• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2024

Мәншүктің мұраты

Ұлу жылы туған қызының есімін Мәншүк атаған Тынышқали Мұқашев өзі де Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагері еді. Соғыс басталысымен әскер қатарына шақырылып,  елге соғыс өрті басылғаннан кейін, 1946 жылы, оралды. Майдангер елге келгеннен кейін соғыстан кейінгі елдің экономикасы мен әлеуметтік тұрмысын көтеру үшін еңбекке араласты. Майдангердің жары Сұлу Меңдібаева өмірлік серігіне сүйеніш, тіреу бола білді. Сөйте жүріп, өзі де еңбек етті, отбасында ұл-қызын тәрбиеледі. 
 

Тынышқали әке мен Сұлу ананың да өмірінде талай  қиындық кездесті. Дүниеге келген он бір бала бірінің соңынан бірі шетінеп, мынау жалғаннан түңілген сәттерінде Жаратушы оларға да күн сәулесін түсіргендей болды. Сөйтіп, кейінгі үш баладан кейін төртінші болып дүниеге келген перзентіне Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова есімін берді. Ата-ананың ақ тілеуі шығар, Мәншүк жасынан зерделі де зерек болды. Алғыр қыздан ұстаздары да көп үміт күтті. Оның мектепті бітіре салысымен жоғары оқу орнына оқуға түсеріне ешкімнің күмәні жоқ еді. 
Алайда Мәншүк Тынышқалиқызы өзіне сеніммен қараған елдің бәрін қайран қалдырып, онжылдықты  бітірісімен, мұнай саласына қызметке баратынын мәлімдеді. Сөйтіп, «Қарсақ» мұнай-газ өндірісінің операторы болып қызметке кірісті. Қайсар қыздың қарамағында 26 мұнай тербелмесі (качалка) болатын. Аяғына анасы Сұлу тоқып берген жүн шұлықтың сыртынан шұлғау орап, резіңке етік киген Мәншүк тербелмелердің ортасында жүгіріп жүретін. Бір қарағанда қыз балаға ауырлау көрінетін жұмысты атқара жүріп, «Қарсақ» мұнай-газ өндірісі цехының комсомол ұйымының хатшысы қызметін де қоса атқарды. Нәп-нәзік қыздың ішкі өзегінің мықты екенін сезген жергілікті басшылар да оған сенім артып, партия қатарына қабылдады. Бұл – оның өміріндегі ең бір ұмытылмас сәт. Қай істі де ынты-шынтысымен атқаратын  Мән­шүк Тынышқалиқызы «Мұнайшы» газетіне ардагер мұнайшылардың өмірі мен еңбегін жазып отырды. Өз замандастарының әрбір жақсы қадамын жұртшылыққа жария етуге асығатын жас қыз осылайша, өзінің жаны сүй­ген мамандығы журналис­тикаға қадам басты. 
Аудан басшылары сенім артып, 1985 жылы Мәншүк жолдамамен С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетінің дайындық бөліміне оқуға түседі. Зейінді жас өзіне артқан сенімді ақтады. Студент атанды. Университеттің ұстаздары да осы бір жастық оты жанарында лаулаған шынашақтай қызды дер кезінде байқады. Қазақ білімінің қара шаңырағының профессорлар мен оқытушылар құрамы ақылдаса келе Мәншүк Мұқашеваға үлкен міндет жүктеді. Қаршадай студент екінші курстан бастап оқу ордасының партия комитетінің хатшысының орынбасары қызметін атқаруға кірісті. Өзіне кабинет бөлініп, жағдай жасалды. Жігер-күшін, бойдағы жастық жалынын мақсатты іске құлшына жұмсайтын Мәншүктің кабинетіне мүшелік жарна төлеуге талай профессорлар келетін, олармен сағаттап айтылатын әңгімені қазір ол сағынышпен еске алады.  Студент кезінен осындай үлкен жауапкершілікті мойнына қаймықпай артқан ол әр қадамына мән берді. Айтқан уәдесіне берік студентке ұстаздары үлкен сенім артты. Университетті бітірер кезде оны өзі оқыған білім ордасына қызметке қалдыру жөнінде ұсыныс жасалды. Осылайша мұнайшы Мәншүк жас қаламгерлердің ұстазы болды. 
Әрине, журналистер – қоғамда пікір қалыптастыратын төртінші билік иесі. Ол осыны жадынан ешқашан шығарған емес. Өзін-өзі қамшылайтын әдетімен аспирантураға түсті, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Осынау жетістіктеріне академик Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов, Сағынбай Қозыбаев, Марат Барманқұлов, Намазалы Омашев сынды тұлғаларға қарыздар екенін айтады. Мәншүк Тынышқалиқызы журналистика факультеті деканының орынбасарлығына дейін көтерілді. Осы білім ордасының «Парасат» кәсіподақ ұйымының басшысы атанды. Ол ешқашан бір орында тұрып қалған емес. Алға қарай жүруді өмірдің мәні санайды. Сонау тәуелсіздіктің таңсәрі уақытында Сарыарқа төсінен алғаш Астана бой көтергенде Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде журналис­тика факультеті, жаңа кафедралар мен мамандықтардың ашылуына да үлес қосты, деканның ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Астанаға барып, журналист кадрларды дайындау ісіне араласуды парыз санады. Өзі туған Атырау топырағында журналист кадрларды дайындау мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Тәлтеновтің шақыртуымен журналистика мамандығының кафедра меңгерушісі болып қызмет етті. Кіндік қаны тамған атажұртына перзенттік борышын өтеді, Жайық жағасына ат басын бұрды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ.
Ұлы ұстазы Тауман Амандосов атындағы сыйлықты сонау 1996 жылы алған Мәншүк  Халықаралық Еуразия академиясының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚазМҰУ-дің 80 жылдығына орай университтің дамуына қосқан үлесі үшін мерейтойлық медалімен марапатталды.  Ол А.Байтұрсыновтың, Х.Досмухамедов медальдарының иегері. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінен  «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Ақпарат саласының үздігі» атағы мен куәлігін алғаны  өзінің ғана емес, ұстаз-шәкірттерінің де мерейін тасытқаны анық.
Бүгінде өзі білім алған қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-де қызмет етуде. Ол – филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Халықаралық Еуразиялық телевизия мен радио академиясының академигі.  Мәншүк Тынышқалиқызы Республикалық және шетелдік басылымдар мен жинақтарда жарық көрген 200-ден астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы. Оған қоса, «Қазақ журналистикасының тарихы» оқулығы, «Қазақстанның ғылыми-көпшілік айналымы: бастау, қалыптасу және даму перспективалары» монографиясы, «Әйел теңдігі» (1926–1927) хрестоматиялық көмекші құралы, «Әскери дискурс» ғылыми-мамандандырылған басылым, «Әскери журналистика» оқу құралы, «ХХ ғасыр басындағы балалар және жастар басылымдары» оқу-әдістеме құралы, «Ғылым – танымдық журналистика» оқу құралы – бүгінгі студенттердің қолынан түспейтін еңбектер. 
Демек, мұнайлы Байшонаста туып, қазақ ұлтының ардақты қызына, шәкірттерінің ұлағатты ұстазына айналған жанның бүгінгі өнегелі өмірі осындай.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

1059 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы