• Тұлға
  • 28 Наурыз, 2024

Тіл ғылымының дарабозы

Биыл жалпы ғылым үшін, тіл білімі саласы үшін ерекше болмақ, өйткені көрнекті ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Әбдуәли Қайдар және Рәбиға Сыздықтың 100 жылдық мерейтойы осы кезге тұспа-тұс келіп отыр. Түркітілдес жұртшылық, мемлекет, ғылыми көпшілік деңгейінде аталып өтетін шаралар топтамасы басталып та кетті. Көзін көрген ізбасарлары, шәкірттері ғалымдардың еңбектерін жан-жақты насихаттап, әйгілей түсу жұмысын өте белсенді жүргізіп жатыр. Аталған жазба ұстазымыз, ғылымға деген көзқарасымызды қалыптастыр­ған Әбдуәли Қайдарға арналып отыр.

 

«Ғылым» атаулы когнитивті конс­труктінің (зерделеудің) екі бірдей тәсілі болады. Бірі – трансцендентальді-­аналитикалық та, екіншісі – синтетикалық-жинақтаушы. Бұл екі көзқарас ғылым саласын зерделеуде И.Канттық және О.Конттық парадигма деген атаумен ғылыми ізденістің тарихына енген. Егер И.Канттың философиясында ғылым мүмкіндігі мәселесінен оның шынайылығына жетелесе, О.Контта керісінше, шынайы білімнің көрінісінен оның болашақтағы мүмкіндігіне қарай жетелейді. 
Ал тіл ғылымын зерделеуде Әбдуәли Қайдар осы екі парадигманың басын біріктіре отырып, сол ғылымның дамып жетіліп, іргелі ғылымға айналуына сүбелі үлес қосты. Қай ғылым саласын алып қарасақ та, сол ғылымның қалыптасып, даму деңгейі белгілі бір ғалымдардың тұлғаларымен, олардың ерен еңбектерімен бағаланады. Академик ағамыз­дың аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына дейінгі өсу жолы да Білім және ғылым министрлігінің (бұрынғы Ұлттық ғылым академиясының) құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тығыз байланысты. Сондықтан қазақ тіл білімі мен академик Ә.Т. Қайдардың есімін өзара тікелей байланыста қарастыруды орынды деп ойлаймыз. 
Академик Әбдуәли Қайдар өзінің саналы ғұмырында екі тілді, яғни «қос тұлпардың тізгінін қатар ұстап», сол сияқ­ты жалпы және салыстырма түркітану мәселелерімен де үздіксіз шұғылданып келе жатқан, бағдарлаған ғылыми-зерттеулерінің аясы кең, тақырыптық талғамы терең, есімі елімізге ғана емес, бүкіл түркітану әлеміне белгілі тіл мамандарының бірі. Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан қомақты үлесі мен сіңірген еңбегін жариялаған 500-ден астам ірілі-кішілі зерттеулерінде, оларда көтерілген сан алуан лингвистикалық және басқа да көптеген мәселелердің теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көруге болады. 
Жарты ғасыр бойы үш тілде (қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде) жазылған, олардың кейбірі («Қазіргі заман ұйғыр тілі», «Түркітануға кіріспе», «Халық даналығы») басқа (қытай, түрік) тілдерге аударылып басылған. монографиялар, оқулықтар, сөздіктер, жинақтар, мақалалар түрінде дүниеге келген бұл еңбектер, мәні мен маңызын айтпағанның өзінде, олардың ауқым-аумағының өзі-ақ ғалымның көп жылдар бойы тынбай жүргізген зерттеу­лерінің нәтижесі екені белгілі. Өмірінің соңғы 10–15 жыл аралығында жарық көрген көптеген ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалаларын айтпағанның өзінде, көлемді де құнды ғұмырнамалық және монографиялық зерттеулердің жариялануы («Ғылымдағы ғұмыр»,«Тіл майданы» (акад. Ө.Айтбайұлымен бірге), «Халық даналығы», «Қаңлы (тарихи шежіре)», «Қазақ қандай халық?», «Қазақтар ана тілі әлемінде. Адам.  І том. Қоғам. ІІ том. Табиғат. ІІІ том.», «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік») және «Ғылыми мақалалар жинағы. 3 томдық», «Имитатив теориясы және қазақ тілі байырғы лексикалық қорының қалыптасу процесі», «Қазақ тілі этимологиясының ғылыми-теориялық негіздері», «Развитие лексики уйгурского языка») ғалым еңбекқорлығының нәтижесі екенінде дау жоқ.
 Академик Әбдуәли Қайдардың қазақ тіл білімі бойынша, әсіресе түркітану саласындағы ізденістері мен зерттеулерінің басты ерекшеліктеріне – олардың әрқыр­лылығын, тақырыптардың сан алуандығын жатқызуға болады. Атап айт­қанда, «Терминология кез келген тілдің даму процесін білдіретін барометр іспетті, қоғамдық өмірдегі саяси-әлеуметтік, ғылым-білім, техникалық жаңалықтар мен өзгерістердің бәріне сезімтал лексиканың дамуын зерттейтін жанды құбылыс. Сондықтан болар, терминологияға соқпайтын бірде-бір тіл проблемасы жоқ» деп тұжырым жасаған ғалым қазақ терминологиясының өзекті мәселелеріне де ерекше ден қойып, бірқатар еңбектер арнады. Бұл орайда ғалымдар мен мамандар тарапынан да, қалың жұртшылық тарапынан да қолдау тауып, оң пікір қалыптастырған академик Әбдуәли Қайдардың 1993 жылы жарық көрген «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты еңбегін ерекше атауға болады. Аталмыш еңбекте ұсынылып отырған терминжасамның 11 қағидасы бұрын айтылып келгендерден елеулі өзгешеленеді және онда замана талабына сай, тіл дамуының жаңа үрдісі мен болашақтағы бағыт-бағдарына байланысты ұсыныс­тар да орын алған. Ол принциптерге қысқаша тоқталсақ: 1) терминологиялық процесті мемлекет қамқорлығына алу; 2) тіл дамуының жаңа үрдісімен санасу; 3) қазақ тілінің төл және байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану; 4) түркі халықтарының терминжасамдық өнегелі үлгілерінен пайдалану; 5) шеттен алынатын терминдерді мүмкін болғанынша қазақ тілінің өз ерекшеліктеріне икемдеп алу; 6) шеттілдер терминдерін мүмкін болғанынша аударып алу; 7) терминдерді қазақ тілі негізінде қысқартып алу; 8) термин қабылдауда шарттылық заңдылығын сақтау; 9) терминдерді салалық жүйе бойынша жіктеп, сұрыптап алу; 10) ұлттық және интернационалдық терминдердің сандық және сапалық арақатынасын табиғи қалыпта сақтау; 11) терминдердің емлесін жазу дәстүріне сәйкестендіру.
 Терминология мәселесі әр кездерде-ақ көп талас туындатып жүрген күрделі де қиын мәселе. Қазіргі ғылыми-техникалық және ақпараттар легінің үдеген кезінде ресми қабылданған терминжасам қағидалары басшылыққа алынып, қолданылып келеді. Ерекше атап өтетін нәрсе, осы аталған қағидалардың ішіндегі үшіншісі, яғни қазақ тілінің төл және байырғы лексикалық байлығын сарқа пайдалану үдерісі бүгінгі таңда терминжасамның негізгі көзі ретінде жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде қолданыстан шығып, мағынасы күңгірттенген, бірақ тамыры тереңде жатқан көнерген сөздер мейлінше жаңғыртылып, белсенді терминжасам көзіне айналғаны орынды-ақ болар еді. Байырғы атауларды сөзжасам үдерісінде ұтымды пайдаланып, орынды жұмсай білсек, кірме сөздердің азаюына, тарихи сөздердің тілдік қолданыстағы қызметін арттыруға, тіл табиғатының даму үрдісін жақсартуға, жаңа атаулар легін толықтыруға, сонау замандардан сыр тартатын көне сөздеріміздің ұмыт болмауына ықпалы зор болмақшы. 
Жалпы, бұл қағидалардың дұрыс-бұрыс­тығын бағалау, айқындау терминологиямен шұғылданып жүрген басқа ғалымдардың еңбектерінде өзінің лайықты бағасын алып жатыр және ала береді де. Қазақ тіл біліміндегі белсенді де жанды, қарбаласы да қауырт сәттері мол бұл өзекті мәселе ғалымдардан зерделілікті, ұлтжандылықты, азаматтық парызды талап ететіні аян. 
Ғалымдардың алдына қойылатын императивтердің барлығын ар тұрғысынан орындай отырып, академик Әбдуәли Қайдар тіл ғылымы саласында үлкен жетістіктерге жетіп, сол саланың шынайы философы деген мәртебелі атаққа әбден лайықты деуге болады. 
«Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп Абай айтқандай, академик Әбдуәли Қайдар тағылымы мол ғалымдығымен қатар, сансыз шәкірт тәрбиелеп шығарған ұлағатты ұстаз болды. Ғалымның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелдерде ғылым, білім, мәдениет т.б. салаларында абыроймен өнімді еңбек етіп келеді. Ғалымның ғылымға қосқан үлесі тек өз басының ғылыми еңбектерімен ғана емес, сонымен қатар оның ойларын дамытып, игілікті ісін жалғас­тырушы шәкірттерінің зерттеулерімен де өлшенеді.
Академик Ә.Қайдардың ғылыми-шығармашылығында лингвистика салаларының, атап айтқанда, лексикология және оның барлық тараулары, диалектология мен тіл тарихы, этнолингвистика, түркітану және алтаистика, тіл саясаты мен мемлекеттік тіл мәселелері кандидат және доктор шәкірттерінің диссертацияларында әр қырынан қаралып, жан-жақты талданып, ұстаз ойының өрісін кеңейтіп, өресін өсіре түскенін аңғарамыз. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық, ғылыми жалғастық деген осы болар. Енді осы ғылыми сабақтастық пен жалғастықтың тетігі, үлгісі мынадай жағдайларға байланысты тәрізді. Біріншіден, ғалым көп жағдайда шәкірттеріне өзі шұғылданып жүрген, жалпы пісіп жетілген немесе әлі де зерделей түсуді қажет ететін тақырып береді, өйткені шәкірттеріне жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беруге осылай ыңғайлы. Екіншіден, тақырыпқа негіз болып отырған мәселе бойынша ғалымның өзі жеке не ізденушімен бірлесе отырып ортақ мақала жазады. Ол мақалалардың мақсаты – шәкіртке жалпы ойдың немесе оның жеке бір аспектісінің мақсатымен таныстыру, сонымен қатар мақала жазудың үлгі-тәсілдеріне баулу, бұл да ұстаздың өзіндік ерекшелігін көрсетсе керек. 
Бірер мысал келтірейік. Мәселен, Ә.Қайдар еңбектерінде синкретизм проблемасы түркі тілдері негізінде алғаш рет 70-жылдары сөз бола бастаған еді. Шәкірті Е.З. Қажыбекке кандидаттық диссертация етіп осы мәселеге қатысты тақырып бергеннен кейін, ол онымен бірлесе отырып бірнеше мақала жариялайды. Бұл тәрізді дәстүрден ұстаз бен шәкірттің мүдде-мақсатын бірлесе отырып дамытудың тамаша үрдісін байқауға болады. Сол сияқты, түбір сөз проб­лемасына байланысты «Реконструкция «мертвых» корней в структуре глагольных основ казахского языка» деген тақырып берген белді шәкірті Жамал Манкеевамен де ұстазы академик Ә.Қайдар алғашқы бір бағдарлаушы мақаласын бірлесе жариялаған еді. Осы мақалада қазақ тіліндегі императив етістіктердің қалыптасқан, көбісінің негізі «өлі» түбірге айналып, консервацияланған 35 үлгісі айқындалады. Аталмыш күрделі мәселенің негізгі идеясын Ж.Манкеева өз еңбегінде дамыта түседі. Қостағанды фразеологизм идеясы да осы тәрізді. Бұл туралы ұстаз бен шәкірт – ф.ғ.д. С.Сәтенова екеуінің «Қазақ тіліндегі қос­тағанды фразеология­лық тіркестердің тілдік және поэтикалық табиғаты» атты көлемді мақаласы жарияланғаны белгілі. Мұндай ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық пен ғылыми жалғастықтың үлгісі ғалым Ә.Қайдардың төңірегінен жиі аңғарылатын еді. Олардың біразы ұстаздың тақырып етіп ұсынған өз идея­сын, ой-толғаныстарын жалпы түрде не оның бір аспектісін алдын ала жариялау арқылы бағыт-бағдар беру болса, енді біразы талапкер ізденушімен бірлесе отырып, «жол ашушы», «тұсаукесер» іспетті ортақ еңбек жариялау. Мұны ғалым «бір терінің пұшпағын илесу», «ортақ идеяны дамыту» деп санайтын. Міне, осындай тақырып беруден бұрын жазылуы не диссертанттармен бірлесе отырып бірге жазылған ортақ мақаланың бәрі міндетті түрде ғалым шұғылданып жүрген проблемалардан туындап жатуының себебі де осында болса керек. Ғалымның жетекшілік етуімен қорғаған бір топ шәкірттерін және олардың тақырыптық бағыттарын атап көрсетсек: фразеология бойынша – Р.Жайсақова, К.Дүйсетаева, Т.Г. Боргоякова, С.Жапарбекова, Р.Таева, С.Сәтенова, К.Смағұлова, плеоназм – Г.Әжібекова, түбір сөз проблемасы – Е.Қажыбеков, Ж.Манкеева, К.Хұсайынов, Ч.Дыйханова, А.Қызласов, М.Ескеева т.б.; алтаистикадан – Б.Бұхатын, Э.Әзербаев, Чу Мин Хо т.б., сөзтаным, лексикология бойынша – М.Ержанов, М.Шакова, А.Нажимов, Р.Шойбеков, Ш.Баратов т.б.; медицина терминдері – К.Аяпбергенова; мақал-мәтел бойынша – Ғ.Тұрабаева, 
Ш.Салықбаева; диалектологиядан – А.Тасымов, Ә.Нұрмағамбетов, этнолингвистика бойынша – Қ.Аронов, А.Жылқыбаева, Р.Иманалиева, А.Мұқатаева, Г.Назарова, Б.Уызбаева, М.Мұсабаева, Н.Оңғарбаева, Б.Сағын, Ш.Сейітова, Н.Әшімбаева, 
Э.Өтебаева, Г.Исаева т.б.
Міне, академик Ә.Қайдар бастаған ғылым салаларының осылайша дамып, өрісінің кеңейіп жатқанын көреміз. 
Академик Ә.Қайдар – ғылымда өз мұратының жемісті жалғасын қалыптастырған ғалым. Ғалымның шығармашылық өмір жолына тереңнен көз жіберетін болсақ, ғылыми еңбектер жазуда ғана емес, сол сияқты ғылымды ұйымдас­тыру жолындағы атқарған қызметінен қыруар өнегелі жұмысты байқаймыз. 1930 жылдардағы зұлматтың құрбандары болған А.Байтұрсынұлын, Қ.Жұбанұлын, Х.Досмұхамедұлын, Т.Шонанұлын ақтап алу шараларына қызу араласып, Тіл білімі институты, «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан тиісті органдарға жіберілетін құжаттарды дайындап, оларға қатысты есімнамалық еңбектердің жазылып, жарыққа шығуына ұйытқы болды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін, әсіресе қазақ тілін сақтап қалудың бірден-бір жолы оған мемлекеттік мәртебе беру керек деп түсінген қауым тіл саясатын өзгертуге бет бұрды. Осы жалпыхалықтық әрекеттің басы-қасында кезінде академик Ә.Қайдар және онымен пікірлес қауым болып, ол құрған Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы республикада тіл саясатының қалыптасуына ықпал жасағаны мәлім. Осы жаңа тіл саясатының қалыптасуына академик Ә.Қайдардың тіл маманы ретінде, қоғам қайраткері, тұғыры биік азамат ретінде белсене атсалысқаны қалың жұртшылыққа белгілі. Басқа іс-әрекеттерін айтпағанның өзінде, «тіл тағдыры – ел тағдыры» деп басталған осынау бір игілікті іске қосқан оның ғылыми үлесі де ұлан-ғайыр. Бүгінде бұлардың біразы тарихтың аударылып кеткен парақтары іспеттес, дәл сол кездегідей өзекті болмаса да, өмір талабына, замана үрдісіне сай өзгеріп, айқындалып, уақыт сынынан өтіп, жалпы тіл саясатының өзекті мәселелерін қозғаған ғылыми-практикалық негіздерінің бірі болып қалды деп айта аламыз. Бұл зерттеулер өзінің мәні мен маңызына, көлемі мен ауқымына қарай, әсіресе кейінгі 15–20 жылда атқарған ерлікке бергісіз ерен еңбегінің жемісі еді.
Республикадағы тіл саясатына қатыс­ты академик Ә.Қайдар көтерген нақты мәселелердің арасында мыналарды атау­ға болады. Олар – мемлекеттік тіл және тілдің әртүрлі мәртебесі мен қоғамдағы қызметі: біртілділік, қостілділік, көптілділік, мемлекеттік қостілділік, ресми тіл, ұлтаралық тіл, халықаралық тіл, ортақ тіл, тіл тағдыры, тіл экологиясына байланысты: ана тілі үшін күрес, мемлекеттік тілдің болашағы, орыс тілінің қоғамдағы орны, ана тілін меңгерудің деңгейі (соның ішінде «40 пайыз» мәселесі), жазу мен тіл мәдениеті, ғылым тілі, сондай-ақ тіл заңы, тіл бағдарламасы, тіл тұжырымдамасы және олардың орындалуы туралы; «Қазақ тілі» қоғамының атқарған қызметі, жұртшылықтың жалпы тілге, соның ішінде мемлекеттік тілге деген көзқарасы, іс-әрекеті т.б. осы сияқты толып жатқан тілдің өзекті мәселелерін қамтиды. Латын әліпбиіне көшу мәселесін де алғаш рет тілге тиек еткен Әбдуәли Қайдар болатын.
Ғалым өзінің ең басты міндетін – елдің елдігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалудың бірден-бір кепілі – ана тіліміздің толыққанды қызмет атқаруына, ұлт санасын оятып, атсалысуды барынша ұғына білді. 
Түркітану ғылымының, қазақ және ұйғыр тіл білімдерінің көрнекті маманы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі, Башқұрт­стан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры (1978–1994), құрметті директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымының докторы, профессор Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлының 100 жылдық мерейтойына арнаған сөзімізді бір топ шәкірттерінің ғалымның ұстаздығы жөнінде түйген ойлары мен тұжырымдары жинақталып берілген төмендегі жолдармен қорытындылауды жөн көріп отырмыз: ғылымда да, өмірде де азаматтық биік тұғырдан көрінуге, белсенді позициясын сақтауға талпынысы зор болған азамат-ғалым; барша саналы ғұмырын тынымсыз ізденіске бағыштаған еңбекқор адам; өзі таңдап алған өмірлік мамандығына берілген, оны сүйе де, сол үшін жан-тәнімен күйе де білген ғалым; ғылымдағы бір жақтылықты, тар шеңберінде қалуды қаламайтын, мүмкін болғанша одан жан-жақты хабардар болуды, әр құбылысты зерделей білетін, көп нысаналы зерттеуге бейім әмбебап, кең тынысты ғалым; ана сүтімен бойына дарыған ана тілінің құдіретті күшін, биік рухы мен асыл қасиетін жасынан сезініп өскенін, туыс тілдерді білгенін өз мамандығының ұйытқысы, арқауы деп санаған ғалым; ана тілінің тағдырына жан дүниесімен күйзелетін, ол үшін кіммен болса да бел шешіп күресуге дайын ұлтжанды, саясаткер-ғалым; ғылымның жан-жақты дамуына, идеяның жалғасып, өрісінің кеңейуіне, өресінің өсуіне өзінің де, өзгенің де үлес қосуын қалап өткен ғалым; өзіне қимайтын қымбат уақытын шәкірттерінен аямайтын қамқоршы ұстаз; сондықтан елге істеген игілікті ісін міндет етіп, пұлдамайтын, ал өзін ел алдында да, ғылым алдында да, үлкен мен кіші алдында да «парыздармын», «қарыздармын» деп санаған ұстаз-ғалым; табысына мастанбайтын, сәтсіздікте жасымайтын, «таспен атқанды аспен атуды» қалап өткен, көңілінде дық сақтауды білмеген абзал жанды ғалым; қаншама еңбек жазса да, ұлы жоспармен өмір сүрсе де, «ең жақсы кітабым әлі жазылған жоқ» деп өткен сыпайы ғалым. Шәкірттерінің ардақ тұтар ұстазы туралы түсінігі, пікірі осындай. Академик Әбдуәли Қайдар жалпы тіл ғылымының, оның ішінде түркітану, қазақ және ұйғыр тілдерінің қыры мен сырын әлем жұртшылығына таныта білді. Ендігі жерде иісі қазаққа, барша түркі әлеміне Әбдуәли Қайдарды тереңдете таныту керектігі, қайдаровтану мәселесімен айналысатын кез келді деп есептейміз. 

Нағима Әшімбаева, 
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының 
жетекші ғылыми қызметкері

1231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы