• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

Оспанханның күлкісі-ай...

Ұзынағаштағы аудандық Мәдениет үйінде «Ауылым – әнім» атты телехабар ұзаққа созылып, тым кеш бітті.  Хабардың басты кейіп­кері – Оспанхан Әубәкіровтің әзіл-сықақтары, сөзін жазған әндері бірінен соң бірі орындалып, ағамыз арқа-жарқа мәз болып отырды. Соңында сахнаға шақырғанда  зал толы жиналған жұрт ұзақ қол шапалақтап, ерекше құрмет көрсетті.
 

Теледидар қызметкерлері дереу жиналып, Алматыға қайтып кетуге асықты.
Мен Оспанхан ағамды үйге шақыр­дым.
– Жүр, онда туған жерімде біраз болып қайтайын, – деді.
Қар қапалақтап жауып тұрған ақпан айы. 
Қарсылығына қарамай, кеш болса да, қазан көтертіп, ет астырдым.
Алдымен шай іштік, артынан қыстың сүрленген қазы-қартасымен жылқы еті келді. Осағам маңдайы жіпсіп, әңгімені бірінен кейін бірін суырып алып, айра-жайра көңілмен ақтарылды дерсің.
Бір нәрсені бастау алдында өзі мәз болып күліп алады. Маған бәрі қызық. Небір атақты ақын-жазушылар мен әнші-композиторлар туралы хикаяларды ортаға жайып салды.
Қайран ағам таңғы сағат төрттерде ғана:
– Ал, редактор жолдас, кішкене демалып алайық, – деді де ақ қағаз бен домбыраны төсегінің жанына алдырып қойды.
Ертесіне жұмыс күні ағам менен бұрын тұрып, киініп алыпты. Таңғы шай үстінде:
– Жұмысыңа бара бер. Осында Қанипа Бұғыбаева деген атақты ақын тұрады. Соған барып сәлем беріп шығайын, – деді.
Қанипа бізбен көрші, іргемізде тұрады. Екеуміз барғанда есікті оның күйеуі, белгілі режиссер Қанағат Қарашев ашты.
– О-о, Осеке, келіңіз. Құтты қонағымыз боласыз, – деп мейманның асты-үстіне түсіп қуанып қалды.
Түсте жұмыстан келсем, бәрі арнайы пісірілген асқа отырған екен. Қанипа мен Осағаң кезек-кезек өлең оқыды.
– Біздің бұл өлкеміз  –таланттарды магнитше өзіне тартып тұратын, дарындарға шалқар шабыт қуатын беретін ерекше жаратылыс мекені. Міне, қарашы, Қанипа осында тұрып тамаша жырларын шығарып жүр. Надежда Лушникова деген ақын қызымыз осы елге келін болып түсті. Уәли Бекенов, Қилан Сәрсенбиев секілді дәулескер күйшілер осы жерге көшіп келіп, дүрілдетіп жастарды домбыраға үйретіп жатыр, – деп Оспанхан ағам ағыл-тегіл тілегін айтты. 
Кешке салым ағамды Алматыдағы үйіне өзім жеткізіп салдым.
Бір күні Оспанхан ағам қасында Әсет Бейсеуов пен жазушы Әнуарбек Дүйсенбиев бар редакциямызға кіріп келді.
Аудандық «Екпінді еңбек» газетінде өлең-жырға ғашық кіл талантты жастар істейді. Бәрін жинап, әңгіме-дүкен құрдық.
– Адам туған жеріне тартып туады. Мынаған қараңдаршы, бір ғана Қарақыстақ ауылынан қаншама атақты ақын-жазушылар шықтық. Ақиық ақын бабамыз Сүйінбай, халық ақындары Әбдіғали Сариев, Өмірзақ Қаңтарбаев, жазушылар Сейдахмет Бердіқұлов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мұхаметжан Етекбаев, Жәнібек Карбозин, ғалым-­әдебиеттанушы Сұлтанғали Садырбаев міне, мына мен – бәріміз осы ауылда өстік. Қарақыстақ өзенінің мөлдір суын іштік, осында оқыдық, білім алдық. Бұл ауылдың топырағы киелі, – деп өзі туып-өскен елі мен жері туралы тебірене сөйлеген-ді.
Алматыдан ол кісі ғана аудандық газетімізді жаздырып алып тұратын. «Қара шаңыраққа сәлем берейін деп келдім» деп әрі-бері өткенде редакциямызға арнайы келіп тұратыны енді аңыз сияқты-ау...
Бір күні жұмыста отырсам, Оспанхан ағам телефон шалды.
– Қане, қағаз, қаламыңды ал. Біздің үйге былай деп телеграмма сал:
«Құрметті Ос­панхан Әубәкіров! Б.Момышұлы атындағы  Ұзынағаштағы әскери бөлім жауынгерлері Сізді арнайы кездесу өткізуге шақырамыз» деп жаз. Осыны поштадан салып жібер, – деді гүрілдей сөйлеп.
Жеделхатты салып жібердім. Екі күннен кейін Осағам келіп тұр, екі езуі құлағына жете мәз.  
– Нұрсұлу жеңгең бастаған аудармаңды бітір деп үйден шығармай отырғызып қойып еді. Ауылды, ел-жұртымды, сендерді сағындым. Төрт қабырғаның ортасында тұншығып кете сақтадым. Ақыры осылай амал ойлап таптым. «Үш ұлың бар, жауынгерлер шақырса бар», – деп өзі көндіріп, мойныма галстук байлап шығарып салды, – деп сылқ-сылқ күледі.
Осағаң үш күн ауданды аралады, көктемнің тамаша жадыраған кезі, қыр­қаларда үлпілдек қызғалдақ қаптаған, алма ағашы жамырай гүлдеп, жұпар шашқан ғажап кезең.
– Қой, әскери бөлімге барайын. Сен хабарласып, ертіп апар, – деген соң Ұзынағаштың аяқ жағында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы полк командирімен сөйлесіп едім, бірден қуана келісті.
Клубында лық толы жауынгерлер Осағаңды тік тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Сан түрлі сұрақ қойылды, өлеңдерін оқыды.
Балаша мәз болып, өте қатты әсерленіп қайтқан еді. Осағаңа еліктеп, сықақ әңгімелер жаза бастағанмын. 
– О, мынауың тамаша екен, – деп  машинаға басылған төрт-бес әңгімемді алып кетті.
Қыстың алғашқы қары қапалақтап жауып тұрған күні телефон шалып:
– «Көңілді көшенің жігіттері» деген кілең жас сатириктердің жинағын құрастырып, шығардым. Ішінде сен де барсың. Келіп алып кет бұл кітапты! – деп өзінің тұңғыш жинағы шыққандай шат-шадыман қуанып тұр.
Қайран, ақжейделі, ақ көңіл даланың дархан самалындай аңқылдаған Осағам-ай!..
Оспанхан Әубәкіровтің туған күні – 4 мамыр. Неге екені белгісіз, елу жылдық мерейтойы аталмай созылып барып, желтоқсанда өтетін болды.
Алматыдан Фариза Оңғарсынова басқарған 4–5 ақын-жазушы бар қонақ сау ете түсті. Сонда Фариза апайымыз Дегерестегі клубта бірінші сөз алып:
– Қазақта Оспанхан біреу. Оның жарты ғасырлық тойын өткізбейміз дегендерің қалай? Облыс басшысына айтпасам, мүлде ескерусіз қалар еді. Естеріңізге сақтаңыздар. Оспанхан Әубәкіров – қазақ әдебитетіндегі құбылыс, зор тұлға, ұлы жазушы! – деп еді. 
Оспанхан ағасы жөнінде баяндаманы інісі Уәлихан Қалижан жасап, Қарақыстақ, Үшбұлақ ауылдарында кездесу өткізілді.
Сол тойдан соң екі жыл өткенде Оспанхан ағам өмірден озды. Өз тілегі бойынша өзі туып-өскен Үшбұлақ ауылының іргесіндегі жотаға жерленді. Жылда «1 сәуір – күлкі күні» аудандағы жас таланттар жиналып барып, бейітіне Құран оқытып, өлеңдерін оқушы едік. Есенқұл Жақыпбеков бастаған редакция қызметкерлері классик сатириктің көптеген шығармасын жатқа айтатын.
Осағаңның 60 жылдық тойында мен баяндама жасадым. Осы шараға Темірбек Қожакеев бастаған сатириктер, ақын-жазушылар келіп, тамаша сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Бұл жиынды сол кездегі аудан әкімінің бірінші орынбасары Тоққожа Естенов өте тиянақты ұйымдастырып, мазмұнды өткізді.
Жетпіс жылдығы Алматы қаласында өтті. 
Ал сексен жылдығына Жамбыл ауданының сол кездегі әкімі Махаббат Бигелдиев дайындықты ерте бастады. О.Әубәкіровтің төрт томдық шығармалар жинағын шығарып, үлкен салтанатты жиын өткізді.
Міне, енді биыл қазақ сатирасының қайталанбас тұлғасы Оспанхан ағамыздың 90 жылдық мерейтойы да келіп жетті. Оның інжу-маржандай бай мұрасын жинақтап, кітап етіп шығаруда көрнек­ті жазушы Ғаббас Қабышевтың ұлан-­асыр еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Талантты шәкірті болған Көпен Әмірбек те ұстазына адал болып, талай-талай игілікті шаралар ұйымдастырушы еді. Әттең шіркін, Көпен құрдасым да бұл күнге жетпей кетті ғой.
Оспанхан – қазақ сатирасын ту биікке көтерген классик, әлемнің әйгілі сатириктерінің шығармаларын бабына келтіре аударған кемел аудармашы. Балаларға арнап жазған дүниелері бір төбе. «Қымызхана», «Тамаша» атты театрларының беташарын ашқан да Осағаң. Қанша әнге өлең жазды десеңізші!
Оспанхан Әубәкіровтің барлық шығармасы 10 томға еркін жетеді екен. Үйінде Нұрсұлу жеңгеміздің қолында жарық көрмеген дүниелері де бар көрінеді. Сатира саңлағының 10 томдық толық шығармалар жинағын шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Дегерес ауылындағы мектепке Оспанхан Әубәкіров есімі берілді. 
Оспанхан – тағдырлы жазушы. Туған әкесі Тұрсынәлі Ыстыбаев Қастек совхозында басқарма болған, 1937 жылғы репрессияның нақақ құрбаны болып кеткен. Мектепке алғаш барғанда екінші әкенің фамилиясына жазылыпты. Бірақ екінші әкесін өгей деп атамаған, ерекше сыйлаған. Мұхтар деген баласы ұлды болғанда есімін Тұрсынәлі деп қойыпты. 
Енді Осағаңның ірілігі мен кісілігі жөнінде бір дерек келтіре кетейін. Тұрысжанов Бекболат деген замандас, ауылдас құрдасы Күрті ауданында әкім болып тұрғанда сәлем бере барады. Ағайын-туған, достары жиналып, Осекеңе су жаңа жеңіл көлік сыйлайды. Сол көлігіне Сарез деген шоферді отырғызып, бір апта ауданды аралап, ел-жұртымен кездесу-кеш өткізеді.
Сарез Алматыға алып келгенде Осағаң:
– Қарағым, мен машина айдасам, не өзім біреуді қағамын, не мені біреу тапап кетеді. Менің обалыма қалма, мына машинаны басы бүтін саған сыйладым! – деп қаншама қарсы болғанына қарамай, нотариуске бекітіп, шофер жігітке біржола мінгізіп жібереді. 
Оспанхан ағаның асында осы Сарез еңкілдеп жылап тұрып, Атымтай жомарт ағасының осындай ірілік мінезін қалың жұртқа жырдай ғып айтқан еді.
Ағамыздың ошағын өшірмей түтінін түзу ұшырып отырған Нұрсұлу жеңешем мерейтой жақындаған сайын телефон шалуды үдетті. Жазушылар Одағына, баспаларға барғанын айтады, ел-жұрт не деп жатыр деп сұрайды.
Міне, биыл да ұзақ қыстан кейін көгілдір көктем де күлімдеп келіп, бүкіл Алатау алқабы көкжасылға бөленіп шыға келді.
Бұл көктем – Осағаңның тоқсан жасқа келген көктемі. Қазаққа жауһар дүниелерін сыйлаған, ғажайып отауын ұлы думанға бөлеген Оспанхандай дара тұлғаның ішек-сілеңді қатыратын күлкісін сағынып жүрміз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері, жазушы

113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8778

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7069

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4813

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4199

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4161

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4122

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3852

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3852

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы