• Cұхбаттар
  • 04 Сәуір, 2024

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

1944 жылы 30 сәуір күні ашылып, содан бері ұлтқа тұрақты қызмет етіп келе жатқан Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Ал еліміздегі іргелі оқу ордасының бүгінгі жайы қалай? Біз осыған орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Нұркен Әшіровті әңгімеге тартқан едік. 

 

– Консерваторияның ұлттық музыкалық мәдениетті сақтаудағы және дамытудағы рөлі қандай? 
– Жалпы, ең алдымен, консерватория деген сөздің мәнін анықтап алған дұрыс шығар. Консерватория (итал.: «соnsеrvаtогіо», алғашқы мағынасы – баспана; лат.: «соnservо» – сақтаймыз) — музыка мамандарын даярлайтын жоғары оқу орны. XVI ғасырда панасыз қалған балалардың қолөнер кәсібімен шұғылданатын баспанасы (алғаш рет 1537 жылы Италиядағы Неаполь қаласында ашылды) консерватория деп аталды. XVIІ ғасырда осы баспанада олардың оқу жүйесіне музыка пәні енгізілді. XVIІІ ғасырда музыкант-орындаушылар мен композиторларды даярлауда Италия консерваториясы үлкен рөл атқарды. Яғни консерваторияның о бастағы міндеті – жетім балаларды, егде тартқан қария кісілерді қамқорлыққа алу. Балаларды құр тәрбиелемей, музыкаға баулып, өнерлі азаматтар етіп шығару. Консерваторияның тарихы осылай басталады. 1793 жылы Парижде тұңғыш ашылған ұлттық музыка институты 1795 жылы консерваторияға айналады. Біртіндеп жалпы әлемде, барлық елде консерватория ашыла бастайды. Әсіресе консерваториялар Еуропа елдері мен Италияда көптеп көрінді. Қазақ жерінде тұңғыш Алматы консерваториясы 1944 жылы ашылды. Екінші Дүниежүзілік соғыс уақытында Мәскеу, Петербургтегі өнер қайраткерлері мен ғалымдары Орта Азияға, оның ішінде Қазақстанға, Ташкентке, Бішкекке қоныс аударды. Бұл, бір жағынан, білім мекемелерін сақтап қалу үшін, екінші жағынан, оқу орындары мен ғылыми орталықтар ашу үшін жасалды. Сөйтіп, алғаш рет 1944 жылы академик Ахмет Жұбановтың ерен еңбегінің арқасында осы консерваторияның негізі қаланды. Ұлттық консерваторияның бірінші ректоры болып Иван Круглыхин тағайындалды. Ахмет Жұбанов ректор болып, одан кейін Құддыс Қожамьярұлы, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Дүйсен Қасейінов және Жания Әубәкірова, Арман Жүдебаев сынды ректорлар қызмет атқарды. Әрқайсысының консерваторияны дамытудағы орны үлкен. Оқу ордасындағы Халық аспаптары кафедрасы Ғазиза Жұбанованың басқаруы кезінде үлкейіп, "Халық музыкасы" факультетіне айналады. Ал бүгінде жоғары оқу орнында 4 факультет бар: «Аспаптық орындаушылық», «Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру», «Халық музыкасы», «Музыка, Арт-менеджмент және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер». Ал кадрларды даярлау екі бағыт бойынша жүргізіледі: «Өнер» (бакалавриат–магистратура–докторантура), «Жалпы дамудың пәндік мамандануы бар мұғалімдерді даярлау» (бакалавриат) (соңғы шығарылым — 2024 жылғы маусымда). Айтқанымдай, оқу ордасындағы Қазақ халық аспаптары кафедрасы 1980 жылдары үлкейіп жеке дара факультетке айналды. Айта кетер бір жайт, біздің консерватория тек қана ұлттық музыкаға басымдық бермейді. Білім ордасында домбыра, пианино, үрмелі және ұрмалы – гобой, кларнет, фагот, флейта, валторна, туба, керней, саксофон, ішекті – скрипка, альт, виолончель, контрабас, классикалық гитара аспаптарында ойнауды үйретеді. Біздің міндетіміз – білім алушыларды жан-жақты кәсіби, өте жоғары деңгейлі маман етіп шығару. Халық музыкасының өзіндік оқу бағдарламалары сапалы реттестіріліп, бекітіліп қойған. Ұлттық музыканы дамыту жолында домбыра кафедрасының ішінен арнайы үш ішекті домбыра, фольклорлық аспаптар кафедрасы сияқты секцияларды ашуға тырысып жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, көне ұлт аспаптарын дамыту және соны оқыту жолында жұмыстар атқарылуда. Сыбызғы, сазсырнай, жетіген сынды фольклорлық аспаптарды өз алдына жеке кафедра етіп шығару жоспарда бар.
– Бізде ұлттық музыкалық аспаптың насихаты неге төмен? 
– Насихат пен үйрету – екі бөлек ұғым. Консерватория – білім беру ордасы. Бұл жерде бірінші кезекте балаларды тәрбиелейміз, үйретеміз, болашақ кәсіби мамандарды даярлап шығарамыз. Білім беру барысында ұлттық өнермен қатар, кәсіби музыканың насихат жұмыстары жүреді. Шынын айтқанда, кез келген аспаптық музыканың насихаты кенже екенін жасыра алмаймыз. Халық қандай отандық скрипкашыны, қобызшыны, сазсырнайшыны біледі? Ал эстрадалық жұлдыздарды бес жасар баладан бастап бәрі таниды? Ашығын айтқанда, ұлттық музыка түгілі, жалпы кәсіби музыканың насихаты төмен. Әлем мойындаған, Еуропаның атақты залында өнер көрсетіп жүрген мықты өнер қайраткерлеріміз бар. Соның бірі – әлемге әйгілі Карнеги холда өнер көрсеткен, отандық пианист Хадиша Оңалбаева. Қазір Америкада тұрып жатыр. Ол – АҚШ мұғалімдерінің ұлттық музыка лигасының мүшесі, Алабама штатының Мобил университетінің профессоры және фортепиано факультетінің деканы. Талант иесі Нью-Йорк төрінде авторлық туындыларын, Бетховен мен Чайковскийдің шығармаларын және қазақтың әсем әуенін орындайды. Сол сияқты, қазақстандық скрипкашы Раушан Ахмедьярова да АҚШ-та тұрады. Ол – Майамидегі «New World Symphony orchestra» скрипкашыларының солисі, концертмейстері және Бостон симфониялық оркестрінің солисі.
Ал қазіргі шоу-бизнес өкілдерінің насихаты мен олардың жолы мүлде бөлек. Олардың қаржысы да, идеологиялық бағыты да, нұсқаушысы да, жарнамасы да күшті. Тура сол бағытта домбырашыға, қылқобызшыға не флейтиске жұмыс жүргізу күрделі. Өйткені халық арасында үлкен сұранысқа ие емес. 
Мен Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде де, эстрада саласында да қызмет істедім. Сонда тойларға барып өнер көрсеткенде, кәсіби орындауыңды ешкім қажет етпейтінін байқадым. Мағынасы жоқ, тойдың, бидің әуеніне жұрттың назары ауады. Сондықтан мәселе халықтың сұранысына келіп тіреледі. 
Өткен жылы Ұлттық кітапханада күйші-композитор, ақын Оразбек Сәрсенұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Оразбек Сәрсенұлы. Күлтір-Мамай» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жарық көрген кітапқа Оңтүстік Қазақстан аймағының Қызылқұм күйшілік мектебінің белді өкілі, майталман күйші-композитор Оразбек Сәрсенұлының жеті күйінің ноталық үлгісін енгіздік. Бұған қоса күйлердің қазақ ұлт аспаптар оркестріне лайықталып түсірілген партитуралары да қоса берілді. Оразбек Сәрсенұлының туындылары тұңғыш рет жинақ түрінде жарық көруіне үлес қостық. Партитураларды Ермұрат Үсенов, Айтқали Жайымов, Орақ Жауыров, Төлепберген Тоқжанов, Жексен Айсын сынды елімізге белгілі музыка мамандарымен түсірдік. Ал күйлердің нотасын жазған – Мұрат Әбуғазы және Нұрлан Түменбай. Сондықтан ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді, музыкамызды насихаттауды тоқтатпаймыз. 
– Әлеуметтік желіде ұлт өнерін көрсететін өнер адамын дәріптеуге, жалпы консерваторияда атқарылатын істерді көрсетіп, насихаттау жұмыстарымен айналысуға болады емес пе? 
– Видеоға, суретке түсіріп, күнделікті насихат жұмысын атқарып жүрген SMM мамандарымыз бар. Апта сайын ұйымдас­тырылатын концерттер мен ғылыми жобалар да аз емес. Мәселен, «Өнер» бағыты бойынша студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарының рес­публикалық конкурсы, министрліктің Республикалық пәндік студенттік олимпиадасы, «Магистрлік оқулар» республикалық форумы, жылына екі рет өтетін халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, әлемдік атаумен жетекші ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, тұрақты шығармашылық фес­тивальдар, академиялық және сыныптық концерттер сынды шаралар өтеді. 
2018–2023 жылдары консерватория ректоры болған Арман Жүдебаев қазақ тіліне жақсы басымдық берді. Мен де осы үрдісті әрі қарай өркендету үстіндемін.  Қоғамдық орындарда мемлекеттік тілді талап етудің де этикасын білуіміз керек. Әр қазақ ана тілінің қадірін түсінсе екен.
Ұлттық киімді киіп жүремін Өзімнің әрекетім арқылы үлгі көрсетемін. Ұлттық құндылық осындай кішкентай ғана әрекеттерден қалыптасады. Оны «18 наурыз – Ұлттық киім күнінде» немесе «1 шілде – Ұлттық домбыра күнінде» ғана киюді әдетке айналдырмау керек. Негізі, ең әдемі киім – ұлттық киім ғой.
– Мемлекет тарапынан ұлттық өнерді, музыканы дамытуға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
– Мәдениет – мықты идеология құралы. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы идеология құралын ұтымды пайдаланудың жолын көрсетіп жатыр. Мәдениет саласына жанашырлық жасап, түсіндіріп, бастама ретінде нұсқаулықтар беріп жатқаны бар. Ұлтымызды дамыту үшін әр министрліктің басшысы өзінің идея, жоспарымен келеді. Біз министрлік тарапынан берілген тапсырмаларды барынша тиянақты жүзеге асыруға тырысып жатырмыз.
– Жалпы, консерваторияның білім беру, ғылыми-зерттеу және шығармашылық қызметін жүзеге асыру үшін кадрлық, материалдық-техникалық әлеуеті жеткілікті ме? 
–Иә. Оған дәлел, консерватория кітапханасы – республиканың ең ірі музыкалық кітапханасы. Кітапханада абонемент, сирек басылымдар қоры, кітап қоймасы, 2 оқу залы, электрондық ресурстар залы, 39 компьютер (оның ішінде 34 моноблок), 1 «Scan master 1» өндірістік сканері, 2 планшеттік сканер, 11 бірлік көшіру-көбейту техникасы (1 түрлі түсті), 1 проектор, 1 проекторға арналған экран, 2 теледидар, 10 автоматтандырылған жұмыс орны бар. 
Консерватория туралы айтатын болсақ, бұл күні консерваторияда 600-ге жуық қызметкер, 500-ге жуық профессорлық құрам жұмыс істейді. 1 100-ден астам студент білім алады. Докторант, магис­транттарды қосқанда бұл көрсеткіш 1 300-ге таяп қалады. 
– 80 жылдық мерейтойды атап өту үшін қандай бағдарламалар мен жобалар іске қосылмақ?
– Басқарып отырған мекеменің белгілі бір саласын алға жылжытып, келесі бір бөлігін кенже қалдыруға болмайды. Басқарушы ретінде әр салаға өзімнің балаларымдай қараймын. Бәріне бірдей басымдық беріп, ортақ талап қойып жатырмын.Консерваторияның рухани, шығармашылық түрде жаңғыру жолын алдыңғы орынға қойып отырмын. Сол себепті, бұрын - соңды орындалмаған жаңа деңгейдегі шығармаларды концерттік бағдарламаға енгізуді жоспарлап отырмыз. 
Мемлекет басшылығына білдірген ұсынысымыздан кейін, ұлттық құндылығымызды, мәдениетімізді насихаттау, соны ілгерілету бойынша тапсырыс алдық. Мысалы, Ахмет Жұбанов­тың, Мұқан Төлебаевтың шығармаларын орындап келе жатқанымызға жарты ғасырдан астам уақыт болды. Сондықтан біз де жаңғыруымыз қажет. Қазір жаңа шығармалар мен туындыларға тапсырыс беріп отырмыз. Ол симфониялық оркестрге, халық аспаптарының музыкасына арналған барлық жанрды қамтиды. Концерт бағдарламасының 70 пайызы, кемінде, жаңа туынды, қалған  ұлттық музыка өнерінің мәйегі – «Сарыарқа», «Махамбет» сияқты рухты күйлер. Ұлттық рухты оятатын шығармаларды еш уақытта қалыс қалдырмаймыз. Дегенмен қалған 70 пайызын жаңа туындылармен толтырсақ деген ниеттеміз. Шығармашылық бағытта осындай жұмыстарды істеп жатырмыз. Ғылыми жағына келсек, ғалымдарымызбен ақылдасу барысында жаңалықтарды зерделеп, ізденіс туралы зерттеуге қатыс­ты кеңес өткіздік. Ұлттық консерваторияның 80 жылдығына орай ғылыми - практикалық конференцияны өткізуді жоспарлап отырмыз. Конференцияға қазақ музыкасын, жалпы түркі дүниесінің музыкасын зерттеген ғалымдарды шақырдық. 
– Шамамен қай уақытқа жоспарлап отырсыздар? 
– Қараша айына қарай жоспарлап отырмыз. Жылдың аяғын жақсы қорытындылайық деген ниеттемін. 
– Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әртүрлі елдерден дарынды студенттер мен оқытушыларды тарту бойынша жоспарыңыз қандай? 
– Бүгінгі таңда консерватория ынтымақтастықты дамытуға негіз болған Еуропа, Азия, ТМД елдерінің музыка және өнер саласындағы кәсіптік музыкалық білім беру оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен 49 әріптестік келісім жасасты. Консерватория ұжымы Konzerthaus (Германия), Barbican Hall, (Ұлыбритания), Кеннеди орталығы және Карнеги холл (АҚШ), Мариин театрының концерт залы және Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залы, П.И. Чайковский (Ресей), Кемунг Өнер Орталығы (Оңтүстік Корея), «Shanghai Oriental Art Center» (Қытай, Шанхай) және басқа әлемнің жетекші концерттік орындарында үнемі өнер көрсетеді.
Қазіргі күнде оқу барысында біздің студенттерге, мұғалімдерге шетелден тағылымдамадан өтуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер қарастырылған. Оның бәрі Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан көп студенттеріміз Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Польша, елдерінен бастап, Франция, Швеция, Түркия, Италия, Испания, Германия сынды белді мемлекеттердің оқу орындарында тәжірибе алмасып, тағылымдамадан өтіп жатқан жайы бар. Осыған дейін де біздің консерватория әлемнің көптеген мықты консерваториялары мен өнер институттарымен байланыс орнатқан. Өзім де басшылыққа келген күннен бастап бірнеше консерватория­лармен жақсы қарым-қатынастамыз. Оның ішінде жоспарға енгізілгендері де бар. Мұның бәрі – министрліктің келісімімен жүзеге асатын дүние. Сондықтан процедуралар сәл ұзақ уақытты алады. Күні кеше Фуджейра (БАӘ) әмірлігінде болдым. Ол жақта жаңадан ашылған Көркем өнер академиясының ректорымен кездестім. Олардың бізбен байланыс орнатуға қызығушылығы жоғары. Олар жаңадан ашылып жатқан жас өркен болғандықтан, біз сияқты бағзыдан негізі қаланған өнер ошақтарымен байланыс орнатқысы келетіні қалыпты құбылыс. Тәжірибе алмасып, өз өнер ордасына ұстаздарымыз бен студенттерімізді шақырып отыр. Сол сияқ­ты Ресейдің Петрозаводск мемлекеттік консерваториясымен меморандумға қол қойдық. Одан кейін, АҚШ-тағы Аризона штатындағы, Францияда, Бельгияда орналасқан корольдік консерваториялармен игі қарым-қатынастар орнатып жатырмыз.
 – Алайда «Вокалдық өнер» мен «Домбыра» мамандығына талапкерлердің үлкен ағынын ескере отырып, «Фортепиано», Үрмелі және ұрмалы аспаптар» (гобой, кларнет, фагот, флейта, валторна, туба, керней, саксофон т.б.) «Ішекті аспаптар» (скрипка, альт, виолончель, контрабас, классикалық гитара) бағдарламалары бойынша оқуға үміткерлерге жалпы конкурстан өту өте қиын деседі. Осының жай-жапсарын өзіңізден білсек… 
– Біздің консерваториядағы кез келген мамандықтың емтиханынан өту оңай емес. Бұл үрдіс талапкерлердің көптігіне байланысты. Мысалы, 10 грантқа 9 адамнан келсе, онда ешқандай байқау болмайды ғой. Ал енді домбыра кафед­расына 10 грант бөлінсе, ол жерге 20 талапкерден келеді. Бәрі соған байланыс­ты. Грант әр жылы әрқалай бөлінеді.
– Оқу пәндерінің, оның ішінде қазақ тілінде оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету қаншалықты деңгейде? 
– Иә, консерватория болған соң, білім ордасында түрлі музыкалық оқу құралдары бар. Оның аздығы рас, мысалға теориялық пәндерге арналған: гармония, сольфеджио, полифония, джаз болып тізім жалғаса береді. Әлем және қазақ музыка әдебиеті бәрі орысша жазылған. Кеңестік дәуірдегі оқулықтармен оқытылады. Бертін келе жазылған кітаптар да баршылық. Дегенмен қазақ тіліндегі «Гармония» кітабының аудармасы шала-жансар, түсініксіз, дұрыс аударылмаған болып шықты. Мысалы, аударуға қатаң түрде болмайтын, не келмейтін халықаралық терминдерді қазақша аударылған. Тілмаш мамандар тапшы. Тілі жатық, қазақтың психологиясын, менталитетін бойына сіңірген аудармашы-маман керек. Сонда ғана кітап дұрыс, сауатты, сапалы болады. Бір сөзбен айтқанда, қазақша түс көретін адам жазуға тиіс. 
– Консерватория студенттері жапон және неміс фирмаларының (Steinway&Sons, Grotrian-Steinweg, Bluthner, Seiler, August Forster, Yamaha) аспаптарында, сондай-ақ электронды аспаптарда дәріс алады екен. Аспаптардың жағдайы, сапасы қандай деңгейде?
– Иә, бізде аспаптардың түр-түрі бар. Оның бәрін кезінде тапсырыспен алдырт­қан, алдыртып та жатырмыз. Биыл да сапалы аспаптарға тапсырыс бердік. Минис­трліктен қаржы сұрап отырмыз, өйткені біраз тозған аспаптарды жаңарту керек. Өте сапалы, кәсіби, жоғары деңгейге сай келетін аспаптарды аламыз, сол арқылы үйренеміз. 
– Консерваторияның ғылыми-зерттеу бағытына назар аударсақ. «Saryn» журналын жоғары оқу орнының рецензияланатын БҒСБК тізбесіне және әлемдік индекстелетін базаларға жылжыту жұмыстары қалай жүріп жатыр? 
– «Saryn» журналының қайта ашылғанына бір жыл болып, KKSON-ның, яғни, Білім және Ғылым Министрлігі ұсынған Қазақстандағы ғылыми журналдардың тізіміне енді. Журнал өнер мәдениеті, театр және музыка саласын қамтитын әріптестердің шығармаларды интерпретациялау мен өнердегі эксперименттерді зерттеуге бағытталған көрнекті жұмыстарының жариялануымен ерекшеленеді. 
Елімізде ғана емес, әлем бойынша ғалымдардың «Scopus» сынды журналдарда жарияланымдар жасауы өте қиын. Бірақ оқытушы-ғалымдарымыз сондай халықаралық деңгейдегі басылымдарға ғылыми еңбегін жіберіп жатыр. Еңбектің таралуы мен насихатталуын қолға алуымыз керек. Сонда ғана ғалымдардың жұмысы көрініп, ол еңбектен дәйексөздер алына бастайды. Ал егер осындай ғылыми журналдарымыз көбейсе, мақалалар жиі-жиі шығатын болса, онда істеліп жатқан еңбектің нәтижесі көрінер еді.
– Консерватория ұлттық деңгейдегі кәсіби музыканттар мен педагогтерді даярлау мен дамытуға қаншалықты үлес қосып отыр?
– Бізде опералық, классикалық вокал оқытылады. Театрда ән айтып жүрген опералық әнші қауымның бәрі осы жерден оқып, түлеп шығады. Әр жылдары шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерге де танымал болған көрнекті музыканттар консерватория педагогтері болды. Олардың қатарында: атақты хормейстер А.Молодов, атақты баритон Е.Серкебаев, аты аңызға айналған әнші Б.Төлегенова, алтын кернейші Ю.Клушкин, виртуоз домбырашы Қ.Ахмедьяров, халықаралық конкурстардың лауреаты, скрипкашы Г.Мырзабекова, композитор Е.Рахма­диев, Қазақстанның халық әртісі Бекен Жылысбаев  тағы басқалар. Күні бүгінде консерваторияда білім беру тәсілін тәрбиемен ұштастырып жүрген қазақстандық және советодағының дирижері, хормейстер Базарғали Жаманбаев, кеңестік және қазақстандық опера әншісі Ғазиз Есімов сынды тау тұлғалар оқытушы ретінде еңбек атқарады. Қазақстанның барлық музыкалық ұжымының, концерттік ұйымдары мен оқу орындарының штаты біздің түлектерімізден тұрады. Педагогтер мен студенттер АҚШ-та, Батыс және Шығыс Еуропа елдерінде, Ресейде, Қытайда, Түркияда, Египетте, Катарда, Иранда, Сингапурда, Таиландта, Жапония­да, Оңтүстік Кореяда тағы басқа елдерде лайықты өнер көрсетеді.

Бүтін театр, яғни біртұтас драмалық қойылымның-опера мәселесіне келейік. Операға баратын әншілер консерваторияда опера мектебінің тәжірибесінен өтуі керек. Опера студиясы – режиссер, композитор, оркестр, сахна, киім-кишек, декорациясы бар үлкен цех, кешен. Мұны ұстап тұру оңай емес. Мамандар қаржыны талап етеді. Ұлттық консерватория болғандықтан, опера студиясы міндетті түрде болуға тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Бұл студенттің өзін-өзі еркін дамытуына, кәсіби қалыптасуына өте пайдалы. Сондықтан мұны қазір жоспарға енгіздік. Бұл туралы осыдан бір ай бұрын министрлікке жеткіздім. Бұл – ұзақ процесс, дегенмен опера студиясын ашу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы, дирижерлер қайдан тәжірибе жинайды? Опера студиясы - опера мамандарының, вокалистердің машығын дамыту үшін қажет. Ал консерватория қабырғасында құрылған академиялық оркестр - дирижердің машығын дамыту үшін керек.
– Консерваториядағы кітапхана қорының мазмұны қандай?
– Қазір кітапхана қорында 220 938 дана баспа басылымы бар (82 390 аталым). Соның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 45 021 дана, орыс тіліндегісі – 117 959 дана, өзге тілдердегісі – 57 958. Қорда ұсынылған басылымдар әр алуан: ноталар (клавирлер, партитуралар), музыкалық өнер жөніндегі ғылыми әдебиет, музыка жөніндегі мерзімді басылымдар, анықтамалық басылымдар – музыкалық сөздіктер, энциклопедиялар, жарияланбаған материалдар – диссертациялар, дипломдық жұмыстар, ғылыми-әдістемелік жұмыстар.
Біздің кітапханамызда сақталған ең үлкен құндылық – Қазақстанның алғашқы ноталық басылымдары. А.Затаевичтің 1925 жылы жарық көрген «Қазақтың 1000 әні», А.Жұбановтың 1945 жылы жазған «Домбыра оркестрі» атты қолжазбасы, Е.Брусиловскийдің 1935 жылы жазған «Жалбыр» операсы, С.Монюшконың 1882 жылы жазған «Галька: 4 актілі опера» туындылары жинақталған жиынтық сирек қордың әшекейі болып саналады. Тұтастай алғанда, жиынтық қорында, хронологиялық ауқымы 1896–1945 жылдар аралығын қамтитын 2000-нан астам шығарма бар.
Кітапханада түрлі тақырыптағы материалдар жинақталған. Библиографиялық құндылығы маңызды орыс этнографтарының еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Солардың ішінде: В.А. Обручевтің 1947 жылы басылған «Григорий Николаевич Потанин» кітабының сирек басылымы немесе көрнекті шығыстанушы, этнограф және археолог С.П. Толстовтың 1948 жылы шыққан «Көнехорезмдік өркениет ізімен» атты өзгеше еңбегі. Кітапханадан барлық саланы қамтыған көп материал табуға болады. 
– Ұлттық консерваторияның сайтынан (www.conservatoire.edu.kz/) ұйым­дастырылған концерттік бағдарламаларды шолып шықтым. Алдағы уақытта қандай концерттік жобалар бар? 
– Концертті ұйымдастыратын арнайы бөлім бар. Биылғы шара консерватория­ның 80 жылдығына бағытталған. Әрбір кафедраның атқарып жатқан жұмысы жетерлік. Біздің консерваторияда өтетін концерт тегін. Консерватория, біріншіден, мемлекеттің қарамағындағы мекеме, екіншіден, ақылы қызмет көрсете алмайтынымыздан, қаржы мәселесі қиындау. Консерваторияның үлкен залын сұрап келетіндер көп. Егер сол залды жалға берсек, көптеген игі жұмысты жүзеге асырар едік. Студенттеріміз концерт қойып, сол жерден ақша табуға да болатын еді. Ал ондай іс-шара, концерт тек заң аясында қарастырылады. Десек те, қолдан келгенше, ақыл мен білімді тең ұстап, консерваторияны барынша дамытуды қолға алып жатырмыз. 
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдат Сұлтанқызы

5597 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы