• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

«АЛТЫН ЖҮЛГЕ ЖЫРЫ» – ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ҚҰС ЖОЛЫ

«Алтын жүлге жыры» – гуманитарлық сала ғалымдарының социалистік шеңбердегі өмірі мен отарлық идеология найзасының ұшында жүріп жазған еңбектерінің талан-тағдырын арқау еткен интеллектуалды роман. Бас кейіпкері абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының Абай мұрасын тұрпайы-социалогиялық тұрғыда бағалаушы көзқарастармен күресе жүріп, ұлы ақынның Толық адам ілімін ашуы, қазақтың қалай орыстандырылғаны туралы өз еңбегін жарыққа шығара алмауы, желтоқсаншыларды ақтау әрекеттері көркем тілмен кестеленеді. «Алтын жүлге жыры» – қалам иелерінің әділетті қоғам үшін күрес жыры. 
«Қаламгер мен кейіпкер» айдарының қадірлі қонақтары: абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, түркітанушы ғалым Әлімғазы Дәулетхан, жазушы-драматург Елен Әлімжан, филология ғылымының докторы Ислам Жеменей, физика-математика ғылымының докторы Есен Бидайбеков, филология ғылымының докторы Сәмен Құлбарақ. Тізгіншісі – Ерлан Жүніс.

«Ана тілі»: – Бүгін біз жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» романын талқылап, бас кейіпкері ғалым Мекемтас Мырзахметұлының тұлғалық болмысын сөз етпекпіз. Ғалымның бүкіл өмірі күреспен өтті. Оның бір парасымен оқырман қауым да жақсы таныс. Бұл кітап, біріншіден, Мекемтас Мырзахметұлының ғылымдағы жолына кіріспе, оның жан дүниесін, болмысын, сан қырлы әлемін білемін деген адамға ашылған есік деп білеміз. Бұл кітапты оқымай, Мекемтас ағаның жан дүниесін түсіну оңайға соқпас еді. Ғалымның барлық еңбегі, ғылыми жұмысы осы кітапта оның бітіспес күреске толы өмір жолы арқылы көрінген. Ашаршылық жылдары Мекемтас Мырзахметұлының анасы қыз баласын қоршап алған қасқырға тастап, ұлын аман сақтап қалған тарихы аз жазылған жоқ. Ал осы романда сол қасқырлардың ғалымды өмір бойы аңдып өткені анық көрініс табады. Балалық шағында қылмыскерлердің қолына түсуі, әскерде әлімжеттік жасаған ересек балалардың ортасында қалуынан басталған сол қасқырмен күрес алғаш ғылымға келген тұсында да, абайтануда, мұхтартануда, «Абайдың шығысын ашамын» деген талпынысында, өмір жолы мен тұрмыс талқысында да, біресе топтанған адамдар болып, біресе өкініші мен азабы болып әрдайым оны қоршап жүргендей. Соны оқыдық, соны тұшындық бұл кітаптан. Ол күрес бір адамның ғана емес, біздің бәріміздің ұлттық сана, ұлттық болмыс үшін күресіміз екенін сезіндік. Сондықтан бүгінгі өскелең жасқа өмірдің оңы мен терісін, ағы мен қарасын, ізденіс пен талпыныс, жанкештілік пен құрбандық, арман мен мақсат құндылығын терең түсіндіру үшін осы кітап арқылы ой салуды жөн деп таптық. Әуелгі сөзді кітап авторына ұсынсақ. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз? Кітап қалай жазылды?
Елен Әлімжан: – Мекемтас ағамен танысқаннан кейін көзқарасымда едәуір өзгерістер пайда болды. Тұлға ортаны өзі жасайды екен. Мен соны көрдім. Ақиқаты, Мекемтас аға Таразға келді де, үлкен рухани орта жасады. «Бауыржантану» орталығы ашылды. Біз орталықта бірге жұмыс істедік. Барып архив деректерімен танысып, пьеса жаздым. Пьесаны оқығаннан кейін Мекең: «Сен Бауыржан туралы роман жазсаңшы», – деді. – Жоқ, Бауыржан туралы Александр Бектен бастап, қаншама ақын, жазушылар толғанды. Баласы мен келіні де жазды. Мен ешкімді қайталағым келмейді. Мына пьесада де ешқайсысын қайталаған жоқпын. Алаш арыстарының ағартушылық, қайраткерлік күресін жалғауға әрекеттенген батырды болмыспен бетпе-бет келтіріп отырдым»,  – дедім. «Сен осылай жазсаңшы», – деді, Мекемтас аға. – «Ол драмаға тән, романға емес», – деп жауап қайтардым. – «Көке, өзіңіз туралы жазғым келеді». – «Менің немді жазасың? Тірі жүрмін ғой». –Баукең де аман жүрді, жазды бәрі. Бала кезімізде Сәтбаев туралы Мұхаметжан Қаратаевтың романы шыққанын білеміз. Мен де сол сияқты жазамын», – дедім. «Ол қалай болар екен?» – деп Мекемтас аға ойланып қалды. Расында да, Мекең бұрын «мені түсінген бір журналист болса, ол сенсің» деп айтатын. «Алдымен жазып көрейін, ұнатпасаңыз, роман жарыққа шықпайды, өзімде қалады. Сөзім – сөз» деп іске құмбыл кірісіп кеттім. 
Ал оқиғалар желісін ол кісінің өз ойы арқылы өрбітіп отырдым. Ең қиналғаным, романның соңы болды. «Бұл кісі аман-есен ортамызда жүр, қалай аяқтаймын?» деп көпке дейін ойланып жүрдім. Бір күні «мені академияға шақырып жатыр» деп айтып қалды. Оқиғаның соңы ойламаған жерден өзінен-өзі пайда бола қалды. Соңғы сөзі табылды. Әдейі монологті туған жерімен байланыстыра отырып жаздым. Ең бастысы, өзіне ұнады. 
«Ана тілі»: – Романның жарық көргеніне екі жыл болыпты, оқырман пікірі қандай?
Елен Әлімжан: – Осы уақытқа дейін жақсы пікірлер айтқан жазушылар болды. Екі сыни пікір айтылды. Бір кездесуде студент қыз: «Ағай, сіз қасқыр тартқан жерді неге қысқа қайырғансыз», – деп сұрақ қойды. Бұған дейін де талай шығарма жазылған. Жазушы Әшірбек Көпішев қасқырды анамен алыстыра суреттейді. Бұл – шын мәнінде қас қағым сәтте болған қанқұйлы оқиға. Сондықтан өмір үшін арпалысты қас қағым оқиға арқылы бергім келді. Тағы бір пікір Әдеби жыл қорытындысында айтылды. Баяндама жасаған жігіт: «Романда Мекемтастың образы жақсы ашылған. Бірақ драматург роман жазудың қыр-сырын білмейтіндіктен, көбірек баяндау тәсіліне кеткен», – деді. Бұл сында да шындық бар шығар. Бірақ мен мұны ішкі монолог арқылы беріп отыруға тырыстым. Романның формасы сондай. Мысалы, Шыңғыс Айтматов өзінің шығармаларында осы әдісті тұрақты пайдаланады. Бұл романды неге жазғым келді? Кеңес өкіметі кезінде бізге ылғи «сен кеңес адамысың, сондықтан коммунизмді орнатып жатқан таза коммунистің образын бер. Кейіпкер адал, таза тұлға болуы керек» деп талап қоятын. Ал Кеңес одағының әдебиетінде көп жазушылар кейіпкер етіп, жасанды патриоттарды шығарды. Кеңес одағы құлап, Тәуелсіздік алғаннан кейін мен Мекемтас ағамен таныстым. Шын мәнінде, идеал адам осы кісі екен. Мен Абай философиясындағы Толық адамды тапқанымды түйсіндім. Адал адамды. Менің айтарым– осы.
«Ана тілі»: – Бұл шығарма – интеллек­туалды роман. Оқырман ой соқпағына жалғыз шығады. Ойдан ой тудырады. Оқиға емес, ой қуалайсыз. Ұлы болмыспен ғана емес, өз болмысыңызбен бетпе-бет келесіз. Кейіпкер монологі мүлгіген тыныштыққа емес, ешқашан аяқталмайтын ой майданына шақырады. Қазығұрттағы қасиетті қара тастың ортасынан өту кезіндегі кейіпкердің жан арпалысы, ішкі монологі, өз-өзімен сөйлесуі, мәңгілік сауалдарға жауап іздеуі, бүкіл өмірін бір сәтте көз алдынан өткізуі оқырманды бейжай қалдырмайды. Оның барлығы жай адамның емес, бүкіл өмірі тәуекелмен, талқымен, айқаспен өткен адамның сөзі. Оқырман да сол қаратастың қақ ортасында кептеліп қалғандай күй кешеді. Ол табиғат жаратқан қара тас қана емес, катарсис қаратасы секілді, сол тұстағы қоғам да, кезең де, сол кезеңдегі ғылыми сана да – бәрі сол қаратасқа айналып кеткендей. Иә, романда екі ерекше деталь бар: қаумалаған қасқыр мен қаратас. Болмыспен бетпе-бет келу. Романның өне бойында тұрған негізгі ой осы екі детальды айналсоқтап жүреді. Мекемтас аға, романда Бауыржан Момышұлымен диалогіңіз былайша өрбиді: «Өмірдің үлкен, кіші диірмендері бола ма, сонда? Болғанда қандай. Сен осы уақытқа дейін тұрмыстың диірменіне тартылып келдің. Ол әшейін кіші диірмен, дегенмен одан уатылып кететіндер де аз емес, малтасы езіліп. Ал абыроймен өткендерді енді болмыстың диірмені күтіп тұрады. Ердің ерінің басына түсетін нағыз сын – сол болмыспен бетпе-бет келуі...» Осы болмыс диірмені туралы айтсаңыз...
Мекемтас Мырзахметұлы: – Баукеңнің қолында, үйінде жүрдім ғой. Ол кісінің білмейтіні жоқ. Менің саяси сауатымды ашқан да сол кісі. Әңгімелесе отырып, сөз суыртпақтап тереңге кетеміз. Ас ішіп болған соң ағайынды екеуміз көп нәрсені сөз етеміз. Соның бірі – Сталинмен кездесуі. Ашығын айту керек, менің білетінім, Баукең Сталинмен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Жалпы, Сталин түркі халықтарының ата жауы ғой. Момышұлын Сталиннің өзі шақырған. Бұрын әңгіме етпейтін, бұл оқиғаны Сталин өлгеннен кейін барып айтты. «Арамыздағы болған әңгімені ешкім білмесін. Егер біреу-­міреу біліп қойса, Сталинге сөзсіз жетеді, сондықтан пікірді іште сақтау керек болды» деді. Жалпы, Сталин Баукеңді сынап көреді, оңай шағылмайтын жаңғақ екенін біледі. Оның үстіне Баукеңнің шығармаларын үнемі оқып отырған. Бір қызығы, Момышұлының «Волоколамское шоссе» кітабын Сталин сыйлыққа ұсынған. Сол сыйлықты беретінін алдын ала маршал Жуков біліп қалып, Сталинді райынан қайтарады. Бергізбейді. Себебі Жуковтың да өз саясаты бар. Баукең осылайша тоталитарлық жүйенің бар сұмдығын бір бойына тұтып тұрған адамдармен бетпе-бет келеді. Соғыс сындыра алмаған батырды, олар да сындыра алған жоқ. Баукеңнің болмыс диірменін бір әңгімеге сыйдыра алмаспыз. Оның жұртшылыққа жария етілмеген көптеген құпиясы бар, әлі айтылған жоқ. Баукең туралы жазып жүрмін, бәрін кейін оқисыңдар. Төрт жыл үйінде тұрдым, сол төрт жылдың ішінде Баукеңнің арғы-бергі дүниесінің бәрін білдім. Мағжанды көргеніне дейін толық айтып берді. 
Енді мына роман туралы айтайын. Автор: «Сіз алдымен оқисыз ғой, егер ұнамаса тастайсыз. Қайтып, жарыққа шықпайды», – деді. Содан келістік. Кейін оқып шығып едім, бәрі орнында, артық-кемі жоқ. Автор мені өзімнен артық біледі. Жазғанымның бәрін оқыған, тоқыған, терең талдап, өзінің байлауын жасаған екен. 
«Ана тілі»: – «Автор мені өзімнен артық біледі» дегеннен шығады, романның ішінде академик Зәки Ахметовтің аузымен, оппоненттеріңіз тарапынан да айтылып, сізге «қисық жігіт» деген ат таңылады. Бұл қандай қисықтық? Сол мінез-құлық қалай қалыптасты, әлде әке қаны, ана сүтімен сіңген мінез бе?
Мекемтас Мырзахметұлы: – Мұның бір ғана жауабы бар, ол – әділетті болуға ұмтылу. Әділетті өмір сүру бала күнгі арманым болды. Мені осы күнге дейін алып келе жатқан әділетті өмірге деген аңсар ғой.
Елен Әлімжан: – Сол қоғамда әділетті адам қисық жігіт болып тұр ғой... 
Әлімғазы Дәулетхан: – Ежелден сол. Ол бүгін ғана емес, баяғыдан сол. Жақсыны көре білу де, жақсының жақтаушылары аз болады.
Мекемтас Мырзахметұлы: – Бір адамдай өмірдің қиыншылығын көрдім. Ашаршы­лықты да көрдік. Жейтін түк жоқ. Біздің ауыл жарты гектар жері бар, бидай, жүгері егеді, сөйтіп, күнін көреді. Билік бізге салық салады. Әскери салық деген бар, 500 сом, ол – бір сиырдың құны. Сен байсың ба, кедейсің бе – оған қарамайды. Үйіңдегінің бәрін алып кетеді, сатады. Сол салық қиын болды көп ағайынға. Ағайындарым жақсы, бірақ бәрі кедей. «Жақсы адам кедей болады ғой» деймін өзі. Өздері бала-шағасын баға алмай отырады, мен барып солармен бірге жүремін. Содан кейін Балалар үйіне жіберді. Барсам, бар былықтың бәрі сонда екен, балалар күнде төбелеседі. Ол жерден қашып кеттім.
«Ана тілі»: – Әділдікті іздеу сол жерден басталды ма?
Мекемтас Мырзахметұлы: – Ол – ұзақ әңгіме. Мына кітапта біршамасы қамтылған. Мен бір жайды айтайын. Сонау жылдары Ташкентке бардым, онда архив көп. Архивке жастай құмар болдым. Бүкіл біздің ұлттың марқасқаларының, үлкен кісілердің материалдары – бәрі сонда тұр. Соған барып жүріп көп дүниенің шындығына көзім жетті. Кейін орыс­тандыру саясатын сынап, «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітап жаздым. Патша өкіметі жіберген миссионерлер Ильминский, Остроумов, Алекторовтардың түпкі мақсат-мүддесін ашып көрсеттім. Мақсаты – аз ұлттарды жойып жіберу. Ал тірі қалғандарын шоқындыру, ұлттық жады мен санасын жою, рухын сындыру, тілін шұбарлау. Кейін сұм саясатының шындығы біраз ашылды. Түбінде, мұның бәрі тереңірек ашылуы керек. Ақтаңдақтарды халық білуге тиіс. 
Әлімғазы Дәулетхан: – Мекеңмен 2004 жылы таныстым. 29 жасымда қайта оқып, 59 жасымда кандидаттық диссертация қорғадым. Қым-қиғаш жол болды. Төлқұжатсыз режіммен 17 жыл өмір сүрдім. Сөйтіп жүргенде, Алматыға келіп, ақыры төлқұжат алғаннан кейін 59 жасымда кандидаттығымды қорғадым.
Түркістанда ашылған Ясауи университетіне Мекеңнің шақыруымен бардым. Менің қытай тілін, түркі тілдерінің біразынан хабарым бар екенін бұл кісі біледі. Әуезов бастаған алыптарымыз «шіркін-ай, біздің тарихымыз Қытайда, Монғолияда, араб, парсыда жатыр, осы тілдерді білетін маман қашан даярлаймыз» деп өмір бойы армандап, іске асыра алмай кетті. Ол кісілерге мүмкіндік берген жоқ. Cоны жақсы білетін Мекең: «Жан-жақтан жігіттер келіп жатыр, алыптардың арманы орындалды ғой, сен де кел», – деп шақыр­ды. Мекеңнің өмірбаянын қарап отырсам, кітабындағы оқиғаны өзім басымнан кешкен сияқтымын. Неше рет айтылған, таныс дүниелер. Елен Әлімжанның бір артықшылығы – ол Мекеңнің бүкіл өмірін дәстүрлі проза стилімен жазатын болса, кемінде 3–4 том болады. Екіншісі – Мекемтастың жеке адам, ғалым ретіндегі тұлғасы, күресі, ой-арманы көрінеді. Бұдан шығатын қорытынды, кітапта Абай айтқан толық адам образын жасау жолындағы бүкіл іс-әрекетін жақсы көрсеткен. Мұның өзі үлкен табыс. Өйткені осынша бай материалдың ішінен шатыстырмай керегін алу оңай емес. Бұл қалам ұстаған үлкен-кішіге ғана түсінікті шығар. Әйтпесе шөп те өлең, шөңге де өлең. Мекеңнің өмірін жаза берсең, алтынға татитын дүние толып жатыр. Баукеңнің естелік жазу туралы сөзі бар. «Ұлы тұлғалар туралы жазуға менің моральдық қақым бар ма, жоқ па? Сол адамның деңгейінде халыққа жеткізе аламын ба, шамам келе ме, келмей ме? Соның деңгейінде ойлай аламын ба, ойлай алмаймын ба? Алдымен соны назарға аламын». Сондай ұлы адамның бірі – Мекең. Негізі, ұлы деген сөзді біз әбден қор қылдық. Орыс­тың «великий» деген сөзі үлкен, көп деген мағынаны береді. Біздің ұлы деп отырғанымыз одан әлдеқайда құнды, жоғары. Маркс, Энгельс, Ленинді, одан қалса, біз орыстың ғұламаларын, ақын-жазушыларын жиі айтамыз. Ал өзімізге келгенде, бұл сөзді олқысынамыз, ыңғайсызданамыз. Тіпті болмайтын сын айтып жатқан адамдай болып, атасының атын айта алмаған келін құсап өтірік ұяламыз.
«Ана тілі»: – Неге? Тани алмағанымыз­дан ба, қызғанғаннан ба? 
Әлімғазы Дәулетхан: – Олжас Сүлейменовтің бір сөзі бар: «Біз әбден ұлт ретінде ең маңызды қабаты, құнарлы қабаты сыпырылып тасталған құнарсыз жердей болып қалған халықпыз. Рухани геноцидке, деградацияға ұшыраған халықпыз», – дейді. Ұлт үшін күрес, алаштық идея біздің бойымыздан кетіп қалған. Біз одан ажырап қалғанбыз. Бір-бірімізді көре алмайтынымыз, рушылдығымыз, жершілдігіміз, пайдакүнемдігіміз, жағымпаздығымыз – мұның бәрі сол құнардан айырылып қалғандықтан. Ашаршылық, репрессия, екі дүниежүзілік соғыс, тың игеру, қара шекпендердің елімізге миллиондап келуі, осы алапатта біз ұлттық санадан алыстап кеттік. Жан бағыс үшін, мансап үшін, кішкентай бір мүдде үшін ұлттың мүддесін сата салу бізге әдеттегі нәрсе болып қалды. Оны қылмыс, күнә деп сезінуден қалғанбыз. Осыны Елен дұрыс жазды. Мекеңнің тұлғасының арғы жағында күреспен, арпалыспен өткен өмір тұр. Оны уақытында ұлттық менталитеттен ажыраған, дәстүрлі діннен, ділден айырылғандар, мансапқорлар, коммунизмге, социализмге басымен беріліп кеткен адамдар ойламады. Олар «Мен ұлтыма жамандық жасап жатырмын» деп емес, өздерінше «халқыма қызмет етіп жатыр­мын» деп жүрді. Кейін де солай болды. Адамның қылмыс жасап жатқанын сезіне алмауынан артық қасірет жоқ. Ұлттық санадан айырылған халық ең сорлы халық болады. Оның негізі не? Ұлтты ұлт қылып тұрған не? Тіл, дін және тарих. Бұл үшеуі – бір нәрсе. Бір тұлға. Тілден, діннен айырылсақ, ұлттық тарих та жоқ болды. Мекеңнің өмірбаянынан анық білетініміздей, кеселмен күресу керек. Мен бір естелігімде: «Өмірімде мың сан тосқындыққа ұшырадым, сүрініп кеткен жерде жығылмадым, жығылып қалған жерде жатып қалмадым, маңдайымды тасқа ұрғанда айналып өттім, тағы алға жүрдім», – деп жазғанмын. Мекеңнің бүкіл өмірі дәл осы менің ойлағанымдай. Мекең сүрінді де, жығылды да, маңдайын ұрды да, бірақ тоқтаған жоқ. Шамасы келмеген жерді айналып өтті, яғни шегінуді білді, бұл – уақытша шегініс. Шегіністің өзі – қорғаныс. Оның өзі шабуылдан бір кем емес, шындап келгенде. Дайындығы бар адамға. Міне, осы өмірді Елен Әлімжан өзінің «Алтын жүлге» романында жазды, тақырыбын да өте тауып қойған. «Алтын жүлге» дегеннің не екенін кейінгі жас ұрпақ қаншалықты түсінеді? Алтыны несі, жүлгесі, жыры несі? Мұны сыншылар, зерттеушілер жете түсіндіру керек. Біздің прозада қалыптасып кеткен әдістермен, одан қалса бесжылдықтардың ұранымен жазылған томдар бар. Олардың бүгін көк тиындық құны жоқ, қазірдің өзінде ұмытылды, кейінгі ұрпақ білмейді де, керек болса. Бетін де ашқан жоқ бұл томдардың. Ал енді осындағы форманы қолданатын – сендердің замандастарың. Бұл роман ой ағысы формасында жазылған. Ой ағысы прозасын жазатын адам ол Латын Америкасының немесе Еуропаның жолымен жүрсе, ол жерден қазақ табылмайды еш уақытта. Қазақтың ой ағысы басқа. Сонда біздің ой ағысымыз не? Кезінде Айтматовтың атын шығарған сол ой ағысы. Фольклор, аңыз, әңгіме, тарихтағы ғибратты, бүгінгі өмірді де беріп отырады. Демек, өзінің ұлттық қайнарынан қайнап шыққан ой ағысы бұл. Ал Габриэль Гарсиа Маркеске ұқсап, сен «Жүз жылдық жалғыздықты» жазшы, не болады екен, ботқа болып шығады. Ондағы ұятсыздық, арсыздық, ондағы қатыгездік қазаққа келмейді. «Жүз жылдық жалғыздықты» біз қабылдай алмаймыз еш уақытта. Біз тек Шыңғысша, Төлен Әбдікше кетсек қана ой ағысына бара аламыз. Міне, Елен Әлімжанның ұмтылысы, осының екінші бір қыры. Интеллектуалдық проза, бұл айтылып жүр қазір. Жастарымыз да бұл салаға барып жатыр. Бірақ әлі бір қайнауы емес, бірнеше қайнауы ішінде. Ол да ақырын-ақырын жөнделетін шығар. Қайнарына қайтып келмей, қазақтың прозасы бәрібір Еуропаның, Американың прозасы бола алмайды. Бізге керегі – қазақы, алаштық, ұлттық дәстүрге негізделген ой ағысы. Сол ой ағысы жақсы жеміс беретін Еленнің осы интеллектуалдық ой ағысы деп қабылдадым. 
Қазақтың «менмін» деген азаматтарының көбімен таныспын, жұмыс бабында, шығармашылықта, жеке қарым-қатынаста араластым. Мекең құсап таза өмір сүрген қазақ азаматтарын аз көрдім. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген сөзді біз көрінгенге қолданамыз. Бізде тұлғатану нөлге тән. Тұлғаның қадірін кетірмеу керек. Тұлға деген отыр, міне, тірі тұлға. Осылардың қадірін білейік, осылар жөнінде жазылған шығармаларды түсініп, түйсініп оқиық. Ар жағында не тұр, айтылған, айтылмай қалған не бар, міне, осының бәрін ойлай алатын, соған талдау жасай алатын адамда ой өріс, талғам болуы керек. Керемет деп мақтанып жүргендердің бәрінің шығармаларын керім екен деп оқи беруге болмайды. Қазір шығармасы үшін сыйлық алып жатқандар шектен тыс көп. Ертең, 10–15 жылдан кейін, оның бәрі ұмытылады. Шын тұлғалар ғана қалады. Шын тұлға аз. Асылдың, алтынның сирек кездесетіні тәрізді, шын тұлға аз. Бірақ аз болғанымен, тарихтан бері ұлтты ұлт етіп келе жатқан солар. Мейлі, хан, батыр, би, шешен болсын, ол санаулы мыңның, миллионның біреуі-ақ. Сондықтан тұлғамыздың қадірін білейік. 
Ислам Жеменей: – Елен Әлімжанның бұл кітабы қазақ әдебиетінде орны бар, ой тұрғысынан әлемдік деңгейдегі кітап деп айта аламын. Қолым тигенде тек роман оқимын. Қазақстанда жазушылықтың әлемдік деңгейге жеткенін Елен Әлімжанның осы романынан байқадым. Саяси, қоғам және жұмыс психологиясы. Автор үшеуінің арасындағы психологиялық қатынасты ортаның әсері, ықпалы арқылы келістіріп берген. Мекемтас ағаны бүгіннің ғана емес, жол тартып бара жатқан келешектің кейіпкері ретінде әдемі бейнелеген. Романда «Иірсуға барамын ба?» деп ойланып отырған Мекемтас ағаны ғылыми академияға шақырады. Сонда Мекемтас Мырзахметұлы Иірсуға бара жатқанын, Алматыға кететінін айтпайды, автор соны әдемі, жүйелі түрде келістіреді. Көлік жүргізушісі «сіз қайда барасыз» дегенде, Мекең «Алматыға тарт» дейді. Бұрын «мен осы жерден шыққан кейін Иірсуға баруым керек» дейтін еді ғой. Көрдіңіз бе, мұнда әрекеттілік бар. 
Он алты жасымнан иран әдебиетімен сусындап өстім, жақсы таныспын. Сонда біздің ұстаз былай айтады: «Шығарманың үш тірегі болады: бір тірегі – ойлану, екінші тірегі – жүйелі ойлану, үшінші тірегі – адамның психологиясына әсер ету». Сол үш тіректі де осы романнан көре аламыз. Адамда үш түрлі сана болады: біреуі – үстем, екіншісі – тапталған, үшіншісі – тапталғысы келмейтін сана. Осы үш сана туралы да кітапта әдемі суреттелген. Мәселен, үстемдік санасын сақтаймын деген адам адами құндылықтарды аяқасты етеді. 
«Не қысымға бағыну керек, не жаңа жолға түсу керек». Бір жағында Бағила анамыз 5 баламен, қиыншылықтың шыр­мауында тұрса, екінші жағында өмірде сенделіп, асырайтын ер-азамат арманының ізінде тұр. Сонда, ол отбасын ойлай ма, арманын ойлай ма? Оқи отырып, жүрегің жарылып кетеді. Өмір қайшылықтардан тұрады. Қайшылықтарды үйлесімді жеткізе білсеңіз, сіз үлкен табысқа жетесіз. Сол қайшылықтан Мекемтас ата үйлесім тауып, өзінің арманына жетіп отыр. Еленнің қазақ әдебиетіндегі орны бөлек деуім бекер емес. Ол адами болмыстың, қоғамның қажеттілігінен туған саяси психологиялық ортаның ықпалында өмір сүруіміз керектігін суреттеп берген. Абайдың 38-қарасөзі сол кездегі қазақтың психологиясы мен білім деңгейін қалай көрсетсе, «Алтын жүлге жыры» заманның болмысын көрсетеді. Роман арқылы өзіміздің психологиямызды танимыз. Кеңес өкіметінің қалдығын әлі де иығымызда көтеріп келе жатқанымызды осы кітап көрсетеді. Қоғамымызда көптеген қайшылық бар. Қаласақ та, қаламасақ та – адамзат тарихында, қоғамда 3 жетекші топ бар: саяси, буржуазия, зиялы топ. Үшеуінің жетекшілігінде бір гәп бар. Тамырдан ажырау, тәуелділік, паразиттік я масылдық көзқарас жайлаған. Басымдық паразиттік көзқараста тұр. Қоғамдағы мәселелер гендік ауруға айналып кетеді. Мұны қалай шешу керек? Әр нәрсе адам бойына енген жолымен ғана қайта шығады. 
Табиғатта жантақ пен қаңбақ бар. Көбіміз қаңбақ сияқтымыз. Бассыздықпен, пайдасына қарай, жел қалай сілтесе, солай ұшып жөнеле береміз. Осыдан арылу керек. «Төрт көзің түгел болсын» деп қазақ бекерге айтпаған. Ол – маңдайдағы екі көз, санадағы бір көз, жүректегі бір көз. Қоғам «меннен» емес, «бізден» тұрады. Ұлттық идеологиямыз жеңіске жететініне бек сенуіміз керек.
Сәмен Құлбарақ: – Елен ағамыздың шығармашылығымен бұрыннан таныспын. «Алтын жүлге жыры» – өте жақсы шығарма. Мысалы, Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» эпопеясы болмаса, біз Абайды толық танымас едік. Ортасы кім екенін білмейміз? Өлеңін қанша оқысаң да, ол жерде Ділдә, Әйгерім жоқ. Ортаны тану үшін «Абай жолы» эпопеясын оқыған кезде қаншама кейіпкер бар, Абайдың ортасы, сезімі, өлеңдерінің дүниеге келуін білеміз. Осы ретпен қарағанда Мекеңді ғалым ретінде зиялы қауым, қасында жүргендер біледі. Сондықтан Мекеңнің азаматтық тұлғасы жайында бұл келер ұрпаққа қажет шығарма. Мекемтас Мыр­захметұлын іздеген көзі ашық оқырман болса, осы «Алтын жүлгені» оқып, кім болғанын таниды, біледі. Мен Мекемтас ағаның шәкіртімін. 1973–1977 жылдары КазПИ-де оқыдым. Бізге сабақ берді, лекция оқыды. Сол кезде айтқан әңгімелері құлағымызға сіңді. Бұл шығармада тағы бір ерекшелік бар, өткен ғасырдың 70, 80, 90-жылдардағы қазақ ғалымдарының арасындағы психология. Осыған байланысты Елен кейбір кейіпкерлерді тікелей атымен атайды, кейбіреуін өзгертіп алады, жинақталған образдар да бар. Сол кезеңдегі психологиялық қарым-қатынасты бейнелейді. Мысалы, кейбір ғалымдар бар, бір қарасаң, білімі кем емес, еңбек сіңіріп жатыр деп ойлайсың. Бірақ ой-санасы кеңестік идеологиядан шыға алмаған, енді біреулері пендешілік жолға көп барады. Еленнің шығармасы бір деммен оқылады. Бастап оқысаңыз, соңынан бір-ақ шығасыз. Күшті бір ағысқа ілесіп алған сияқтысың, сол толқынның ағысымен, ешбір жаққа бұрылмай оқи жөнелесің. Бұл – жазу стиліндегі өзіндік ерекшелік. Кітап жанры деректі емес, көркем проза, кейіпкері өмірдегі адам ғой. Жалпы, шығарма өте жақсы. Өздеріңіз айтып отыр­ғандай, қазақ әдебиетінің, зайыр­лы, интеллектуалды шығармасының қатарынан орын алады. Жалпы, Еленнің жазушылық деңгейін жоғары бағалаймын. 
Есен Бидайбеков: – Кітапты сыйлаған күнінен тапжылмай 4 күн оқыдым. Қызығып оқыдым. Әлі талай оқу керек сияқ­ты маған. Бас кейіпкер Мекемтас ағаны жетелеп өсірген – адамгершіліктің алтын жүлгесі, Абай ілімі. Сол жүлгенің үлгісімен жазылған романның осы ілім негізінде адам, ғалым боламын дегендерге арналған көркем құрал іспетті екен. Үстел үсті – жастық басы болатындай кітап па деймін. Кітапты оқып біткенде қылтадан шыққан адамдай күй кештім. Кітап бетіне сирек шыққанымен, онсыз роман толық болмайтындай Мекемтас ағаның Бағирасы, анасы тағы басқа кейіпкерлер мен естен кетпес көріністер, жайттарға қоса, энергетикалық ақпараттық кеңістіктікті де сөз етуі маған керемет әсер етті. Ғылым мен білім туралы көп жазушы жаза бермейді ғой. Оқи отыра көп нәрсені топшылайсың. Математик сияқты оқиға желісін шеберлікпен жазған, айтқан дүниесін бір сөзбен нақтылайды. Ол – кез келген ғалымға керек қабілет, қасиет. Осындай роман жазған жазушыларға мемлекеттік сыйлық неге берілмейді? Мекемтас аға, сіздің өнегеңіз сіздің өзіңізден емес, сөзіңізден және үлгі әрекетіңізден. Елдің өнегесі содан тұрады. Соны айқын көрсеткен Еленге рақмет! 
«Ана тілі»: – Біз осы кітаптан әділет үшін күрестің үлгісін көрдік. Әділетті қоғамды іздеген ғылым адамының жолын аңдадық. Қазіргі әділетті қоғам құруға деген зор талпынысты көріп отырсыз. Сол қоғамды құра аламыз ба?
Мекемтас Мырзахметұлы: – Әділетті қоғам құра аламыз. Алда жастар келе жатыр ғой, еркін ойлайтын. Абайша ойлану керек. Абай болып ойлану керек. Әу баста Абайдың «Толық адам» ілімінің кейбір жерін түсінбейтінмін. Абай ойының даму тарихын зерделесек, адаспаймыз. Абайдың жазған өлеңдерінің мотиві қайдан шығып жатыр? Абай елуден кейінгі жасында қатты өзгерді. Ой-пікірі қазақтың ортасынан шығып, біз өмір сүрген саяси-география­лық кеңістіктен асып шығып, әлемдік деңгейге көтеріліп кетті. Абай: «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – деді. Оның кез келген ойына, терминіне ойланып қарамасаң, адасасың. Абайды танығанда, өзімізді танимыз. Сондықтан Абайдың ашылуы қиын. Әйтпесе бәріміз де жазып жатырмыз ғой. 
 «Ана тілі»: – Ал адал адам дегеніміз кім? 
Мекемтас Мырзахметұлы: – Адал адам деген – ауылдың адамы, аңқау, жүрегінде не бар, соны шығарады, бұрмаламайды. Адалдық санасы бар адамнан шығады. Бұрын шалдар көп болатын ауылда. Олардың әңгімесі керемет еді. Шет жағасын көріп қалдық. Сол шалдардың типін Совет үкіметі саналы түрде құртты. 
– «Кітапта Әуезовтің жазушылығын толық тану үшін оның ғалымдығын тану керек» деген ойыңыз айтылады. Ғалымдығы жазушылығын қалай толықтырды? 
– Әуезов толық ғалым ғой. Ол әде­биетпен ғана айналысқан жоқ, қоғам, саясат – бәрімен айналысқан. Жауы көп болды. Жаулық көреалмаушылықтан шығады. Оның ғалымдығы – қазақты терең білетіні. Ал қазақты білмей қолына қалам алған адам ұрпақты адастырады. Жазушы тарих алдындағы жауапкершілікті толық сезінуі керек. Ондай жазушы енді бізден шыға ма, шықпай ма...
Ислам Жеменей: – Мекемтас ағаның «Абайтану. Таңдамалы еңбектер. 10 томдық», «Абай және шығыс әдебиеті», «Қазақ қалай орыстандырылды?» және осы «Алтын жүлге жыры» кітаптары бар. Осындай сүбелі еңбектерді студенттердің еркін таңдайтын пәндері қатарына енгізсе, білімгерлердің 10 пайызы ұлттық шығармадан хабардар болар еді. Қоғамға жетекші адам керек. Ұлттық бағыттағы шығармалар жоғары деңгейде насихатталып, дәріптелуге тиіс.
«Ана тілі»: – Ағалар аман болсын. Алтын арқау үзілмесін. Алтын жүлге анық болсын. 

Таспаға түсірген 
Бағдагүл Балаубаева, 
Бағдат Сұлтанқызы 

1229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6333

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5777

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3517

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2899

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2860

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2840

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2570

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2555

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы