• Ақпарат
  • 08 Қараша, 2012

Арқаның ардақты ақсақалы

Астанадағы Конгресс-Холл сарайында белгілі ақын Нұрғожа Ораздың сексен жасқа толуына байланысты «Сағындырған Сарыарқа» атты шығармашылық кеш өтті. Кештің тақырыбы айтып тұрғандай-ақ, Арқаның танымал ақыны журналистік еңбек жолын алғаш Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» газетінен бастаған екен. Ендеше, қа­ламгердің қалыптасуы, ақын болып шыңдалуы Сарыарқаның кіндігі – кешегі Ақмола, бүгінгі Астанамен тікелей байланысты. Мерейтойлық салтанатта академик Серік Қирабаев: ««Әдебиеттің негізі биік тауларды құрайтын жоталарға ұқсас еңбекшілерден тұрады. Бүгінгі мерейтой иесі – Нұрғожа Ораз да әдебиет тұғырын сомдаған сол жоталардан мықтап тұрып орын алған азамат» деген ыстық лебізін білдірді. М.О.Әуезовтің шәкірті, танымал ақын, әдебиет зерттеушісі Нұрғожа Ораз өзінің бүкіл саналы ғұмырында қазақ әдебиетінің мол мұрасына өзіндік үлес қосып келе жатқан тұлға. Қаламгердің осыған дейінгі шыққан елуге тарта поэзиялық және прозалық кітаптары осының дәлелі. Ақынның «Мама батыр», «Түкті сардар», «1979», «Тәуелсіздік таңы атты» тарихи-эпикалық дастандары ұлттық әдебиетімізге қосылған рухани құндылықтар екендігі даусыз. Кеште Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қаламгерге арнаған құттықтау хаты оқылды. Одан кейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев мерейтой иесін құттықтап, министрлік атынан сый-сияпат жасады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Астана қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Бауыржанұлы, белгілі қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов және басқалар жүрекжарды лебіздерін білдірді. Кеш соңы мерейтой иесінің көпшілікке кеңінен танымал әндеріне ұласты. Б.Мұратқызы

2739 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы