• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Кирилл Пономаренко: Қазақ балаларымен бірге өстім

Еліміз Тәуелсіздік алғалы мемлекттік тілдің уақыт талабына сай дамуы мен қажеттілікке ие болуына арамыздағы өзге ұлт өкілдері де лайықты үлес қосып жатыр. Бүгін солардың бірі – Қостанай шаһарындағы №6697 әскери бөлімінде қызмет атқаратын украин жігіті Кирилл Алексеевич Пономаренкомен әңгімеміз еркін өрбіді. 

 

– Әулетіміздің тірегі болған Николай атам сонау бір нәубет жылдары асыра сілтеудің зардабын әбден тартқан көрінеді. Өзі ауқатты адам болған соң, қуғын-сүргінге ұшырап, көршілес Ресейден қоныс аударды. Ол қазақ халқын шексіз жақсы көрді, – деп бастады әңгімесін Кирилл Пономаренко. – Қазақ ұлтының кеңпейілдігі мен адамгершілігін өле-өлгенше аузынан тастамай, санамызға әбден сіңіріп кетті. Әжем Мария екеуі көпбалалы отбасы атанды. Амангелді ауданындағы 40 жылдық кеңшарындағы жергілікті ағайынмен тонның ішкі бауындай араласып,  байырғы тұрғынына айналды. Өзі өте қарапайым, жан сарайы кемел кісі еді. Жұмыс десе, ішкен асын жерге қоятын. Жергілікті бейнетқор кісілермен біте қайнасып, мал шаруашылығымен айналысты. Әкем Алексей аудан орталығында дүниеге келді. Ол ес білгеннен қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын толық меңгерді. Ата-әжем ғұмыр кешкен қара шаңырақта әкемнің ағасы Александр тұрады. 
Мен аудан орталығындағы Б.Қолдасбаев атындағы білім ордасында оқыдым. Кішкентайымнан қазақ балаларымен өстім. Мектепте Қызғалдақ Князова есімді мұғалім қазақ тілінен дәріс берді. Оның әрбір сабағын асыға күтетінбіз. Жаңа тақырыпты тың ізденіс әрі шығармашылықпен өткізетін. Мектептен кейін облыс орталығындағы Қостанай гуманитарлық колледжіне студент болып қабылдандым. Мұнда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәлім алдым. Жалпы, ұстаздан жолым болған адаммын. Мысалы, Гүлжанат Түйебай терең білімді  әдістемелік еңбектерімен шәкірттерін таңдаған кәсіптерін меңгеруге тікелей ықпал етті. 
Бесінші сыныпта жүргенде Қостанай қаласындағы Қазақ-түрік лицейінде өткен сайысқа Амангелді ауданынан қатысқанымды әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпын. Байқауда ұлы ақын Абайдың он алтыншы қара сөзі мен поэзияның көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін нақышына келтіріп оқыдым. Бірінші орын алдым. Жүлдеге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын сыйға тартты. Туындыны жата жастана оқыдым. Сайыстан топ жаруым ата-анам мен мектеп ұстаздарына да ерекше абырой болды. Колледждегі жылдарым босқа өткен жоқ. Журналистика саласына да қызықтым. Сөйтіп, «Қазақстан–Қостанай» телеарнасына жас тілші ретінде атсалысып, ондағы тәжірибелі кісілердің хабар дайындау тәсілдеріне ден қойдым. Мұның да маған тигізген рухани пайдасы аз емес. 
Торғай өңірінің халқы біздің әулетті жақсы біледі. Әкем Алексей 46 жасында дүниеден өтті. Анам Ниеле –  латыш қызы. Биыл 50 жасқа толды. Олар перзенттерінің қазақтың тілін, мәдениеті мен тарихын, ата салтын үйренуіне қарсы болған емес. Бір үйде төрт бала өстік. Әпкелерім Наталья, Анастасия және Лариса да, мен секілді, Амангелдіде өсіп, бойжетті. Көрші-көлемнің қыз­дарымен араласып, салт-дәстүріне қанықты. Кейін есейген соң үшеуі де қазақ отбасыға келін болып түсті. Ата-енесіне құрмет көрсетіп, ағайын-туысқанға ілтипатпен қарады. Жезделерім Жеңіс, Қабдош, Асыландар да қарапайым жігіттер. Солардан жеті жиеніміз бар. Олардың өмірдегі қол жеткен табысына нағашысы ретінде тілектес болып отырамын.
2021 жылы гуманитарлық колледжді ойдағыдай тамамдап, желтоқсанда №6697 әскери бөлімге азаматтық борышымды өтеуге шақырылдым. Арада жарты жыл өткен соң командирім қабілетімді байқап, өз қалауыммен келісімшарт бойынша қыз­метімді одан әрі жалғастырдым. Бұл күндері бөлімше командирімін. Оның алдында маман-бақылаушы болдым. Қызметімді атқара жүріп, академик Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қос­танай әлеуметтік-техникалық университетінің филология факультетінде қашықтан оқып жатырмын. Алдағы уақытта өзімнің әу бастағы арманым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шығамын. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң әскери бөлімдегі офицерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметкерлерге мемлекеттік тілден дәріс бермекпін. 
Ал тіл үйренудің ешқандай құпиясы жоқ. Барлық мәселенің түйіні шын ниет пен талпыныста жатыр. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт пен ұлыс өкілдерінің қазақ тілін білуі парыз деп есептеймін. Елімізде жылдан-жылға осы тілдің дамуы мен болашағына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл бәрімізді де қуантады. Менің түсінігімде патриоттық сезім тілге деген құрметтен басталады. 
Тілді терең меңгерудің сыры –  еңбекте. Таңдап, талғап оқи білуде. Өткен жыл мен үшін табысты болды. Алдымен әскери бөлім ішінде, содан соң Қарағандыда Орталық өңірлік қолбасшылық ұйымдастырған жарыста бірінші орынды иелендім. Қазан айында Алматы  қаласында Ұлттық ұлан өткізген байқау­да жеңімпаз атандым. Онда Бас қолбасшы тағайындаған мәртебелі жүлдеге ие болып, «Ұлттық ұлан жауынгерлік қызметінің үздігі» төс белгісін кеудеме тақтым. Әрине, бұл марапаттар өзіме сенімімді арттырып, қанаттандырды. Алайда қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Мамыр айында 22 жасқа толамын. Алдымда қаншама асқаралы биік міндеттер күтіп тұр. Болашақта да қазақ тілінің өз тұғырына көтерілуі жолында аянбай тер төге бермекпін.  
Ендеше, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтылған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» елдік тұжырымдамасына сай болу – мен секілді әрбір жас  жігіттердің басты абыройлы міндеті.

Әңгімелескен 
Оразалы Жақсанов

386 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6322

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5772

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3512

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2894

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2855

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2835

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2564

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2549

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы