• Руханият
  • 11 Қаңтар, 2024

Алаш зиялыларының адал ізбасары

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ,

«Ana tili»

Әдебиеттен археологияға дейін

Әлемде «ұлы мемлекет» атанған елдер көп емес. Америка Құрама Штаттары, Франция, Британия, Қытай, Жапония, Иран деген секілді санаулы мемлекеттерді атай аламыз. Ондағы басты шарт – ғылым-білімнің, мәдениеттің дамуы. Яғни соған қарап бағаланады. Шалқыған бай араб мемлекеттері ол тізімде жоқ. Байлық – ұлылық болып есептелмейді. 
Тәуелсіздігін қалпына келтірген, сол бір аса сирек бақ құсы басына қонған ұлт ретінде, біз де алдыңғы қатардан көрінуге талпынуға тиіспіз. Тез өзгеріп, жылдам дамып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда, басқасынан бұрын үлкенді-кішілі көрші елдермен де бәсекеге қабілетті болу үшін ғылым-білім дамуы қажет. Бұл орайда әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді тұлғаларды үлгі тұтпай болмайды. Қазіргі Қазақстан жағдайында телеарналардан, әлеуметтік желілерден түспейтін таланты күмәнді әншілер мен арзанқол комедиялық фильмдердің ұрысқақ кейіпкерлері, дәлірегі – оларға еліктеп өскен ұрпақ елді ұшпаққа шығармайды. Біз дәріптесек алдымен ғалымдарды дәріптеуіміз қажет. Өскісі-өнгісі келетін барша халық солай істесе керек. 
Ғылым-білім дегенде алдымен еске түсетін тұлғаның бірегейі, туғанына биыл 120 жыл толатын академик Әлкей Марғұлан (1904–1985). Ол басында үш кластық, сосын мұғалімдер дайындайтын курсты бітірген соң бірден Алаш зиялыларының ізімен ұстаздық қызметке кіріскен. Себебі балаларды, жастарды жаңаша сауат аштыру бәрінен маңызды болды. Әлекең ондай жалпыұлттық мәселелерді он бес, жиырмадағы бозбала кезінде-ақ терең түсінген секілді. Өйткені Баянауылдағы Далба мектебінде 1920–1921 жылдары сабақ беріпті. 
Өз айтысында білімге құштар ғалым болуына сол замандағы атақты баян­ауылдықтар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаевтар ықпал еткен. Бес жасында хат танып, зеректігі де ерте білініпті. «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық» жырларын жатқа айтыпты. Оларды жаттап алуының сыры – ертелі-кеш ауылдың үлкендері бас қосып, зерделі балаға аталған жырларды оқытып тыңдаған екен. Тағы бір қызығы – әбден есейгенде сол дастандар бойынша «Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары» тақырыбында докторлық еңбек қорғаған. Одан да таңғалдыратыны – соның алдында небәрі екі-ақ жыл бұрын (1943 жылы) «Хандар жарлығының тарихи маңызы» тақырыбында тарих ғылымының кандидаты атанған. Ал аталған докторлық еңбегін филологиядан қорғағаны көрініп тұр. Әріптестерінің бағалауынша, «кандидаттық еңбегі қыпшақтардың жазба ескерткіштерін зерттеуге мұрындық болыпты, жол салыпты». 
Әлкей Хақанұлы ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен ғалым. Аса зейінді тұлғаның өз заманындағы еуропалық ғылым-білімге қанық Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербургте) бірден бірнеше бағыт бойынша білім алуы қадау-қадау іс тындыруына жол ашты. Атап айтсақ, Ленинградтағы Шығыс институтының тарих және филология факультеттерінде (1925–1929 жылдары) қатар білім алыпты. Тіпті ондағы Өнер институтына да талпынған. Институтта Орта Азияны көп зерттеген академик Василий Бартольдтан бастап, тіл білімінің аса білгірі атанған Николай Маррға дейін небір ғұламалардың дәрісін тыңдапты. 
Институттан кейін елге оралып, екі жылдай Оқу-ағарту комиссариатында жұмыс істегесін, қайта Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасында оқиды. Аспирантурада оқып жүріп, Шығыс институтында сабақ берген. Айтпақшы Шығыс институтында оқып жүрген кезінде де бірден көзге түссе керек, атақты археолог, антрополог Сергей Руденконың экспедициясына (1926-1927 жылдары) қатысқан. Кейін Алтайдағы Пазырық қорғандарын қазып, әлемдік ғылымға олжа салған ұстазы Әлекеңді таныған, бағалаған дей аламыз. 
Аспирантурадан кейін Мәскеудегі Материалдық мәдениет тарихы институтында қызмет істейді. Ол 1936–1938 жылдар. Отыз жетінші жылғы жаппай жазалаудан аман қалуының сыры Қазақстанда болмауы дей аламыз. 1938 жылы Алматыда КСРО Ғылым академиясының бөлімшесі ашылғанда Қазақстанға шақырылады. Зиялыларды сыпырып алып кеткендіктен, ұлт жетімсіреп қалған, аса қорқынышты кезең. Қазақ ел болу үшін бар салмақ кімдердің мойнына түсетінін, отыз төрт жастағы жігіт терең түсінгені анық. Өзінің алдындағы білімдар ағалары айдалып, атылып кеткендіктен лингвистика, этнография, филология, тарих, өнер, археология бағыттары бойынша, бір басы бес-алты салада алған білімін пайдаланып, ұлтына қызмет қылуды мұрат тұтты. Сол 1938 жылдан дүниеден өткен 1985 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясында үздіксіз қызмет етті. 
Отыз жетінші жылдан аман қалғанмен, докторлық қорғаған соң қызғаныштың қызыл иті қалай тыныш жатсын. КСРО көлемінде «халық жауларын» іздеу науқаны қызып тұрған шақ. Қырқыншы жылдың аяқ шенінде Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Сүлейменов, А.Мәметовалармен бірге Әлкей Марғұланды да әшкерелеу науқаны басталған. Сарайшық сапарынан келе жатқан Әлкей Марғұланды Қызылордада ұстап түрмеге жапқан. Одан аурухана төсегіне таңылса керек. Абырой болғанда 1953 жылы Сталин өліп, әлгі жазалау нау­қаны сейілгені белгілі. Дегенмен Әлкей Хақанұлы әдебиет, тіл, өнер, мәдениет салаларындағы ізденістерін азайтып, бірыңғай археологиямен айналысуға осы тырнақ астынан кір іздеген идеология әсер етіпті. 
Алайда ғалым Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, «Едіге», «Орақ-Мамай», Әлішер Навои, Мұхаммед Хайдар, Шоқан Уәлиханов, Қорқыт және тағы басқа да көптеген тақырыптарда қалам тербегенін көреміз. Бүгінде ғұламаның 14 том болып шыққан еңбектерін тек орталық кітапханалардан ғана табамыз. Оның өзінде «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан 14 томға еңбектері толық қамтылмағаны көрініп тұр. Жетілгісі келетін ел алдымен ғалымдарын көкке көтеріп, олардың еңбектерін қажетінше том-том қылып бастырып, халыққа таратудың маңыз­дылығын реті келгенде айта кеткіміз келеді. 
Әлкей Марғұланның ең үлкен ерлігі – жұрт қылышынан қан тамған Кеңес одағының тарихы мен партиясын сағалап, мадақтаған жылнама жазып кеткенде, ол ұлт тарихын, мәдениетін зерттеуден танбағаны дер едік. Содан да большевиктер партиясы Алаш зиялыларының ісін жалғастырған ғұламаны ұнатпады, қырына алумен болды. Бір жағынан отыз, қырық жыл Қазақстанның кең байтақ даласын ерінбей-жалықпай кезіп, қалалардағы бірін-бірі аңдыған орталардан аулақ жүруі өнімді еңбек етуіне ықпал еткен де болар. Оттай лаулаған өсек-аяңнан сақтаған шығар.
Шәкірттерінің айтуынша, «гуманитарлық салада Әлкей Марғұлан араласпаған шаруа жоқ. Мәдениет пен өнер тарихының, этнография мен археологияның негізін салды». «Қазақ даласы ұзына бойы керуен жолдары ғана, онда ешқандай мәдениет болмаған» деген қасаң қағиданы тек Әлкей Марғұлан бір өзі тас-талқан қылды дей аламыз. Көптеген археология­лық ескерткіштерді тауып, құм басып жатқан қалаларды аршып, олар туралы нақты, дәлелді мәліметтер беріп, ғылыми тұжырымдар жасады. Қазақстандағы қола дәуірін, Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қоныстарды, Отырар, Тараз, Сайрам, Сығанақ қалаларын зерттеді. Тіпті сол жерлердегі қалың қазақтың ортасында ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен де айналысыпты. Бастысы – «Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты жаңалығы әлемдік деңгейде мойындалды. Әріптестерінің, шәкірттерінің бағалауынша: «Қазіргі күнде Ә.Марғұланның ғылыми еңбектерінің арқасында сақтар мәдениеті Андрон мәдениетінің заңды жалғасы екендігі толық дәлелденсе, бұл екі мәдениеттің арасында Беғазы-Дәндібай мәдениетінің дәнекерлік роль атқаратыны ғылыми тұрғыда анықталды». Ғұламаның «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы», «қазақ халқының қолөнері» туралы үш томдық еңбегі, «Древняя культура Центрального Казахстана», «Орталық Қазақстан архитектурасы» және басқа да еңбектері ізденуші жастар үшін қай-қашанда қажет еңбектер санатында болмақ. 

Мыс, жез, қала, қалайы, қола, бақыр

Бірыңғай археологияға ден қойғанын айттық. Сөйте тұра археологиялық деректерді түсіндіріп отырып, әдебиет, тіл, этнография, қазақтың байырғы шаруашылығы, салт-дәстүрі дейсіз бе, барлығын байланыстырып, тектеп отырады. Сонау жылдары ғұламаның Қорқыт туралы мақалаларын оқығанда «қария сөздер» деген тіркесін кездестірдік. Біз болсақ оны қариялардың аузынан жазып алынған деп созбалап отырар едік, Әлекеңнің қолданысында сөз де – қария. Сол секілді «әдебиет қайнарларынан» тіркесі де жанға жағады. 
Әлекеңнің айтуынша, Милықұдық кен орнын Қаныш Сәтбаев ашқан. Онда қола дәуірінен бастап орта ғасырдың соңына дейін мыс, қалайы, темір, алтын, күміс балқытқан орындар бар. Жезқазғанда біздің заманымызға дейін-ақ ондаған мың тонна жез өндірілгені анықталған. Осыны айта отырып, «жез» (мыс) терминіне тоқталады. Мыстың қалайы және мырыш қорытпасынан қола мен жез алынатынын осы мақаладан оқып білдік.
«Қазақша «жез» – (jaz, jas) ерте заманда санскрит, көне грек, латын, гот, тілдерінде де «жез» деген атауда қолданылған. …Кейінірек гректер мысты es деп атай бастады. Мюллердің пікірінше бұл aes сөзінен туған. Біздің пікірімізше бұл термин көне түркі тіліне тән. Латын тілінде jes сөзі aes сөзінің графикалық формасы, ал гот тілінде aiz. Бұл jes терминінің готтық варианты көне қыпшақ тілінде jez сөзіне сәйкес келеді. Мюллердің түсіндіруінде ayas (медь) деген санскрит термині aes және aiz сөздерімен тікелей байланысты. Санскритте ayas сөзі алғашында мыс болып аударылғанымен, кейінірек темірдің пайда болуымен басқа екінші мағынаға ие болды. «Ведийская легенда» аңызында Syamam ayas сөзі қара қоңыр түсті металл және Lohitam ayas жылтыр металл деп айырады, деп жазды Мюллер. Демек, ертедегі индустарда мыс және темір атауларында нақты айырма болмаған. Ал римдіктер, германдықтар және гректер тек қана мысты – aes, aiz деп атаған».
Ғалымның дәлелдеуінше көне заман жазбаларында қалайыны «қала» деп атаған. Қалайының да Орта Азияға еш қатысы жоқ деген пікір болыпты. Қалайы Кавказда, Иранда өндірілгені жөнінде болжамдар айтылса керек. Кавказ болғанда қазіргі Грузия аталған. Бірақ зерттеушілер ол елден қалайы өндірген орынды таппаған. Тіпті кейбір ғалымдар қалайы, қала сөздерін гүржі тіліне теліпті. Бірақ ол болжам да дәлелденбеген. Бұл атаулар айналып келіп түркі тілдеріне, қазақ тіліне тиесілі болып шығады. 
Әлекең Геродоттың: «Бұл елде мыс пен алтын аткөпір. Олардың найза, жебе, айбалта сияқты қару-жарақтары жезден соғылғанмен, оның есесіне бас киімдері мен белдік-кісесінен бастап ат әбзелдеріне дейін алтынмен апталған» – деген белгілі сөзін келтіре отырып, «Ер Төстік», «Қара Мерген» қиял-ғажайып ертегілеріндегі батырлар мен тұлпарларының жез сарайға, темір құрсауға қамалатынын да мысалға келтіреді. 
Әл-Идриси есімді араб саяхатшысының: «Оғыздар елі құнарлы, тұрғындары бай келеді. Олардың жерінде қорытылмаған күмістің төрттен бірі өндіріледі және кендерінен көптеген металл шығады деседі. Шаштық (Ташкенттік) көпестер оларға айырбасқа көп тауар апарып, көп тауар (мыс, күміс) артқан түйелер сатып алады, содан соң оларды басқа елдерге сатады» – дегенін және әлгі кен орнының Шаштан 18 күндік жер деп көрсеткені Жезқазған екендігін дәлелдейді. Фирдоуси жазған тұран көсемі Афрасиаб «Мыс қамалдың» (Дез Руин) қасында қаза тапқаны белгілі. Ал сол Дез-Руинді Әлекең Махмуд Қашқариден тауып, оның Милықұдық яғни Жезқазған екендігін айтыпты. 
Қара бақыр тіркесінің мәнін де Әлекеңнің осы мақаласынан таптық. «Көне түркі және Алтай тілдерінде jes – тек мыс деген мағынаны береді. Ал қыпшақ тілінде сары мыс (сары мыс тіркесі біздің ауылда күні бүгін қолданылады – Д.Б). Түрік тілдерінде түсіне қарай сары мыс – жез, қызыл түстісі – мыс, қара қоңыр түсі – бақыр деп аталады. Бақырдың құрамында мыстан басқа да элементтер кездеседі. Өткен замандарда бақырдан жорыққа арналған қазан және бақыраштар жасаған. Солтүстік аймақтарда тұратын қазақтардың тұрмысында бақыр-қазандар тамақ дайындау үшін ХХ ғасырдың басына дейін сақталды». 
Бұл тақырыпқа қатысты тіліміздегі сөздер мен жер атауларына назар аударады. Атап айтсақ: кен, кеніш, кенші, кен ошағы, кенқазған, кен шоқы, қалайы, қалайышы, қалайылаған, қола, қолаба, Қалба тауы, мырыш, мыршым, Жезді, Жезқазған, Қазансынған, Қалайықазған, Кенгей, Кенгір, Кенқорытқан, Қорғасынтау, Ұстаның жалы, Теміршітау, Кентау. Ғалым келтірген тізімге қарап отырып, қола-қолоба-қолаба-қола оба-қалба тізбегі шыққандай көрінді. Яғни Қалба тауының этимологиясы біздіңше үндестік заңымен осы тізбекте түзілген сыңайлы. 
Жез бен қалайы біздің заманымыздан бұрынғы VII-V ғасырға дейін темір пайда болғанға дейін қолданылса керек. Ғалымның дәлелдеуінше археологиялық қазбалардың нәтижесіне қарағанда энео­лит дәуірінде яғни біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықтың соңы мен III мыңжылдықтың бас кезінде қазақ жерінде мыс өндіріле бастаған. Демек, қазақ даласынан қорытылған жез күллі Еуропаға, Азияға таралған. Жезбен бірге осы атау да өзге тілдерге енген.

Аула, қора, қорым, қорған, қамал 

Аула атауы қазіргі бәріміз білетін мағынасынан бұрын орта ғасырда ойпаң мәнінде де қолданылыпты. Қорымды аулалар Тарбағатайда, Алтайда «кергентас» деп те аталған екен. Қотан сөзі Орта Азия халықтарында әртүрлі мағына берген. Қазақтарда қасқырдан қорғайтын мал қамайтын қаша. Қорған атауын сөз еткен ресейлік ғалымдар, қызмет істеген әскерилер (генерал С.Б Броневский) қазақ халқы қалмақтардан қорғану үшін салған деген тұжырым жасаған. Олардың қорған, қамал туралы бұл байламдарын Әлкей Марғұлан жоққа шығарады. Себебі қамал, қорған атаулы қазақ жерінде қалмақпен соғысынан әлдеқайда бұрын пайда болғанын сөз етеді. Әрі әлгі пайымның Ресей империя­сы тарапынан көшпелілерді бір-біріне жауықтырып, айдап салу саясатына сай келетінін ғұлама ашық айтпаса да білгені анық. Оған қоса қазақ-қалмақ соғысы тарихи өлшеммен, сол секілді әлгі қамал, қорғандардың салынған уақытымен салыстырғанда бертінгі оқиғалар болып қалады. Қыс­тау атаулының желден қорғанатын ойпаңға салынатынын қазақ жерін зерттеген шетел ғалымдары да байқаған. Демек, ойпаңның синонимі ретінде қолданылған аула да қорғау мәнінде, дейді ғалым. Ал қора, қорым, қоршау, қамал, қорған атауларының шығу тегі, түбірі бір. 
Қора хақында құр сөз қылмай Әмір Темір сарайының тарихшысы Шараф ад-дин Әли Йазди: «Для Тимура устроили курьи… и внутри них воздвигли высокие шатры и палатки» – деп жазғанын келтіріпті. Одан соң Йазди қораның мәнін түсіндірсе керек. Онда дала ақсүйектерінің шатырлары, киіз үйлері, арба-үйлері тұратын қоршалған аумақ депті. Йазди жазған Кеңгір өзені бойындағы ойпаңды Әлекең зерттеп, ол жерде Әмір Темірдің ордасы болған дейді. Ол 1391 жылғы Дешті Қыпшақ жорығында осы өңірде ұзақ бөгеліп, құлан аулағаны Әлекеңнің көрсетуінше «әдебиет қайнарларында да айтылған». 
Қорым да қораның синонимі. Қазақстанның солтүстігі мен шығысында ағаштан (шақа), шетеннен, қамыстың жуан бумасынан жасалған қорымды шом-қора атаған. Қысқасы бір қарағанда бәріміз білетін аула, қорым, қора ішінде барлық жағдай жасалған кейінгі заманғы қыстауға дейін эволюциялық даму сатысынан өтіпті. 
Ел ішін көп аралаған ғалымның жазуынша, солтүстік пен шығыста, орталық Қазақстанда шошала (кей жерлерде тошала) сөзінің синонимі ретінде қаратам сөзі қолданылады. Шу, Қаратау жағында ошақ, мор яғни морошақ атауы белгілі. Бұл сөздердің синоним ретінде пайда болуын ғалым, етті кептіру үшін ошаққа мор салып, ыстағанда ет үйдің қабырғасы сол түтіннен қарайып кететіндігімен түсіндіреді. «Шошала – ошақ үстіндегі конус». Яғни ежелгі алтайлықтардың «жер ұйығына» ұқсас. Ежелгі сыртқы пішімі өзгермей бертінге дейін жеткен. Мұндай түсінік есте жоқ ескі замандардағы түркілік, алтайлық пайымдарға қатысты. Содан да ежелден келе жатқан терминдер де жоқ емес: «Там тұрғызу», «там көтеру», ірге, қабырға, еңсе, үй еңсесі, төбе, арқалық, белдік, үйдің оғы, сақы, еден, терезе және тағы басқа.
Қысқасы Әлкей Марғұландай ғұламаны оқығанда қарапайым сөздердің мыңдаған жылдық астарын түйсінесіз. Ол жеріміздегі құм басқан мәдени қабаттармен қатар ұлттық болмысты да қопара зерттеген ғұлама. Егер іргелі ел боламыз десек, біз Әлкей Марғұландай ұлы ғалымды айналып өте алмаймыз. Ерте ме, кеш пе марғұлантану мәселесі күнтәртібіне бәрібір шығады. Бұл бағытта да ол керемет үлгі көрсеткен ғалым. Шоқанның Кеңес одағының түрліше архивтерінде жатқан ұзынсаны үш жүздей еңбегін тауып, баспаға әзірлеген қара жұмысының барлығын бір өзі атқарып, таңдамалы еңбектерін бастырып шығаруы, осы іске көп жылын арнауы, Шоқан туралы елудей мақала жазуы, сөйтіп, шоқантануды қалыптастыруы ғылымға деген адалдықтың асқан үлгісі. Сондай адалдықты қазіргі ғалымдардан көргіміз келеді. Бәлкім марғұлантануды дамытатын жас ғалымдар туар деген үміттеміз. 

7725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы