• Тұлға
  • 07 Наурыз, 2024

Қаламы мұнайды суреттеген...

Туған жерінің сырын, мұң-мұқтажын, құпиясын шығармаларына арқау етіп келе жатқан жазушы, ақын, журналист Үміт Жәлекенің қолтаңбасы мен мінез-құлқы кіндік қаны тамып, өсіп, ержеткен мекенімен тығыз сабақтас. Кеңістік пен ендіктің анау-мынау ұға қоймайтын өзгеше өлшемі іспетті Маңғыстаудың қасиеті тым тұңғиық, түбіне бойлатпайды. 
Соған қарамастан өз мүмкіндігінің аясында қаламгер киелі өлкесінің сан алуан қырына елгезектікпен үңіліп, қалың оқырманға кітаптарын ұсынды. 2007 жылы «Жағалауда», 2009 жылы «Өмір жыры» прозалық жинақтары, 2010 жылы «Ақжарма» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 2013 жылы «Маңғыстау ақын-жазушылары» сериясымен шыққан 50 томдықтың 24-томы Үміт Жәлекенің прозасына арналды. 

 

Үміт бала кезінде жыршы болғысы келіпті. Оған себеп құрбысының атасы, көрші Тұяқбай (ішкі істер органында қызмет еткен, милиция майоры) ақсақал екен. Жасы жетпістен асқан қарт мұны бала санамайды, көрген-білгенін ақтарып жүретін. Өзі домбыра тартып, жыр айтады. Әйелі Қымбат пен шешесі тату-тәтті, екі үйі жақын араласты. Үйіне алпыстан асқан атақты күйші Мұрат Өскінбаев кемпірімен келеді, қасында халық театрында қызмет еткен жыршы Екібай, жұбайы Моншақ биші, көрші-қолаң жиналғанда, олардың өнерін шешесі екеуі театрда отырғандай тамашалайтын. 
Түйекеңнің жырын тыңдап еліктеді ме – он-он бір жасында  Қобыланды, Алпамыс батыр жырынан үзінді жаттап, домбыраға ұқсас ағашты сабалай жыр мақамына салатыны есінде. Кешке қарай кең пейіл анасының дастарқанына көрші кемпірлер жиналып, шай ішеді. Шай үстінде: «Әй, Үміт, біз сенің жырыңды тыңдауға келдік» дейді. Жырды толық жатқа білмегендіктен, әкесінен қалған үлкен, жасыл мұқабалы «Батырлар жыры» кітабын қолына алып, Түйекеңнен естіген адайлық мақаммен дауыстап оқиды. Ертесі, арғы күні: «Кешегі жырдың жалғасын тыңдаймыз», – деп кейуаналар тағы келеді. Осылай қарияларға ұзақ-ұзақ жыр оқып беріп жүрді.
Кейін айналасында жыр айтатын қыздар жоғын көріп, ұят шығар деп ойлайды. Сөйтіп жүргенде, жетінші класта Өзен стансасындағы орталау мектепке Сайын Әділханов деген мұғалім келіп (бұрын облыстық газетте істепті) «Жас қалам» үйірмесін ашты. Бұларға қысқа әңгіме, өлең жазуды тапсырады. Жазғанын шимайлап түзейді де, үзіліс кезінде қолына микрофон ұстатып өлеңін өзіне оқытады. Сыртта ойнап жүргендер естиді екен, бір күні сіңлісі: «Сенің өлеңіңді тыңдадық» деп келеді.  
Бірде мұғалімі: «Еркін тақырыпқа әңгіме жазыңдар» деді. Үміттің футболист бала туралы дәптердің екі бетіне жазған «Мақсұттың жеңісі» деген әңгімесін мұғалім әбден мақтап, содан былайғы тұста мектепте өткен түрлі іс-шаралар туралы облыстық «Коммунистік жол» газетіне мақала жаздыра бастады. Сол үшін екі, үш сом келгені тіпті қызық. «Ағай, мынау не?» – деп жүгіріп барған. «Бұл – қаламақы, енді мақала жазғаның үшін ақша аласың» дейді мұғалім. 
Сыныптасы Роза Құдайбергенова екеуі жарысып жазады, өздері тұратын станса поштасына барады, кілең зейнеткер әйелдер екеуіне таңырқай қарайды. «Қаламақы алуға келдік» дейді пысықтау Роза, Үміттің өзі үндемейді. «Ол не?» – деп сұрағандарға: «Мақала жазғанымызға төленетін ақы»  деп түсіндіреді Роза. 
Жоғарғы сыныпты Жаңаөзен қаласына қатынап, №1 мектепте оқыды. Сонда әдебиеттен Мәриям Оразғалиева есімді мұғалім сабақ берді. Өзі Мұхтар Әуезовтің шәкірті екен, керемет адам. Сабақтың әр минутын зая жібермейтін, өте талапшыл ұстаз еді. Бір күні Тахауи Ахтановтың «Ант» пьесасын мектептің сахнасына лайықтап, сценарий жазуды Үмітке тапсырды. Үш бөлімді қойы­лымға мұғалімдер, өздері қатысып, мереке ұйымдастырған. Мәриям апайының «Сыншысың сен, сын  неге жазбайсың?» дегені бар. Шешесінің «әкем сыншы» дейтіні есіне түсіп, мұның астарындағы біраз жайтты сұрап білген. Сопылық, емшілік, сынықшылық қасиеті болған нағашы шешесі Бекет атаға жиен екен, өз анасы жады мықты, дархан, қырағы, салқынқанды, салмақты, дос-дұшпанға бірдей әділетті, сөзге шешен еді.
Туған нағашысы – Абыл мерген, өте қонақжай, даланың мырзасы болған. Атып әкелген аңын екі жақ көршіге бөліп береді екен де, кешке арқардың басын асып, отырған үш-төрт үйдің ішін түгел шақырып, қонақ қылады. Күй шертеді, әзіл өлең құрап, тауып сөйлейтін адам болған. Үміт Жәлекенің «Өткен шақ» повесінде бейнеленген Әділдің прототипі сол Абыл нағашысы.
Ал атасы Қашаубай аймағына белгілі ағаш ұстасы және бір қасиеті: түс көріп, алдын болжап отырған. Ел-жұрт оны сыртынан «Түскер» деп атаған. Ата-анадан ерте айырылып, жетім өскен әкесі де ол кісіге ұқсаған ұсынақты, жиын, тойдан ән шырқамай қайтпайтын адам еді. Өзі тегін алған ұлы атасы Жәлекенің тете інісі Сүйесін Катеновтің 1887–1897 жылдар аралығында Шоңай ауылының би, старшыны болғаны туралы құжат архивте тұр. 
Ата-анасы өткен ғасырдың 1958 жылы мұнай барлаушыларымен бірге Жылойдан көшіп келген екен. Әкесі– соғыс ардагері, бұрғылау қондырғысында механик болып істеген, сорғы-насос­тар орнатып, Сауысқан деген жерден Өзенге ауызсу жеткізген маман механик. «Әттең, оқи алмадым, оқысам, геолог болар едім» дейтін анасы да барлаушы екен, балалары туған соң жолдасы жұмыстан шығарып алыпты. 
Үміттің алты жасында, 1970 жылы әкесі бұраубайға, жұмысқа бара жатып, 48 жасында жол апатынан қайтыс болды. Әлі есінде, мұны кішкентай кезінде қасынан қалдырмай ертіп жүретін, бабалары туралы айтып, бас бармағын, саусақтарын бүктіре жеті атасын жаттатып, қайта-қайта сұрап тексеретін. 
Ата-анасының есімі ерекше, әкесінің аты – Мервсияр (Түрікменстандағы Мерв деген ежелгі қаланың аты, кітаптан қойылған). Шешесінің есімі – Риал, 93 жыл ғұмыр кешті, балаларын өсіріп, немере-жиенін көріп кетті. Екеуі де барлау­шы болғаннан кейін шеше әңгімесінен бастау алған «Қарлығаштар» повесін кеңейтіп, қазір Маңғыстауға келген барлаушылар өмірінен кітап жазып жүр. 
Үміт Жәлеке Мұнайлы аудандық «Мұнайлы» газетінде жауапты хатшы,  республикалық мәдени-тарихи, әдеби көркем «Шерқала» журналында шолушы болды. Мектеп қабырғасында «Пионер» журналының «Жас тілшісі» атанып, әдеби-публицистикалық туындылары облыстық, республикалық баспасөзде оқырман назарына ілінгелі 45 жыл. Қазір қоғамдық-саяси «Маңғыс­тау» газетінде қызметте. Үміттің журналистік жолы Маңғыстау мұнайшыларының тағдырымен тығыз сабақтас, басты тақырыбы десек те болады. 
Қаламгер болашақ кейіпкерлерінің қалай өмір сүргенін көріп өсті. Сол тұңғыш барлаушылар аты-жөні (әкесі де алғашқы фонтанға қатысқан) қазір Қызылсай, Жаңаөзен қаласында, Түбіжік жерінде жазулы. Бер жағындағы Өзен стансасы кейін Теңге деп аталып кетті, сондағы бастауыш мектепте бірінші сыныпқа барды. Сол жылы қалада (Жаңа Өзен) тұратын нағашы әжесі науқастанып, күн сайын сүт апаратын.  Жол бойы салынып жатқан құрылыс, айнала толы мұнаралар. Ал Өзеннің ойы самсаған газ алауы. Ондаған факел-алау, түнде өте әдемі, жерден жайдақ шам жанып тұрғандай еді. Осы бір ғажап сурет балалық шағының ұмытылмас көрінісі болып жадына жазылып қалды. Жазғы каникулда қозы бағып жүріп, өріске шыққанда, қазып жатқан мұнараға барып, бұрғылау қондырғысын да жақыннан көріп жүрді. 
Қала тікелей Мәскеудің жабдықтауында болғанымен, күнделікті тірлік-тынысы мұнай өндірудің қызық-шыжығымен өтіп жататын жергілікті тұрғындардың тұрмысы төмен еді. Сонда да туған жері көзге ыстық арманшыл қызды осынау маңғаз даланың қатпар-қатпар қыртысы, аңызға тұнған айһай-дүние-ай сырлары ешқашан бейжай қалдырған емес. Соның бір дәлелі автордың «Қайыптың әні» повесі.
Ақбөбек-Қайып оқиғасын Маңғыс­тауда білмейтін адам жоқ, көп әдеби жанрда драма, роман, дастан, әңгіме, толғаулар жазылды да. Үміт солардың қолға түскенін оқып, көптеген материал жинақтады, ұзақ ізденді. Сонда түйгені: Қайыпты, Ақбөбекті бейнелеу­де асырасілтеу, әсірелеу басым екен. Мәселен, Ақбөбектің күйеуі Есбергенді бір жазушы жарымес етіп жазады. Осы жайттар оны деректі повесть жазуға, бәріне жақсы таныс оқиғаны шындыққа сай етіп көрсетуге әсер етті. Мақсатының орындалғаны шығар: оқырмандардан осы кітабына байланысты  «шындыққа сәйкес» деген пікірді жиі естіді.
Кейін, өз повесі баспа бетін көрген соң, Шоғай Шалқаровтың «Ақбөбек» романын оқығанда таңғалғаны бар. Қайыптың шешесінің аты, ғашықтардың алғашқы кездесетін сәті екеуінде айна-қатесіз бірдей екен. Мұндай да сәйкестік болады екен-ау деп жүрді.
Бірде әріптес-журналист: «Мына Ақбөбегіңнен роман жасауға болады ғой, сен өте сығымдап, қысып жазасың, оқиғаларды өрбітпейсің, кейбір романдарда кейіпкерлердің бір шай ішкенін, қонақасын он шақты бетке созып, үлкен шығарма ғып жатады» деді. Бұл повесть кейіпкерлерінің балалық шағын қамтымайды, екеуінің қашып бара жатқан кезінен басталып, Ақбөбек қалып, Қайыптың ойға құлап, айырылысуымен бітеді. «Негізінде, Ақбөбек Иранда, Қайып Тәжікстанда қайтыс болған. Өмірін толық жазғандар бар, мен оларды қайталағым келмеді»  дейді автор.
Бір деммен оқылатын «Қайыптың әні» – Үміт Жәлекенің сүбелі дүниелерінің бірі. Шағын ғана мысал: «Шұғыл қимылдап, боз тайлақтың биязы жүнінен оңқай-солақай иіріп, құстаңдайлап тоқыған Ағима шекпенін қызыл бешпентінің сыртынан киіп, белін түрме белбеумен мықтап буды. Шоңқайма шығыт етігін де киіп алды. Қама бөрікті бастырып, шашағын төгілдіріп аймақы қызыл шарқатты тамағының астынан орай тартқан қыз көп кідірместен сүйгенінің соңынан ерді. Қайыптың  қабағы қатыңқы екен. «Қара басын қатерге тіккен қасқаның не жаны жүр екен?» Ақша маңдайына қанжардай қадалған қара суықтан Ақбөбектің өн бойы қалтырап кетті».
Бас, аяғы шымыр. Баяндауы тұнған түрлі-түсті бояу. Әр сөзі графикалық сурет. Соңына шейін оқып шыққанда, әлгі бояулар мен суреттерге молынан қанығып, қасірет шеккен мұңлықтардың бейнесі үмітіңді тас-талқан үгітіп, алыстай береді.
Болған оқиғаға құрылған «Зардап немесе бір әулеттің төрт күзін»  тебіренбей оқу мүмкін емес. Youtube арнасында көп қаралым жинаған осы шығармасына жүздеген оқырман пікір жазыпты.
Басқа да шығармаларының оқырманы көп, ауызша, жазбаша жағымды пікірін білдіріп жатады. «Бітеу жара» (жараға ота жасату кездегі көргені мен сезінгенін және қалай пара бергенін қызықты суреттейді), «Кепілге қойған өмір», «Бөтен бала», «Босқын бекірелер» (экологиялық әңгіме), «Көбік қар» атты әңгімелерінің тақырыбы оқырманын сан алуан, шынайылығымен баурайды. 
«Жазғандарыңда мұң басым, еріксіз жылаймыз, қиналамыз, көңілді нәрселер жазбайсыз ба?» деген пікірлерді естіп, алғашында таңырқайтын. Кейін жазып отырып, өзінің де көзінен жас парлағаны бар. Кейіпкерлерінің көбінің тағдыры сондай аянышты. Прозада қайталау, көпсөзділікті қаламайды, нақтылықты ұнатады. Ойдан құрастыра шұбатып, жоқтан бар жасамайды,  барынша нақты деректерге сүйеніп жазады. Жазғандарының бәрінің негізі бар, өмірде болған, ауадан, ойдан құрастырылған ештеңе жоқ. «Журналистиканың әсері ме – көркем дүниелерімнің түгелге жуығы дерек пен дәйекке негізделген»,– дейді. 
Өткен жылы Ашур Өздемир түрік тіліне аударған Үміт Жәлекенің  «Қауышу» әңгімелер жинағы жарық көріп, көпшілікке таныстырылды. Тұсаукесерге қатысқан облыс басшылығы,  Маңғыс­таудағы Түркия қоғамдастығының өкілдері, ардагер журналистер, жазушы шығармасын сүйіп оқитын оқырмандар жылы пікірін білдірді. Түркия Рес­публикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Әлптекин: «Мен авторға жасаған жұмысы үшін алғыс айтамын. Кітапты оқығаннан кейін мен оны сүйікті шығармалар кітапханасына қосатыныма сенімдімін» деп, жазушы Үміт Жәлекенің кітабы екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың жаңа буыны болып қала беретінін атап өтті.
Ал аудармашы, ғалым Ашур Өздемирдің «...Бір білетінім, жақсы жазушының өзіндік қолтаңбасы болуға тиіс, өзіндік әңгімелеу мәнері болуы керек,  өзіндік тұжырымдамасы, бағыт-бағдары болуы керек. Қолына қалам алып, жаза беретін адамның бәрін ақын-жазушы деп атасақ та, олай болмайды. Жалпы алғанда, қазақ әдебиетінде жақсы ақын-жазушы көп. Оны өздеріңіз де білесіздер. Рас, Үміт Жәлеке  – Маңғыстау өңірінен шыққан жазушы, әңгімеші. Ол кісінің шығармаларында бірінші орында Маңғыстау өңірі бар, онан кейін Маңғыстауға жақын жерлер бар. Сол Маңғыстаудың жері, елі, қалалық болсын, далалық болсын, адамы, тарихы оның әңгімелерінің өзегін құрайды. Ол негізінде, заңды нәрсе! Өйткені жазушы біріншіден – өзін, өз елін, өз жерін жазуы керек! Сонан кейін барып, ұлттық, әлемдік деңгейге көтерілуге тиіс.
Үміт Жәлекенің өзіндік қолтаңбасы, сөйлеу мәнері, өз стилі бар. Бұл кісі ұлттық деңгейге көтерілген. Мен оның (өзі таңдаған) 11 әңгімесін түрік тіліне аудардым. «Қауышма» деген атпен Ыстамбұлдағы жақсы бір баспадан кітап қылып шығардық. Қазір оқырманға жол тартты. Түрік оқырмандары жақсы қабылдайды деген ойдамын, үміттемін» деген пікірін тұсаукесерге қатысушылар аудиожазбадан тыңдады.
Кие мен тылсым тұнған осынау жұмбақ  өлкеде қырық жылдан бері жанкештілікпен проза жазып жүрген сирек қыздардың бірі, бәлкім, жалғызы да болуы мүмкін. Қалам тербеуді кие, қасиет санайтын Үміттің жазушылық, ақындық, журналистік  – үш қырына қысқаша тоқталдық. Игерген қай саласын алсақ та, қолтаңбасы халық әндерінің қайырмасындай, оқиғасы шиеленісті, тақырыбы өзекті, талдауға, зерттеуге әбден лайық.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері,
  Халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты

 

1228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы