• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Қарғын су қайтар, қамыққан көңіл ашылар...

Су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап: «Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмалар бердім. Премьер-министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыс­ы менің тікелей бақылауымда», – деген еді.
Президент Су тасқынымен күреске Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылып, құтқару жұмысына Ішкі істер минис­трлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатқанын да айтты. Су басқан өңірлерде еріктілер де көмектесіп жүр. Одан өзге, еліміздің әр өңірі су басқан аймақтарға көмек қолын созды. Су басқан өңір тұрғындары да жаппай құтқару жұмысына жұмылған.
«Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бас­тысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығын толық өтеледі. Біз алапат су тас­қынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет», – дейді Президент үндеуінде.
Сонымен қатар су тасқынына байланысты Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыс­тарында төтенше жағдай жарияланған болатын. Біз осы өңір азаматтарынан, еріктілерден, ресми тұлғалардан пікір алып, су басқан аймақтың жағдайын сұрап білген едік…

 

КЕМЕДЕГІНІҢ ЖАНЫ БІР

 

Апат айтып келмейді. Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірдің ішінде Атырау облысы да бар.


Ел басына түскен қиындықты еңсеруде ұйыса жиылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне демеу, қолдау көрсетіп, береке-бірліктің үлгісін көрсетіп отырған өңірдің татулығы көпке үлгі. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін білек сыбана іске кірісіп, көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, көпті көрген әженің қапқа топырақ толтырып жатқан бейнесі жүрегіңді шым еткізеді. Ол Бейбарыс ауылының 92 жастағы тұрғыны, тыл еңбеккері Орынша Қожиева болып шықты. «Мен қартайған адаммын. Қолымнан келгені, қаптың аузын ашу болды. Табиғат өте тосын, мұны өмірлік тәжірибемнен білемін, сондықтан су тасқынына алдын ала дайындалған дұрыс», – дейді кейуана. Құлсары қаласы 4А ықшамауданында жүріп жатқан жаға бекіту жұмысына 100-ге жуық тұрғын жұмылдырылды. Олардың арасында 12 жасар Бексұлтан мен Дархан да бар. «Үйде отыра алмадық» деген қос балақайға көпшілік риза болып жатыр.
590 түтіні бар Тұрғызба ауылы Құлсары қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан. «Судың қоршауында қалған ауылдағы елдің жағдайы қалай, қауіп сейіл­ді ме?» деген сауалымызға ауыл тұрғыны, Жылыой аудандық мәслихатының депутаты, №4 Мұхтар Әуезов атындағы мектептің директоры Сымбат Едігеқызы жауап берді. Су тасқынына байланысты жағдай күнде өзгеріп отырғандықтан, 8 сәуірдегі ақпаратты, тұрғындардың қал-жағдайын қаз қалпында бергенді жөн санадық.
«Ауылдың жағдайына келсек, су жыл сайын ең бірінші Тұрғызбаға келетін. Неге екенін білмеймін, биыл су шыққанда көлемі үлкен болды ма – бірден Құлсарыға кетті. Құлсарыға су келгеннен, Құлсары суға кетеді дегеннен бастап ауыл халқы тыпырлап еңбек ете бастады. Дәл қазір біздің ауыл судың қақ ортасында тұр. Әрбір ауыл өзінің бар мүмкіндігінше еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін көмекке шығып, ауылын қорғап қалу үшін ұйқы жоқ, күлкі жоқ, аянбай қызмет етіп жүр.
Басында аудан халқы апатқа дайын болмағаны рас. Сол кезде техника қайда, жанармай қайда деген айқай-шу басталып кетті. Артынан, Құлсарының кейбір үйі суға кеткеннен кейін, техника бөлінді, 3 погрузчик, 3 самосвал берді, ол жетпеді, себебі біздің ауылдың айналасы түгел су еді. Қол көмегі бар, техника бар, қазіргі уақытта халық дамба соғып қорғанып тұр. Алдағы бөгеліп тұрған бөгеттердің бәрін жапты, сонда да су толастар емес. 
Жанармайдан мәселе тумады, Құлсарыға барып әкеліп жүрдік. Құлсарыдан дәл қазіргі уақытта 50 әскер келіп, мектепке қонып, күні-түні жұмыс атқарып жатыр. Күн, түн деп екіге бөлініп алды. Артынан қапшық, күрек келе бастады. Қапшықты мыңдап, екі мыңдап алып келгенде де жететін емес. Әлі қапшық келіп жатыр, бүгін де келді. Екі күннен бері гуманитарлық көмек келіп жатыр. Штабтың басында жұмыс істеп жүрген адамдарға ауыл әйелдері бөлініп-бөлініп, 7 жерден пункт ашып, «тарап кетсе, келмей қалады» деп, жеті жерден тамақтандырып, таңғы сәресін, үш мезгіл тамағын дайындап беріп жүр. Басында ел болып, ақша жинап тамақ берілді. Ал қазір әр жерден гуманитарлық көмек келіп жатыр.
Құлсарыдан жеті шақырым жерде орналасқанбыз. Құлсарыға қатынайтын жалғыз жолымызды су шайып кетпесін деп, ауыл жастары тәуекел деп тас жұтып жұмыс істеп жатыр. Жағдай осылай. Мәслихат депутаты ретінде істің басы-қасында жүрмін. Ауыл адамдары,  ер адамдар өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Қай-қайсысы да көмегін аянған емес. Жұмыс істеп жатқан адамдарға қойын сойып беріп, үйіндегі тамағын әкеп жүр, «щибень керек» десе «біздің үйде бар», «шифер керек» десе, «біздің үйде бар», «кім алып кетеді» десе, «мен алып кетемін» деп, ауыл адамдарының ауызбіршілігін көргенде кәдімгідей риза боласың. Кемедегінің жаны бір. Жігіттердің қазіргі айтып отырғаны, үй түгілі, біреудің үйінің қорасын да су құрсауына бермейміз дейді. Аквариумге, бассейнге ұқсап, жан-жақтан су төніп тұр, ауылға суды кіргізбеу үшін ауыл тұрғындары жанкештілікпен еңбек етіп жүр. Бірақ әлі босаңсуға болмайды, себебі Құлсарыдан аққан су біздің ауылға келеді деп айтып жатыр. 
Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын. Ауыл тұрғындарының еңбегі орасан зор. Әлі солай. Келіншектер қапшық болмай қалған кезде үйдегі бар материалымен әкімдікте отырып қапшық тікті. Ауыл әкімінің де еңбегін айтып кету керек. Негізі, Құлсарыда тұратын еді. Үйін су алып кетті. Бір күні кешке қарай барсам, іште үндемей отыр. «Ағай, сізге не болды, неге үндемейсіз» десем, «үйімді су алып кетті» дейді. «Енді не істейсіз» десем, «Ештеңе істемеймін, тәртіпке бағынамын» дейді. 
Көпір жарылайын деп тұрғандықтан, аяғы ауыр әйелдерді, кішкентай балаларды, үлкен кісілерді Ақтауға эвакуациялады.
Әзірге жағдай – осы. Бүгін кешегідей жел жоқ, жел болмаса екен, жауын жаумай тұра тұрса екен деп тіледі халық сол кезде. Қазір тыныш, бірақ су кеткен жоқ, тек ілкіп тұр. Ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да өз міндетін мінсіз атқарып жатыр.
Менің өзімнің жеке ойым, әуелі әкімшілікке тиісті деңгейде судан қорғануға ақша, техника бөліне ме – соны білу керек. Мысалы, кейде біз әкімдікті кінәлап жатамыз, ақ-қарасын айырып алайық, әуелі. Мысалы, біздің ауылда ешқандай техника жоқ, әкімшілікте де. Құлсарыда да техника жоқ шығар деп ойлаймын. Мекемелерден сұрайды ғой барлығы да. Ал техникаға тиісті деңгейде ақша бөлінбейтін сияқты», – дейді Сымбат Едігеқызы.
Бұл – тек бір ауылдың жағдайы. Шынымен де, ауылға тиісті деңгейде жағдай жасалып жатыр ма? Судан қорғануға ақша бөлініп, техника сатып алуға мүмкіндік берілсе, заң жүзінде бәрі реттелсе дейсің. Сөзімізді ресми ақпаратпен жалғайық.
Атырау облысының Жылыой ауданында тасқын су салдарынан 2 адам қайтыс болды. Ол жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігі ресми түрде толыққанды ақпарат жариялады.
Жылыой ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша, 5 сәуірден бастап барлығы 31 009 адам эвакуацияланды. Оның ішінде: Маңғыстау облысына – 20 821 адам, Теңіз вахталық кентіне – 7 445 адам, Атырау қаласына – 2 743 адам. Уақытша эвакуация пункттерінде 274 адам бар, олардың бір бөлігі өз бастамасымен туыстарына кетті, бір бөлігі уақытша эвакуациялық пункттерде орналасқан.
Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен отбасылардың балалары онлайн-форматта білім алады. Атырау облыстық білім беру басқармасы 8 сәуірден бастап Жылыой ауданында қар суының күрт еруі салдарынан баспанасы суға кетіп, өздері эвакуацияланған отбасылардың балаларын қашықтан оқытуды ұйымдастыра бастады. Бұл жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады. Онлайн білім алатындардың қатарында Құлсары қаласынан «Теңіз» кен орнындағы вахталық қалашыққа, Атырау қаласына эвакуацияланғандар мен көршілес облыстарға кеткендер де бар. Төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облысына барған ата-аналардың балалары сол өңірдің білім беру бөлімдері арқылы оқытылады. Облыстағы басқа білім беру мекемелеріндегі оқу процесі штаттық режімде.
Облыс аумағындағы тасқын судың басқа зардаптары мен шығындар жөнінде ахуал тұрақтанған соң толық есептеліп, жарияланады. Қазір қандай да бір мәлімет айту мүмкін емес. Өйткені күн сайын, тіпті сәт сайын тасқынның зардабы жөніндегі мәліметтер өзгеріп жатыр.
Айта кетерлігі, Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы әлсін-әлсін ақпарат таратып жатыр.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

Қанат ҚАРАБАЛАЕВ, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

 

ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖАҒДАЙДАН ДА КҮРДЕЛІ

 

Батыс Қазақстан облысының су тасқыны кезеңінің басынан бергі жедел түрдегі жағдайына қысқаша тоқталсақ: 
– 581 тұрғын үй мен олардың аула-­аумақтарын су басқан (Орал – 23, Теректі – 151, Қаратөбе – 80, Сырым – 204, Бөрлі – 84, Бәйтерек – 39). 
– 245 аула-аумақ су астында қалды (Теректі – 140, Қаратөбе – 46, Сырым – 25, Бөрлі – 34); 
– 427 саяжайды су басты; 
– Автокөлік жолының 70 учаскесінде су тасқыны болды (республикалық – 5, облыстық – 35, жергілікті – 31); 
– 60 жол төсемі шайылды (облыстық – 1, жергілікті – 59); 
– 10 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды (Теректі – 1, Шыңғырлау – 1, Қаратөбе – 8).
– Жергілікті көлемде 6 ТЖ жарияланды (БҚО, Орал, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі).
– 7 039 адам эвакуацияланды, оның 3  661-і балалар.
– Уақытша орналастыру орталықтарында 1 455 адам қалды, оның 604-і балалар; 
– Сыйымдылығы 8 596 адамға арналған 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды;
– АСҚ кезінде 4 580 бас мал қауіпсіз жерге айдалды: ірі қара – 2 106, ұсақ мал – 2 441, жылқы – 33. 
Статистика бойынша, 643 мал өлімі тіркелді (ірі қара мал – 47, ұсақ мал – 561, жылқы – 35).
Су тасқыны басталғаннан бері оның салдарын жою бойынша облыстық жедел штабтың жұмысы басталды. Облыстық азаматтық қорғау қызметтерін жұмылдыра отырып, осындай штабтар Орал қаласы мен облыс аудандарында жұмыс істейді. 
Бақылауда тұр: 
Орал қаласы – Жайық, Шаған және Дерқұл өзендері деңгейінің көтерілуіне байланысты төмен жерлерде орналасқан саяжайлар мен тұрғын үйлерді су басу қаупі әлі де бар. БҚО тұрғындарына ықтимал эвакуация туралы ақпарат беріліп жатыр, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның инженерлiк техникасын пайдалана отырып, 5 аумақта жағалауды қатайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
Қауіп сейілер емес. 
Бөрлі ауданы – осы жылдың 28 наурызында Ақсу, Кеңтүбек, Аралтал, Пугачево елді мекендерінде 84 тұрғын үйді су басқан (Ақсу – 45, Кеңтүбек – 20, Аралтал – 9, Пугачево – 10). Елек және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Успеновка, Қарашығанақ, Димитрово, Жаңаталап елді мекендерін су басу қаупі күшін жоймады. Димитрово мен Қарашығанақтан 25 адам эвакуацияланды (оның ішінде 1 бала бар). 
Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін портал іске қосылды.
«Tasqyn.bkogov.kz» порталында қаладағы эвакуациялық пункттердің мекенжайы мен байланыс нөмірі бар. Сондай-ақ көмек көрсетуге ниетті тұлғаларға арнап (кәсіпкерлер, фонд, еріктілер ұйымдары т.б.) эвакопукттерге қажетті заттар туралы мәлімет алуға болады. Порталда су тасқыны туралы жедел мәлімет те бар. Сонымен қатар су тасқыны кезеңіндегі жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай департаментінің кезекшілік телефон нөмірлері туралы ақпарат көрсетілген.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс тұрғындарына «Құрметті батысқазақстандықтар! Қазір, өздеріңізге белгілі, өңірімізде су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ. Тасқын судың салдарынан өңіріміздің 5 ауданында және Орал қаласында бірнеше тұрғын үйді су басқан болатын. Бұдан бөлек, Орал қаласы маңындағы саяжайларға да су кірді. Жалпы, облыс бойынша 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 3 мыңнан астамы балалар. Эвакуациялық елді мекендерде қажетті жағдайлар жасалды, әлі де жасала бермек. Су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмек көрсетіп жатыр. Тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек жеткізіліп жатыр. Кезекшіліктер ұйымдастырылып, оқушы балаларға оқу процестері онлайн-форматта өтеді. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың қажеттіліктерін ескеріп, барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Облысымызға жақын Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарындағы су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберіліп жатыр. Бұл 30 жыл бұрын болған жағдайдан да күрделі. Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 431 текше метр су түсіп жатыр. Қазір су тасқынының екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, Ресейдің Ор қаласында дамба бұзылып, елді мекендер мен тұрғын үйлер зардап шекті. Бұл біздің облысқа да қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені Орынбордың Ириклинск су қоймасынан секундына 2 170 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл ағын су жақын уақытта облысымыздың Жайық өзені арқылы өтіп, Каспийге бет алады. Қазіргі уақытта Жайықтағы су деңгейі 7 метрге жуық көтерілді. Бұл қауіпті мөлшерге жақындай түсті. Осылайша, өзен суы арнасынан тасып, Оралдағы 1-ші, 2-ші, 3-ші саяжайларға су кіріп жатыр» деген үндеуін жолдады. 

 

Қарағанды аймағының 30 пайызында қар жатыр

 

Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов пен Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Сапар Сатаев 8 сәуірде Бұқар Жырау ауданының су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.


Ұшу барысында «Миньковская», «Байқадам», «Көкпекті», «Баймырза» бөгеттеріне, Шоқай, Саран, Чкалов су қоймаларына аэровизуалдық тексеру жүргізілді. Сонымен қатар Нұра, Шоқай, Ошағанды, Соқыр, Баймырза, Солонка өзендері арналарының жағдайы зерттелді.
Ғарышмониторинг деректері бойынша, Қарағанды облысы аумағының 30%-ында қар жатыр. Ірі су қоймаларынан төгінді жұмыстары жалғасып келеді: Самарқанд су қоймасынан – 55 текше м/с ағыны кезінде 20 текше м/с көлемінде; Ынтымақ су қоймасынан ағызу 74 текше м/с ағыны кезінде 8 текше м/с құрайды. Шерубай–Нұра су қоймасынан су ағызылмайды, ағын – 7 текше м/с. 
9 сәуір күні таңертең Нұра ауданында Қон және Жаманқон өзендерінің арналары бойынша еріген судың көлемі артуынан Теңіз көліне кіреберістегі Қон және Нұра өзендерінің жайыл­маларында орналасқан Нығман елді мекені оқшауланды. Ақмола облысының Қорғалжын ауылымен көлік қатынасы үзілген жоқ. Ақтүбек және Құланөтпес елді мекендерінің арасындағы көлік қатынасы тоқтап тұр.
Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Ауылдарда азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткілікті. Су тасқыны жағдайы облыстық су тасқынына қарсы жедел штабтың бақылауында.

Әзірлеген 
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

ТАСҚЫННЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН БАРЫМЫЗДЫ САЛАМЫЗ 

 

Солтүстік Қазақстан облысы қарғын судың бұдан да көп келуінен қауіптеніп отыр. Сол үшін әкімдік, ТЖМ қызметкерлері, еріктілер және басқалары тас түйін дайындыққа көшкен. Әкімдік берген мәлімет бойынша, тұрақтандыру қорында 9 мың тонна әлеуметтік маңызы бар өнім бар. Бұл – көкөністер, күріш, қарақұмық, макарон өнімдері, қант, тұз, тауық еті, жұмыртқа және күнбағыс майы. Бұл қор шамамен 5 айға жетеді. Егер қандай да бір жағдай болса, тұрғындарға түгелдей таратылады. Одан бөлек, халыққа тасқыннан қорғану туралы түсіндіру жұмысы да қызу жүріп жатыр. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов былай дейді:

 

«Cолтүстік Қазақстан облысында Президент тапсырмасына сай жұмыс бабымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жүр. Бірінші вице-премьер тасқын жағдайына байланысты жиналыс өткізіп, стратегиялық маңызы бар нысандар мен бөгеттердің жағда­йын тексерді. Құрылыс және жол компанияларының басшысымен кездесіп, су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуға үндеді. Ауқымды су келген ауылдардың тұрғындарымен жүздесіп, мемлекет барлық көмекті жасайтынын жеткізді.
Премьер-министрінің бірінші орынбасарының тапсырмасы бойынша бөгеттерді нығайту және оларды ұзарту, күш пен арнайы техниканың санын көбейту, мобильді топтар құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыс сапарымен облыс орталығы мен Қызылжар ауданындағы бөгеттердің жағдайын тексердім. Ущев көшесінің бойындағы, Былғары және Заречное кентіндегі, Тепличное және Прибрежное ауылдарындағы бөгетті де назардан тыс қалдырмадым. Одан бөлек, Аққайың және Тайынша ауданына бардым. Рублевка ауылында жер қорғанын нығайту жұмысы жүріп жатыр. Үйлерді су басу қаупі сейілді.
Тайынша ауданы Доброжановка ауылына келген су көлемі мол. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде су бұру арнасы тартылып, жолдан су өткізу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде үйлерге су кірген жоқ. Қазір судың деңгейі төмендеп жатыр. Жұмыс барысында ауыл тұрғындарымен кездесіп, адамдардың өмірін сақтау және мал басын аман алып қалу басты міндет екенін атап өттім. Ал Келлеровка қарғын суға дайын отыр. Бөгет күшейтіліп, су сорылып, инертті материалдар дайындап қойдық. Тұрғын үйлерге су кірмеуі үшін барымызды салып жатырмыз.
Жалпы, су тасқыны кезеңінің басынан бастап елді мекендердің көшесі мен аула аумағынан 438 мың текше метрге жуық су сорылды. 165 мың метрден аса арық тазартылды. 60 мыңнан аса қапшық дайындалып, оның 38 мыңға жуығы төселді. 2 700 метрден аса арна кеңейтілді және тереңдетілді.
Қазір облыс аумағында су тас­қынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның 265 адамы, 39 бірлік техника және 51 мотопомпа жұмылдырылды. 
Сондай-ақ аталған іс-шараларға жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменттері, Ұлттық ұлан бөлімшелері мен жеке ұйымдар қатысып жатыр. Оларды ескере отырып, барлығы мыңнан аса адам, 213 бірлік техника, 100 мотопомпа және 6 жүзу құралы жұмылдырылды. Олар елді мекендердің су басқан аумағынан су айдап, ағызу жұмысын атқарып жүр. Бөгеттерді нығайтып, инертті материал салынған қаптарды дайындайды, халықты қауіпсіз жерге эвакуациялайды.
Су тасқыны жедел жағдайын жіті бақылауда ұстап отырмыз. Петропавл қаласы, облыс, аудандарында тәулік бойы жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Барлық атсалы­сып жатқан азаматқа алғыс айтқым келеді».

Әзірлеген 
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

 

Ербол СҮЛЕЙМЕНОВ, инженер:

 

СУ ҚОЙМАСЫ ЖЫЛ САЙЫН ТЕКСЕРІЛСЕ…

 

Павлодарда Екібастұз су қоймасы бар. Ол жыл сайын тексеруден өтіп тұруы керек. Ақау болса, күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, бүкіл облысқа топографиялық түсірілім жасау қажет. Әсіресе су қоймасы маңайындағы барлық елді мекеннің сай-саласына терең зерттеу жүргізілуге тиіс. Сай-саланың шөптеріне дейін тазаланып отырғаны жөн. Су тасқынында қыл-аяғы шөпке дейін кедергі. Біз Ресейден су келді деп ұлардай шулап жатырмыз. Көрші мемлекеттердің су қоймаларының сапалық деңгейін неге білмейміз? Павлодар облысында жолдарды су басты, 6 өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Иә, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін жұмыс істеліп жатыр. Су тасқынының алдын алу үшін Павлодар облысында еріген су сорылып шығарылып жатыр. Бөгеттер салынып, арықтар қазылды. Бұл жұмыстарға барлығы 29 техника, 70-тен аса адам жұмылдырылыпты. Бірақ біз неге алдын алып, әрекет етпейміз? 

 

Перизат ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ, Павлодар облысы Успен ауданы Мәдениет үйінің директоры:

ӘЛЕУМЕТТІК-МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР

 

Павлодар облысында Аққулы, Ертіс, Шарбақты, Железин, Успен, Ақтоғай аудандарында қазір жағдай тұрақты. Ал өзім тұратын Успен ауданының 20 ауылының екеуі судан зардап шекті. Успен ауылында екі пәтерлі бір үйді, Вознесенка ауылында екі үйді су басты.
Облыста су тасқыны басталғаннан бері барлығы 18 тұрғын үй су астында қалды. Қазір қалпына келтіру бағыты бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында, Успен ауданының Успен және Вознесенка ауылдарындағы жағдай. Зардап шеккендерге уақтылы әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Ол үшін арнайы комиссия жұмысқа кіріскен болатын.

Әзірлеген 
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

 

Марат ОСПАНОВ, Ақмола облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы: 

 

32 ШАҚЫРЫМ ҮЙІНДІ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

 

«Президент тапсырмасына орай жедел іс-шаралардың арқасында облыстың 5 мыңнан аса адам тұратын 25 елді мекенінде 2 мың үйді су басудың алдын алуға мүмкіндік туды. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін басқа жерге көшірілген 526 тұрғын үйіне оралды. 18 мыңнан аса мал қауіпсіз жерге шығарылды, бұл су тасқыны кезеңінде олардың өліміне жол бермеуге мүмкіндік берді.
Қазір облыстың 5 өңірінде су тасқыны жағдайы тұрақтанды, ең жоғары көрсеткіштер төмендеді. Бұл – Степногорск қаласы, Біржан сал ауданы, сондай-ақ Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандары.
Сонымен қатар өңірдегі су тасқынының жағдайы, әсіресе Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында шиеленісті күйінде қалып отыр. Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарында, Жабай және Колутон өзендерінде әлі де қауіп бар. 
Елді мекендерді қорғау үшін ұзындығы 32 шақырым үйінді тұрғызылып, су нысандарының 18 шақырымдық жағалау сызығы нығайтылды. Су тасқынына қарсы күреске барлығы 2,5 мың адам, 
1 мыңнан аса техника, мотопомпалар мен жүзу құралдары жұмылдырылды. Өзара іс-қимыл шеңберінде ТЖ, Қорғаныс және ішкі істер министрліктері су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту үшін қосымша күш пен құралдарды ауыстырды.
Облыстың Атбасар ауданында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі кезде қауіпті аймақтағы тұрғын үйлерден 150-ден аса адам эвакуацияланды. Жабай өзеніндегі су деңгейінің ұлғаюына байланысты су тасқыны болуы мүмкін аймақта тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Жағалау аймағында орналасқан 24 тұрғын үйден 77 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның 8-і зейнеткер және 21 бала бар, сондай-ақ 77 адам туыстарына эвакуацияланды. Қазір тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелген жоқ.
Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 125 жеке үйді су басты, оның ішінде Көкшетауда 34 жеке үй, уақытша тұрғын үйге арналған екі ғимарат, 188 жеке ауланың аумағы, 18 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы бар. Тасқын судан облыс орталығында үш әлеуметтік нысан зардап шекті»,– дейді М.Оспанов.
Ал Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 99 пайызға толғанын, екі нысан да транзиттік режімде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

 

Валерия СОКОЛОВСКАЯ, Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс жөніндегі топтың бас маманы: 
 

 

Бағалау комиссиясы жұмыс істеп тұр  

 

Жалпы, өңірде су тасқынына байланысты қиындықтар 25 наурыздан басталды. Облыстың оңтүстігіндегі Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жангелдин аудандарындағы табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай тәртібі жарияланды. Өңірде арнайы штаб құрылды. Барлық аудан мен қалаларда осындай штабтар жұмыс істейді. 
​Жергілікті атқарушы органдар мен  коммуналдық сала қызметкерлері су тасқынына қарсы барлық қажетті іс-шараларды уақытпен санаспай жүзеге асырып жатыр. Осы атқарылып жатқан нақты жұмыстарға қарамастан, тілсіз жаудың салдарынан Қостанай, Қарасу, Федоров, Бейімбет Майлин аудандары мен Қостанай қаласының аумағында 275 жеке үйді су басты. Қазір Қаратомар, Жоғары Тобыл, Желқуар су қоймалары қатаң бақылауға алынған. Бұл күндері Қаратомар су қоймасынан ағатын су едәуір азайтылды. 
​Өткен аптада Тобыл өзеніндегі су деңгейі көтерілгендіктен, Қостанай шаһары мен Қостанай ауданындағы елді мекендерді су басу қау­пінің алдын алуға айрықша назар аударылды. Соған байланысты кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Қарғын суға тосқауыл қою үшін ор қазылды. Құм салынған қаптар қойылып, су сорылды. Басқа да тиісті амалдар жасалды. 
​Алайда Тобыл өзені суының тасуынан «Апельсин» сауда орталығы судың ортасында қалды. Бұл жердің басшыларына күні бұрын ескертілді. Сондықтан олар алдын ала дайындық жасады. Осынау аса маңызды әрі кезек күттірмес жұмысқа облыс бойынша Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардан 2 709 адам тартылды. 443 техника және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. Сонымен, осы жұмыс барысында 8 878 адам құтқарылды және қауіпсіз жерге жеткізілді. Оның ішінде 11-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар және 1 765-і балалар. Бұл күндері 464 адам уақытша пункттерге орналастырылды. Оның 123-і балалар. 
​Қазір аймақтың Федоров, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Әулиекөл, Бейімбет Майлин аудандары мен Қостанай қаласының аумағындағы қарғын су сорылып, құм салынған қаптар тасылып жатыр. Тыңғылықты атқарылған нақты істердің нәтижесінде облыстағы Бейімбет Майлин ауданының тұрғындары өз үйіне оралып жатыр. 
Аймақта 135 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Ол жерлерде су тасқынынан зардап шеккен адамдар уақытша орналастырылады. Тамақтандырылып, медициналық көмек көрсетіледі.
9 097 адам эвакуацияланды, 759 адам (оның ішінде 345 бала) уақытша пункттерге орналастырылса, 8 338 адам туған-туысының үйіне көшірілді.
 ​Осы арада еріктілер және қалыптасқан жағдайға жанашырлықпен қарайтын жандардың тарапынан да жасалып жатқан қамқорлық аз емес.  Сонымен қатар еріктілер коммуналдық қызмет, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ыстық тамақ пен шай жеткізіп жатыр. Су тасқыны басталғалы бері жедел штабтың тікелей байланысына 183 адамнан қоңырау түсті. Оның алтауы – шұғыл қызмет көрсету. 
Өңір бойынша 2 083 бас мал шығынға ұшырады. Оның 285-і ірі қара, 1 742-сі ұсақ мал, 56 бас жылқы. Қауіпті аймақтан шығарылған малдар: 22 672 бас, оның ішінде ірі қара – 8 954, ұсақ мал – 9 916, жылқы – 3 344.
​Аймақтағы Арқалық қаласы мен Аманкелді ауданында апаттан келген шығынға байланысты бағалау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. 

Әзірлеген 
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

ӨТЕМАҚЫ БЕРІЛЕ БАСТАЙДЫ

 

Ұлытау облысында су тас­қынынан зардап шеккен 22 отбасы шығынының техникалық сараптамасы осы аптада аяқталып, келесі аптада 100 айлық есептік көрсеткіш түрінде бір реттік өтемақы беріле бастайды. Үйдің күрделі жөндеуден өтуі немесе қайта салынуы – сараптама нәти­жесіне тікелей байланысты болмақ. 


«Зардап шеккен отбасылардың ешқайсысы қолдаусыз қалмайды. Алайда барлығы заң аясында реттеледі. Жеке мүліктер мен шығын болған малдың санына жетпеген қаражатты республика, облыс деңгейінде құрылған қорларға өтініш беру арқылы қарастыруды тапсырамын», – деді өңір басшысы. 
Берік Әбдіғалиұлы тасқын судан зардап шеккен автокөлік жолдары мен көпірлерді қалыпқа келтіру мақсатындағы жұмыстарды дереу бастауды тапсырды. 
Өңір басшысы жиында судың мол келуінің салдарынан тоғандарға жиналған суды үнемдеу, нәтижелі пайдалану, олардың айналасында суармалы егістікті қолға алу міндетін жүктеді. Оған қоса жергілікті тоғандарды техникалық сараптамадан өткізуді тапсырды және биыл міндетті түрде Бидайық су қоймасына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет екенін жеткізді. 
Айта кетейік, Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысының су басқан бірқатар аймағына көмек беру үшін жеке құрам мен техника аттанды. 

 

АБАЙ ОБЛЫСЫНДА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ
 

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі қазір облыста жағдай тұрақталғанын айтады. Дегенмен тасқын уақытында жоғалған төрт адам әлі табылмай жатыр. Оның екеуі трактормен өзенді кешіп өтемін деп сол күйі суға батып кеткен, үшінші адам да атпен суды кешіп өтпек болған. Төртінші адам абайсызда суға кетеді. 


Облыстағы өзге де жағдайларға тоқталсақ, наурыз айының соңында Боғас өзені деңгейі көтерілген. Ақсуат пен Кіндік ауылының арасындағы жолды су шайып, көлік қатынасы тоқтаған. Кіндікті ауылында 662 түтін бар. 
Соны ескерген аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы «Зайсан-Құрылыс» компания­сының басшысы Болат Нұрасыловпен құрылыс жұмысын жобалады, нәтижесінде Боғас өзенінен өтетін уақытша өткел жасау жұмысы дереу қолға алынды. Аудандарда су тасқынынан соң жолдарды қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмысын жауапты мердігер компаниялар өз мойнына алады.
Сондай-ақ қаладағы Көкпекті ауданы, Ақсуат ауданы, Аягөз ауданына қарасты Бозай елді мекеніндегі жолдарда шұғыл қалпына келтіру жұмысы жалғасты. «Семей жолдары» ЖШС облыстық маңызы бар «Сәтбаев–Ақсуат» автожолы және Қызылкесік ауылдық округіндегі Орта Боғас өзенімен Егіндібұлақ ауылы арасындағы өткелдің бүлінген бөлігі қайта қалпына келтіріліп, қазір мұнда жол қатынасы ашылды, қазір ешқандай кедергі жоқ. 
Облыстағы тасқын кезіндегі білім саласы жайынан да хабар алған едік. «Мектеп, колледж, басқа да оқу орындарында оқу тәртібі өзгерген жоқ», – дейді Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Арман Метчинов. Өңірде су тасқынынан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгендер тіркелмеген.

Әзірлеген 
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

 

Ербол ЕРЛАНҰЛЫ, ерікті: 
 

АУЫЛДА ТЕХНИКА МҮЛДЕ ЖОҚ

 

Біріншіден, Жангелді, Амангелді ауданында адам шығыны жоқ. Арқалықта бір малшы суға кетті деген хабар бар, бірақ әлі ашық айтылмады. Мал шығыны бар. Әрине, мал шығыны, «аралда» қалып қойған шаруа қожалықтары әлі тексерілмеді. Малдарын енді-енді түгендеуді бастады. Кейбір шаруалардың малын су алып кеткен. Мысалы, Жангелді ауданында бір шаруа қожалығының 700-ге жуық қойы, Амангелді ауданында тағы бір шаруашылықтың 450 бас ірі қарасы суға кеткен деген ақпарат бар. Одан кейін кішігірім әр үйден 4–5, 10–15 бас малдың суға кеткені тіркеліп жатыр. Түгендеу басталды, бірақ түгендеу кезінде халықтан малдың өлексесін, сырғасын алып келу сұралып жатыр деген ақпарат шығып жатыр. Малды су алып кетсе, оны қалай алып келеді? Осындай фактілер бар, оны әлі талқылап жатыр деп естідік. 
Қостанай облысының оңтүстік өңірі Жангелді, Амангелді, Арқалық өңірлерінің эрозиясы өте жоғары. Ол – факт, қанша пайыз екенін қазір толық айта алмаймыз. Жангелді ауданында 2 млн гектар бос жер жатыр, ол игерілмей жатқан бос жер. Шаруашылыққа, мал шаруашылығына өте қолайлы. Бірақ халық оны игеріп жатқан жоқ, оған бірден-бір себеп – әкімшіліктің түсіндіру жұмысының немесе кәсіпкерге қолдау көрсетілмейтінінде.
Ал медициналық көмек, қажеттілік туындаған жағдайда көрсетіліп жатыр. Психологиялық көмек дегенді естімедік. Ауылды жер болғаннан кейін, үлкендердің кеңесі – психологтің кеңесіндей болып тұр. 
Одан кейін мектептер онлайн-форматқа көшті, колледж, университет қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Себебі қалада ешқандай қауіп болған жоқ. 
Басшылықтың жұмысына халық наразы. Себебі су тасқынына дайын болмай шықты. Төтенше жағдай министрлігі де, әкімшілік те дайын емес – оны жасыруға болмас. Ешқандай алдын алу жұмысы жүргізілген жоқ. Су Амангелдіге, Арқалыққа келгеннен кейін үш күннен соң Жангелді ауданына жетті. Кезінде мұз жару жұмысы жиі жүргізілетін. Қазір ол жұмыс мүлдем тоқтады. Соның кесірінен мұз астына-үстіне шығып, кептетіліп, өзеннің арнасынан шығып кетіп, ауылдарға жайылды. Негізгі факт – осы. Егер оның алдын алып, ауылдарға бөгеттер жасағанда, су арнасындағы мұздарды бұзғанда ондай фактілер тіркелмес еді. Ал техника деген мүлде жоқ. Мысалы, Жангелді ауданының өзінде Комхозда бір экскаватор, бір трактор, екі камаз ғана бар. Ол неге жетеді? Соны үлестіре алмай отырған әкімшілік кінәлі немесе ақша бөлмеген облыс кінәлі. Не соны дұрыс істей алмай отырған аудандық әкім кінәлі. Осындай тіркелген фактілер бар, соның алдын алу жұмыстары жүргізілген жоқ. Одан кейін апаттық жағдай болып жатқан кезде жеке шаруалардағы техникаларды жалға алу немесе көмекке шақыру жұмысы да жүргізілуі керек. Мен Жангелді ауданының әкімі Шота Оспановпен бір рет сөйлестім, тиегіш техника керек екенін айттым. Одан кейін әкімнің орынбасарына да, ауыл әкіміне де ескерттім. «Бізге техника тауып беріңіздер, қалтамыздан ақша шығарып, соляркасын құйып, жұмыс істетейік», – дедім. Соны тауып бере алмады. Негізі, ауданда 2–3 тиегіш тұрды, жұмыс істеген жоқ. Апатты жағдайда көмектеспеді. Соны үйлестіріп, соған ұсыныс айтып, жұмысқа қосуға әкімнің шамасы жетпеді ме, әлде халыққа қиын-қыстау кезде жұмысқа шақыруға әкімнің беделі жоқ па? Нәтиже болмағаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Арман Әбеновке барып, Арқалықтан тиегіш алдыруды сұрадым. Сосын, ол бір тиегіш алдырып, халыққа көмектесті. 
Қазір Жангелді ауданының өзінде осы күнге Тәуіш ауылында 37 үй кетіп тұр. Көкалатта – 28 үй, Ахмет Байтұрсынұлы елді мекенінің 6 үйі, Түйемойнақ ауылынан – 8 үй, Қарғалы ауылынан 4 үй суға кетті. Осы фактімен халық әлі күресіп жатыр. Одан бөлек, фазендаларын су шайып кеткен шаруа қожалықтары бар, олардың саны әлі есептелген жоқ.

Әзірлеген 
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

Қазақстан Жазушылар одағының еліміздегі барша шығармашылық одаққа
Ү Н Д Е У І

 

Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар, еліміздің көптеген аймақтарына биылғы көктем ауыртпалығын ала келді. Әсіресе еріген қар суы мен өзендер арнасының асуынан бірқатар облыс зардап шегіп жатыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнайы үндеу жолдады. Қазақстан жазушылары бұл үндеуді толықтай қолдайды.
Қарғын судың екпініне жергілікті тұрғындар да өз күшімен қарсы тұрып, өкімет орындарының көмегін күтпестен, бөгет соғып, тасқынға тосқауыл қоюға бар күшін салып жатыр. Атқарушы билік өкілдері мен арнайы құрылған мемлекеттік комиссияның мүшелері халыққа көмек көрсетуді жан-жақты қолға алды. 
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, табиғаттың тосын мінезіне бүкіл халық болып қарсы тұрып, бірлесе қимылдап жатыр. Осы орайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау көрсетіп, топан суға қарсы күреске өз үлесін қосуға шешім қабылдай отырып, барша шығармашылық одақты, зиялы қауым өкілдерін осы іске атсалысуға шақырады. 
Жазушылар одағының жанынан арнайы қор құрылып, есепшот ашылды. Одақ мүшелері мен аппарат қызметкерлері бір күндік жалақысын осы шотқа аударуға ұйғарды. Сіздерден осы есепшотқа бір күндік еңбекақыңызды аударуды сұраймыз.
Талай қиындықты басынан өткерген қазақ халқы бұл табиғи апатты да  ауыздықтайтынына сенеміз.
Қиын-қыстау шақта бірге болайық, ағайын!

Қазақстан Жазушылар одағы 

 

РҚБ «Қазақстан Жазушылар одағы»
050000, Алматы, Абылайхан даңғылы, 105 
тел/факс: 261 26 94, 261 59 40
АО «Банк Центр кредит» 
ИИК KZ758562203122544351
БИК  KCJBKZKX, КБЕ 18
БИН: 920140000976

 

 

1802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы