• Cұхбаттар
  • 28 Наурыз, 2024

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

Ұлттық кітапхананың ­Н.Дәулетова атындағы залында Жазушылар одағы мен Ұлттық кітапхананың ұйымдастыруымен Сатира кеңесінің төрағасы, Балғабек Қыдырбекұлы және «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқыты», түрік тілінде шыққан «Әйелім базарда» және балаларға арналған «Медина мәзірі» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Тұсаукесердің модераторы әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы болды. 1 сәуір – күлкі күні қарсаңында Ермахан Шайхыұлын сұқбатқа тартып, қазақ қаламындағы сатираның жай-күйін сараладық.

– Сатира жанры бойынша соңғы уақытта қандай қазақша кітаптар жарық көрді? Оның ерекшелігі, артықшылығы қандай?
– Былтыр әдеби жыл қорытындысында сатиралық жанрлар бойынша баяндама жасадым. Сонда қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр» атты бес томдық шығармалар жинағы, Аймұханбет Бейсембектің «Сақ-сақ күлген сатира», Мұхтар Шерімнің «Біз ұялмаймыз» және «Ештеңенің керегі жоқ», Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?», Самат Слямғазиннің «Анау-мынау» деп аталатын кітаптары туралы толымды пікір айтып, шама-шарқымызша талдап-таразыладық. Ол жинақтарда сатиралық әңгімелер мен сықақ өлеңдер, фельетон мен тұрмыстық пародиялар, мағынасы майысқан мақалдар және жағымсыз жаңылтпаштар, тіпті эпиграммалар да топтастырылған. Ол авторлардың бәрі – қолтаңбасы қалыптасқан, кез келген жанрда кең де көсіле жазатын қаламгерлер. Көтерген тақырыптары өзекті. Сондай-ақ «Қазақ сатирасының антологиясы» жарық көрді. Бірақ бұл толық нұсқа емес. Алдағы уақытта осы антологияны толықтырып, қайта шығару жоспарда бар. Бұл жобаны Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қолдап, қуаттап отыр. 
– «Сатира сарқыты» деп аталатын жинақта қазіргі қазақ сатирасының тарихы, оның жетістіктері мен кемшіліктерін, жанрларын талдадыңыз. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ сатирасы қай жанрда оқырманын көбірек қуантып жүр, қай жанр кенже қалып отыр?
– Негізі, сатира поэзиялық және прозалық жанрлар болып екіге бөлінеді. Сөйтіп, поэзияның өзі – сатиралық өлеңдер, әзіл өлеңдер, шымшыма, мысал, эпиграмма, пародия, ал проза – сықақ әңгімелер, әзіл әңгімелер, памфлет, фельетон, скетч тағы басқа бірнеше түрге бөлініп кетеді. Ал бұл жанрлардың бәрін игеру оңай емес. Кей сықақшылар поэзияны жақсы меңгерсе, енді бірі прозалық шығармаларды жақсы жазады. Екі жанрда бірдей қалам тербейтіндер некен-саяқ. Сондықтан кей жанрлардың ақсап жататыны – заңдылық. Осы күні әдеби пародия, эпиграмма, памфлет, фельетон жанрлары кенже дамып келеді. Қазіргі сатириктер осы жанрларда қалам тербесе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Жаңылтпаштан құралған «Медина мәзірі» кітабыңыз бүгінгі бала тілін жаттықтыруға арналған екен. Қазақтың төл әріптерін дұрыс айту, жаңылтпаш жазу, оны жаттату дәстүрі қаншалықты маңызды?

– Оқырман қауым мені тек сатирик ретінде таниды. Негізі, тырнақалды туындыларымды балаларға арнап жазған едім. Сондықтан алғашқы шығармаларым балаларға арналған басылымдарда жарық көрді. Жаңа сіз тілге тиек еткен «Медина мәзірі» атты жинаққа енген жаңылтпаштың басым көпшілігін өзім мектеп қабырғасында жүрген кезімде жазғанмын. Одан бір бөлігін студент кезімде, қалғанын өткен жылы толықтырдым. Сөйтіп жүріп, «Шылдыр шүмек», «Әріп әлемі» атты екі жинақ шығардым. Алдағы уақытта тағы да бір-екі жинақ әзірлеп жатырмын. Ол жинақ туралы сол кезде айта жатармыз. Ал жаңылтпаш жаттау – баланы ұшқыр ойлап, ұтқыр сөйлеуге жетелейді. Сондай-ақ олардың қабілет-қарымын шыңдайды. Сондықтан жоғарыда айт­қан «Медина мәзірі» мен «Әріп әлемі» – тіл ұстартудың ең қажетті құралы. Ал ондай кітаптар әрбір үйдің сөресінде тұруға тиіс.
– Түрік тіліне тәржімаланған «Әйе­лім базарда» кітабыңыз түрік оқырманының қолына тиді ме? Олардың пікірі қандай?
– Өткен жылдың желтоқсанында Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өміроғлының мұрындық болуымен «Әйелім базарда» атты жинағым түрік тілінде жарық көрді. Тұсаукесері Анкара қаласында, Халықаралық кітап көрмесі аясында өтті. Аудармасы мен жарнамасы жақсы болғандықтан ба, әйтеуір, оқырман көп болды. Оларға 2–3 сағат бойы қолтаңба беріп шаршадым. Әрине, жақсы мағынада айтып жатқаным ғой. Соған қарағанда кітабым өз оқырманын тапқан секілді. Осы орайда, туындыларымды түрік тіліне аударған белгілі журналист-жазушы Мәлік Отарбаев екенін айта кеткенім абзал. 
– Қазір журналистика факультетінде дәріс оқисыз. Сатиралық әңгіме, публицистикадан студенттер хабардар ма?
– Сонау 2000 жылдардың басында атақты ұстазымыз Темірбек Қожакеев­тен кейін сатирадан арнаулы курс жүргіздім. Сондағы шәкірттерім – Кәмшат Сатиева, Қанат Ескендіров, Ержан Байтілес, Ысқақ Егембердиев, Бейбіт Сарыбаев, Асқат Қылышбеков, Кәмшат Әбілова тағы басқалар. Осы жастардың тырнақалды туындыларын өзім редактор болған «Жас Алаштың» «Бір түрлі бет», «Айқын» газетінің «Жатыпатар» атты сатиралық қосымшаларында жариялап жүрдім. Одан бөлек, сабақ бермесем де, Үміт Зұлхарова, Олжас Қасым, бүгінде белгілі режиссер болған Мұрат Есжан, тағы басқа жастардың сатиралық шығармаларының жарық көруіне ықпал еттім. Соның арқасында біразы сатирик болып қалыптасты. Осының бәрі – сатира туралы сабақ алғаннның нәтижесі. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де, еліміздің басқа жоғары оқу орындарында да сатира туралы дәріс жүргізілмейді. Соның салдарынан соңғы уақытта сатира жазатын жастар мүлде жоқ. Сондықтан еліміздің жоғары оқу орындарында сатирадан арнайы сабақ жүргізілгені жөн. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе! Осы ұсынысымыз ректорлар тарапынан қолдау тауып жатса, қанеки!
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Қарагөз СІМӘДІЛ 

2430 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы