• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2024

Нағыз ұстаз

Әр адам – өзінше бір кітап. Дүние­ден өткеніне жыл толғалы отырған Нағима апайдың өміріне зер салғанда мазмұнға бай, өнегеге толы бір қалың кітапты оқып шыққандай болдық.  
Өткен ғасырдың зобалаңы адамзатқа зор ауыртпалық әкелгені белгілі. 1937 жылы әкесі Құмар Ақпанбайұлы нақақтан жала жабылып, айдалып кеткен кезде бар болғаны бес жастағы қыз тағдырының теперішін көрмеуі мүмкін емес еді. Ел басына орнаған ашаршылықтың ащы дәмін татқаны анық. Одан әрі 1937–1938 жылдардың зобалаңы,  Екінші Дүниежүзілік соғыс­тың зардабы көңіліне қаяу, жүрегіне қайғы салды. 
Алты балаға ие болып қалған анасы Рузияға үй шаруасына көмектесе жүріп оң мен солын таныды. Үш ағасы майданда хабарсыз кеткені, Зағия әпкесінің жастай қайтыс болғаны Нағима апамыз­ға да оңай тимеді.  
Бойжетіп, санасы толыса бастаған тұста Семейдің педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, үздік бағаға бітіріп шығады. 1955 жылы Алматы қаласындағы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының география факультетін үздік дипломмен аяқтап, қызметке орналасады. 
Адал еңбегінің, көркем мінезінің арқасында елге сыйлы болды. Сондықтан ел іші түгелдей Нәне деп атап кетті. Тек жасы үлкен адамдар ғана ол кісіні Нағыш, Нағым деп еркелете атайтын-ды. Бүкіл ауыл тұрғынының жай-күйін қас-қабағынан түсіне білетінінің арқасында көптің көңілінен шыға білді. Ауылдастарының, туған-туысқандарының, балаларының тілеуін тілеп жүретін кеңпейілдігі мәртебесін өсірді. Көмек сұраған талай жанның қамқоршысы болды. 
Көкірегі ояу, көңіл терезесі әу бастан кең жаралғанынан болар, ел-жұртының басына түскен ауыртпалыққа бейжай қарай алмайтын. Соғыстан жараланып қайтқан ағайыны Қали Әймішұлы кейін­нен қайтыс болады. Соңында жесірі, төрт ұлы қалады. Қиын-қыстау шақта Нағима апай қол ұшын созып, туысқанына қамқорлық жасайды. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген сөз бар, сол Қали атаның ұрпақтары бүгінгі таңда Нағима апаның жақсылығын үнемі айтып жүреді.  
Ұстаздық қызмет атқарған жылдары апайдың тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері ол кісінің қарапайымдылығын, мейірімді сөздерін, жібектей мінезін ілтипатпен еске алады. Нағима апайдың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде өте көп. Олардың арасында ғалымдар, ақындар, шаруашылық басшылары бар. 
Бір кездері «Айқын» газетінде академик Рымғали Нұрғали мен газет тілшісі Өмірзақ Ақжігіттің сұхбаты жарияланды. «Сіз менің түсінігімде ұстаздарға жарыған адамсыз. Екі адамның атын атасақ та жетіп жатыр. Ұлы Мұқаң мен Бейсенбай Кенжебаевтардан бастасақ….» деген тілші сауалына: «Дұрыс-ақ, ата-анадан кейінгі әр адамның өміріне үлкен ықпал ететін, естен шықпайтын жандардың бірі – ұстаз екені даусыз. Маған ең алғаш Семейдің Қайнар орта мектебінде бастауыш сыныпта  сабақ берген Нағима Құмарқызын нағыз ұстаз деп айтар едім», – деген еді  академик ағамыз. 
Иә, білімнің негізі бастауышта қаланатынына ғалымның осы бірауыз сөзі дәлел. Ұстаздың бала жүрегіне жол таба білуі, алға талпындыруы маңызды екені осындайда ойға оралады. Себебі мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың санасында алғашқы мұғалімнің жылы жүзі, мейірімді көзқарасы, сөз саптауы, жазу-сызуға үйретуі жатталып қалады. Кейін жоғары сыныптарға география пәнінен сабақ берген уақытта да Нағима апай бала жанын баурап, адал еңбегінің, жарқын мінезінің арқасында Семей өңірінің жұртшылығына таныла түсті. Тіпті аудан әйелдерінің арасынан бі­рінші болып «Абай ауданының құрмет­ті азаматы» атағын алуы да бекер емес. 
Жазушы Роллан Сейсенбаев, әнші Жәнібек Кәрменов, ақын Төлеген Жанғалиев, мүсінші Мұратбек Жанболатов сынды республика, облыс, аудан көлемінде аты шыққан белгілі тұлғалар әркез Нағима апайдан көрген тәлім-тәрбиесін, инабаттылығын айтып жүретін-ді. Бұдан шығатын қорытынды төккен тер мен еселі еңбектің зая кетпейтіні.
Мектеп директоры, Абай аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған жылдарында да Нағима апайымыз бауырмалдық, турашылдық, секілді бойына біткен асыл қасиеттерінен айныған емес. 1962–1969 жылдары Абай атындағы орта мектепте директор қызметін атқарған тұста Мәскеуде өткен Бүкілодақтық мұғалімдер съезіне аудан атынан қатысқан «Тұғыш делегат» болды.
Адамгершілікті, біліктілікті, басты қағида етіп ұстанғандықтан биік марапаттарға қол жеткізді. Атап айтқанда, «Құрмет белгісі» ордені, «КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері» төсбелгілері мен медальдарын иеленді. 
Тәртіп пен тәлімді қатар ұстана отырып, өзгеден де талап ететін сабырлы мінезі Нағима апайды көпшілік ықыласына бөледі. 
93 жасында өмірден өткен ардақты тұлғаның ғұмыры қат-қабат оқиғалармен ұштасып отырды. Себебі кез келген адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Жиған білімін, бай тәжірибесін көкейге түйген адам ғана өмір көшін алға сүйрей алады. Сондай жанның бірі – Нағима Құмарқызы болатын.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

666 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы