• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

«МЕКТЕП САЛҒАНЫ ҮШІН АЙЫП АРҚАЛАҒАН»

Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне арналған «Нұрбапа Өмірзақов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» атты монографиясының тұсаукесері өтті. Монография авторлары – Сәбит Шілдебай мен ­Гүлмира Садықова.

 

Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – Н.Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңіне қатысты дерегі. Зерттеушілер тұлғаның өмірі мен қызметін тың архив құжаттары негізінде зерделеп, қайраткердің тұлғалық келбетін кешенді түрде қалпына келтіруге тырысқан. Кітаптың екінші бөлімі «Нұрбапа Өмірзақовқа қатысты архив құжаттары» деп аталып, қайраткердің тұлғасы жазылады және XX ғасырдың 20–30-жылдарындағы тарихи құбылыстарды тереңірек игеру мақсатында 60 құжат жарияланған. Бұл құжаттар тұңғыш рет ғылыми айналымға еніп отыр. «Ғылыми-анықтамалық аппарат» деп аталатын үшінші бөлімде Н.Өмірзақовтың өмірі мен қызметінің биохроникасы, зерттеудің библиографиясы, пайдаланылған архив қорларының, мерзімді басылымдар мен әдебиеттердің, қысқарған сөздердің тізімі берілген. 
Іс-шараны Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ашты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған ыстық сәлемі мен зор ықыласын жеткізіп, бүгінгі ұлт руханиятымыз үшін маңызы зор жиынға сәттілік тілеймін. Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай мен оның шәкірті Гүлмира Садықова даярлаған «Нұрбапа Өмірзақов: қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызмет» атты монографиямен танысып шықтым. Кітап архив құжаттарының негізінде жазылып, монографиядан кейін 60 архив құжатын бірге бергендіктен, мұндағы фактілер мен дәйектер ешқандай дау туғыза қоймайды. Өздеріңізге белгілі, 15 наурызда «Адал адам», «Адал еңбек», «Адал табыс» тақырыбында өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы: «Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстардың ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек», –деп атап көрсетті. Кітаптың алғы сөзінде Сәбит Қамытбекұлы осы ойды қуаттайды. Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қызметіне көз салар болсақ, жоқшылық пен жетімдіктің зардабын оқу-біліммен елге қалтқысыз қызмет ету арқылы шыңдалып, 30 жасында мемлекеттік биліктің ең жоғарғы сатысына шыққан қазақ қайраткерінің жолын көруге болады. 1937–1938 жылдар аралығында қазақ халқы бастан кешкен түрлі тауқымет пен нәубеттерді большевиктік биліктің күшімен Қазақстанда жасалған өзгерістер тарихы архив құжаттары арқылы суреттеледі», – деді ол.  
Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев Нұрбапа Өмірзақовтың қайраткерлік қырын талдап берді. 
Сәбит Шілдебай қадірлі меймандарға, зиялы қауым өкілдеріне алғыс айта келе: «Бұл еңбек сонау 2010–2011 жылдары дайындалған. Шәкіртіміз осы тақырып бойынша магистрлік диссертациясын қорғады. Ол кезде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Мәмбет Қойгелдиев еді. Бұл жақсы жазылған еңбек болған соң, қолда бар ақпараттарды қолданып, зерттеу барысында табылған Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қызметіне қатысты 60 тарихи құжатты іріктеп алып, жарыққа шығардық. Біз тарихқа баға берген кезде ештеңеге сүйенбей, жалпақшешейлікті тоқтататын кезеңге келдік. Нағыз өркениетті елдер сияқты, айтатын пікірді құжаттарға сүйеніп, тарихи құжаттар негізінде сөйлететін кезеңге келіп отырмыз. Монография нақты құжаттардан тұрады. Қазақ қайраткерлері ұлттық мүддеге сәйкес жұмыс істегенін құжаттардан көре аламыз. Олардың партиялық конференцияда, облыстық пленумда сөйлеген сөзінен, айтыс-тартыс­тарынан біраз құжат бар. Бір қайраткердің тағдыры арқылы Жетісу аймағының Ақсу ауданының тарихын көре аласыздар. Қазақ АКСР-інің Қазақ КСР-іне ауысу кезеңіндегі Конституцияның қабылдануы, Жоғары Кеңеске депутаттарды сайлау сияқты екі үлкен ауқымды жұмысты жүзеге асырған – Нұрбапа Өмірзақов. Біздің мақсатымыз – ұлттың тарихын бұрмалаусыз жазу, дұрыс баға беру», – деді ол. 
Тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиев жарық көріп отырған кітаптың құндылығын айтып берді: «Репрессия құрбаны болған мемлекеттік қайраткер көп. Президент архивiнде 700 мыңнан аса құжат жинағы бар. Бүкіл Қазақстан бойынша облыстағы репрессия тақырыбына қатысты құжаттың бәрі Президент архивінде жинаулы тұр. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге назар аударып, репрессия құрбандарын ақтау туралы Жарлығы шыққан. Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан қоғамына қосқан үлесі осы деп білемін. Қазақстанның бір кереметі сол – тарихи ақтаңдақтар ашылып жатыр. Ашылмағандар да бар, бірақ басым көбі ашылды. Біз осы тұрғыдан көрші ағайындардан ілгерідеміз, мұны айту керек. Ендігі мәселе, интеллигенцияның жұмысына келіп тіреледі. Оқытушылар мен профессорлардың міндеті – оқу процесіне осы бір құжаттарды, тарихи шындықты халыққа, әсіресе жастарға жеткізу. Жастар оқу процесінде тарихты құжаттар арқылы оқуы керек. Жастар құжаттармен танысу арқылы сол кезең туралы өзінің тәуелсіз пікірін қалыптастыруы қажет. Монография – автордың пікірі. Ал құжат – түпнұсқа. Нұрбапа Өмірзақов бар-жоғы 40 жыл өмір сүрген екен. Суретіне қарасақ, 40 жастағы жігіт – 60-тағы қария сияқты кемел тұлға. Сол кездегі азаматтың барлығы уақыт сұранысына қарай тез кемелденген, жетілген. Мемлекеттік жүйенің жағымды не жағымсызының өлшемі не болады? Саяси жүйе ұлттық сананың қалыптасуына қызмет жасауы керек. Ұлттың сан, сапа жағынан да қалыптасуына жұмыс істеуі керек. Ұлттың сан, сапа жағынан өсуі – жағымды жүйе, ал кеміп кетсе – ұлтқа қарсы жасалған жүйе. Советтік жүйені жамандамаймыз. Бірақ Нұрбапа Өмірзақовтар өмір сүрген кезеңде қазақ ұлты сан, сапа жағынан төмендеп кетті. Бұл – факт. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Саяси жүйенің жағымды-жағымсыз екенінің екінші өлшемі – ұлтын сүйген тұлғаларға ұлтына қызмет етуге қаншалықты жағдай жасалды? Әлде қызмет етуге кедергілер қойылды ма? 20–30-жылдарында 50 жылға шейін қазақ қоғамында бір емес, бірнеше буын тұлғалар шықты. Кеңестік тұлға – алаштық тұлғаның табиғи жалғасы. Оларды бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Алаштық буын мен кеңестік тұлғаларды қарсы қою – надандық. Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллиндерді қазаққа қарсы қою үрдісі байқалады. Бұл – үлкен, кешірілмейтін қателік», – деді ол. 
Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі Берік Фатықұлы аз ғана ғұмырында соңына өлшеусіз із қалдырып, ұлт үшін қызмет атқарған Нұрбапа Өмірзақовтың қайраткерлік тұлғасы ұрпаққа өнеге екенін айтты. Филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы: «Тағдырлы, тарихи тұлғаларымыз бен құжаттарды әділдік пен адалдық тұрғысынан халыққа таныстырып жатқанымыз – мемлекеттің игілігі. Кез келген ұлтты діңгегін ұстап тұратын, ұстыны болатын үш-ақ құндылық қой. Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – тарихы. Тіліміз үшін күресіп келеміз. Тарихи тұрғыдан осы тектес кітаптардың шығуын құптаймын. Бұл кітап тек деректермен сөйлейді. Ойдан шығарылған, қиялдан туған бір сөз, бір сөйлем жоқ. Ақсу ауданында райком партияның бірінші хатшысы болған кезінде мектеп салған. Сол мектепті салды деп әуелі айыпты деп танылып, кейін қызметінен босатқан екен. Колхоз ақшасына мектеп салды деп айыппұл салған», – деді. 
Қаламгер Дүйсен Мағлұмов: «Нұрбапа Өмірзақов туралы деректерді жинап, кітап шығаруды армандайтынмын. Бұл арман осы екі автор арқылы жүзеге асып отыр. Өмірзақ деген атамыздан Қасым, Нұрбапа, Нұрпейіс деген 4 ұл тараған. Нұрпейіс атамыз орман шаруашылығы қызметінде жұмыс етіп, өмірден өтті. 1947 жылғы мамыр айында Нұрбапа атамыз қайтыс болады. Тура сол ауылдың маңайында дүниеге Сағат Әшімбаев өмірге келеді. Сол топырақтың қасиеті ме деп ойлаймын», – деді. «Алтын қазық» журналының бас редакторы, этнограф Ғалия Қайдауылқызы бір тұлғаның өмірбаяны тұтас шежіре, ұрпаққа өнеге бола алатынын айтты. 
Кітаптың 5 данасы Ұлттық кітапханаға тарту етілді.

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

1175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8770

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7063

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4807

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4193

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4155

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4116

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3846

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3846

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы