мұхаң «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдан – материалист, «Мұқым қазақ баласы, Тегіс ақыл сұраған» Құнанбайдан – капиталист, «Мен білемін, қайтейін, Мұндай асыл тумайды» дейтін Әбіштен – революционер, ойдан шығарылған Дәркембайдың өзінен пролетариат жасауға ұмтылған аудармашы және журнал редакторының келеңсіз «ұсыныстарын» орындаудан бас тартып, Абай мен Құнанбайдың арасындағы қарым-қатынастың бояуын қалыңдата түсуге мәжбүр болады.
«Знамя» журналының бас редакторы В.Кожевников 1950 жылдың наурыз айында «Абай жолының» үшінші кітабын редакциялау, өндіріске жіберу мәселесіне арналған арнайы кеңес өткізеді. Ресейлік белгілі жазушы Вячеслав Огрызко «Литературная Россия» газетінің 2018 жылдың №27, 28, 29 нөмірлерінде жарияланған «Развенчивая мифы вокруг великой эпопеи Мухтара Ауэзова» атты әдеби-зерттеу еңбегінде осы кеңестің Ресей мемлекеттік әдебиет пен өнер мұрағатында сақталған стенограммасына нақты сілтеме жасай отырып, әлі күнге дейін «Мұхтар Әуезовтің үлкен досы» деп бағаланып жүрген Л.Соболевтің: «Я встал перед тем, что романа нет и надо писать его заново. Но роман ведь написан, его можно либо зачеркивать и писать новый, либо в рамках существующего романа что-то усовершенствовать. Третьего выхода не может быть», – деп зіркілдеп, жазушының ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің тас-талқанын шығарғанын ашына жазады. Соболев бұдан әрі ар-ұят атаулыны жиып қойып: «Ауэзов чрезвычайно туп на подсказки и принятие подсказок», – деп академик-жазушының ар-намысына тиетін былғаныш сөздерді айтуға дейін барады. Сол заманда ғылым докторы, профессор, академик сияқты абыройлы атақтарға ие болып, «Абайдың» алғашқы екі томы әлем тілдеріне аударылып, дүние жүзін шарлап кеткен Мұхтар Омарханұлына «чрезвычайно туп» дегенді айтқан Соболевтің өзі қып-қызыл ақымақ еді.
Егер Әуезов аудармашының «подсказкаларын» түгел қабылдаған жағдайда қалың оқырман «Абай жолында» ұлт ұстазы, халық кемеңгері деңгейіне көтерілген данышпан Абайдың орнына орыс достары ықпалымен маркстік-лениндік идеяларымен қаруланып, қазақ даласынан коммунизм елесін іздеп жүрген қияли Абайды ғана көрер еді. Журнал алқасында болған талқылауда айтылған Соболевтің жұлмыт сөздерінің шет-жағасын естіген соң Әуезов онымен арасын бірден ажыратып, хат-хабар алысуды мүлде доғарады. 
Әдеби ортада қалыптасқан этика бойын­ша аудармашы авторға ақыл айтпауы керек. Ол автордың ойын дәлме-дәл жеткізу үшін өзі түсінбеген сөздердің төңірегінде кеңес сұрауы мүмкін, бірақ оған «ананы жаз, мынаны ескер» деп ақылдымсуға еш хақысы жоқ. Ұсыныс-пікірді баспа мен журнал басшылығы, редактор мен рецензенттің айтуына болады. Соболев мұндай әдеби, адами этикетті белден басып, ожарлықтан – өктемдікке, баса-көктеуден басынуға дейін барған. Ленинград университетін бітірген Мұхаң орыс тілін Соболевтен кем білмеген, сол себепті көп жағдайда аудармашыға қатысты жұмыстың көпшілігін амалсыздан өзі атқарған.
Әуезов қосымшаларын алған Соболев 1950 жылдың 6 тамызында Мұхаңа хат жазады. Мұны екеуінің арасындағы соңғы хаттардың бірі деп санаймыз. Әуезовтің 50 томдығында олардың бұдан кейінгі хат­тары тіркелмеген. Аптығы басылып, беті қайтып, сабасына түскен Соболев бұл жолғы хатын «Дорогой Мухтар!» деп бастап, ұсыныстарын бұрынғыдай өктемдікпен емес, «прошу тебя», «прошу прислать» деген биязы тіркестермен жеткізуге тырысады.
Әуезовтей ақыл-ой алыбын басынуға дейін барған Соболевтің қазақ мәдениеті жөніндегі таным-түсінігі өте тұрпайы деңгейде болған. Соңғы хатта ол Қоңыр әулие маңындағы балбалтастарға қатысты: «Не очень понятно – изваяние ли это или игра природы? Разве казахи высекали из камня фигуры», – деп білімсіз бейшараның сұрағын қояды.
Оның ойынша көк түрік заманындағы бабалары тастан қашалған ғажайып өнер туындылары – балбалтастар жасап, сына жазуын ойлап тауып, соңына тасқа бәдізделген мыңдаған ескерткіш қалдырған қазақтар орысқа бодандыққа дейін мәдениеттен мүлде мақұрым, тіпті алғашқы қауымдық құрылыс адамдары меңгерген тас қашаудың өзін білмейтін жабайы адамдар болған сияқты.
Әуезовтің соңғы хаттағы Соболев ұсыныстарын қаншалықты қабылдағанынан біз хабардар емеспіз, бірақ үшінші томнан кейін онымен шығармашылық байланысты күрт үзіп, ат құйрығын біржолата кескен.
Қайта-қайта туындай берген дау-дамайға байланысты 1950 жылдың аяғы – 1951 жылдың ортасына дейін романға үздік-создық редакторлық түзетулер енгізіліп, оның бірінші бөлігін жариялау 1951 жылдың тамызына белгіленеді. Осы кезде бәрін сырттай бақылап отырған Сәбит Мұқановтың ескі жыны қозып, дауға араласады. Вячеслав Огрызконың жоғарыда аталған еңбегінде Сәбең 1951 жылдың 8 мау­сымында «Знамя» журналының бас редакторы В.Кожевниковқа хат жазып: «В моем докладе будет подвергнут резкой критике и роман Ауэзова «Ага акынов», перевод которого, насколько мне известно, должен печататься в одном из ближайших номеров редактируемого Вами журнала. Мне известно, что т. Ауэзов внес ряд поправок в перевод, но я беспокоюсь о том, что мог ли он предвидеть те ошибки в его романе, которые я буду разбирать в моем докладе? В скобках замечу, что они вопиющие», – деп романның «Знамяда» басылуына бөгеуіл жасауға тырысады («Литературная Россия», 2018 жыл, №28).
Сол заманда жеке-дара қазақ әдебие­тінің төрінде отырған адамның әр қазақтың жүрегіне тым ыстық көрінетін «Ақын ағаны» дәл осылай аяқтан шалуы ұят-ақ болды. Қайтеміз, мұндай да жағдай болған.
Эпопеяның үшінші кітабының алғашқы тараулары «Знамя» журналының 1951 жылғы 8-нөмірінде басылып шығады. Журнал бас редакторының орынбасары В.Катинов 1951 жылдың 13 тамызында Мұхаңа хат жолдап: «По восьмому номеру получаем уже первые читательские отзывы. Все в большом удовольствии», – деген қуанышты хабарды жеткізеді. Хат соңында автор мен аудармашының арасындағы қарым-қатынастың суып кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп: «Третьего дня по душам беседовал с Соболевым. Вы переросли его и ушли далеко вперед, но переводчик-стилист, чувствующий душу Вашего творчества, он отличный. От души советую Вам беречь это творческое наследие», – деген кеңес береді. Соболевтің дәлдүріштігінен әбден көңілі қалған Әуезов бұл кезде эпопеяның соңғы томын аяқтап, оған жаңа аудармашылар іздей бастаған. Эпопеяның қорытындылаушы төртінші томы Соболевтің араласуынсыз шықты.
Осы тұста жаңа буын әдебиетта­нушы­лары мен әуезовтанушыларының назарын мынаған аударғым келеді. Әуезов шырғалаң заманда саясат үшін, айтыс-тартыстарда Сталиннің еркесі, «ұлы орыс халқының» өкілі ретінде қорған, қалқан болсын деп Собо­левтің есімін «Абай» трагедиясы мен қазақ эпосы жайлы классикалық моно­графия­сына амалсыздан қосақтаған. Ендеше, алдағы уақыттарда Әуезовтің келесі көптомдығын дайындау барысында кемеңгердің ұзақ жылдарғы ізденіске толы шығармашылығынан туындаған іргелі ғылыми еңбегі мен «Абай» трагедия-сын жазушының жеке-дара авторлығына көшірген жөн.
Бұл – Әуезов алдындағы біздің ұрпақтың парызы.
Ұлы эпопея жазылуының шынайы тарихы мен оның поэтикалық күш-қуатын ашу және жазушының түпкі мақсатын тану үшін Ресей мұрағаттарындағы құжаттарды, оның ішінде эпопеяның 4 кітабын аудару барысында жазушының Сталинге, Маленковқа, Сусловқа жазған арыз-тілектерін, одақтық үлкен журналдар мен баспа басшыларына, редакторларына жазған хаттарын, шығарманы талқылауға арналған стенограммаларды, Сталиндік, Лениндік сыйлық жөніндегі комиссия мен комитеттегі пікірталастарды түгелдей саралап, ғылыми, әдеби сүзгіден өткізу керек. Сонда ғана біз ұзақ жылдар бойы кеңестік саясат жасаған жалған стереотиптерден арыламыз.
Жаңа шығарма аяғын тәй-тәй басқан жас бала сияқты, жан-жағынан демеу күтеді. Оның қадамын ашып, аяғын нық басып кетуі үшін жылы лебізбен демеп, жақсы лепеспен жігерлендіру керек. 
Үшінші кітаптың лайықты бағасын беруге Әуезовтің ұзақ жылдардан бергі шығармашылық және отбасылық сыйлас досы, қазақ әдебиетінің ғана емес, өзбек, азербайжан, қырғыз, татар, қарақалпақ әдебиеттерінің де үлкен жанашыры, 1931 жылдан бастап Алматыда тұрған, кейін Мәскеуге оралып докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанған, хаттарында «Зоенька милая!» деп үнемі еркелете атайтын Зоя Кедрина араласып, «Извес­тия» сияқты одақтық деңгейдегі беделді басылымда «Путь Абая» атты тереңнен толғаған көлемді мақала жариялап, академик Қ.Сәтбаев айтқан пікірмен ұштасатын: «Роман М.Ауэзова смело можно назвать своего рода энциклопедией дореволюцион-ной жизни казахского народа», – деген биік баға береді («Известия», 1951 жыл, 14 қазан).
З.Кедрина мақаласының соңында күрделі психологияға құрылған диалогтар арқылы адам жан дүниесінің қатпарларын ашатын Әуезов сияқты суреткердің шеберлігін аудармашы өз деңгейінде көрсете алмаған деп Л.Соболевтің атына әбден орынды сын-ескертпелер де айтады. Профессор З.Кедрина сол 1951 жылы Әуезов туралы ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде, «Советский писатель» баспасынан жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен қамтитын «Мұхтар Әуезов» атты еңбегін басып шығарады. 
Эпопеяның үшінші кітабындағы жазушы табысына «Литературная газета» да жедел үн қосып, онда сол замандағы Ресейдің аса көрнекті әдебиет сыншысы Юрий Либединскийдің «Путь великого просветителя» деген көлемді мақаласы жарияланды. Оның авторы жазушы үш кітап бойына қазақтың ұлы ақыны мен ағартушы образын өмірдің қилы кезеңдері мен сан алуан оқиғаларынан өткізе келе үлкен шеберлікпен сомдағанын талдай келіп: «В целом же следует отметить важный почин, сделанный казахской советской литературой, которая дала монументальный образ великого просветителя своего народа», – деген қорытынды жасайды («Литературная газета», 1951 жыл, 13 желтоқсан).
Әлі орыс тілінде жеке кітап болып басыла қоймаған романға одақтық деңгейдегі үлкен басылымдарда мұндай жоғары баға берілуін Қазақстан басшылығы қолдаудың орнына сол баяғы қаралау, күстаналау бағытындағы қиянатшы әрекеттерін одан әрі жалғастыра түсті.
Мәскеулік авторлар романның жетіс­тіктеріне негізделген көтеріңкі бағаға толы мақалаларын бірінен соң бірі жариялағанда қазақстандық арызқойлар тағы да қарға-құзғындай шулай бастайды. Бұл жолы ұлы жазушыны тұқырту кезегі оның шәкірті, осы кезде академик Әуезовтің жетекшілігімен докторлық диссертациясын дайындап жүрген филология ғылымының кандидаты Митрофан Семенович Сильченкоға бұйырды. Оның еңбегіне Мұхаң қитұрқы мақала жариялануынан небәрі жарты жыл бұрын –1951 жылдың 29 қаңтарында кең көлемде рецензия жазып, диссертанттың жетістіктерімен бірге кемшіліктерін де көрсетіп, ұстаздық көңіл-бейілмен ақыл-кеңестер берген.
Шынын айтқанда, М.Сильченко қазақ әдебиеттану, абайтану ғылымында күні бүгінге дейін асыра мақталып келе жатқан­дар­дың бірі. Ол Абайды аударуға да әрекет жасаған. Мұның қалай шыққаны жайлы білгісі келетіндерге Г.Бельгердің «Как ака­де­мик Митрофан Сильченко переводил Абая» деген мақаласынан оқуға кеңес береміз.
М.Сильченконың «Новый роман об Абае» атты мақаласы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Обалы нешік, мақаланың бас жағында романның жетістіктері жөнінде мәскеулік авторлардың пікірін қайталай келіп, орта тұсына келгенде нілдей бұзылып: «При достаточно глубоком показе Абая – общественного деятеля – в романе не раскрыт в полной мере облик поэта-новатора. Этот облик рассеян в подробностях и частностях, с трудом воссоздается целостное представление о нем», – деп бұған дейінгі мақтауының бәрін жоққа шығарады.
Ары қарай солақай сынды үдете түсіп: «Роман «Акын ага» фактически построен на буржуазно-объективистской концепции так называемой «литературной школы Абая». Широкие перспективы и связи поэтической деятельности Абая в ней ограничены узким кругом поэтов, общавшихся с ним в быту. Причем в этом кругу и реакционные и прогрессивные поэты действуют, в разной мере, как ученики Абая», – деп шатпақтап, Абайдың ақындық мектебін тас-талқан етеді.
Әрине, Сильченко Қазақстанда басыл­ған «Ақын аға» мен оның «Знамя» журна­лындағы автордың көптеген өзгерістерімен жарияланған нұсқаның арасында аса үлкен айырма, үштен екіге жуық көлемдегі толықтыру бар екендігінен жақсы хабардар. Өзі қазақша білмейтін автор романды не­гізінен дәл осы журналдан оқыса да, қате­ліктерді қасақана қазақша нұсқадан іздейді.
Мақаланың соңында академик Әуезовтің шәкірті М.Сильченко қарғыс таңбасы сияқты байлам жасап: «Акын ага» не имеет права на распространение, он вводит читателей в заблуждение, извращает действительность», – деген сұмдық қорытындыға келеді («Казахстанская правда», 1952 жыл, 2 ақпан).
Сильченконың аузынан шыққан іріген сөздің «өміршеңдігі» сондай кезінде 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған, «айналасы теп-тегіс жұмыр келіп», Әуезовтей ер данасы «қиыннан қиыстырған» роман бұдан соң Әуезовтің көзі тірі кезінде де, тіпті ол дүние салғаннан кейін де сол таза, асыл күйінде мүлде басылмады. 
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрген жазушының 50 томдығында эпопеяның көп өзгеріске түсіп, амалсыз толықтырулар енгізілген үшінші кітабы 24-томға, ал оның 1950 жылы Қазақстанда «Ақын аға» деген атпен жарық көрген бастапқы нұсқасы 26-томға топтастырылды. Осы томға түсініктеме жазған әуезовтанушы Т.Әкім роман жарияланған «Әдебиет және искусство» журналының алты нөмірінің тек біреуі (№7) ғана сақталып қалғанын, «өзге сандары жоқ» екендігін көрсетеді. Бұл «Ақындар ағасы» сияқты «зиянды кітап» жариялаған журнал нөмірлері Қазақстан кітапханаларынан түгелдей жинап алынып, пышаққа түскенін айғақтайды.
Әуезовке қарсы бағытталған қаралау науқанын республика партия ұйымының жүйелі түрде ұйымдастырғаны 1953 жылдың 30 қаңтарында Кеңес одағының бас газеті – «Правдада» жарияланған Павел Кузнецовтың «Величание вмес­то критики» деген мақаласынан айқын аңғарылды. Мақала авторы Павел Кузнецов – қазақ әдебиеті тарихында Жамбылды орысша сөйлеткен талантты аудармашы ретінде көп насихатталған адам. Шығыс Қазақстанға жер ауып келген кержақтардың арасынан шыққан бұл қатардағы журналист баспасөзде сатылап өсе жүріп, 1943 жылы «Правда» газетінің әскери тілшісі деңгейіне көтеріледі. Кеңес коммунистерінің бас газетінде партия тапсырмасын тап-тұйнақтай орындап, табан аудармастан жиырма жылдай қызмет істепті.
Ол отызыншы жылдардан бастап Жамбылды орысша аудара бастаған, бірақ Жамбылды жыр алыбы еткен Кузнецов та, оның әдеби хатшылары да емес, қазақ поэзиясының Сыпыра жыраудан Сүйінбайға дейін үзілмей жеткен ғажайып дәстүрі еді. Ақиқатын айтар болсақ, П.Кузнецовтың аудармашылығы «Правданың» насихаттық мақаласының деңгейінде ғана еді. Жәкеңнің «Ленинградтық өренім, Мақтанышым сен едің» деген батырлар жырындай төгіліп тұрған өлеңін Кузнецов газет мақаласының тақырыбындай: «Ленинградцы, дети мои, Ленинградцы, гордость моя», – деп сірестіріп аударғанын тәржіме өнерінің шыңы деуге бола қоймас. 
Ең өкініштісі, П.Кузнецов Мұхаңның шығармашылығын ғана емес, өзін де жақсы білетін. Олар осы мақала шыққанға дейін ұдайы хат-хабар алысып тұрған. 
Әуезов көптомдығында жазушының Кузнецовқа жазған бірқатар хаттары жарияланған. Мұхаңның 1943 жылдың 15 қазанында жазған хаты «Милый Павел Нико­лаевич!» деп басталып, ары қарай өзінің «Абайдың» екінші кітабына материал жинауға қалай кірісіп жатқан­дығын зор қуанышпен жеткізеді. Кузнецов­тың Әуезов­ке жазған хаттарының сақтал­ғаны­нан хабарым жоқ, бірақ Әуезов жазбала­ры­ның сыңайына қарағанда, Кузнецов та әйгілі жазушыға өз жайынан хабар беріп отырған.
Қазақстан Компартиясының әдеби киллерлікке погон таққан, кобура асынған Павел Кузнецов сияқты әскери журналисті таңдауының өзінде көп жорамал бар еді. Әуезов жалғыз болмауы үшін Кузнецов сын садағына жас зерттеуші Темірғали Нұртазиннің «Сәбит Мұқановтың творчествосы» деген кітабын қоса іліп, оның атына да бірсыпыра сын-ескертпелер айтады. Бұдан кейін түгелдей Әуезов шығармашылығына ауысып, «Түнгі сарынды» біраз жұлмалаған соң «Абайды» әбжыландай арбауға көшеді. Сталиндік сыйлыққа ие болған алғашқы екі кітапты жайына қалдырып, профессор Кедрина мақтаған үшінші кітапқа шабаланады.
Кедрина осал ғалымдардың қатарынан емес еді. Ол осындай керауыздардың болатынын алдын ала біліп, өз монографиясында Әуезовтің өткенде жіберген қателіктеріне де тоқталған, бірақ бұл Кузнецовқа тек сипай қамшылау сияқты көрінеді. Ол: «З.Кедрина не раз говорит об идейных ошибках в творчестве М.Ауэзова, но в столь противоречивых, взаимоисключающих формулировках, что это может вызвать путаницу», – деп шәлдіріктейді.
Автор «жаптым жала, жақтым күйе» деген принциппен Әуезовтің жазбаған нәрсесінің өзін оған айып ретінде тағады. Ол: «Известно, например, что такой трагический период истории Казахстана, как десятилетний кровавый разгул заклятого врага казахского и русского народа Кенесары-хана, не нашел отражения в романе М.Ауэзова», – деп автордың «Кенесары тақырыбы» сияқты қақпанға түспегеніне өкініш білдіріп, орағыта соғады. Әрине, Әуезов Кенесары тақырыбын қалай жазса, кінәрат іздеушілер одан міндетті түрде мін табар еді. «Хан Кенеден» аузы күйген автор құрулы қақпанға арандап қалмау үшін шетін тақырыпты шет жағалап қана өткен.
Автор қазақ халқының ақылман ұстазы, кемеңгер перзенті ретінде танылып үлгерген Абайға сес көрсете алмаса да, оның ақын ұлы Мағауия мен талантты шәкірті Көкбайға қарай күпсінеді. Кузнецов: «Критик ни словом не упоминает о грубейших ошибках в этих статьях, где в частности, популяризуются махрово-националистические поэмы Магавьи и Кокпая о душителях народа – Шамиле и Кенесары», – деп сорлы Көкбайдың сақалына жармасады.
Мақаланың соңында Әуезов шығарма­шылығы түгелдей ескіні көксеу сарынында деген қорытындыға келіп: «Кедрина затушевывает такой недостаток в творчестве М.Ауэзова, как идеализация феодально-родовой старины и сглаживание классовых противоречий в дореволюционном казахском ауле», – деген көкайыл қорытындыға келеді («Правда», 1953 жыл, 30 қаңтар).
«Правдада» жарияланған мақала Қазақстанда кеңінен талқыланып, «Казахстанская правда» газетінде, «Әдебиет және искусство» журналында қайыра басылып, Әуезов төңірегіндегі дауды өршіте түсті.
Апырай дейсің осындайда, кезінде Мұхаңның «Милый Павел Николаевич!» деген ықыласына ие болып, бұған дейін жарияланған мақалаларында жазушыға талай мадақ арнаған «Сүйікті Павел Николаевич» Әуезовтің даңқы жер-дүниені шарлап кеткенде оның бет-жүзіне қалай қарады екен?..
СӘБИТТІҢ 
СҰМДЫҚТАРЫ

Қазақстандағы Әуезовті қаралау науқаны 1953 жылы ерекше қарқын алып, оған тың күштер қосылды. Солардың бірі филология ғылымының кандидаты Сәбит Нұрышев деген «қу тілмен қулық сауған» нағыз жырындының өзі болды. Ол мұның алдында 1951 жылы 14 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» мақала жариялап, онда Әуезовтің есімін атамаса да, абайтануда жіберілген «қателіктеріне» соқтығып өткен. Араға екі жыл салып, Әуезовке деген шабуыл үдей түскенде Ғылым академиясы хабаршысының 1953 жылғы 4-нөмірінде орыс тілінде «До конца искоренить буржуаз­но-националистические извращения в изучении творчества Абая» деген атының өзі аттандап тұрған көлемді мақаласын жариялайды.
Қазақ әдебиеті тарихына Әуезовпен жағаласқаны үшін «кіші Сәбит» лақабымен кірген С.Нұрышев мақаласын СОКП ХІХ съезінің шешімдерінен бастап, данышпан еңбектер («гениальные труды») жазған Сталин пікірлерімен мұздай қаруланып алған соң: «В первые годы советской власти буржуазные националисты, пантюркисты, панисламисты, маскируясь и прикрываясь именем Абая, протаскивали свои враждебные, антисоветские взгляды в казахское литературоведение», – деп еліре бастап, ары қарай ұлтшылдар, пантүркистер мен панисламистерге зәр-заһарын төгіп, уын шашады. 
Ол әңгімені әріден – 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығаруынан тартады. Нұрышев: «Бурная деятельность М.Ауэзова в этом журнале связала его судьбу с судьбой контрреволюционной партии «Алаш»: на страницах упомянутого журнала М.Ауэзов официально обратился к казахской молодежи с призывом объединиться в рядах алаш-ордынской молодежной организации», – деп айыптауын оның 19 жасар кезінде әдебиеттегі алғашқы қадамынан бастап, Әуезовтің бұдан кейінгі бүкіл шығармашылығына ескішіл, байшыл, ұлтшыл, буржуазияшыл, пантүркист, панисламшыл деген өзі білетін қарғыс таңбаларының бәрін басып шығады.
Аш бақадай күмпілдеген Нұрышев: «без глубокой принципиальной критики взглядов М.Ауэзова, от которого исходит начало многих извращений творчества Абая, невозможно освободить абаеведение от буржуазного национализма», – деп абайтану ғылымын қалыптастырған Әуезовті Абай шығармаларын азғындатушы ретінде көрсетуге тырысады. Абай шығарма­шы­лы­ғының қайнар бұлағы, Гетенің өзін таң-тамаша қалдырған, шығыс ақындары туралы Әуезов тұжырымдарының өңін айналдырып: «М.Ауэзов утверждал, что идейно-творческое направление Абая – это панисламизм», – деп академик-жазушының ешқашан айтпаған сөздерін айттыға салып, көпе-көрінеу арандатуға барады. Ол қызды-қыздымен қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасының шедеврі саналатын «Көзімнің қарасына» жармасып, одан сопылық поэзия арқылы келген панисламизм көріністерін іздеп әлекке түседі.
Нұрышев: «с целью пропаганды вражды к русскому народу и ненависти всему новому, революционному в жизни советского Казахстана, встал на путь пропаганды творчества некоторых реакционных акынов», – деп баспалай келіп: «остался не осужденным националистический роман М.Ауэзова «Акын ага», – деген сөздермен ала жыландай алқымға оралады. Орыс тіліндегі мақала, ең алдымен, орыс тілді аудиторияға арналғандықтан, Нұрышев мәскеулік орыс ғалымдары мен жазушылары жабыла мақтап жатқан Әуезовті орыс тілі, әдебиеті мен мәдениетінің қас жауы етіп көрсетуге тырысады. Ол Әуезов шығармалары: «клеветали на советскую действительность, проповедывали ненависть к великому русскому народу», – деп сұржыландай ысылдайды.
Абайдың «Евгений Онегинді» еркін аударуы туралы Әуезов пікірін: «Вольность переводов из «Евгения Онегина» он квалифицировал как непризнание Пушкина, как соперничество с ним. Он прямо писал, что «Абай к Пушкину относится не как ниже его стоящей, а как равный», – деп айналдыра соғады. Таланты артып тұрса Абай неге Пушкиннен төмен тұруға тиіс. Шығыс поэзиясында бір тақырыпқа бес ақынның жарыса қалам тартып, бірінен-бірі асып түсуге ұмтылуы ежелден бар дәстүр екендігін Нұрышев біледі. Біле тұра жылпос қу жылымқұрттай жылмаң қағады.
Нұрышев: «Для пропаганды и протаскивания своих взглядов в литературоведение Ауэзов старается использовать научные кадры», – деп кемеңгермен ниеттес ғалым, ақын-жазушылардың бәрін бір шыбықпен айдап шығады. Кім жоқ дейсің олардың ішінде: ежелгі дос Б.Кенжебаев, ақын Ә.Тәжібаев, ғылым докторы З.Кедрина, ғылым кандидаты М.Сильченко, кандидаттық диссертациясы әлі бекіп үлгермеген Қ.Мұхамедханов – бәрі-бәрі Нұрышевтің қара тізімінің қақ ортасында жүр.

(Жалғасы бар)

Мұхтар Құл-Мұхаммед,
Ұлттық Ғылым академиясының академигі

 

12905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы