• Тұлға
  • 08 Қараша, 2012

«Құзаргүл»

Аспантаулар аясында, Тәңіртаудың етегінде, Нарынқолдай өңірде, Қарасаздың жерінде қарашаның тоғызында дүбірлі той өтті. Жергілікті ақын, сазгер Нұрділдә Әбдіқайымұлының 63 жылдық мерейтойына халық көп жиналды. Той Шыныбаевтар әулетінің ғана емес, тұтас Қарасаз ауылының мерекесіне айналды. Мерейтойға байланысты өткізілетін іс-шаралар «Ауылымдағы сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген тақырыптағы аудандық оқушылар арасындағы сайыс пен жастар арасындағы волейболдан өткен жарыспен жалғасты. Жүлдегерлер марапатталды. Нұрділдә Әбдіқайымұлының «Құзаргүл» атты жыр жинағының тұсаукесері мағыналы әдеби кеш сипатында өтіп, Астана, Алматыдан белгілі қаламгерлер қатысты.  Азамат борышы – асқан жауапты да абыройлы. Туған еліңді ақ сүт берген анаға балайтын болсақ, онда оның алдында азаматтық борышыңды түгел өтеу де қиын-ақ. Бірақ санаулы ғұмырыңды сол абыройлы міндетке бағыштағанға не жетсін. Нұрділдә Әбдіқайымұлының бүгінгі пайғамбар жасына дейінгі аралықтағы жүріп өткен жолын былайғы көпшілік біле бермейді. Ол кісі ел құрметіне маңдай терін сорғалатып жүріп жеткенін қайсы бірімізге айта берсін?! Кейде шыны керек, халық үшін шырылдап жүргендердің күнде жанымызда жүргенін ұмытып та кетеміз. «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, қай халықтың болмасын өнері мен мәдениеті тарихымен бірге жасайды. Өнер сүйген, әдебиетті сүйген, музыканы сүйген халықтың рухани байлығы да, қазынасы да өте бай болып келетіні шындық. Атадан балаға мұра болып қалған асыл қазына ғой. Қарасаздың мерейі мен мәртебесін де ұзақ жылдар бойы өз деңгейінде сақтай білген жыршы-термешілер, ақындар мен батырлар екені даусыз. Райымбек батыр, Албан көтерілісі қаһармандары (М.Әуезовтың «Қилы заманын» еске алыңыз) Ілияс Жансүгіровты таңдандырған Көдек пен Албан Асан, аққу тағдырлы әнші Ғазиз, Мұқағали мен Еркін Ібітанов артында өлмес нақыл сөздер қалдырды. Олардың есімдері қазақ тарихында алтын әріппен жазылды. «Бір өзі – бір энциклопедия» атанып, ардақты ауыл ағасына айналып, халық құрметіне еңбегі сай болып пайғамбар жасына жеткен Нұрділдә солардың сынығы. «Құзаргүл» атты жинаққа киелі мекен – атажұртын, қайран Қарасазын жырға қосқан өлеңдер топтастырылған. Кітап «Тоғанай Т» баспасынан шығып отыр. «Әу» деп өлең айтып, ән салмайтын қазақ жоқ. Сол секілді екі кісінің басы қосылғанда жанынан жыр шығарып, делебесі қозбайтын қазақты және таба алмайсың. Олар шетінен ақын болмағанымен, ақындыққа жақын, сезімтал кісілер болып келеді. – Аталған кітаптың авторы Н.Әбдіқайымұлы да жүрегін жақұт жыр тербеткен жан. Егер өнердің соңына түссе, біраз биікке шығар ма еді. Өмірін қасиетті топырақта өткізіп, қарапайым тірлік кешкен бір қазақ өлең әлемінде де өзінше додаға түсті десек, соның бірі болуға сұранып-ақ тұр. Тілі бай, ойы құнарлы екеніне көзіңіз жетеді. Оқыңыз, тамсаныңыз, – дейді баспа директоры Талғат Өтегенов. Сөзімізді, кітапты құрастырушы Нара Шыныбаеваның ақжарма сырымен жалғастырайық. «Ақындық тағдыр өкпек желдің өтін­де жатқан жалаңаш сәбидің денесі секілді. Жалпы ақындық тағдыр, Төлеген Айбергенов айтқандай, әлемнің қасіреті мен жарасын жүрегіне теліп, пайғамбардың тағдырына ұқсас қасірет кешу. Осынау қасірет жүгін сонау ғасырлардың аржағындағы көк түріктердің заманын жырлағандар, Асан мен Бұқар заманының кертолғаулары, зар-заманның ащы айқайына үн қосқан талай марқасқаларымыз, Абайдай өлең сөздің ту жүйрігіне көтерген еді. Қазақтың әрбір өлең сүйер қауымына бұл жіпсіз тұсаудың қыр-сыры таңсық емес. Поэзияға, жалпы, өнерге де өмірдің тек күлкісі мен рақатын емес, көз жасы мен қасіретін көретін көз берілген. Сондықтан болар қазақтың ақыны М.Шаханов бір өлеңінде: Поэзия әсемдікті мүсіндеу, Ал әсемдік ізгіліктің қанаты. Жыр қадірін түсінбеу, Гүл қадірін түсінбеуден әлдеқайда сорақы, – деген екен. Иә, өлең тілін түсіну, оны жанына жақын ұстау әр адамның қолынан келе бермейтін нәрсе. Сөзді керемет сомдай білетін адамның бәрін ақын деп айту қателік. Өлең тілі жай тіл емес, көркем тіл, демек, сұлу сөз. Кітапта қос қоғамның куәсі болған қарапайым жанның күрделі тағдыры көз алдыңыздан өтеді. – Ағамыздың өмірден көрген қиындығы аз емес, соны бір терең қарасаңыз жастарға үлгі боларлық тұстары табылар, – деді қарындасы Мақпал бір орайда. Сонда қарымды қаламгер Дүрәлі Дүйсебайұлы бас-көз болып «Жас Алаш» газетінде «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деген атпен Нұрділдә туралы біраз нәрсе айтып, толғанып ек. Қартайғанда дүние көз алдыңа бітеді деуші еді, ағамыз керісінше жинағын өлең етіп, көпке ұсынып, елге жақсылық жасауда. Ақын есімі оқырман қауымға бұған дейін тек мерзімдік баспасөз арқылы ғана таныс болған болса, енді кітабын да қолға алу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Бұл, әрине, ақынның толық жинағы емес, қолымызға түскені ғана. Ел аузында Нұрділдә айтқан еді деген сөздер баршылық. Шығармалары тақырып жағынан да, стильдік жағынан да замандастары Мұқағали, Еркін шығармаларымен үндес келеді. Негізінен, ол жазба ақындардың қатарына жатқанымен өлеңдерін домбырамен әнге қосып, суырыпсалып та айтады. Сонысына орай жүрген жерінде сыйлы, құрметті. Ақындығынан бөлек ұсталық, саятшылық өнері, емшілік қасиеті де бар. Бұл кісіні өз ауылы ғана емес, жалпы Нарынқол өңірінің барлық адамдары құрмет тұтады. Нұрділдә осы кезге дейін өзінің қарапайымдылығы мен сыпайылығынан елеусіз болып, көлеңкеде қалып келді. Әйтпесе, оның өлеңдері іздеп жүріп оқуға тұратын дүниелер. Сондықтан да біз ақын шығармаларының оқырман көңілінің төрінен орын аларына сенеміз. Өйткені Нұрділдә тауларға ғана емес, таулар Нұрекеңе де ғашық секілді. Әйтпесе, кітабы да оқылмас еді, «Құзаргүл» деп ат қоймас еді. Ақын өлеңдері аяқ астында жатқан гүл емес, Тәңіртаудың құзар шыңындағы гүл деп таныдым. Мылтықбай Ерімбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

3060 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы