• Ақпарат
  • 11 Сәуір, 2024

Шындығы жоқ кітапты ешкім оқымайды

Биыл балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Б.Соқпақбаев мектепті бітіргеннен кейін әскерге аттанып, әрі қарай Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. 

 

Ауылдан шыққан қазақ баласы журналистикамен көп айналысып, үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады. Б.Соқпақбаев білікті мұғалім, тәрбиеші бола білді. Содан болар, бұл жағдай оның шығармаларының тақырыбына арқау болды. Осыдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болды. Ең алдымен, ол – балалар жазушысы. 
Б.Соқпақбаев шығармашылық жолын 1950 жылы «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағымен бастап, кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын оқырман қауымға ұсынды. «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар?» секілді туындылары КСРО халықтарының және көптеген шетел тілдеріне аударылып, сахналанып, экраннан көрсетілді. 1967 жылы Канн қаласында (Франция) өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивалінде «Менің атым – Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Бердібек Соқпақбаев адалдықты, тазалықты, адамгершілікті басты қағида етіп, шығармаларын бұрмаламай, ашық жазды. Ол сонысымен көпшіліктің ойынан шығып, оқырманның ерекше ықыласына бөленді. Шығармаларында қанша қиын кезең болса да, халықтың басынан өткен қасіретті, аштықты, балалық шақтың қызықты оқиғаларын шығармаларында арқау етеді. Шығармаларымен бірге өзі балаша кейіпкер болып, оқырман қауымды ондағы кейіпкерге айналдырып жібереді. Әр шығармасы оқырманды жалықтырмай, аяғына жеткенше ойыңды басқа жаққа бұрғызбастан, сиқырлап ала жөнеледі. Біздің балалық шағымызда Б.Соқпақ­баевтың шығармаларын оқымаған бала жоқ шығар. Б.Соқпақбаев артына көп мұра қалдырған жоқ. Ол – жазудан тым ерте «жеріп» қалған қаламгер. «Өлгендер қайтып келмейді» деген романынан кейін ештеңе жазбаған десе де болады. Бұл романы 1963 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған. 
Бердібек Соқпақбаев қызының: «Неге жазбайсыз?» деген сауалына: «Өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсам, ешкімге жақпаймын. Шындығы жоқ кітапты ешкім оқымайды. Халыққа қаны сорғалаған ақиқат керек», – деген екен. Жазушының қызы «Менің әкем қаншама шығармалар, кітаптар жазды. Бәрі – өз өмірінен алынған жағдайлар. Ешбірі ойдан шығарылмаған, өтірік жазып көрмеген. Сондай білімге, кітапқа құштар жан болатын» деп әкесін еске алады. 
Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Бердібек өзінің еңбегімен халықтың дара жазушысы атанды. Ол тәңірінің тумасынан, жаратылыстың болмысынан, өзінің талантымен де, болмысымен де халықтың нағыз жазушы ұлы болды», Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев: «Б.Соқпақбаев – қалам құтын, өнер дәулетін кітапханадан іздемей, қияметтей қиын-қыспақты қытымыр тірліктің өзінен іздеген, іздегенін тапқан талантты жазушы», Ақын Қастек Баянбаев: «Қаламгердің анық өсіп, шеберліктің белгілі бір биігіне шыққанын көрсеткен туындысы – «Менің атым Қожа» повесі. Қожа бейнесі – қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ фольклорының Тазша баласымен таласпай-ақ, тіпті солармен жетеғабыл жүргеннің өзі әдебиет үшін аз бедел ме?», Жазушы Сайын Мұратбеков: «Бердібек өз көзімен көрген нәрсені ғана жазатын, қағазды бекерден бекерге шимайламайтын еді ғой. Жазады, түбін түсіріп барып бір-ақ тоқтайды. Бұл – Бердібектің шырайы, Бердібекке ғана тән қасиет» деген ақын-жазушылардың естелігі, пікірі жазушының шынайы болмысын суреттейді.
Осындай оқиғалардан кейін қолыма қалам ұстап ақынның аз да болса, өте құнды, қызықты дүниелерін оқырман қауымның есіне түсіріп, Ұлттық кітапхананың Мерзімді басылымдар қызметінде ақынның 100 жылдығына орай  «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты көрмені ұйымдастырмақпыз. Көрмеден жазушының өмірі мен шығармалары туралы қызықты оқиғалармен бөлісуге және Б.Соқпақбаевтың кітаптарын, шығармаларын, әр жылдардағы мерзімді басылым беттерінде жарияланған туындыларын және ол туралы ақын-жазушылардың естеліктерімен танысуға  болады.
Б.Соқпақбаев шығармаларын қайта оқыған сайын жазушының адалдығына қайран қаласың. Күнделікті оқырмандар көрмедегі мәліметтермен танысып, өз қалауындағы шығармаларын қызыға оқып жатады. Қазіргі таңда оқырмандардың талғамы да, сұранысы да өзгерген, бұрынғыдай кітап­қа үңілмесе де, электронды нұсқада оқып білуге құштарлығы артып жатыр. Дегенмен кеңестік дәуірде жазылған көптеген құнды дүниелер әлі де болса оқырманын өзінен алыстата қойған жоқ. Б.Соқпақбаевтың шығармалары қашан да құнды, мағыналы және мәңгілік жасай бермек. Көзі тірісінде мақтау қағазы бұйырмаса да, қаламгердің өлмес туындылары әлі де жаңа, жас буынның кәдесіне жарап, рухын көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, әділдік үшін күресуге үндей береді. Нағыз талант тарихта елеусіз қалмайды. Б.Соқпақбаевтың мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған балалар әдебие­тінің классигін әлем мойындап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл 100 жылдық мерейтойы тойлана бастады. Жазушының ауылы Нарынқолдағы Б.Соқпақбаевтың есімімен аталатын саябақта оның ескерткіші бой көтермек. Сондай-ақ білім мекемелері мен облыс­тық кітапханаға, бірқатар саябақтарға қаламгердің есімі берілмек.

Марина Хожабекқызы,
Ұлттық кітапхана
қызметкері

1030 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5623

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5372

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3112

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2501

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2457

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2432

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2165

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2156

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы