• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Уақыттың мекені қайда?

– Әй, Әбді, Құнашың ішіп кетті... Міне, Асыланың да қол жайып отыр. Осы балаңды қолдап жат, қорғап жат, көкесі-ау...
Қызыл күрең шайын баптап ішіп болған соң ас қайырып, әйетін оқып, көкке қол жа­йып күбірлеп отырған әжем ғой. Сол кезде деймін-ау, саусағының ұшы теледидардың антенасы секілді, Құдай екеуінің арасын жалғайтын алтын көпірдей көрінетін. Саусағын жазды, бітті, әуелі Құдекеңмен «әңгімелесіп» алады да, содан соң «көкке көшіп кеткен» шалына – Әбдісіне, соңында көктей солған қызына – Маралына арыз-арманын ақтарады кеп. Сөйтіп, «Тие берсін!» деп дастарқан басынан тұра бергенде көрші Моншақ әжеміз кіріп келеді. Ақ құманды қайта демдейді, быртиған саусағын қайта жазады... Күніге төрт-бес мәрте осы көрініс қайталанады да жатады. Құдайдың құтты күні осы. Сонда, сол кемпір басы артық уақытты қайдан алды екен, бәріне қалай үлгерді екен? Әлде әлмисақта Құдай уақыт үлестіріп жатқанда күллі жұрт ұйықтап қалып, әжем ғана ояу отырды ма екен?.. 
Жә, бұл әңгімені кейін жалғармыз.

 

Бірінші шумақ. Мәкеңнің «Момосы»

Қолымда көк кітап – «Момо». Авторы – Михаел Энде. Немістің алғашқы сюрреалист суретшілерінің бірі – Эдгар Энденің баласы, 1929 жылы Баварияның Гармиш-Партенкирхен қаласында дүниеге келген өзіміздің Мәкеңді айтамын. Әуелі актер мамандығын игеріп, содан соң Бавария радиосында киносыншы қызметін атқарып, кейін жазу үстеліне табандап отырып балалар жазушысы болған кәдімгі Михаел ше?.. Иә, жаңа ғана соңғы парағын жапқан кітабым – сол кісінің ертегі-романы. Тақырыбы – уақыт, уақыттың жұмбағы, уақыттың тылсымы, уақыттың құпиясы, уақыттың сиқыры һәм сіз бен біз секілді адамдар. Мазмұнын қысқаша баяндап берейін:
Бір күні үлкен қаланың шетіндегі қиранды амфитеатрлардың бірінде Момо деген қыз пайда болады. Хабар жерде жата ма – төңірекке түгел тараған гу-гу әңгімені естіген жұрт жиылып, қаршадай қызға барады. Барады да, көп ұзамай-ақ Момосыз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Өйткені өзгенің қолынан келмейтін, кішкентай Момо ғана мінсіз атқаратын жалғыз іс бар еді, ол – тыңдау. Оның жақсы тыңдай білетіні сондай – ақыл таппай, бір шешімге келе алмай жүргендер бір-ақ сәтте өзіне не керегін түсіне қоятын. Немесе жасқаншақ адамдар өзін бірден еркін, батыл сезіне бастайтын. Бақытсыз, жабырқап жүргендерге сенім ұялап, бойын шаттық кернеп шыға келетін. Егер біреу өмірде жолым болмады, өмірім мәнсіз өтіп жатыр деп, өзін адамның қоры, болмаса оп-оңай ауыстыра салуға болатын, кетеуі кеткен қазан секілді сезінсе және соның бәрін кіп-кішкентай Момоға барып айтып берсе, мұңын шағып отырып-ақ қатты қателесіп жүргенін, өзінің мыңның ішіндегі жалғыз екенін, сол үшін де болмысы бөлек, маңызды тұлға екенін түсініп шыға келеді. Міне, Момо солай тыңдай алатын! Сол себепті де «Момоға барсаңшы» деген сөз олардың сүйікті тіркесіне айналды. Бірақ...
Бір күні мамыражай қаланы күлдей сұр көлік мініп, сұр киім, сұр қалпақ киген, қолынан сұр портфелін тастамайтын, үнемі кішкене сұр сигар тартып жүретін Сұр мырзалар жайлай бастайды. Олар қала тұрғындарына барып, ғұмырының әр секундына дейін есептеп, өмірінің мәнсіз өтіп жатқанын, жетістікке жетіп, байитын уақытты текке құртып жатқанын айтады. Жадыланған тұрғындар көз алдында мүлтіксіз шығарылған есептен жаны шошып, әдеттегі өмір салтын өзгертеді. Амфи­театрға ат ізін салмағаны өз алдына, бір-бірімен сөйлесуді қойып, тамақтанатын уақытын да қысқартып, балаларын оқыту орталықтарына береді. Ал ол орталықтар балаларға пайдалы іске үйрететін ойындардан басқа нәрсені ойнауға тыйым салады. Сөйтіп жүріп, балалар қуану, сүйсіну, армандау секілді сезімдерді ұмытады, ойын ойлап табайық деп те ешкім бас қатырмайды. Содан бастап жұрт қанша жанталасса да, ештеңеге уақыты жетпей, қаланы мазасыз­дық басады. Бір қарағанда, күректеп ақша тауып, жетістікке жетіп жатқан сияқты көрінгенімен, бәрі қабағынан қар жауып, тұнжырап, байыз таппай жүреді. Ал бұған төтеп беріп, қаланы мәнсіздік құрсауында қалдырған сұр мырзалармен күресе алатын жалғыз жан – Момо ғана. Әрине, мұны жапа-жалғыз жүріп атқармайды, Момоның ақылшы Һора ұстазы мен Кассиопея деген тасбақасы бар, солармен бірлесе тындырады шаруасын. Дұрыс айтасыз, қолынан бәрі келсе де, Көлтауысар, Таусоғар, Саққұлақ, Желаяқтармен тең жүріп арманына жететін Ер Төстік секілді.

Қайырма. «Момосы» жоқ қала

Аты жаман көшені құлдап, жұмыстан үйге қарай ілбіп келемін. Көше бойы – ерсілі-қарсылы ағылған көлік. Жан-жағым, әйтеуір, бір жаққа асыққан адам. Олар қазір көктем екенін ойламайды да, мың бояу көмкеріп, құлпыра түскен төңірегіне көз тоқтатып қарамайды да: сол баяғы уақыт үнемдеумен әлек. 
«Момоның» мына бір үзіндісі амалсыз есіме түсті: «Уақыт үнемдеймін деп жүргендердің, шындығында, мүлде басқа нәрсені үнемдеп жүргенін ешкім байқамайтын тәрізді. Өмірінің жұтап, бір қалыпқа түсіп, жылуынан айырылып бара жатқанын ешкім мойындағысы жоқ... Адамдар неғұрлым үнемдеген сайын, ол соғұрлым азая береді».
Иә, олар шынымен не үшін уақыт үнемдеп жүргенін өздері де білмейді. Білген күннің өзінде, «Қазір бір минутты да бос өткізбей жетістікке жетсем, байысам, қартайғанда бала-шағамның қызығына тоймай, не ішем, не жеймін демей, достарыммен бірге шалқып-тасып жүрмеймін бе?!» деп жауап берер. Әй, сізге ұзақ өмір сүресіз деп кім айтты? Жақсы, Құдай ғұмыр беріп, қартайдыңыз делік. Дер кезінде отбасыңызға жеткілікті көңіл бөліп, достарыңызбен арқайын әңгімелесіп, кең дүниенің небір ғажайыбына көз суармайсыз, жанығып жүріп тасырланасыз, қартайғанда қалай шалқып-тасып бақытты болмақсыз, соның бәрінен шет қалып, ішіңізді мәнсіздік кеулейді деп қорықпайсыз ба? Бұған да жауабыңыз дайын шығар. Мен білсем, сіз Сұр мырзалардың «Өмірдегі жалғыз маңызды нәрсе – адамның әлденеге қол жеткізбегі, кім болмағы және қандай да бір нәрсеге ие болмағы. Кім басқа адамдарға  қарағанда көп нәрсеге қол жеткізіп, өзгелерден мықты болып, көп нәрсеге иелік етсе, оған достық па, махаббат па, құрмет пе – бәрі-бәрі өздігінен келеді» деген сөзін қайталайсыз. 
Сұр тартып бара жатқан Алматы шәрінің тұрғындарына ойша ұрсып келе жатып, үйге қалай жеткенімді де байқамай қалдым. 
– Жан, ағылшын тілін екі айда үйрететін курс бар екен ғой, соған қатыссаңызшы, – деді әйелім шай үстінде.
– Екі айда үйретеді деймісің?
– Иә, екі ай қатысып, ағылшынша сайрап тұрған баланы да көрсетті. Керек зат қой, қатыссаңызшы. Бағасы да арзан екен...
Мырс еттім де, қойдым. 
...Қайтадан әжемді ойладым. Әжем жарықтық күніне төрт-бес мезгіл бір сағат отырып шай-тамақ ішеді, қолын жайып және жарты сағат отырады. Түстен кейін Моншақ әжемізбен тағы екі сағат әңгіме айтады. Содан соң тағы біреу келеді, сосын тағы біреуі... Әйтеуір, таусылмайтын әңгіме. Қазір біз екі адам жарты сағат сөйлесіп тұра қалса, өсек айтып жатыр деп сөгеміз ғой. Шындығына келсек, адамдардың арасын жалғап, достығын нығайтатын нәрсе өсек пе деймін... 
Кешкі асымызды ішіп болған соң, тамақ тарқатып, бой жазамыз деп әжем екеуіміз серуенге шығамыз. Алдымыздан неше адам ұшырасады, әжем соның бәрімен амандық-саулық сұрасып, біраз тұрады дейсің. Сонда да асығатын ол жоқ: көңілі жай, жаны тыныш, уақытым өтіп бара жатыр-ау деп қорықпайды да. Соның арасында өзім де біраз ақтарылып аламын.
– ...Енді шығып бара жатсам, бала қара деп Қуатты көтертіп қойды, – деймін.
– Содан?
– Сосын сол, бә-әрі футбол ойнап жатқанда Қуатты көтеріп, залдың терезесінен балаларға мөлейе-еп, жылағым кеп тұрдым да қойдым.
– Мә-ә...
– Өзің ойланып көрші, мама, осылар мені асырап алмаса өйсіте ме? Неғып бердің мені...
– Ол енді... ол енді-і – мұндайда әжем жарықтық не дерін білмей тосылып қалады.
– Асырап алғанына қарағанда бір сүйкімді бала болған шығармын, ә?..
Не көрдім, кіммен әңгімелестім, не ойын ойнадым – бірін қалдырмай айтып беремін. Ол болса Момо сияқты ынта қойып тыңдайды. Сөйтсем, біледі екен ғой. Нені дерсіз, Һора ұстаздың мына бір сөзін айтамын: «Адамдар ажалдың не екенін білсе, одан қорықпас еді. Ал қорықпаса, уақытын ешкім ұрлай алмас еді...»
– Жан, шай демдеп жіберейін, отырып әңгіме айтайық та...
– Жұмысқа ерте баруым керек, көкем. Төсек салшы, жатайық...

Екінші шумақ. Уақыттың мәні

«Жарықты көретін көзің бар, дыбыс­ты еститін құлағың бар, сол сияқты, уақытты сезер жүрегің бар. Ал жүрекпен сезбеген уақыт соқырға көрінбеген кемпірқосақтың түсі, кереңге естілмеген құстың әні іспетті жоғалады. Әттеген-айы сол, соғып тұрса да, ештеңені сезбейтін көрсоқыр да таскерең жүректер бар», – дейді Һора ұстаз Момоға. Ал уақытты жүрекпен сездік екен, сонда не болады? Жалпы, уақыттың мәні не, бақытты болу ма? Бақытты болу деген не, басқаларға қарағанда көбірек жетістікке жетіп, артығырақ байып, армандарыңның бәрін түгесіп орындау ма? Онда Гиги гид сияқты, «Өмірдегі ең қауіпті нәрсе – орындалатын армандар екен» деп бармақ шайнап қалмаймыз ба?
Мақұл делік, ағылшын тілін екі айда шала-шарпы үйрендік, музыкалық аспаптардың біреуін де солай «меңгеріп» алдық, психологияның үш айлық курсынан «адам жанын зерттеп-біліп ала қойдық», ақшаны басқаруды да, түйсікпен ойлауды да «қатырдық», әлеуметтік желінің де көркін қыздырып, үзіп-жұлып жинаған ақпаратымызды айтып, ақша таптық. Күте тұрыңыз, үйрек деген бір құс бар – ұшудай-ақ ұшады, бірақ қырандай самғай алмайды, жүзудей-ақ жүзеді, алайда балықтан садаға кетсін, жер бетінде жүрудей-ақ жүреді, әйткенмен жылқы баласы құсап көсіліп шаба алмайды; сонда біздің үйректен парқымыз қайсы? Соның бәріне үлгерерміз-ау, десе де мұрнымыздан шаншылып жүріп кіндігімізден байланған әлеуметпен араласуға, бір істі тыңғылықты істеуге мұршамыз келе ме? Әлеумет түгілі, өз жанымызға, жүрегімізге үңілуге уақыт таппай, армандау мен қиялдаудан қол үзіп қалмаймыз ба?
Қазір көгілдір экранды қосып қалсаң, сайттарды ашып қалсаң, жаңалықтарға көз жүгіртсең, отбасыдағы небір зорлық-зомбылық, өрімдей балалардың асқан қатыгездігі, ұрпақтың телефонға байланғаны туралы жан түршіктірер хабарлардан көзің сүрінеді. Әрине, мұның себебі көп-ақ. Дегенмен мұның тағы бір себебі – адамдардың бір-біріне көңіл бөлмеуі, махаббатқа мұқтаждық емес пе? Мойын­даңызшы, кейде екеуара «өсек» айтып отырған адамдарға қарап сіз де қызығасыз ғой, солай ма?.. 
Тағы да жұмыстан қайтып бара жатырмын. Кеше әлеуметтік желіні ашып қалып едім, алдымнан бір «психолог» шыға келгені. «Сенің де өмірің үй мен жұмыстың арасында текке өтіп жатыр ма?» дейді өзеуреп. Өңі неткен сұп-сұр өзінің. Сөзі де таныс. Бұл сөзді бір жерден тыңдадым ба екен, оқыдым ба екен... Иә, «Момодан» оқыған екенмін ғой. Онда сұр мырзалардың дәргейіне өткен қаланың тұрғындары жайлы «Кім-кімнің де жұмысын барын салып, махаббатпен атқарғанына ешкім мән бермеді, керісінше, ондай сезім жұмысты тежейді деп сөкті. Уақыт жинақтаушылар аз уақытта барынша көбірек жұмыс істеуді ғана маңызды санады» демейтін бе еді. О, Тоба!
Жұмыс та менің өмірімнің бір бөлшегі. Сол жердің нанын жеп, бала-шағамды асырап жүрмін. Істеген жұмысымнан ләззат аламын, рақат табамын. Текке өтіп жатқан өмірің не?! Бұл өлшемге салсақ, менің әжем, жалпы, менің бала кезімдегі жұрттың бәрі бақытсыз, мұңлық біреулер болып шыға келмей ме?
Сонда, уақыттың мәні не екен, өзіңіз айтыңызшы, көкірегі ояу оқырман?!

Қайырма. «Момосы» жоқ әлем

Үйге жетейін дедім. Ойымда – әжем мен «Момо». Жан-жағыма барлай қарап келемін. Бір-бірінен айырып алғысыз үйлер, бір-бірінен айнымайтын адамдар... 
Менің бала кезімде, осыдан жиырма шақты жыл бұрын, әр үйдің бір-бір «Момосы» бар секілді еді және сол «Момо» әулеттегі ең абыройлы адам болатын. Ол кезде стресс, депрессия дегенді де естімеген екенмін. Әрине, ол кезде 4–5 жасар баламын, бұған қоса жұрт ондай терминді білмейтін. Әйтсе де адамдар дастарқан басында отырып әңгіме-дүкен құратынын, болмаса былай шығып «өсек» айтып, дұрысы, ішіндегісін ақтарып келетінін, қазір сол бір кереметтен ажырап бара жатқанымызды мойындайтын шығарсыз, ә? Қазіргі адамдардың бұрынғымен салыстырғанда стреске, депрессияға бейім болу сыры, түбін қазсақ, осы «уақыт жоқ» деген сөз шыға келмей ме?
Қазақстан ғана осындай деп жау шаптырғаннан аулақпын. Адамдардың бір-біріне қайырылмай, саяқ ғұмыр кешіп жүргені – біздің ғана емес, күллі қоғамның дерті секілді. Әлемнің түкпір-түкпірінде осы дертті өзек еткен қанша туынды жарық көрді десеңші. Сондай жақсы туындылардың бірі – француз режиссері Леос Каракстың «Токио сілкінгенде» деген қысқаметрлі фильмі. Фильмде жалғызбас­ты үйкүшік жігіттің оқиғасы баяндалады. Жоқ, оның есі бүтін, ақылы сау. Тек кеу­десін жалғыздық кеулейтіні болмаса... Жұмысын үйінде отырып-ақ компьютермен істейді, азық-түлік пен керек-жарақты, тамақты (пицца) сырттан алдырады, қысқасы, сыртқа шығуға мұқтаж емес. Ол тіпті күнделікті тапсырысын әкеліп беріп жүрген жеткізушіге де қарамайды, басын төмен салып, қалтаны алады да, сол күйі есікті бірден жабады. Алайда бір күні оған пицца салынған қорапты бір нәп-нәзік қол ұсынады. Сөйтіп, кейін әлгі қыздың соңын ала сыртқа шықса, бүкіл көше қаңырап тұр екен, қыбыр еткен тірі жан жоқ. Бәрі үйкүшік, бәрі кісікиік. Содан жер сілкініп, жан алқымға келген соң жұрт жапа-тармағай сыртқа шықсын. Қосүрейлі жандар басында үрпиісіп тұрғанымен, аз уақыттың ішінде қуарған жүзіне қан жүгіріп, өңі кіріп, бір-бірімен амандасып, мәз-мейрам болады. Бұл туынды 2008 жылы жарыққа шыққан екен. Өткенде Алматыда жер сілкінгенде де көбіміз «үлкен үйге сәлем бере барып» едік қой... 
Сонда адамға адам қорыққанда не қуанғанда ғана керек пе? Жоқ, мүлде олай емес. Адам адамға қай уақытта да керек...
Сондықтан жанындағы жандардың әрқайсысын беріле тыңдап, ішіндегісін ақтарып, тіпті «аспанға көшіп кеткен» жақындарымен де сырласа кететін әжемдікі қашан да дұрыс. Өйткені ол жүрекпен өмір сүрді. Және Михаел Энде айтпақшы, «Уақыт – деген өмір, ал өмірдің мекені – жүрек» екенін әбден білді.

***

– Көке-е-ем?
– Әу?
– Шай ішейікші, бір!

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

1149 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6292

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5752

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3492

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2874

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2836

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2815

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2545

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2530

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы