• Ақпарат
  • 25 Сәуір, 2024

Тасқынға қарсы тосқауыл

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Атырау облысында су басу қаупін азайту үшін қабылданып жатқан шаралардың барысын тексерді. 

 

Премьер-министр Олжас Бектенов облыс орталығындағы тұрғын үй алаптары бекіністерін тексеру барысында Атырау қаласының су тасқынының болжамды екінші толқынына дайындық жұмыстарымен танысты. Батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан судың келуіне байланысты, сондай-ақ Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 
Бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте БҚО тарапынан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейінің 6 см көтерілуі тіркелді (су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілуі 227 см болып отыр). 
Тұрғын үй алаптарын нығайту, сондай-ақ Жайықтың өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмыстарының қарқыны тексерілді. Тиісті күштердің көлемді судың келуіне дайындық деңгейін қарап көрді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күшті арттыруды тапсырды. 
Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу іс-шараларының  92 пайызы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қыз­меткерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Еріктілер тарапынан белсенді көмек көрсетіліп жатыр. Өткен сенбіде жағалауды нығайту сенбілігі аясында қаланы қорғау жұмысына 9 мыңға жуық ерікті қатысты. 
Сонымен қатар Жайық өзенінен Каспий теңізіне су өткізу қабілетін арттыру үшін өзен түбін тереңдету жұмысы жүргізіліп жатыр. Су жолдарын тазарту, тереңдету және кеңейту мақсатында арнайы техникалық флоттық кемелер, гидравликалық экскаваторлар қолданылды. 
Сонымен қатар суару-суландыру жүйелерінде су тасқынына қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Атырау облысында 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Төрт жүйеде (Соколок, Нарын, Черная речка, Бақсай) тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар. Осыған байланысты суды бұру үшін жер бедерін пайдалану мақсатында арналар тазартылып, каналдың жиегі бұзылады. Мысалы, NCOC компаниясы қолданыстағы құрылыстарды бөлшектей отырып, ұзындығы 24 шақырым болатын «Соколок» қосымша айналма арнасын салу үшін жерді қазу жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы алғанда, аталған су бұру арналары тасқын суды 139,9 м3/сек ағызу мүмкіндігіне ие. Барлық негізгі су қабылдағыштарда сорғы стансаларының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұр. 
Ал  Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов қазіргі уақытта Атырау,  Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жалғасып жатқанын айтты. Еліміздің батысында Ириклин су қоймасынан (Ресей) Жайық өзеніне су құйылуына байланысты жағдай күрделене түсті. Республиканың солтүстігінде су Ақмола облысынан келеді.
Абай, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында жағдай тұрақты, жергілікті өзендердегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. 
Вице-министр су тасқынын жою басталғаннан бері шамамен 11,6 млн текшеметр еріген қар суы сорылғанын, 5 млн астам бірлік қаптар салынғанын хабарлады.
Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала эвакуацияланды, оның ішінде 44 мыңнан астамы бала. Зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыру бо­йынша барлық мәселе сол жерде жедел шешіледі, азаматтар еш нәрседен мұқтаждық көрмейді. Қажет болған жағдайда оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
– Құтқарушылар босанған әйелдерді де құтқаруға мәжбүр болған жағдайлар болды, олардың барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілді. Иелері тастап кеткен жануарларды да қиын жағдайда қалдырмады, – деп атап өтті вице-министр.
Ол құтқарушылар мен тартылған барлық қызметкер тәулік бойы әрі өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын айтты. Бүгінгі таңда төтенше жағдайды жоюға 32 мыңнан астам адам, 5 мыңға жуық техника, 310 жүзу құралы мен 13 тікұшақ жұмылдырылған.
Апаттық және шұғыл жұмыстарды үздіксіз жүргізу үшін 10 өңірде көптеген арнайы және басқа да техникалар жедел түрде пайдалануға шығарылды.
– Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдіктер зардап шеккендерге материалдық шығынды есептеп, төлеп жатыр. Біз су қоймаларын тәулік бойы бақылау­ды жалғастырамыз, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су басу қаупін азайту үшін барлық қажетті іc-шараларды қабылдап жатырмыз, — деді Бауыржан Сыздықов.

897 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6337

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5779

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3519

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2901

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2862

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2842

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2572

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2557

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы