• Мәдениет
  • 08 Қараша, 2012

Оңтүстіктегі өркенді өзгерістер

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметов арнайы атбасын бұрып, «Нұрын шашқан - Оңтүстік!» атты мерекелік шараға қатысты. Үкімет басшысы алдымен таяуда ашылған Бәйдібек бидің ескерткішіне гүл шоғын қойды. Одан соң «Мұз сарайында» өткен салтанатты шараға қатысып, Президент Н.Ә.Назарбаевтың жолдаған құттықтау жеделхатын оқыды.  «Оңтүстік Қазақстанды 80 жылдығымен құттықтаймын. Тәуелсіздік жылдарында облыс көптеген жетістіктерге жетті. Осының барлығы Оңтүстік Қазақстан тұрғындары­ның достығы мен бірлігінің арқасында болды. Адамдардың арасындағы келісім барлық қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Облыс­та ірі индустриялық жобалар табысты даму үстінде, адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Қазіргі кезде адамдардың саны және өмір сүру ұзақтығы бойынша Оңтүстік Қазақстан – көшбасшылар қатарында. Бүгінде елдің барлық тұрғындарының 15 пайызы осы Оңтүстік Қазақстанда тұрады», – делінген Мемлекет басшысының жеделхатында. Премьер-министр қанат қақты жоба ретінде жақында ғана ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Түркістан, Кентау қалаларында да болды. Тәуелсіздік жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы табысы зор, ырысы мол өлкеге айналғаны анық. Ұлтымыздың ұйытқысы, еліміздің еңселі биігі, мемлекетіміздің мәйегі саналатын Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 3 жылда 158 білім беру мекемесі салыныпты. Сондай-ақ жаңадан 133 медициналық нысан ашылып, 170 елді мекенге таза ауызсу мен 79 ауылға көгілдір отын тартылып, 4 мың шақырым жол жөнделген екен. Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов пен қалалық әкімшілік республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесу өткізді. «Қала күні» аталып өтуіне орай журналистер үшін арнайы автобус ұйымдастырылып, шаһардың көрнекті орындарымен танысуға мүмкіндік жасады. Ең алдымен, Бәйдібек би ескерткішінің басына бардық. Биіктігі – 10 метр, салмағы 9 тонна тартатын нысан елімізде және Орталық Азия аймағы бойынша ең үлкен ескерткіш болып саналады. «Оңтүстік циркте» болдық. Биіктігі – 36 метр, жалпы көлемі 3,5 гектарды қамтитын ғимараттың 11 бөлімінде 143 қызметкер еңбек ететінін білдік. Қала жұртшылығы­ның көзайымына айналған цирк ұжымы өз бағдарламаларымен жан-жаққа кеңінен танылуда. Қазіргі уақытта көршілес елдермен келіссөздер жүргізе отырып, ойын көрсетуші сан алуан аң-құстарды сатып алу ісін қарастыруда. Мемлекет және жеке кәсіпкерлер есебінен бой көтерген «Тәуелсіздік» саябағы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған. «Жер-Ана» архитектуралық композициясы туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. «Тәуелсіздік» саябағының орталығында Қазақстан Рес­публикасында тұратын 137 ұлт өкілдерін бейнелеу мақсатымен 137 уық тағылған шаңырақ бейнесіндегі Монумент қаланың қай жерінен қарасаңыз да айрықша көзге түсетіні ғажап. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Шымкентте Мемлекеттік рәміздер алаңы мен 34 метрлік «Жер-Ана» тәуелсіздік Монументі мен «Тәуелсіздік» саябағын жалғастырып тұрған 100 метрлік көпір салынған. Сондай-ақ журналистер қауымы жол құрылыс техникалары мен құрылғыларын шығара­тын «ДСТО» ЖШС мен «Hill Corporation» мотор майларын шығаратын зауыттың жұмыстарымен танысты. Орталық ипподромда өткен атжарысын тамашалады. Ал кеште әл-Фараби алаңында қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен өткізілген мерекелік гала-концерт пен мерекелік отшашуды көрдік. Сөйтіп, біз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақтан мол әсер алдық. Жергілікті халықтың мәдениетіне, олардың бір-біріне деген ілтипаты мен адамгершілік қарым-қатынастарына, мейірмандықтарына сүйсіндік. Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілінің» арнаулы тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысы

4356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы