• Ақпарат
  • 02 Мамыр, 2024

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ӨЗЕГІ

Кез келген қоғамда қалыптасқан жағдай, саяси көзқарастар, халықтың әл-ахуалы тілге де әсер етеді. Сондықтан тілдің тағдырын қоғамдық ортадан бөле-жара қарауға болмайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында бітіспес майданға шыққан қазақ публицистерінің алға қойған мақсаттары, талап-тілектері, негізінен, мынадай: мемлекеттік тілді күнделікті қолданысқа енгізу, қазақ тілін мемлекеттік басқару тіліне көшіру; қазақ тілін халықаралық қатынастар тіліне, Қазақстанның шет мемлекеттермен байланыс жасау тілі дәрежесіне көтеру; қазақ тілін ғылымның сан-салалы күрделі түрлерін игеретін тілге көшіру; қазақ тілін заң шығару, құқық қорғау орындарында еркін қолданылатын тілге айналдыру т.б. 

 

Мемлекеттік тіл тұрғысында өзекті мәселелердің туындауына өз ұлтымыздан шыққандардың себепкер болатыны жасырын емес. Оған сандаған мысал келтіруге болады. Осындай келеңсіз жағдайлардың жоғарыдағы атқарушы билік өкілдері тарапынан жиі қайталанып жатуы үйреншікті құбылысқа айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Айталық, 2024 жылғы 24 ақпанда Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Қайрат Ермекұлы Омаров депутаттардың қазақша қойған сұрағына орысша жауап берген. Ал осы отырыста Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз баяндамасын толық қазақ тілінде жасаған. Осы ретте Парламент мәжілісінің депутаттары Г.Шиповских, М.Рожин, Н.Дементьевалардың қазақ тілінде таза сөйлейтінін, баяндамаларын қазақ тілінде жасайтынын ризашылықпен айта кеткен жөн. 
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты өзекті мәселелерді ұдайы алға тартумен келеді. Айталық, депутат 2021 жылғы 3 ақпандағы Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке сауал жолдап, мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуына қатысты ұсыныстарын жариялады. 
 Мемлекеттік тіл мәселесі – тұрғындардың этностық құрамы сан алуан Қазақстан үшін мемлекеттілік пен егемендікті нығайтудың басты факторларының бірі. Сондықтан  ұлттық идеяның өзегі саналатын қазақ тілі мәселесі Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясында, ұлттық бірлік Доктринасында айрықша маңызға ие.  
Соңғы онжылдықта, негізінен алғанда, білім ордалары ана тілінің қазіргі жағдайы және жаңа көзқарас тұрғысында тың серпіліс танытып келеді. Қазақ елі тәуелсіздігінің басты нышаны саналатын мемлекеттік тіл ұлттық идея өзегі ретінде қарас­тырылып, ана тілін бір-бірімен сабақтас білім мазмұны арқылы терең игеріп, тілдік қарым-қатынасқа бе­йім ұрпақ тәрбиелеу міндеті айқындалып отыр. Осы орайда 2016 жылғы 16 қарашада Назарбаев университетінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты Халықаралық симпозиумның орны айрықша болды. Кезінде біз де бұл симпозиумға қатысып, «Ана тілі – ұлттық идея өзегі» тақырыбында баяндама жасадық. 
Жиынның пленарлық мәжілісінде тіл мәселелерімен айналысатын шетелдік және отандық танымал ғалымдар баяндамаларында, негізінен алғанда, қазақ тілінің өзекті проб­лемалары тұрғысындағы ой-пікірлерін бөлісті. Симпозиумның «Қазақ әдеби тілінің тарихы және болашағы», «ХХІ ғасыр филологиясындағы өзекті мәселелер», «Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар мен әдістер» және «Қазақ тілінің болашағы жастардың көзімен» атты секцияларда мемлекеттік тілдің әлеуметтік рөлі, ұлттық, жалпыадамзаттық және мемлекеттік құндылықтар, білім мен тәрбиенің жаңа бағыттары тағы да өзге көкейкесті мәселелер жайында баяндамалар жасалып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге негізделген ой-пікірлер сараланды. Осы ретте әріптесіміз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Анар Салқынбайдың «Үштілділік жағдайында қазақ тілінің өміршеңдігінің негізділігі» тақырыбында көтерілген мәселе назар аударады. Баяндамашы ғалымның пайымдауынша, қазіргі кезде тіл біліміндегі әлеуметтік парадигма дамып, макроәлеуметтік және микроәлеуметтік бағытта зерттеле бастады. Макроәлеуметтік тіл білімі бағыты бойынша тілдік мәртебе, кодтау, этнос тілінің рөлі, тілдік жоспарлау және тілдік құрылыс мәселесі терең қарастырылса, микроәлеуметтік тіл білімі бағытында тілдің қызметі, лебіз (сөйлеу), тілдердің бір-біріне ықпалы, қатысымдық контекст, тілдің стилистикалық және әлеуметтік құрылымын зерделеп жатыр. 
Қазақ тілінің өміршеңдігінің басты белгісі ретінде зерттеуші-ғалым мыналарды көрсетеді: 
– ұлттық сананың өсуі мен ұлттық құндылықтардың бағалануы;
– ұлттық мәдениет пен ұлттық көркем әдебиеттің болуы;
– өмірдің әртүрлі саласында мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметінің артуы; 
– 10 жасқа дейінгі балалардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі. 
Қазіргі үштілділік жағдайында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің мүмкіндіктерін арттыру, оның қоғамдағы орнын кеңейту, балабақша мен мектеп жасындағы балалардың мемлекеттік тілде білім алуына жағдай жасауға ерекше мән беру – қазақ тілінің өміршеңдігін арттырудың басты жолдары. 
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметінің маңызды саласы оның ғылымдағы тілдік коммуникацияда атқаратын рөліне байланысты. Ғылымның ұлттық мазмұнының дамуы – қазақ тілінің ғылыми сананы қалыптастырудағы этномәдени және саяси әлеуетімен сабақтасып жатыр. Бұл жағдай тілдің әлеуметтену үдерісімен бірлікте қалыптасады. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздігіміздің символы» деген саяси мәлімдемесіне сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында симпозиум өтті. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңызы оның әлемдік саяси, мәдени, ғылыми-техникалық және технологиялық үдерістер мен сабақтастығына қарай белгіленеді. Осыған сәйкес, қазақ тілінің терминологиялық жүйесі, лингвомәдени мазмұны, ғылыми аппараты, тұғырнамалы, категориялы, тұжырымдамалы ұғымдары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша да сұрыпталуы, жинақталуы, сараптамадан өтуі, жүйелі құрылымға айналуы керек. 
Бұл жұмыстарды алдағы уақытта жалпы мемлекеттік, ұлттық деңгейде жүзеге асыру үшін оларға отандық белгілі ғалымдар, тәжірибелі оқытушылар, жоғары білікті мамандар, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен ұйымдар тікелей атсалысса, нұр үстіне нұр. Осы ретте, қазақ тілінің ұлттық мәртебесін көтеруде оның ғылыми мазмұнына, сөздік қорына, сөзжасам жүйесіне айрықша көңіл бөлінуі қажет. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі базалық негізін нығайту ісі ғылыми жолға қойылуға тиіс. 
Симпозиум аясында елімізге танымал ғалымдардың қатысуымен 6 секция жұмыс жасады. Олар: «Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздері», «Қазақ тілінде ғылым журналистикасын іске асырудың мүмкіндіктері мен бөгеттері», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», «Жаратылыстану ғылымдарының ұлттық мазмұнын нығайту аспектілері», «Техникалық ғылымдардың ұлттық мазмұнын нығайтуда кадрлардың біліктілік сапасын арттыру», «Қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар рөлі». Талқылаулар мен пікір алысу нәтижесінде мынадай мәселелерге баса назар аударылды: 
1. Ғылымның ұлттық мазмұнын мемлекеттік деңгейде айқындай отырып, оның қазақ тіліндегі базалық негізін күшейтуге күш салу. Ол үшін қазақ тілінде шығып жатқан еңбектердің жалпы тізімін жариялау және олардың ішінен таңдаулы үлгілерін арнайы комиссияның шешімімен тізбелі (сериялы) басылымдарда жариялау.
2. Осы күнге дейін қазақ тілінде жарыққа шыққан ғылыми еңбектердегі терминдердің, тұжырымдамалық және тұғырнамалық ұғымдардың көрсеткіштерін, сөздіктерін, каталог, анықтамалық басылымдарын да­йындау. Қолданыстағы әртүрлі аталып жүрген терминдік сөздерді бір жүйеге келтіру. 
3. Қазақ тілінің ғылыми мәртебесін нығайту үшін оның саяси-құқықтық негіздерін министрліктер тарапынан қабылданатын ережелердің, бағдарламалардың қазақ тіліне басымдық беруін қамтамасыз ету. Гранттарда, жобаларда, конкурстық жұмыстарда қазақ тілінің рөлін арттыру. 
4. Қазақ тілін толық ғылым тіліне айналдырудың мемлекеттік концепциясын жасау. Ол үшін ғылым салаларының білікті мамандарының ұсыныстары мен пікірлерін жинақтай отырып, мәселенің нақты жүзеге асуына негіз болатын құжаттарды дайындау. 
5. Ғылыми жұмыстарды бағалаудың критерийлері мен индикаторларында, көрсеткіштік параметрлерінде ұлттық мазмұнның басымдығына, мемлекетіміздің мүддесіне, ғылыми әлеуетіміз бен құзыреттілігіміздің мемлекеттік тілде жүзеге асуына баса назар аудару. 
6. Білім мен ғылым жүйесінің қызметін бір-бірімен оңтайлы ықпалдастыру арқылы олардың ұлттық мазмұнын, ғылыми-зерттеу­лердің нәтижесін қазақ тілінде жинақтау және жүйелеу арқылы оқыту әдістемесін жетілдіру.
7. Заман талабына орай министрлік жанынан интернет ресурстарын және инновациялық-педагогикалық технологияларды оқу үдерісіне түрлі салада енгізу мақсатында оқулықтар мен оқу құралдарын жазу үшін заманауи техникамен жабдықталған орталық ашу. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының онлайн отырысында алдымен еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдай төңірегінде сөз қозғалды. Осы қиын сәтте қазақ халқы ұйымшылдықтың өнегесін көрсетіп отыр. Алапат тасқыннан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға елдің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмек легі толас тапқан жоқ. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдас­тырып отырған сан қырлы іс-шараларының ауқымы көңілге жұбаныш орнатады. Сондай-ақ мұның өзі іргесі берік елдігімізді, сан алуан ұлттардың ұйымшылдығы мен береке-бірлігін айқын танытқандай. Мұның өзі Қазақстанда мекендеген алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік-саяси, экономикалық тұрғыдағы бірегейлігін айқын дәлелдейді. 
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдаулары мен мақалаларында ұлттық бірегейлікке баса мән беріп келеді. Қазіргі жаһандану дәуірінің табалдырығын аттаған қазақ халқының ел тағдыры, ұрпақ болашағы жөнінде ойланатын, етек-жеңді жинап, қарышты қадаммен алға басатын, қандай қиындыққа болмасын қасқая қарсы тұратын аса жауапты кезеңі туып отыр. Біз, қазақ, осы төңіректе ойлануымыз керек! Президенттің сессияда жасаған баяндамасында айтылған бірқатар ойларының астары терең пайымдауларға жетелейді. 
Қасым-Жомарт Кемелұлы баяндамасында тіл мәселесіне басты назар аударды. «Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, солардың ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды», – деді Президент. 
Мемлекет басшысының сессияда сан алуан ұлт өкілдеріне өз қолымен мемлекеттік наградалар тапсыруы айтқан сөздерімен үйлесіп жатты. 
Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі ретінде өзге ұлттар өкілдерімен жиі араласып тұрамын. Түркістан қаласы мен облысты тұтастай алғанда, өзге ұлттардың қазақ тіліне деген құрметі олардың тілді жетік білуінен айқын аңғарылып тұрады. Демек, Оңтүстік өңірде қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналған деп батыл айта аламыз. Бұл пікірімізді ешкім де жоққа шығара алмаса керек. 

Сейдулла САДЫҚОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы 
Халықаралық қазақ-түрік 
университетінің профессоры, 
филология ғылымының докторы

1028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы