• Ақпарат
  • 18 Сәуір, 2024

Су қоймасы салынар, үй де, жай да табылар...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Қызыл судың қарқыны бұрынғыға қарағанда сәл де болса аза­йып келеді. Десек те, әлі қауіп бар. Президент тапсырмасы бойынша, қауіп-қатердің алдын алу үшін үкімет пен жергілікті атқарушы билік бар мүмкіндікті жасады. Халық болып жұмылып, тасқынға тосқын жасалынуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», су апаты халықтың бірлігін де көрсетіп берді. 

Рас, Президент айтқандай, «бұл – ұлттық апат». Ал апаттың алдын алу үшін енді не істемек керек? Қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жедел іс-шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін және тасқын суын жинау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі елде 20 су қоймасы салынатынын мәлім етті. Министрліктің мәліметінше, жаңа су қоймасы 11 облыста салынады. 
Министрлік бес су қоймасының құрылысы биыл басталатынын жария етті. Ал жаңадан салынатын су қоймаларының пайдасы қандай? Ең алдымен, 137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенде су басу қаупін азайтуға септігін тигізеді. Екіншіден, жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ғана емес, бұрыннан жұмыс істеп тұрған су қоймаларының жай-күйіне басты назар аударылады. Сондықтан еліміздегі жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасына қайта жөндеу жұмысы жүргізілетін болды. Мұның тиімділігі мынада – бұл 70 мың адам тұратын 64 елді мекенде су басу қаупін азайтады. Сондай-ақ 74 мың гектар суармалы жерге су беруді жақсарта түседі.
Осыған байланысты бұрын қабылданып қойған кейбір тұжырымдамалар қайта қаралады. Су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша Су ресурс­тарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұжырымдамаға су тасқынының алдын алу және еріген қар суын жинап, оны одан әрі ауыл шаруашылығында және басқа да мақсаттарға пайдалану жөнінде іс-шаралар енгізіледі.
Енді бір ғана мысал. Қазақ ерте заманнан – ақ қар суын пайдаланудың әдісін меңгерген. Этнограф Тәттігүл Қартаева өзінің «Сутаным» (61–64-бб.) атты кітабында су тапшы өңірлерде қар суын мал суаруға пайдаланған қазақтар туралы дерек келтіреді.
«...Қар құдық – табиғи су көздері (өзен, көл) тапшы жерде қыстайтын кейбір өңірлердегі қыстаулардағы қазақтар арасында кездескен қар суын ауыз су мен мал суаруға пайдалану мақсатында жинап, қардан жасалған үйінді. Яғни қолдан жасалған таяз, уақытша пайдаланған, кейін жойылып кеткен құдық түрі. Құдықтың бұл түрі ерте көктемде, көктеуге көшкенге дейін немесе көктеулік қоныста қызмет еткен. Халық арасында «қар қойма», «қар су», «қар үйме», «қар суат», «қазынды» деп те аталған. Қарды жинау үшін ши, қамыс немесе тал-шарбақтан арнайы қоршау жасаған. Жиналған қарды күрекпен бас­тырып, қабырғадан асқанша тығыздап үйген. Қар биік болып үйілген соң, үстін қамыспен жауып, қамыс желмен ұшып немесе сырғып түспес үшін, уық немесе ұзын тал шыбықтарымен бастырып, оны шарбақ шыбықтарымен жалғап, байлаған. Қар суы еріп, жерге сіңіп кетпес үшін астына кепкен ши, қамыс төсеген. Алыстан қарағанда шошала, тошала түріндегі баспанаға ұқсаған. 
Қар суы ерігенде су болып ағатын кішкене жыра жасалып, жырадан аққан су арнайы қазылған шұңқырға жиналған. Шұңқырға жиналған суды таяз құдықтан су алу әдісімен аспалы шығыр орнатқан немесе қолмен, қолқауғамен тартып алып ауыз суға пайдаланған. Бұл уақытша қолданылатын құдықтың рөлін атқарды. Қазақтардың су сақтау­дағы халықтық білімдер жүйесіндегі осы әдісін ресейлік зерттеуші Я.Нестерев бақылап, нәтижесінде 1898 жылы «Как можно добывать воду в безводных степях. Устройство снежников» атты мақала жазып, «Киргизская степная газета» атты басылымда жариялаған (Нестерев, 1898: 3).
Қар суын ауыз суға айналдырудың бұл халықтық тәсілдері қариялар аузында әлі күнге дейін сақталған. Қар құдық қолданатын өңірлерде оны бір емес бірнеше етіп дайындаған. Қарды мал суару үшін жинаған түрін қолданыстық мақсатына қарай «қар суат» деген. Мал суару үшін қар үймеге жалғастырып, жоғарыда айтқандай жыра жасап, қоршаудың бір шетін ашып қойған. Қоршаудың ашық шетінен жылу өтіп, қар жaймен еріп, суы жыраға жиналады. Жергілікті жерде жыраны «мұз науа», «қар науа», «жер астау» деп те атаған. XIX ғасырдың аяғы – XX ғасыр­дың басына дейін қарлы, өзен, көлден алыс, яғни табиғи су көзі тапшы құрғақ аймақтар қар суын осылай жинап, пайдаға асырған. Кейін техниканың қолданысқа енуіне байланысты құдықтың бұл түрі қолданыстан шығып қалған (Нестерев, 1898: 3). 
Иә, дәл қазір он сегізінші ғасыр емес. Бірақ бабаларымыз қыстың қарын сақтап, оны пайдаланудың жолын, әдіс-тәсілдерін білген. Десек те, біз бүгінгі қызыл су  апаттан сабақ алуымыз керек. Өйткені қамсыз отырмаудың қажеттігін осы жолғы төтенше жағдай аңғартып өтті. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша қауіп-қатері бар аймақтарда су қоймасын салу тиімді. Ал дәл қазір су қоймаларындағы жағдай қандай?
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, Қостанай облысында су тасқыны бәсеңдеді, өңірдегі екі ірі су қоймасына 92 пайыз су жинады. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100 пайызға толған. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасының деңгейі  орта есеппен 70 пайыз шамасында. Иреклі су қоймасынан жіберілген су Қазақстан шекарасына әзірге жеткен жоқ. Бұл су 15–20 сәуірде келеді деген болжам бар. 
Шығыс Қазақстан облысында үш ірі су қоймасының орташа су жинау көлемі 84,8 пайызға жетті. Өңірде су тасқыны басталды, сондықтан Ертіс су қоймаларының каскады бойынша су жіберіліп жатыр. 
Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасына 99 пайыз су жиналды. Өңірде су тасқынының белсенді кезеңі өтті, бірақ Жабай өзенінің реттелмейтін ағыны артып келеді. Сондықтан Ақмола облысының Атбасар ауданында су тасқыны қаупі бар. Министрлік, өңір әкімдігі және ТЖД қауіптің алдын алу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр.   
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасы 97 пайызға толды. Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы 100 пайыз­ға толды, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды.  Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалының 4 каналында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалып жатыр. Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 83 пайызға толды. 
Уақыт өтер, бұл тосын келген апаттан да құтылармыз. Сабақ алармыз. Қауіптің алдын алған жөн. Салынғаны дұрыс, су қоймасы да сақтар апаттан.

1584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5815

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5482

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3220

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2606

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2567

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2546

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2279

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2261

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы