• Қоғам
  • 08 Қараша, 2012

Жайбасарлығымыз жанға батады

Ұлы ақын, арыстандай айбатты батыр Махамбет бір өлеңінде «Мен кескекті ердің сойымын» деп еді-ау. Базбір әдебиет зерттеушілері «сойымын» дегенді түсініксіз деп жазады. Махамбетте мұндай сөздер жетеді. Оның «қу толағай бастанбай» дегеніндегі «толағайды» да әркім әртүрлі топшылайды. «Шандозым», «кәтепті» дейтіні де бар. Ау, ол сөздерді қолданған Махамбет екен, онда түсінбейтін не бар? Нақты түсінбегенмен, шамалауға болмай ма? Бұлар қазақ тілінің бай, құнарлы екеніне айғақ емес пе? Сөзді неге Махамбеттен баста­дық? Абайдан бастауға да болмас па еді? Гәп онда емес. Өйткені Махамбет те, Абай да намысты қазақ­тар. Махамбеттің өмірі көбіне ат үс­тінде өтсе, Абайдың көрген тәшпі­ші де аз емес. Шығармаларынан қазаққа сүйсініп, бәрекелді дейтін сөз таппайсың. Сонда ол қазақтан түңіліп, ат құйрығын кесіп пе? Тіпті де олай емес. Керісінше, «өңшең қырт, бас қаңғырт», «даладағы аңдарсың», «аузымен орақ орған өңшең қыртың», «бас-басына би болған өңшең қиқым» деу арқылы «қайран жұртын» (елім емес) қайрады, ірілікке үндеді. Сондықтан да барша қазақ оны төбеге көтереді, ардақтайды. Қазақты «аңдар», «қырт» деді деп ренжімейді. Махамбеттің өлеңдері де солай. Бір қарағанда, нақты жағдайларға орай жорық үстінде туған деп қарауға болатын отты жырларының ішкі иірімі, мазмұны терең. Ғибраты ұлан-ғайыр, бастан-аяқ пәлсафа, ғазал, мұң-шер, поэзияның әлемдік деңгейден аспаса, кем түспейтін жауһарлары. Осы екі ақынды айтып отырған себебіміз, біріншіден, әсіресе, олардың кім болғанын бүгінгі қауым біле түссе, екіншіден, алда сөз болатын жайларға қатысы бары, яғни екеуінің де ерекше намысты тұлғалар болғанын еске салу, намысты болсақ, солардай болайық деу. Болайық дейміз-ау, бірақ... Арғы-бергі (Абай мен Махамбеттен басқа) көзі ашық ғұлама, ойшыл, сөз зергерлерінің де біразы қазақта намыс аз не жоққа тән деуге бейім екенін сен де, мен де білеміз. Сондайды естігенде (оқығанда) жаның жасып, жабырқау күй кешесің. Шынымен солай ма деп ширығасың. Олай емес дейін десең, намыссыздықтың неше алуан әкесі мен көкесін көріп те, біліп те жүресің, әрі-беріден соң, намыссыздық, жігерсіздік, марғаулық, жайбасарлық нышандары бәрімізде жетіп жатыр (жасырып қайтеміз). Бірақ оны өлсең мойындамайсың. Мойындамайсың да, өткен замандардағы тұлғалардың атын атап шалқисың, шабыттанасың. Бүгін ше? Бүгін бар ма олар? Осыны ойлағанда айтарға сөз таппай, серпіле алмай, бүгежектемесек жарар еді. Жерге қарамайсың. Өйткені тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, бір Тоқтар Әубәкіров-ақ барша қазақтың айбынын асырып, аспандатып тұрған жоқ па? Ол аз десең, екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ол бар. Оның бойындағы сұрапыл намыс оты да жалындап тұр емес пе? Ендеше, қазақты кемітіп, көңілің толмайтынын айшықтап, тұқырта берме, азынай берме, ағайын. Онымен ұшпаққа шықпайсың. Сен туған халқын елден ерек, өзгеше сүйген Абай да, Махамбет те емессің. Бір сөзбен айтқанда, қазақтан өткен намысты халық жоқ. Тіпті намысты қазақтар дәл бүгін бадырая көзге түсіп, шыңдағы шынардай «қасқайып» тұрмаса да. Бірақ соған қарамай, бұл қазақ көптен-көп өзіне де, өзгелерге де самарқау, қой аузынан шөп алмайтын жуас боп көрінсе, ол екі дүниеде де намысы жоқ деген сөз емес. Бұл қазақ шамырқанбасын, шамырқанса жарты әлем төңкерілді дей бер... Олай болса... Болмашы жерде болжырап, ерен топтарда есесі кетіп, алатынын ала алмай, айтарын айта алмай тасада қала беретіні, жалынсыз, жігерсіз айбарымен көзге түсе бермейтінін қалай қабылдап, қалай түсінуге болады?  Бұл сол баяғы салғырттық, жайбара­қаттық, немқұрайдылық, марғаулық, можантопайлық па, момындық, көнбістік пе? Әй, көнбістік шығар, өйткені көнбіспіз деп күнде айтатын өзіміз ғой. Мейлі, енді ұлттық намыс хақында сәл әріден толғап, сөз қозғауымызға не себеп, соған келейік (тоқетері деп біл). Бұдан бір-екі жыл бұрын ба екен, әлгі грузиндер осетиндер мен абхаздықтарға шабуыл жасап, қаншама зардап әкелді. Оларға Ресей мемлекеті араша түсіп, екі халыққа да тәуелсіздік алып берді. Мұны әркім әр сақ­­қа жүгіртті. Әсіресе ресейліктер­­ді басқыншыға балайтын грузин бас­шылары әлі күнге дейін абхаздықтар мен осетиндерді өздеріне қаратқысы келетін ниеттерін жасырмайды. Ресей жөнінде айтпайтындары жоқ. Бір таңғаларлығы, оларды грузиндердің бетке ұстар зиялылары қолдап, олар да Ресейге қарсылық көрсетті. Солардың бірі – кезінде тек ­Гру­зия емес, күллі Кеңес Одағының жұлдызы болған әйгілі әнші, киноактер Вахтанг Кикавидзе. Бұл есімге көп тоқталудың кере­гі жоқ, кім-кімге де мәлім. Әне, сол Кикавидзе орыс-грузин кикілжіңі тұсында Ресей басшылары (соған дейін) бермек болған жоғары марапат пен Мәскеуде өтуі тиіс күнілгері белгіленген концертке қатысудан бастартты. Ресейді басқыншы деп, өз мемлекетінің ұстанымын қолда­ды. Мұнысының қаншалықты дұрыс-бұрыстығын айта алмасақ та, әлгі ірілігіне риза болмау мүмкін емес-ті. Сол күндерде, апыр-ай, осындай жағдайда қазақтың серілері мен серкелері қайтер еді деп те ойладық. Көңілді күдік-күмән биледі. Біраз жайсаңдар еске түсті. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер қазақтың басына сондай күн туып жатса, әлгі әлем­ге аты белгілі бірі қартаң, бірі жасамыс самдағай әншілер қайтер еді, ресейліктер беретін орден мен ұйымдастыратын концерттен Кикавидзе құсап бастарта алар ма еді, алмас па еді? Соған ерліктері жетер ме еді, жетпес пе еді?! Әй, қайдам! Онша сенім болмады. Өйткені... Өйткені өзімізге намыссыздық («қазақи намыссыздық») секілді көрінетін талай құқайларды еселеп көріп, запы боп жүрген де біз емес пе? Әлде олай емес пе? Олай емес десең, сонау жылы Жамбыл мен ­Оңтүстік Қазақстан облысынан (ресми ­де­рек бойынша) 22 мың қазақ барып, Орал қаласындағы 300 жылдық «мереке­сін» тойламақ болған казактардың әптігін басып келгенін еске түсір. Ол казак-орыстар ондай «мерекесін» неге қазақ қаласында өткізбек болғанын зерделе. Бұл қазақты басыну ма, жоқ па? Ол аз десең, қазақ еліне келуіне үзілді-кесілді тыйым салынған Жириновскийдің Алматыға келіп, (намысы лаулаған) қаншама қазақтың «көңілін тауып, шаттыққа кенелтіп» кеткенін ойла бір сәт. Қазақты кісі құрлы санамай, аузына келгендерін көкіп, «ұлтаралық татулықты» таптаудан тайынбайтын Солженицын, Говорухин, өз ішіміздегі «шовинистік кесел іштерін мысықша тырнап келе жатқандарды» көз алдыңа келтір. Бетіне көн жамап келіп, қазақтан «кешірім сұрау» ырымын жасап көлгірсіген Горбачевті ойла. Аз ба? Тым ашық кетпесе де, басқа шауып, төске өрлей бастаған «келімсектер» анау («келімсек» дегеннен шошыма, «оралман» дегеннің қасында сөз боп па, тәйірі). Сөз басында Махамбет ақын мен Абай ақынды алға салып, мақтаныш етіп көсілген біздің сиқымыз мынау. Осындайға қазақтан өзге қай ха­лық көнер еді, төзер еді? Мұндай жағдайда олар кім болса да, әкелерін бесқорған­нан көрсетер еді. Қазақ өйте алмайды, себе­бі көнбіс. Тым болмаса ұзақ жыл Сабыр Рахымовты бізден шыққан тұңғыш генерал деп шәнтеңдеген өзбектер оны ақы­ры өздеріне сіңдіре алмайтын болған соң, күллі ескерткішін бұзып, оның атындағы аудан, көшелерді алып тас­таса да, «бұл қалай» деп күллі халық боп қоғамдық пікір тудыра алмай біз отырмыз. Басқа халықтың ешбірі дәл біз сияқты жайбарақат қарамас еді. Намысты қазақ отыр омалып. Қазаққа, бәлкім сұрапыл сүргін қажет шығар. Онан соң намысың оянды не, оянбады не? Е, айтпақшы, қазақ зор үміт күтіп, арқа сүйеп отырған қызуқанды тұлғалар бар екен ғой. Алқалы жиындардағы сөздерін бір-екі ауыз қазақша бастап, ізінше «баршаға түсінікті болсын» деп басқа тілге лып ете түсетін... Сондай-сондайдан ғой қазақта ата-бабадан қалған (дарыған) намыс бар ма, жоқ па, бар болса, қайда деп шырылдап, шырқырап отырғанымыз. Жаппай өзге жұрттың тілінде (тілі келсін-келмесін) шүлдірлейтін жасықтарға қайсыбір кезде жаның ашиды. Туған халқым, елім, жерім бар-ау деп еңсе көтерудің исі мұрнына бармаса, сағың сынбай қайтеді? Жер бетінде өз-өзін осынша төменшіктетіп, досқа таба, дұшпанға күлкі боп жүрген қазақтан өзге қай халық бар екен деп пұшайман боласың. Жоқ, жоқ! Таусылма! Бар, намысты қазақ жетеді! Ендеше, қайда олар? Қайдасың, намысты қазақ? Көрінсейші былай... Зәкір АСАБАЕВ

3243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы