• Cұхбаттар
  • 09 Мамыр, 2024

Ұлттың қуаты – тілінде

Бүгінгі сұқбаттасымыз – елге танымал азамат Құралбек Атамұратов қазақ халқына қаншама біртуар дарындар берген өңірге, яғни облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып бекітілгеннен бері осы салада қаншама игі істерге ұйыт­қы болды. Жуырда оған арнайы жолығып, көкейде жүрген сауалдарға нақты жауап алған едік. 

–Құралбек Бүркітбайұлы, қысқа мерзім ішінде руханият саласында атқарылған жұмыс­тар ауыз толтырып айтарлықтай. Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ? 
– Иә, күнделікті қарбалас жұмыстармен жүріп, бір жылдың қалай өткенін білмей де қалдым. Алдымен облыстағы мәдениет саласының мән-жайымен, жүзеге асырылар жоба-жоспарлармен таныстым. Кадрлық, қаржылық және басқа маңызды мәселелерді зерделедім. Мәдениеттің дамуы, алға басуы – халқымыздың болашағы, еліміздің игілігі мен гүлденуінің алғышарты екені белгілі. Қазір өңірде 339 кітапхана, 231 мәдени демалыс ұйымы, 9 музей, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, реставрациялау және қорғау орталығы, 4 театр, филармония, 6 кинотеатр жұмыс істейді. Оларда өз салаларын жетік білетін мамандар еңбек етеді. 
– Өзіңізге белгілі, биыл Атырауда үшінші Ұлттық құрылтай өтті. Онда мемлекет басшысы кітапхана жұмысын жандандыруға айрықша көңіл бөлді. Осы бағытта нендей маңызды іс-шаралар қолға алынып жатыр?  
– Президент тапсырмасына байланысты облыс кітапханаларында өскелең ұрпақ пен жастарды оқуға бағыттаған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Бұл орайда республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармалар, облыстық «Сөз құдіреті» мәнерлеп оқу байқауы, «Оқитын ұлт» жобасы аясында «Бір ел – бір кітап», «Библиотүн» әлеу­меттік-мәдени,  «Бірге оқимыз! Біз дауыстап оқимыз!»  акциялары және басқа да маңызды іс-шаралар қолға алынды. Биыл облыс тұрғындарының оқу мәдениетін дамыту, өскелең ұрпақты кітап оқу арқылы тәрбиелеу және қазақ-орыс тілдерінде оқу сауаттылығын арттыру мақсатында алғаш рет «#ОқыЖәнеЖең» облыстық онлайн-байқауы да өткізіліп жатыр.  
– Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – мемлекеттік саясатымыздың басты бағыттарының бірі. Өйткені тіл жоқ жерде ұлт жоқ. Өңірде осы мәселе бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын айтып берсеңіз? 
– Әрбір шаңырақта ана тілін сүю мен оған ерекше құрметпен қарау керек. Осыған орай, облыстың мәдениет мекемелері мен кәсіпорындарында мемлекеттік тілді дамытуға байланысты бірқатар маңызды істер атқарылып келеді. Алдымен, аймақ тұрғындарының ұлттық құрамы мен қазақ тілін меңгеру деңгейі ескеріле отырып, азаматтарға осы тілді үйрету жұмысы қолға алынды. Тілді тез меңгеру мақсатында оны тек оқу мен жаттап алу жеткіліксіз. Оған сол тілде сөйлесетін орта керек. Ауызекі сөйлеуді еркін форматта үйрететін «СөйлеTime» клубы облыс орталығымен қоса, 16 ауданды қамтып отыр. 
Сонымен қатар медицина саласы бойынша қызметкерлер мен келушілерге арналған «ТілLife» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобада медицина қызметкерлеріне қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгеруге көмектесуді, оны күнделікті тәжірибеде қолдануға үйретуді, ауыз­екі тілде сөйлеуді жетілдіруді мақсат етіп қойдық. Жергілікті телеарналардың мүмкіндігі де   кеңінен пайдаланылады. Мәселен, «QOSTANAІ» телеарнасының «Время говорить» және «Алау» телеарнасы мен «Тілашар» бірлескен жобалары жұма күндері эфирге шығып тұрады.
Аталған орталықтарда тілдерді үйренуге байланысты барлық материалдық-техникалық жағдай жасалған.  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өңірдегі филиалы және «Аманат» партиясының облыстағы филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесімен бірлесе отырып, ата-аналар арасында түсіндіру жұмысы ұдайы жүргізіледі. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту жолында жазғы мезгілде Қостанай қаласының ықшам аудандарындағы көпшілік шоғырланатын жерлерде, ашық алаңдарда балаларға және ересектерге арналып, қазақ тіліне аударылған әлемдік фильмдерді көрсету «Ұлттың қуаты – тілінде» жобасы шеңберінде қолға алынған.  
Этнос өкілдері арасында қазақ тілін оқып үйренуді насихаттау мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет», «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты челлендждер ұйымдастырылды.  
 – Облыстық мәдениет басқармасының ұйыт­қы болуымен хореографиялық және басқа да өнер түрлерінен байқаулар ұйымдастырылғанын білеміз. Сол жайлы да бірер сөз.
– Облысымызда фестивальдaр мен байқау­лар, ақындар айтысы тұрақты өткізіліп тұрады. Соның ішінде хореография және ән байқаулары да бар. Таратып айтатын болсақ, биылғы наурыз айында «Наурыз достарын шақырады» атты V халықаралық би өнерінің фестивалі көрермен тарапынан лайықты бағасын алды.
Бұл өнер сайысын ұйымдастырудағы негізгі мақсат – түбі бір түркі халықтарының ұлттық мәдениетін жаңғырту, оны сақтау мен дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту еді. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, көршілес Ресейдің Челябі қаласынан, Қазақстанның бірқатар шаһарларынан 12 би ұжымы қатысып,  200-ден астам өнерпаз өнер көрсетті. Сондай-ақ ән өнерінен вокалдық жанрдағы сайыстарды да ұйымдастыру дәстүрге айналды. Бұл ретте  халықаралық «Алтын микрофон» әншілер байқауының орны бөлек. Ол ауылдық, аудандық, облыстық кезеңдерден тұрады. Былтыр ұлттық домбыра күні аясында өткен «Күмбірле, қоңыр домбыра!» атты облыс­тық домбырашылар, «Ғасырлар пернесі» атты ұлт аспаптар ансамбльдерінің облыстық фестивальдары  көпшіліктің есінде қалды. 
–Жуырда белгілі күйші, елімізге кеңінен танымал тұлға Назымбек Молдахметовті еске алу кеші ғибрат боларлықтай ұйымдастырылды. 
– Иә, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов – Tәуелсіздік алған жылдары Тобыл өңіріне ұлттық өнердің жаңа лебін әкелген мәдениет майталмандарының бірі. Астықты аймақтағы руханиятымыздың бойтұмарына айналған «Ақжелең» ансамблі, бүгінде дәулескер күйшінің есімі берілген қазақ халық аспаптар оркестрінің жасақталуына, шығармашылығының шыңға көтерілуіне айтарлықтай үлес қосқан тұлға. Қостанай облысында ол негізін қалаған күйшілік мектеп, дирижерлік өнер жылдан-жылға қанатын кеңге жайып жатыр.  
– Биыл көпке танымал Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияға 80 жыл толғалы отыр. Өнер ордасының ұжымы осы мерейтойға қандай дайындықпен келді?
– Иә, биыл Қазақстанның халық артисі, даңқты жерлесіміз Елубай Өмірзақовтың туғанына 125 жыл толды. Оның мәдениетіміздің тарихында есімі алтын әріппен жазылғаны белгілі. Үстіміздегі жылғы қаңтар айында облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы мен әншілерінің қатысуымен «Өнерге өмірін арнаған» атты мерейтойлық концерт өткізілді. Сонымен қатар биыл филармонияның 80 жылдығы. Бұл – өнерсүйер қауым үшін айтулы оқиға. Өнер ордасы сонау қаһарлы соғыс жылдары құрылған. Содан бері ұжым халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Алдағы күзде мерейтойлық концерттер қою жоспарланған. 
– Жақында ғана театр мен жоғарыда аталған филармонияның басшылары жаңадан тағайындалды. Осы азаматтарды оқырманға қысқаша таныстырып өтсеңіз? 
– Өңіріміздегі Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры және Елубай Өмірзақовтың есімі берілген филармония – қалың жұртшылық аса ынтызарлықпен тамашалайтын өнердің қара шаңырағы. Жуырда бұл ұжымдарға болашағынан үлкен үміт күттіретін білікті мамандар басшы болып тағайындалды. Театр тізгіні Асхат Мұратұлына сеніп тапсырылды. Ол – Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі, кәсіби актер. Осыған дейін Көкшетау облыстық орыс драма театры басшысының орынбасары болды.
Ал облыстық филармонияның басшылығына бекітілген Мәди Мейрамханұлының есімі жергілікті халыққа бұрыннан жақсы таныс. Осы уақытта дейін қалалық «Мирас» мәдениет сарайына, содан кейін облыстық қуыршақтар театрына жетекшілік етті. Музыкалық білімі бар, домбыра және оркестр дирижері мамандығының иесі. Жауапты қызметке тағайындалған қос азамат тың ізденістерімен жұртшылықтың  көңілінен шыға береді деген үміттеміз. Қысқасы, Қостанай – бұрыннан біртуар табиғи дарындарымен аты шыққан өңір.
–Басқарма басшысы ретінде өзіңізді толғандыратын өзекті мәселелер туралы айтсаңыз...
– Алдағы уақытта да бізді ауқымды жұмыстар мен тың жобалар күтіп тұр. Қазір олар пысықталып жатыр. Бұларды жүзеге асыруға өңірде толық мүмкіндік бар. Ең бастысы  –  мәдениеттің барлық саласында уақыт талабына сай жұмыс істеп,  қазақ руханиятын биік шыңға көтеру. 
– Сұқбатыңызға рақмет!                                                                        

Әңгімелескен 
Оразалы Жақсанов

Қостанай

1491 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9350

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7409

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5152

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4532

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4497

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4456

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4192

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4184

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы