• Тұлға
  • 22 Ақпан, 2012

Таспадағы тарих

d182d0b0d180d0b8d185

Өткен 70-жылдардың ортасында қазақ киносы бір тосын ахуалға тап болды. Бірі – дүниеден өткен, бірі – шау тартқан Ш.Айманов, С.Қожықов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев, Ш.Бейсембаев тәрізді аға буын режиссерлерден кейін бұл салаға ие болар жас буын режиссерлердің тапшылығы сезіліп, кино саласында төтенше жағдай қалыптасты. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өтіп жатты. Сондай бір жиында танымал артист апамыз әлгі аға режиссерлерге қаратып: «Ау, көкелерім, сіздердің ең болмағанда дайындаған шәкірттерің қайда?» – деп дауыстағаны есте қалыпты. Кинокомитетке басшы боп келе салысымен бұл өнердің үлкен жанашыры Камал аға Смайылов шапшаң шешім қабылдады. Бір топ жасты Мәскеудің сценаристер мен режиссерлер дайындайтын екіжылдық курсына шұғыл аттандырды.

Сценаристер бөліміне белгілі тележурналист Ғаділбек Шалахметов екеуміз, режиссура бөліміне актер Амангелді Тәжібаев, Кәрім Танаев аттанды. Режиссураның курс жұмысы дейтін болады. Ол – бес минуттық қысқа сюжет түсіру. Уақыты да қысқа, оны түсіруге бөлінетін қаржы да қысқа. Осы тығырықтан курсант режиссер Амангелді Тәжібаевтың қалай шыққаны есімізде. Ол түсірген сюжет былай: Далиған сары далада шошайып, малдас құрып жалғыз қазақ отыр. Көзі тарс жұмулы. Содан кейін иен далада келе жатқан тағы бір жолаушы көрінеді. Ол да – қазақ. Жолаушы далада жалғыз шошайып отырған кісіні көріп бұрылады. Жақындайды. Қалқиып отырған кісі сол қалпы, қимылсыз. Жан-жағына қарамайды. Ал жолаушы болса, қалқиып отырғанның қасына келіп, таңырқап бетіне үңіледі. Анау сол отырған қалпы селт етпейді. Жолаушы қазақ жыны келіп: «Әй, әрі отыршы!» – деп әлгіні итеріп тастап, орнына өзі отырады. Міне, осымен кино бітті. Курс жұмысына жұрт ду қол соқты. Қиыннан қиыстырған режиссер тапқырлығына қол соққан еді. Содан кейін Амангелді іле-шала «Қазақфильмге» келіп, өзінің тұңғыш көркемсуретті фильмін түсірді. Бейімбет Майлиннің «Охрана бастығын» таңдады. Сөз шебері, сценарист Қалихан Ысқақов әңгімені экранға лайықтап қайта жазды. Шолақ белсенді, «охрана» бастығы Құрымбай бейнесін актер Тілектес Мейрамов, ал ол қолға түсірген «банды» бейнесін дәу актеріміз Димаш Ахимов сомдады. Майталман сөз зергері Майлин прозасы қашанда қазақы юморға тұнып тұр емес пе?! Сценарист пен режиссер ұлы жазушының осы бір қазыналы қырын шашпай-төкпей экранға алып шыға білді. Бұл – қазақ киносының тәжірибесінде сирек болатын жайт, яғни әдемі әдеби негіздің экранға құлпырып шығуы сирек болатын жағдай. Көп жағдайда әдемі әдеби негіздің экранда рухы жоғалып шыға келеді. Өйткені кинода не қиын? Проза жауһарын сол күйінде экрандау қиын. Режиссер ондай ұлттық үлгіге қол ұрарда, сөз жоқ, ұлттық үлгідегі сценаристің қолымен ол үлгіні қайта пішіп, қайта құрайды. Бейімбет әңгімесін экрандауға Қ.Ысқақов сценарист ретінде сәтті таңдалды. Сонымен тамаша сценарий дайын. Бірақ бұл әлі біткен іс емес еді. Бұл – табыстың алғашқы сатысы ғана. Асудың үлкені алда. Ол – қағазға түскен жобаны жоғалтпай, ойын алаңында таспаға түсіре білу. Асудың үлкені – сол. Қағазға түскен тамаша мәтінді актер ойынымен алаңда «тірілтетін» – режиссер. Режиссер таланты. Бұл сиқыр тек қана таланттың қолынан келеді. Бірақ талантты да таңдай білу керек. «Талантты екен» деп ұлттық дүниеге ұлтсыз режиссерді салсаңыз, шаруаңыз шалқасынан түседі. Бейімбетті білмейтін, оның тілін түсінбеген, тұшынбаған шалаға сол ұлттық материалды ұстатып көріңізші, не болар екен?! «Жібекті түте алмаған жүн етеді». Талай тамаша үлгілердің шала режиссерлер қолында «жүн болғанын» көргенбіз. Айтпағымыз ұлттық режиссерсіз ұлттық кино – тұл. Амангелдінің балалық шағы Еділ бойындағы қазақы ауылда өтті. Бейімбет суреттеген қазақы мінездерді ол өз ауылында-ақ көріп өсті. Сондықтан да Амангелді Б.Майлин суреттеген материал айдынында «қазша қалқып, үйрекше жүзді». Нәтижесінде, қаймағы бұзылмаған қазақы фильм дүниеге келді. Шау тартқан аға буын режиссерлерден кейін жаңа толқын, жас буынды көксеп отырған көрермен қауым «Кино үйінде» өткен фильм премьерасында тағы да ду қол соқты. Жас режиссерді «қазақ киносының да Амангелдісі болғайсың» деп арқадан қақты. Сол сенімнің ақталғаны – «Охрана бастығының» әлі күнге өзінің эстетикалық құнын жоғалтпауы. Арада қырық жылға жуық мезгіл өтсе де, шолақ белсенді Құрымбайдың қылығына күлмей қарау мүмкін емес. Бірақ күліп отырып, жылағыңыз да келеді. Қолына тиген бармақтай билікпен байтақ елді бөрліктірген, дүрліктірген бұл надандыққа күлкіңіз де келеді, жылағыңыз да келеді. Қараңыз, табан астында охрана бастығы болып тағайындалып, қолына шолақ мылтық тиген Құрымбай оймақтай ауылдың ойран-ботқасын шығарады. Қит етсе: «Сабатаж!», «Сабатаж!» – деп қиқулап шыға келеді. Жаман орысшасымен аңқау ауылды айран-асыр етеді. Бұған дейін Голощекин өкіметі тігерге тұяқ қалдырмай, қолдағы малды жиып алған болатын. Сонда қолдағы азын-аулақ нәпақасынан айырылған шаруа аштан қырылуы керек пе?! Көбі атқа қонды. Колхоз қорасына түсті. Оларға Құрымбай сияқтылар мылтық атты. Өйткені партия «тап жауларын ат» деп тапсырма берген. Құрымбайлар сол бұйрықты мүлтіксіз орындады. Кейде тіпті «пәленбай жүз пайыз» асыра орындап та жіберді. Ашығып, қораға түскендерді тыпырлатып атып, топырлатып қамап тастады. Халық не істеді? Қопарылып көше бастады немесе сол шолақ белсенділердің қаруын тартып алып, өздерін жайратып салды. Голощекин басқарған большевиктер, осылайша, Қазақстанда азамат соғысын ұйымдастырды. Кедейдің қолына қару беріп: «Сен комсо­молсың!», «Сен коммуниссің!», «Сенің күнің туды!», «Халқыңды баста! Әнеки, қыр астында коммунизм күтіп тұр!» – деп кедей-кепшікті айтақтап, ағайынға айдап салды. Бала сияқты байғұс Құрымбайлар бұл идеологияға имандай сенді. Өздерін «шындық үшін шырқырап жүрген азаматтармыз» деп есептеді. Қару алып қарап жатқан халыққа қырғидай тиді. Голощекиннің қолшоқпарына айналды. Халқымыз оларды «шолақ белсенділер» деді. Сонымен Құрымбайлар, яғни «шолақ белсен­ділер» большевизм езгісіне түскен қазақ халқының 20-30 жылдардағы қаралы тарихы тудырған тарихи-әлеуметтік фено­мен­ге айналды. Қазақтың соры болған феномен еді ол. Кешегі кеңес заманындағы фильмдерде «шолақ белсенділердің» шын сорақы бетін ашуға, сынауға, айтуға, жазуға, көрсетуге тыйым салынды. Өйткені «олар кешегі Кеңес өкіметін құрушылар» делінді. Сол себептен де «Охрана бастығында» Амангелді Тәжібаев кеңестік саясат тудырған, қазақты сорлатқан «шолақ белсенділердің» Құрымбай тәрізді өкілін юмормен көрсетіп, қиыннан қиыстыра білді. Ол Құрымбайды сынау емес, оны аяу, түсіну немесе оның қылықтарына езу тарту, күлу еді. Ұға білген жан күле отырып, жылайтын. Осы тәсіл арқасында фильм қырағы цензура шеңгеліне ілікпей, аман қалды. Қазақ халқын аш қасқырдай тақымдаған осынау «шолақ белсенділер» мен оларға қарсы тұрған «бандиттер» тақырыбы талантты режиссердің одан кейінгі фильмдерінің де тұғырлы тақырыбына айналды. Больше­вик­тердің басшылығымен қазақ халқын қан қақсатқан «шолақ белсенділер» қозғалысы қазақ халқының басына 30-жылдардың алапат ашаршылық ойранын орнатты. Өлер алдында қойға шейін тұяқ серпіп өлетіні белгілі. Қазақ халқының 20-30 жылдардағы көтерілісі сол ажал алдындағы момын халықтың арпалысы еді. Торғай өңіріндегі қызылдармен Кейкі батырдың күресі А.Тәжібаевтың «Құланның ажалы» (А.Нұрманов романының желісімен) фильміне арқау болды. Бұл жерде де сол баяғы «шолақ белсенділер» – Томар, Болжық. Бұл жерде де сол баяғы «бандиттер» – Құлан мерген бастаған жігіттер. Кейкі батыр немесе Құлан мерген болып бұл тарихи полотнода Алдабек Шалбаев ойнайды. Партияның қолшоқпары қызыл жасақ басшысын С.Баймұханов сомдайды. Бұдан бөлек «Тақыр» фильмін алайық, бұл жерде де көтерілген халық өкілі – ер мінез, аңқау батыр, барымташы Тақыр бар. Оған қарсы, оның көзін жойғалы жүрген Құман Тастанбеков ойнайтын «қызыл жағалы» бар. Сонымен қатар Олжас Сүлейменовтің сценарийі бо­йынша түсірілген «Ақырғы аманат» фильмін алайық. Бұл жерде де ел үшін еңіреген «бандит» Ораз мерген (Т.Жаманқұлов), оның ізіне от алып түсіп жүрген «қызыл жағалы» Қасымов (Ә.Боранбаев) бар. Осы фильмдерді қатарынан қараған көрермен сөзсіз Голощекин басқарған жылдардағы қазақ басынан кешкен қанды қасіреттің куәсі болады. Саяси жауларға айналып, қазақты қазақ қуып жүріп атқан, аңдай аулап жүріп атқан қасірет көз алдыңыздан өтеді. Большевиктердің ел ішіндегі қолшоқпарлары болған «шолақ белсенділер» мен оларға қарсы күрескен халық каһармандары – «бандиттер» бейнесі­нің қыруар галереясымен танысады көрер­мен. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған заманда түсірілген бұл тарихи таспалардағы «бандиттер» ұлтын сүйген режиссер талантының арқасында шынайы халық каһармандарына айналған. Ал большевиктердің қолшоқпарлары – «шолақ белсенділер», «қызыл жағалылар» болса, нағыз бандиттер солар болып шыққан. Нанбасаңыз, Кейкі батырды сомдаған актер Алдабек Шапбаевтың ақ тұлпармен ойнақ­тап, экранға шыға келген сәтін қараңыз. Бейнебір алдымызға Алпамыстың өзі ат ойнатып шыға келгендей әсер етеді. Ал Кеңес өкіметінің өкілі Томар деген «қызыл жағалыға» қараңыз. Оны «Құланнан садаға кетсін» дейсіз. «Ақырғы аманаттағы» «банды» Ораз мергенді (Т.Жаманқұлов) алып қараңыз. «Мынау жігіттің патшасы ғой» дейсіз. Оны өкшелеп жүрген «қызыл жағалыны» жігіттің нары Ораз мергенмен тіптен салыстыруға да келмейді. Осы ситуация «Тақырда да» қайталанады. Қызылдар ішінде «банды» барымташы Тақырға тең келер мықты жоқ немесе «Охрана бастығы». Алып тұлғалы Димаш Ахимов сомдаған Омар «бандының» кісілігі, ерлігі, имандылығы, нарлығы жанында Құрымбай кім? Қолында мылтығы бар демесең, селтеңдеген біреу. Арқасүйері өкімет болса да, бір шапалақтан қалмайтын бір байғұс жүрген. Оны актер Тілектес Мейрамов тамаша сомдаған. Осы бір шағын мақалада айтпағымыз, «қылышынан қан тамған» қызыл империя кезінде кино түсірген Амангелді Тәжібаев қызыл саясаттың қанжығасында кетпеген азамат тұлғалы режиссер болды. Қиыннан қиыстырып халқының жоғын жоқтай білді. Қызылдардың қылмысты саясатына қарсы күрескен «бандылар» дегендердің банды емес, батыр екенін көрсете білді. Сол арқылы өз көрерменін ұлттық-патриоттық рухта тәрбиелей білді. Талантты режиссердің бүгінгі 70-ке толған күнінде көрермен көкейінде жүрген осы бір ойларды қағазға түсіруді жөн көрдік... Смағұл ЕЛУБАЙ

5544 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы