• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

АЛАҢ ЖҰРТ

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты:

 

Заң мен тәртіп үндессе...

Президент Қ.Тоқаев қаңтар айын­да «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұқбатында: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын ны­ғайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», – деген еді. Президенттің ұстанымы айқын – заң үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Заң мен тәртіпті орнату оның сайлауалды бағдарламасының негізі деуге болады.
«Заң және тәртіп» қағидаты – барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек екенін білдіреді. Бұл қағидаттың екі қыры бар. 
Біріншісі, «заң бар жерде тәртіп бар». 
Екіншісі, «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». 
Демек, қылмыстың алдын алу аса маңызды.
Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойды.
Бұл құжат Мемлекет басшысының әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауап­кершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталып отыр.
Заң шығарушы орган қоғамның сұранысына сәйкес жаза түрлерін анықтады. Қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі.
Осылайша, заңда, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқығының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені көзделген. Жалпы, Заңның негізгі мақсаты жазалаушы емес, алдын алу сипатына ие. Сонымен қатар жаңа Заңға енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Кәмелетке толмағандарды қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Күнделікті өмірде кәмелетке толмағандар арасында буллинг жиі кездесетініне куә болып қаламыз. Ал білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы буллингіге қарсы тұрудың заңды тетіктері болған жоқ. Олар тек профилактикалық сөйлесумен және мектепішілік есепке алумен шектелуге мәжбүр болды.
Заң кәмелетке толмағандардың буллинг үшін жауапкершілігін қарастырмайды, бірақ ата-анаға балаларының әрекеті үшін нақты жаза тағайындайды, бұл тежеу механизмі болуы керек. Мәселен, бұл әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаса – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамға салынады. Мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, бүкіл қоғамға бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді.
Заң жұмыс істеуі керек!
Бұл үшін елде жаппай тәртіп орнығуға тиіс!

 

Өзендер өрнектеген өлкеде суды пайдамызға асыра білейік

 

Су апатының беті қайта қойған жоқ. Ел амандығы мен мал-жан амандығы ұдайы назарымызда. Ал топан судан табиғатқа келген зиян қандай? Эколог, география ғылымының кандидаты Айжан Сқақова «Ана тілінің» сауалына жауап қатты...

 

– Қазір су басқан даланың жануарлары мен өсімдіктер әлемінің жалпы жағдайы қандай? 
– Қазақстанның 10 облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл – соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат. Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер мен елді мекендердің инфрақұрылымынан бөлек, аймақ флорасы мен фаунасына айтарлықтай зиян келді. 
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, су басқан аймақтарда малдың шығынын болдырмау мақсатында малды қауіпсіз жа­йылымдық жерлерге шығару жұмысы ұйымдас­тырылған. Осылайша, жедел деректер бойынша, 30 мыңға жуық ауыл шаруашылығы малы қауіпсіз қашықтыққа айдалды. Сонымен бірге қауіп төніп тұрғандықтан және су тасқынының күтілетін екінші толқынына байланысты жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды хабардар етіп, қауіпті аймақтардан малды алдын ала шығару іс-шараларын қабылдап жатыр.
– Су тасқынынан өлген жануарлар мен тірі организмдерден қандай ауру жұғуы мүмкін?
– Мал дәрігерлерінің айтуынша, күйдіргі, бруцеллез, туляремия, пситаккоз, тасоплазмоз сияқты аурулар малдан адамға жұғады. Адам мен жануарларға тән жұқпалы және инвазиялық ауруларды медицинада антропозооноздар немесе зооноздар деп атайды. Паразит құрттар мен қарапайымдылар да жануардан жұғуы ықтимал ең көп таралған патогендік микроорганизмдер.
Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық аймақтарын қамтыған алапат су тасқыны, күйдіргі және басқа да қауіпті эпизоотиялардың топырақ ошақтарының ықтимал эрозиясымен, олардың «қалқымалы» және сумен бірге үлкен аумақтарға таралу қаупін туғызды. Осындай аурулардан өлген жануарларды көму орны туралы айтқым келеді. Мұндай нысанның 14-і Батыс Қазақстан облысында, төртеуі Солтүстік Қазақстан облысында, үшеуі Ақтөбе облысындағы су басқан аймақта болғаны туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында еріген су  күйдіргі ауруы бар малдың 14 көмілген орны бар жерді басып қалды, олардың басым бөлігі Сырым өңірінде орналасқан. Су тасқынына байланысты облыста 8 мал қорымы (оның ішінде Сырым ауданында – 6, Қаратөбеде – 1, Теректіде – 1) және күйдіргі ауруы бар 14 қорым (Сырым ауданында – 13, Тасқалада – 1) су астында қалды. Бұл аймақтағы жануарлардың қауіпті жұқпалы ауруды жұқтырмауы мақсатында барлық мал басы ветеринариялық қызметтің бақылауында болады. Қоздырғыштары топырақта сақталуға бейім күйдіргіге, эмфизематозды карбункулға қарсы барлық жануарға мүмкіндігінше жылдам екпе салынады. Қазір арнайы комиссия мал шығынын анықтап жатыр. Кейбір елді мекендердің су астында қалуы, оған кіретін жолдардың жоқтығы жұмысты қиындатып отыр. Эпидемиологиялық қауіпті барынша азайту үшін өңірлерде «Респуб­ликалық эпизоотияға қарсы жасақ» мамандары жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің ведомс­тволық бағынысты ұйымының балансында құрал-жабдықтар, дезинфекциялау құралдары, жанар-жағармай қоры, сондай-ақ өлген жануарлардың өлексеcін жоюға арналған өрт сөндіру қондырғылары бар. Су тартылған соң министрліктің эпизоотияға қарсы жасағы облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген малды жинап, жою жұмысын жүргізеді.
Су тасқыны салдарынан төтенше жағдай кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттен, сондай-ақ басқа да көздерден төленеді.
Су басқан өңірдегі канал құрылыстары, су тепе-теңдігінің бұзылуы туралы ойыңыз қандай?
– Су тасқыны табиғаттағы су алмасуында тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетеді. Қар көп болды, су мен қардың баламасын есептеуге болатын еді. Бұл стандарт процедура ғой. Ал жергілікті халық есептеу механизміне ұдайы араласып отырса дейміз. Бірқатар елде қардың қанша түскенін жергілікті тұрғындар мен фермерлер өлшейді. Одан кейін елді мекендердің айналасына қар ұстау жүйесі салынады, су тоғандарға жиналатын жерлерге арықтар қазылады. 
Тұрақты ұзақмерзімді перспективада экожүйені есепке алу, өзендердің табиғи ағынын қамтамасыз ету, сулы-батпақты жерлер мен жағалау аймақтарын сақтау қажет. Осылайша, тұйық цикл қалыптасады: қыста жауын-шашын жиналады, ал жазда су күнделікті тіршілікте пайдаланылады. 
Ауқымды су тасқыны, мыңдаған адам мен жануар сиграциясы, миллиардтаған теңгенің экономикалық шығыны – сыбайлас жемқорлық, шенеуніктердің біліксіздігі, адамдардың менмендігі сияқты бірқатар факторлардың салдары. Кеңес заманында бөгеттер Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінің құзырында болды. Бірақ 1990 жылдары бәрі қараусыз қалды. Соңғы 30 жылда жаңа дамбалар мен бөгеттердің көпшілігі заңды бұза отырып салынды. Ескілері де жөнделе қоймады. 30 жыл ішінде Ертіс – Қарағанды – Жаңа-Арқа – Жәйрем – Жезқазған – Қарсақбай – Байқоңыр – Сырдария каналының құрылысын аяқтауға болатын еді. Жәйремге жетіп, одан әрі Ертіс суын Сертісу өзенінің бойымен Жезқазғанға қарай бағыттап, одан әрі Шиелі стансасына баратын, бұрын салынған Телікөл каналының бойымен Сырдарияның арнасына суды әкеліп, қосымша 18 арық қазуға болар еді. 
Жерді ғарыштық зондтау жүйесі сантиметрлік дәлдіктегі рельеф белгілері бар карталарды жасауға да мүмкіндік береді. Спутниктік суреттерді талдай отырып, солтүстікке ағып жатқан судың барлығы Арал теңізіне қарай оңтүстік-батысқа қарай бұрылатындай етіп өзен арналары арасында көпір каналдарын салуға болады.
Мамандардың айтуынша, апаттар болашақта күшейе түседі. Экожүйені мыңдаған жыл бойы табиғи циклдер мен климат қолдап келді, енді олар бұзылды. Сондықтан енді бөгет пен су қоймасын салуды жалғастырып қана қоймай, экожүйені де реттеу керек. Сондай-ақ күрделі бөгеттердің орнына топырақ бөгеттерді салу да маңызды.
Барлық озық елдер суға қатысты жасанды шешімдер мен кедергілерден бас тартып жатыр. Керісінше, жағалауға орман отырғызып, батпақты жерлерді қалпына келтіреді, сол арқылы өзеннің өздігінен қалпына келуіне мүмкіндік береді.
Қазір жасалып жатқан жарылыстар технологиясының деңгейі  болашақ каналдардың трассаларын жасауға мүмкіндік береді, сонымен қатар гидротехникалық құрылыстар мен каналдардың түбін және жағасын нығайту үшін арналарды бетонмен жабу технологиялары да бар екенін назарда ұстаған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Э.Ыбырайқызы 

 

 

 

Тимур ӘПЕНДИЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Тарихи демография және ҚХА» бөлімінің меңгерушісі:

 

Қоғамдық мәні терең мәселе
 

Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың III отырысында тұрмыс­тық зорлық-зомбылық пен агрессияның қазіргі уақытта басты проблемаларының біріне айналып келе жатқанын сөз етті. Бұл – еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды мәселелердің бірі.
Президент: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек», – деп ерекше атап өтті. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесін Президент 2019 жылдан бері әр Жолдауында тұрақты көтеріп келеді. 
Қоғамда зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтындар – әйелдер мен балалар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жүзден аса адам көз жұмады екен. Мысалы, 2023 жылы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қаза тапқан. Ал балаларға қарсы 2 452 қылмыс жасалған. Осылардың барлығы – еліміздегі демографиялық өсімге кері әсер ететін факторлардың бірі. Мұндай факторларды тежемесек, ел демографиясында өсім болмайды. Сондықтан жазаны қатаңдатуды қолдап, онлайн петицияға 150 мың адам қол қойып, Президентке жолданғаны белгілі. Мемлекет басшысы 
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселенің жете бақылауында болатынын айтты. Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар үшін енді заң да тым қатал болмақ. Тағы бір статистикалық мәлімет бойынша, 2023 жылы қалада 29,4 мың ажырасу (73,1%), ауылдық жерлерде 10,8 мың ажырасу (26,9%) тіркелген. Осы ажырасулардың көбісі зорлық-зомбылықтан кейінгі әртүрлі оқиғаның салдары деуге болады. 
Құрылтайда көтерілген зорлық-зомбылыққа қатысты мәселені шешу мақсатында «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Мәжіліс пен Сенат  депутаттары екінші оқылымда бірден мақұлдап, Президент заңға қол қойды. Алдағы уақытта бұл заң оң нәтиже беретіні сөзсіз. 
Бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бо­йынша Әкімшілік  жауапкершілікке тартылмайды, Қылмыстық кодекс бойынша жаза қолданылады. Енді ұрып-соғудың жеңіл түрі болса да қылмыскер Қылмыстық кодекс бо­йынша жазаланады. Aзаптау бо­йынша жаңа бап қолданысқа еніп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл заң халықаралық тәжірибеде, ТМД елдерімен салыстырғанда, ең қатаң норма  болып саналатынын ескерген жөн. Бұл мәселенің қоғамдық мәні терең, әрі еліміздің демографиялық өсімі мен теңдігі үшін өте маңызды. 

Жазып алған 
Б.Балаубаева

 

 

 

 

 

Әлфараби МЫҢБАЙ, «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» қанатының төрағасы, СҚО еріктілер штабының координаторы:

 

Су деңгейі әлі түскен жоқ

Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты Төтенше жағдай қызметкерлерінің дереу іс-қимылы арқасында адам шығыны болған жоқ. ТЖ қыз­меткерлері мен еріктілердің көмегінің нәтижесінде мал шығыны да аз. Ауылдардағы және елді мекендердегі эвакуациялық жұмыстар дер кезінде жүзеге асырылғандықтан, жанды ауыртар шығын туралы естімедік, соған шүкір айтып отырмыз. Мен өзім осы СҚО бойынша еріктілер штабында үйлестіруші болып жұмыс істеп жүрмін. 
Зардап шеккен тұрғындарға және үйсіз-күйсіз қалған азаматтарға медициналық-психологиялық көмек көрсету жұмысы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Облысымыз­дағы психолог мамандар жұмысқа тартылған және қоғам белсенділері зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, сөйлесіп, сабырға шақырып жүр. Нақты айтар болсам, көбіне балалармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ата-анасының көңіл күйін көрген балалар да психологиялық қиындықтарға ұшырауы мүмкін болғандықтан, психологтер жергілікті оқушылар, үй-күйсіз қалған ата-аналардың балаларымен барынша түсіндірме жұмысын жүргізіп, психологиялық сабақ жүргізуді бастап кетті. Петропавл қаласында орналасқан эвакуациялық орталықтың барлығында психолог және медицина мамандары қамтылған. Оған гуманитарлық көмек алып барып жүрген кезде өзіміз де көріп, куә болып жүрміз. 
Кей мектептер, кей жатақханалар эвакуациялық орынға ауысуына байланысты оқушылар мен студенттердің сабағы онлайн өтіп жатыр.
Үйінен бір күнде айырылып қалғандықтан, оларды тұрғын үй мәселесі қатты алаңдатады. «Үй қалай, қай уақытта қалпына келеді» сынды сұрағы көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына келіп, эвакуациялық аймақта орналасқан тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы өз сөзінде, әрбір зардап шеккен отбасыға бір реттік 100 АЕК ақшалай қолдау көрсетілетінін және жазда барлық тұрғынның қалауы бо­йынша үй салынатынын айтып, уәде беріп кетті. Екіншіден, тұрғындар үкімет салып берген үйді ұнатпаса немесе оған көшіп барғысы келмесе, оларға көпқабатты үйден пәтер беруге тырысамыз деп кетті. Қазір Президенттің өзі келіп халықпен кездескеннен кейін халықтың сәл де болса көңіл күйі орнында деп айтсақ та болады. Жергілікті басшылық та ТЖ қызметкерлерімен бірге су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Өңірімізде алдағы 10 күн бойы әлі де су тасуы қаупі бар деген болжам жасалып отыр, себебі су деңгейі әлі түскен жоқ. Ал біздегі басшылық мамандар эвакуацияланған аймақтарға, пункттерге орналасқан тұрғындармен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі, соның барлығын жеке кеңесте тәптіштеп айтып, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Яғни эвакуациялық орындардағы тұрғындардың жағдайы бірдей десек те болады. Оларды, негізінен, жоғалған мал-мүлік, үй салу мәселелері мазалайтынын айта кеткен жөн. Президенттің өзі де судан зардап шеккен тұрғындардың ешқайсысы мемлекет назарынан тыс қалмайтынын әр сөзінде шегелеп, жапа шеккен тұрғындардың барлығына үй салып, шығынын өтеуге көмектесеміз деп кетті. 

Әзірлеген
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

Қалыбек АБИТОВ, Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылының тәртіп сақшысы: 

 

Жабырқатпашы, Жайық! 

 

– Өңіріміздегі су тасқыны халықтың еңсесін түсіріп жатыр. Әйтсе де жанашыр адамдардың көмегі, жылы сөзі, жылуы жанымызға дәру. Атырауда тасқын су күшейеді деген қауіп бар. Тіпті көктем басталғалы су деңгейі 182 см өсіп, 373 сантиметрге жеткен. Қаланың шыға беріс жолдары жабық.
Тәртіп сақшысы ретінде айтарым, су тасқыны кезінде ұрлық-қарлық орын алған жоқ. Ең бастысы, жерлестерім дін аман. Әйткенмен Құлсарыда әкелі-балалы қос азаматтың су тасқынынан өмірден өткені жанымызға батты. 
1 сәуірден бері жалпы Атырау облысында 27 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Су тасқыны кезінде 10 мыңнан аса адамды эвакуациялау жұмыстарына белсене атсалыстық. Жалпы, алдағы күндері алапат су тасқыны келеді деген қауіп бар. Себебі Жайық өзенінің тасуы қауіпті деңгейде. Ауданның 21 елді мекенінің 17-сі Жайық өзені жағалауында орналасқан. 85 км ескі бөгеттің орны бар, енді тағы қосымша 15 км бөгет соғу керек. Жалпы алғанда, 100 км бөгетті талапқа сай жасау қажет. Сондықтан бүкіл қала, ауыл, аудан бөгеттерді нығайту жұмысында жүрміз. Халық үйінде тықыршып отыра алмай, күні-түні күзетте. «Туған жерді топан судан сақтаймыз» деп ер етігімен су кешкен ауылдастарыма алғысым шексіз. Олар толарсақтан саз кешіп жұмыс істеп жатқанда, ауыл келіндері, аналары түскі асымызды дайындап әлек. Жалпы, «сақтансаң – сақтайды» дегендей бәрі қызу дайындық үстінде.
Ауыл, аудандағы 1-қабатта жұмыс істейтіндер 2-қабатқа ауысып жатыр. Ал тұрғындар үйіндегі құжаттарын жоғарыға жинап, азық-түлігін көптеп алып жатыр. Кейбір жаңа үйлерді полиэтиленді қалталармен қаптап, үстінен түгелімен арнайы сұйықтық құ­йылды. Бұл енді халықтың қам-қарекеті. Әскерилер, еріктілер, министрлер де көмекке келді. Алдын ала әрекетіміз енді нәтижелі болады деген ниеттеміз. Қайткен күнде де «көппен көрген ұлы той». Бастысы басымыз аман, бауырымыз бүтін, ел іргесі тыныш болғай!

Әзірлеген
Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

 

 

919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5795

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5469

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3207

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2593

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2554

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2532

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2266

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2248

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы