• Ақпарат
  • 28 Наурыз, 2024

Әуелгі сөз – әдебиетте

Ұлттық академиялық кітапханада жастар әдеби клубының алғашқы басқосуы өтті. Оған еліміздің әр аймағынан келген 18–35 жас аралығындағы жас қаламгерлер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Президенттің арнайы әдеби сыйлығының лау­реаттары, халықаралық, рес­публикалық әдеби байқаулардың жеңімпаздары қатыс­ты.


Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған жастар әдеби клубының мақсаты – қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелерді, жаңа әдеби үдерістер мен шығармаларды талқылау, авторларды насихаттау.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жалпы жастар тәрбиесі, оның ішінде кітапханаларды дамыту, жалпы кітап оқу мәселелерін қолға алуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Түптеп келгенде, негізгі мақсат – ұлт руханиятын дамыту, сапалы ұрпақ өсіру. Өйткені кітап оқитын бала рухани дүниесі бай азамат болып өсері анық. Бар өнердің түп негізі – әдебиет. Сондықтан жас қаламгерлерге ортақ алаң ұсынып, әдебиеттегі өзекті мәселелерді талқылау – заман талабы», – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Отырыста клубтың күн тәртібі бекітіліп, басшылық құрамы жасақталды, алдағы жоспары айқындалды. Жиынға қатысушылар заманауи әдеби процесс пен аударма саласына, кітап шығару және баспа ісіне, балалар әдебиетін дамытуға қатысты өзекті мәселелерге қатысты ойын ортаға салып, түрлі ұсыныс айтты.
Сондай-ақ әдеби агенттік, отандық авторлардың шығармаларын насихаттау, кітап оқу мәдениетін қалыптас­тыру төңірегінде бірқатар мәселелер көтерілді.
«Жас қаламгерлерге қолдау көрсетуде бүгінгі басқосудың маңызы зор деп есептеймін. Жаңа әдеби клуб қазақ әдебиетінің даму көкжиегін кеңейтіп, ұлт руханиятының дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, сыншы-әдебиеттанушы Бағашар Тұрсынбайұлы.
Алдағы уақытта әдеби клубтың отырысы еліміздің өзге де аймақтарында көшпелі негізде ұйымдастырылады.

657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы