• Cұхбаттар
  • 21 Наурыз, 2024

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

Наурыз – қазақтың ертеден келе жатқан көктемгі  үрдістерінің бірі. 14 наурызда көрісуден басталатын бұл мереке Шығыс халықтарының көпшілігінде бар, тек атауы әртүрлі. Көне деректерде халқымыз көк қылтиған сәттен көктемге аман-есен жеткеніне қуанысып, төс қағыстырып, қол алысқан.  Бұл дәстүр былтыр және биыл Көктөбенің басындағы мерекелік жиыннан бастау алған-ды. Осы іс-шараны ұйымдастырып, оған  жоба  ретінде продюсерлік еткен әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымының кандидаты Базарбек Атығайды әңгімеге тартқан едік. 

 

– Сізді Көрісуді біртұтас ел болып қарсы алу идеясын ұсынып  жүрген азамат ретінде де білеміз. Бұл бастаманы көтеруіңізге не себеп?
– 1990 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түстім, ол қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, ұлттың еңсесі көтеріліп қалған бір жақсы кезең еді. Іле-шала еліміз тәуелсіздігін жариялады. Елдің келешекке деген үміті ұлғайды. Ұлттық мерекелеріміз де жанданып, әсіресе наурыздың  қазақ қоғамына қайта оралған уақыты сол кезең еді. Бір қызығы, сол сәттері Батыс өңірінің қыз-жігіттері, әсіресе маңғыстаулық жастар, наурыз айында «Жас құтты болсын» десіп, мәре-сәре болып жататын. Басқа өңірден келген студенттер оларға үдірейісіп қарайды. Әсіресе орыстілділер... Сол уақытта бір ұлт екі түрлі салт ұстанатындай ыңғайсыздық жағдай орнаушы еді... 
1991 жылы Президенттің Наурыз мерекесі туралы жарлығы шықты. Сол уақыттан бастап Ұлыстың ұлы күні ел ішінде ала-құла аталатын болды. Мерекенің нақты бір стандарты болған жоқ, мереке оңтүстік өңірлерде, әсіресе Алматы қаласында біршама ірі көлемде өтеді. Солтүстік, шығыс жақтарда, облыс орталықтарында әйтеуір өтті деген желеумен бірдеңе ұйымдастырылады, ал батыста халық мерекені наурыздың 14-і күні бастап кетеді. Маңғыс­тауда Отпан таудың басына от жағылып, ел көрісіп жатыр дегенді естиміз. Бірізділік, жүйе жоқ. Сол уақыттары Наурыз мерекесінің өн бойына сценаристер мен режиссерлердің көмегімен бұл мейрамға еш қатысы жоқ қазақтың фольклорлық кейіпкерлері мен қария – мифтік Қыдыр, ойдан шығарылған Наурыз ата т.б. бейнесі тықпаланды. Жаңа жылдың советтік форматына сәйкес, қарияға Бәйшешек, Жауқазын сияқты кейіпкерлер ілесіп жүрді. Ол уақыттары Наурызда көптеген киіз үй тігіліп, ол жерде таңдаулы, арнайы қонақтарға дәм татырады, бұл да мерекенің мәніне қайшы болған соң ыңғайсыздық тудыратын. Әкімшілік қызметкерлеріне арналған сондай VIP киіз үйлерге қарапайым халықтың да кіргісі келеді. Есік алдын күзетіп тұрғандар мен халық арасында жанжал туып жатады. Күн мен Түн, Жарық пен Қараңғы, Бай мен Кедей, Хан мен Қара теңесетін күні бөлекшелеп үй тігіп, бөлектеніп ас ішкен де дұрыс емесін ешкім ескермейді. Тек осы 1–2 жылдың көлемінде ғана қадірлі қонақтарға арналған аста-төк тағамдардан, кәуап пісіретін мангалдардан, қарапайым адамдарға арналған тегін таратылатын наурыз көже құйылған күбілерден арылғандай болдық. Келешекте де ғұрыптық не басқа да дайын азық-түлік саудасын ұйымдас­тырудың заманауи, өркениетті жолын іздеу, табу жолындағы талпыныстар жасала жатар.  
Ілгеріде Алматы қаласында ұйымдас­тырылған Наурыз мерекесінде флешмоб түрінде «Көрісу» ғұрпы жасалатын. Содан кейін, былтыр қала әкімдігінің қолдауымен 14 наурыз күні арнайы мерекелік іс-шара ретінде «Көктөбедегі көрісу» деген атпен Көктөбеде Амал күні ­­­­–­­ Көрісу күнін өткіздік. Мерекеге қатысқан көпшілік жылы қабылдады. Бір ұлт, бір ел екенімізді білдірген игілікті іс-шара болды десті. Енді, міне, жер бетінде тойланып келе жатқанына бес мың жылдан асқан, жарық мола­йып, табиғат жаңғыратын, керемет мереке соңғы жылдары әлемішке толы, жаттанды, жасанды күйге түскен соң, биыл өзгеріс енгізу мақсатында елімізде 14 наурыз күні «Амал күні – Көрісу күні» деп ертерек басталып, апта бойы аталып өтетін болды. Бұл бастаманы ЮНЕСКО адамзаттың рухани-мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне енгізген ең ғажайып, ең ежелгі мерекені ресмилік пен реттеуліктен арылтып, ел ішін бірлікке, тұтастыққа шақыру жолында жасалған игі қадам деп қабылдаған жөн.
– Көрісу туралы біздің төл басылымдарымызда нақты тарихи деректер кездесе ме? 
– Ұлыстың ұлы күніне байланысты деректер көп қой, ал енді нақты «Көрісуге» байланысты деректер ауыз әдебиеті үлгілерінде, жыр мен қара өлеңдерде кездеседі. Бұл туралы академик Мәлік Ғабдуллин, Мұхтар Әуезов жазған, Мәшһүр Жүсіпте, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерінде бар. «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» дейді Абай атақты «Жазғытұры» өлеңінде. Көрісу салты көктемге ғана тән белгі екенін соқырға таяқ ұстатқандай етіп нақты айтады. Қазақ «көріскенше», «көріселік», «көріскен күн» т.б. дейді. Ал енді әкесі туралы естелігінде Ахат Шәкәрімұлы осы қазақша жыл ауысу мерзіміне байланысты мынадай дерек келтіреді: «Бір күні әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 наурыз, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні», – деді. «Ал жаңа жылдың бұрынғы аты Наурыз – бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, Құрбан, Ораза айтын – Ұлыс күні дегізіп жіберген. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар – «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» – деген тіпті ескі мақал. Ұлыс күнін қалай қарсы алатындары туралы айтылған мынау жыр қазақтың арғыдан келе жатқан мұрасы: 
Ұлыстың ұлы күнінде, 
бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек 
тұлымшағы салбырап,
Бәйбіше шығар балпиып, 
сәукелесі саудырап,
Қыз шығады қылмиып, екі көзі жаудырап,
Бозбала шығар бұрқырап, 
ақ бөкендей сырқырап,
Құл құтылар құрықтан, 
күң құтылар сырықтан,
Кетік ыдыс шөміштің 
түтіні шығар бұрқырап.
Ұлыс күні құлды, күңді азат етіп, ескі ыдыстарды отқа жағатын салт болған. Сол Ұлыс күні көрісіп, амандасу туралы бұрын былай десетін болған: «Амансыз ба? Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барса, жол болсын!» Кейбіреулер: «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлыс береке берсін! Пәле-жала жерге кірсін!» – деседі.
Және бір жыр:
Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен,
Шалдар бата беріскен, сақтай көр деп, 
терістен.
Кел, таза бақ, кел! – десіп, – Ием тілек бер! – десіп,
Көші Қайрақан,  көші – десіп.
Және ескінің бір өлеңінде Ұлыс күнін қосады:
– Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсем де кетер ме көкейімнен
Қалқамен Ұлыс күні ойнағаным, – деген.
Тағы бір ескіден келе жатқан жоқтау, бұл да Ұлыс күнін дәлелдейді. Шақшақ Жәнібек кенже қызын өзінің досының баласына берген. Жәнібек өлгенде, сол қызы әкесін жоқтайды. Бұл ұзақ жоқтау еді. Наурыз туралы айтқанын ғана айтайын:
«Айналайын, әке-екем!
Неге бердің кедейге!
Қанша ақылды десең де,
Кедейді – кедей демей ме?»
Байға берсең, әке-екем,
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем!
Тамам сорлы тоймас па ең!
Ұлыс сайын бастарын,
Жұп шырақ жағып қоймас па ем! – деген» – деді әкей.
Мен әкейден: «Жұп шырақ» болатыны қалай, не біреу, не үшеу болмай, жұп болуы неліктен?» – деп сұрадым.
Әкей: «Жұп шырақ» – тілек, намаз есепті құлшылық. Бұл фарсының баяғы – Зардушт (орысша – Зарастр), соның жолынан қалу керек. Ал «Жұп шырақ» болуының мәнісін толық білмесем де, мақал білдіреді:«Жалғыз шала  сәуле болмас, Жалғыз шырақ  тәуба болмас» – деген бар» – деді әкей. Сол ескіше 1 наурыз күні әкейге айттым: «Біз де бүгін қазан толы көже істейік» – деп. Әкей айтты: «Бізде бидай жоқ қой! Ұннан ет тура, кеспе көже істейік», – деді. Мен қаптан ұн әкелдім. Әкей жылы суға түз езіп, дәмін шығарып,  «осымен иле» деді. Сөйтіп, екеуміз құдайы көже істеп іштік...
Сол 30-жылы, наурызда, түнде мен жатып қалдым. Әкей ұзақ отырып, «Жан беріп жарық, жылы нұрдан», – деп басталатын 30 жол өлеңін жазды…»
Шығыстағы Шыңғыстаудың қазағы Шәкәрім айтыпты «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен» деп. Көрісу – тек кісісі өлген үйге барғанда атқарылатын ғұрып демеген. Рас, марқұмның үйіне дауыс шығарып барып, көңіл айтып, көрісу де ата жолы, көне салт. Осы екі көрісудің біріне-бірі қайшы келіп, бірін-бірі жоққа шығарып тұрмағанын қадап айтамыз. Өлім үстіндегі көрісу – өлім ғұрпы емес, тіршілік салты. Тірінің дидарын көріп, көңіл айту – қызық үстінде ғана емес, қаралы жағдайда да бірлік ниетін таныту дәстүрі.  
– Дәл осы Көрісу күні бүкіл қазақ бір-бірімен көрісіп, наурыз көже пісіріп, атап өтетін болған ғой?
– Жалпы, қар еріп бастап, күн мен түн теңесер тұста көрісу дәстүрі, этнографтардың сөзіне сүйенсек, барлық өңірде болған. Әрі-беріден соң жалғыз қазаққа ғана емес, иісі көшпелі халықтарға тән салт. Бұл дәстүрді арабша ай атымен амал күні деп, функционалды семантика категориясына сай «Көрісу күні» деп, бағзы лепеске бағып Ұлыстың ұлы күні деп, жаңашалап Наурыз мерекесі деп әрқалай атасаңыз да, сайып келгенде, түбі бір.
Бір өңірде қыс ерте кетеді, келесі өңірге көктем жай келеді. Яғни көшпелі жұрт күннің райына, табиғаттың жайына қарайды. Ал қалған салт-дәстүр бірдей, бір өңірде наурыз көже десе, келесі өңірде ұмаш көже, тілеу көже дейді, тағы бірі жай ғана көже деседі. Кейін бұл ас Наурыз көже деген атауға атықты. Ең бастысы, қағида біреу ақ, жас ет жоқ болғандықтан, қазанға қолда бар, қыстан қалған сүр ет салынады, яғни көженің негізі сүр ет. Ал енді оған міндетті түрде жеті дәм қосу керек деп ет, су, тұз, арпа, бидай, тары т.с.с. тізбектеп санау артық әңгіме. Қолда бар дән-дақылдарды қосып, көженің қоректік маңызын арттырады. Наурыздың өзбектер, тәжіктер мен қырғыздар сумаляк, әзербайжандар сэмэни, қазақтар наурыз көже деп атайтын ғұрыптық тағамы дәндерден жасалатынына назар аударыңыз.  
– Наурыздың қазаққа қайта оралуы туралы кеңірек айтып берсеңіз. Бұл туралы Алаш зиялылары  не деген екен? 
– 1913 жылы «Қазақ» газеті наурыз айында «Наурыз» атты мақала жариялап, мерекені сөз етеді. Ол мақалада ұлыс күні наурыз айының ішінде тойланатыны айтылады. Ал енді 1919 жылы «Сарыарқа» газетіне шыққан мақалада Ұлыстың ұлы күнін 22 наурызда атап өту туралы ұсыныс көтеріледі. Бұл да күнтізбенің ауысуына байланысты ғана өзгеріс. 1920 жылы Тұрар Рысқұловтың бастамасымен елімізде 22 наурызда Наурыз мерекесі аталып өтеді. Бір жылдан соң жарық көрген «Жас Алаш» газеті ең бірінші санын жаңа жылдан, яғни 22 наурызда жариялайды. Газеттің сол уақыттағы бас редакторы  Ғани Мұратбаев, жауапты хатшысы Ілияс Жансүгіров еді. Яғни қазаққа жаңа жылдың басы 22 наурыз деген идеяны сіңіру 1913 жылдан басталып, 1920 жылдарға дейін толастамағанын байқауға болады. Біз осы уақытқа дейін ұлт зиялыларының сол ізімен 22 наурызды Ұлыс­тың ұлы күні деп белгіледік. Сол ізбен келеміз. Күнде тұрған ештеңе жоқ. Ал байырғы ақылды қазақ күн мен түн теңесер тұста көктемдегі көрісуді жер-жердегі табиғат ыңғайына қарай ілгерінді-кейінді тойлай берген сияқты. Ал енді Наурыз айының 14 күні бүгінде батыс өңірінің қазағы қастерлейтін «Амал мерекесі», «Көрісу» аталатын жыл ашар той ежелгі дәстүр ретінде ілтипатта болғаны жөн. Тұтас қазақ ортақтасса, тіпті керемет! 
– Көрісуді, наурызды халыққа насихаттау туралы қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? 
– Биыл Наурызды 14 күні «Амал күні – Көрісуден» бастап, 22 наурызға дейін атап өтетін жақсы бір дәстүр басталды. Бұл апта бойы той тойлау деген емес, керісінше, даңғазалық, ысыраптан бас тартып, аста-төк мейрам жасағанда да үнемшілдік, табиғатқа, адамдарға, асқа ұқыппен қарау қажеттігінен туындаған ой деп білемін. Наурыз мерекесінің ең бір үлкен философиясы да осы ойдан тамыр тартады. Жалпы, Наурыз – қарын тойдыратын мереке емес, керісінше, астың азайған, қолда бардың таусылуға жақындаған уақытында өтетін аскеттеу мереке. Наурыз көжеге қосылатын жеті дәм, жеті дән деген де қолда қалған әр түрлі дәнді араластырып ас пісіруден шыққан. Біз ұлыстың ұлы күнінің мәнін бағамдамай,  мерекенің басты ұстанымын бұзғанымызды түсінбейміз. Наурыз­дың  өте демократиялы, діни догмалардан ада, нағыз халықтық, өте қарапайым мереке екенін ұмытпауымыз керек. Наурыздың ғұрыптық негізі сан ұрпақтың, сан халықтың космогония­лық, дүниетанымдық, этикалық, биосфералық тұжырымдарынан тұрады. Ең бастысы, солардың барлығы – жасампаздық пен ынтымақ бастауы. Биылғы мерекені жаңа формада жасау деген идея да осы ойдан туындаған деп ойлаймын.
– Сіздің байқауыңызша, батыстан басқа өңірлердегі халықтың көрісуге көзқарасы қандай?
– Бірен-саран күңкілді есептемегенде, иісі қазақ қолдады ғой. Асылы, тарихи негізі бар, ұлтты ұйыстыратын кез келген жақсылықты жатсынбау керек. Қазақ бүгінгі күнге біртұтастығымен, бірлігімен жеткен халық. Сонау орта ғасырдан бастап ХVIII ғасырдың аяғына дейін осы қазіргі Қазақстан жерінде, оған шектес аумақтарда Қазақ хандығынан әскери қуаты, халқының саны мен экономикалық әлеуеті артық күшті мемлекеттер болған. Уақыт өте келе солардың бәрі ыдырап, тарих сахнасынан жоғалды. Бүгінгі күнге қазақ елі бірлігінің, ұлттық тұтастығының арқасында аман-есен, әйтеуір, тұман ішінен көрінген үмітті сәуле етіп жетті. Әңгіме ұлтымыздың бағзыдан келе жатқан Көрісу деген ғұрпынан шықты ғой, тағы айтамыз, «Көрісу» – Ұлыстың ұлы күнінің нышаны ғана емес, жаны-жүрегі. Ата қазақтың дәстүрлі этикасында бағзыда қалыптасқан, ұлттық бірегейлікті айқындайтын тұрақты категорияның бірі. Адамның туғаннан өлгенге дейінгі өмірін тұтас қамтитын әмбебап категория. Жай ғана үлкенге құрмет, кішіге ізет емес, баршаны – ер мен әйелді, кәрі мен жасты, бай мен кедейді теңгеретін, жарық күннің нұры түгел жұртқа тең түсетінін еске салатын тәуба сәті. Наурыз мерекесінің ең басты тағылымы, арда өнегесі осы болар деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

2163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы