- Ақпарат
- 02 Мамыр, 2024
Вера Плетнева, «Ассамблея жастары» РҚБ Алматы облыстық өкілеттілігінің төрағасы: Елдіктің күші – бірлікте
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен онлайн-форматта өткен отырысқа Алматы облысының әкімдігінен ҚХА мүшесі ретінде алғаш рет қатыстым. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынымен күресте алдыңғы шепте жүрген азаматтарға алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ел басына күн туғанда қол ұшын созған отандастарға ризашылығын жеткізді. Елдің бірлігі сыналған шақта шетте қалмаған әрбір жанға ізгі ниетін жеткізу адамдықтың айқын көрінісі екені анық. Бұл іске бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай көмектесіп, бір-біріне шынайы жанашыр болды. Бұл істен елдіктің күші – бірлікте екенін аңғару қиын емес.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бес кеселге арнайы тоқталғаны белгілі. Ассамблеяның отырысында да нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде қоғамның маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Расында да, қалыпты һәм қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі, жағымсыз әрекеттерден біржола арылуымыз керек. Ол үшін балалар мен жастарға дұрыс тәрбие беруіміз қажет. «Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек», – деді Президент Қ.Тоқаев.
Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар, Ақсақалдар кеңесі және басқа да құрылымдардың төрағалары мен белсенділері жергілікті жерлердегі балабақшалар мен білім беру мекемелерінде тәрбие сағаттарына қатысуы қажет. Әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бұл біздің саясат пен экономикадан бастап білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдар беріп, халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтуы қажет. Сондай-ақ осы құндылықтар еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.
Ендеше, «әр азаматтың өмір сүруіне жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз» деген Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асыруға ел болып жұмылайық!
962 рет
көрсетілді0
пікір